Жақында «Алтын Тобылғы» сыйлығының тапсырылу салтанатына қатыстым. Дұрыс. Керемет бастама. Қос қолдап қолдаймын. Жас қаламгерлерді қолдау керек!
«Үздік проза», «Үздік поэзия», «Үздік драматургия», «Үздік балалар әдебиеті» деген төрт номинация бойынша тағайындалыпты. Әрбір номинацияның жеңімпазына 1 миллион теңге сыйақы берілді. Шынымен қуандым! Құптарлық іс. Лайықты жас қаламгерлер алды. Әділ берілгенін де атап айтып жатты... Бірақ көкейде бір сұрақ қалды. Неге осы сын жанры шетқақпай қала береді?! Әдебиеттің қозғаушы күші сын емес пе?! Осы сыйлықты тағайындаушылар да, ұйымдастырушылар да, әділқазылар алқасы да келесі жылы сын жанрын да осы бәйгеге қосса екен деген тілегіміз бар. Біз бұны сыйлықты тағайындаушыларға да, ұйымдастырушыларға да, әділқазылардың да құлағына жеткізерміз. Әрберден соң, әдебиеттің ең күрделі жанры осы – сын. Біз сын жоқтықтан сорлап жүрміз. Халтурщиктердің аяқтарын алшаң басып жүргені де сол...
Ендеше, сын жанрының да көсегесін көгерткіміз келсе, келесі жылдан бастап сыйлықтың қатарын "Үздік әдеби сын" деген номинациямен толықтыру керек деп ойлаймын. Мәселен, айтыңыздаршы, Заңғар Кәрімхан, Бауыржан Сегізбаев, Анар Қабдуллина, Бағашар Тұрсынбай, Елдос Тоқтарбай сынды жас сыншылар кімнен кем?! Шетінен талантты, интеллектуалды жастар. Осылардың әрқайсысы бір миллион теңге емес, он миллион теңгелік жүлдеге лайық!
Бұл тек қана "Алтын тобылғы" сыйлығына ғана қатысты емес. Барша бәйгеге қатысты. Әдебиетті әдебиет ететін сын жанрын ұмытпаңыздар, ағайын!
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.