Америкалық жазушы Джордж Сондерс 2017 жылғы Букер сыйлығының (Man Booker Prize) лауреаты атанды. Бұл туралы кеше Лондон ратушасында өткен салтанатты марапаттау рәсімінде белгілі болды.
58 жастағы Сондерс бұған дейін өзінің қысқа әңгімелерімен танымал болған қаламгер еді. Ал бұл ағылшын тілді әдебиет төңірегінде берілетін сыйлыққа оның «Бардодағы Линкольн» (Lincoln in the Bardo) атты романы лайық деп табылды. Сондерс - осы бір £50 мың фунт стерлинг ($66,6 мың) қоса берілетін бағалы сыйлықты иемденіп отырған екінші америкалық жазушы. 2016 жылы бұл сыйлықты оның отандасы Пол Битти алған болатын.
«Бардодағы Линкольн» романы өлімді өзінше бір зерттеу еңбегі сияқты деуге болады. Ондағы оқиға АҚШ-тың президенті Авраам Линкольнің (1809-1865) Азамат соғысы кезінде қаза тапқан 11 жасар баласы – Виллидің қабіріне келіп тұрған сәтінен басталады. Джорджтаун мазарында тұрған Линкольн өң мен елес арасындағы әлемге тап болып, ондағы аруақтармен тілдеседі. Дәл осындай күйді буддашылар «бардо» деп атайды екен.
Роман өзгенің жоғын жоқтауға, мұңын мұңдауға үйретеді
«Авраам Линкольннің өлілер әлеміндегі жеткіншек ұлы әңгімелеп берген аруақтар арасындағы қақтығыс, қолға түскен рухтар, оларды ұстап алған рухтар, осылардың барлығы парадоксты түрде барынша жан бітіріле, барынша айқындала суреттеледі», - деп атап өтті қазылар алқасының төрайымы Лола Янг. Оның пікірінше, «Бардодағы Линкольн» тарихқа негізделеді және өзгенің жоғын жоқтауға, мұңын мұңдауға үйретеді.
Автордың өзі мойындағандай, романды қағазға түсірмес бұрын жүрегінің түбінде 20 жылдай сақтап жүрген. Ондағы оқиғалар оқырманын 155 жылдай артқа шегергенімен, айтар ойы дәл бүгіннің өзінде де өте өзекті болып отыр.
«Біз қазір біртүрлі заманда өмір сүріп жатырмыз. Алайда барлығының негізінде жатқан сұрақ өте қарапайым: қорқыныш сезімін ұялататын нәрсеге оқшаулау, оның жағымсыз бейнесін жасау және күш көрсету арқылы жауап бере аламыз ба? Әлде біз антика дәуірдегідей санамыз жетпейтінге көзсіз сеніп, соған табынамыз ба? Және біздің бөтен деп қабылдап жүргеніміз шын мәнінде мүлдем бөтен емес, тек басқа кезеңдегі өзіміз болып шықса ше?», - дейді Сондерс.
Сыйлық туралы
Сыйлық алғаш рет 1969 жылы берілді. Ол тек Ұлттар достастығы елдерім мен Ирлания, Зимбабве жазушыларына ғана беріліп келген. Тек 2013 жылдан бастап басқа елдердің авторларына да, егер олардың шығармасы ағылшын тілінде және Ұлыбританияда басылып шықса ғана, беріле бастады. Соныман қатар, 2013 жылдан бері сыйлық бірде бір рет британдық авторға тиген емес. 2013-2014 жылдары Жаңа Зеландиялық авторлар алса, 2015 жылы – Ямайкалық, 2016 жылы, жоғарыда атап өткеніміздей, АҚШ-тық қаламгерлер қанжығалаған болатын.
adebiportal.kz
Дерек көзі: tass.ru
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.