Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
«Ел тірегі - елорда» Республикалық мүшәйрасы жария...

31.01.2018 7118

«Ел тірегі - елорда» Республикалық мүшәйрасы жарияланды

«Ел тірегі - елорда» Республикалық мүшәйрасы жарияланды - adebiportal.kz

Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен Сәкен Сейфуллин мұражайы осымен сегізінші рет өткізгелі отырған дәстүрлі мүшәйраға еліміздің барлық ақындарын тағы да аламан жыр бәйгесіне қатысып, өз бақтарын сынауға шақырады. Бұл жолғы мүшәйраның жыр арқауы – «Ел тірегі - Елорда» деп аталып, Астана қаласының 20 жылдығына арналып отыр.

Арайлы Азаттық аясында еркін тыныстап, өз алдымызға шаңырақ көтеріп, Ту тігіп, елдігімізді әлемге әйгілеп отырғанымызға ширек ғасырдан асты. Осы қысқа ғана уақыттың ішінде қаншама жетістіктерге қол жеткіздік. Ел ордасы салынып, ел іргесі бекіді. Елбасының батыл бастамасымен Сарыарқа төсінде бой көтеріп, айдай әлемге танылған Астана биыл жиырма жасқа толады.

Бұған дейінгі жыр бәйгесінде Тәуелсіздіктің мерейін асқақтатып, халқымыздың азаттық жолындағы алапат күресін, бүгінгі жаңа заманның жаңа тарихын, Елбасының ерен ерлігін, ел басқарудағы көреген саясатын шабыттана жырға қосқан Серік Ақсұңқарұлы, Серік Тұрғынбеков, Ғалым Жайлыбай, Оңайгүл Тұржан, Әділбек Ыбырайымұлы сынды белгілі ақындарымызбен қатар, жас таланттар Арман Шеризат, Әскерхан Ақтай мүшәйраның бас бәйгесін қанжығаларына байланған болатын.

Астана тойына арналған биылғы мүшәйраның да көздегені - Елорданың айшықты келбетін, азаттық жолында арпалысып өткен бабалар күресін, еліміздің бүгінгі жарқын өмірін, ертеңгі ұрпақ мұратын жырлау. Қазақ жырының қоржынына олжа салу.

Тақырып аясының көкжиегі өте кең. Сүйіне жырлап, сүбелі шығарма тудыру әр ақынның өз шабытына байланысты. Ендеше жүйріктерді жыр мәресінде күтеміз!

Мүшәйра жүлделерінің қаржылай көлемі өте қомақты:

Бас жүлде – біреу
Бірінші орын – біреу

Екінші орын - екеу
Үшінші орын – үшеу

Жүлдегерлердің Астанаға келіп-кетудегі барлық шығынын ұйымдастырушы тарап мойнына алмайды.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар