Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Ең үздік қазақ кітабын білесіз бе?...

24.06.2015 13150

Ең үздік қазақ кітабын білесіз бе?

Ең үздік қазақ кітабын білесіз бе? - adebiportal.kz

Қазақ кітабының мүшкіл халін айтып, құлақтың етін жемей-ақ қояйық. Одан да рейтинг жасап көрейік. Азаттық алғалы бері бізді елең еткізген бітіктер жайлы айтайық. Әрине, бұл да толыққанды зерттеу емес, қысқаша шолу. Сонымен баспа қызметкерлерінен, интернеттен, ақын-жазушылардан, оқырмандардан сұрастырып, мынадай қорытындыға келдік.


 

 

СЕЛТЕТКІЗЕР


 

Қажығұмар Шабданұлы«Қылмыс», 6-томдық, «Атажұрт» баспасы, 2010 жыл. 


 

  
Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылды. Өтпеді. Бірақ өтпей қалған жоқ. Аталған көптомдықты бүгінде іздеп табу қиын. Ауырлығына, ақшасына, көлеміне де қарамай, ел сатып алып жатты. «Көлемді дүниелер оқылмайды» деген бос сөз екен. Басқа-басқа, сөз қадірін білетін қазақ үшін. Талай рецензия жазылды, талай пікір айтылды. Бастысы, халықтың бағасын алды. 


 



БЕСТСЕЛЛЕР 


 


Мұхтар Мағауин, «Жармақ», Прага, «Арт-Фокус» баспасы, 2008 жыл. 


 


Чехияда бір басылды. Қолдан қолға тимеді. Сосын «Жамбыл», «Жұлдыз» журналдары жариялады. 2010 жылы «Қазақ альманағы» бір нөмірін арнады. Бірнеше рет шыққандығына қарамастан пышақ үстінен таласып алады. Роман қазақ елінің ғасырлар тоғысындағы көкейкесті мәселелеріне арналған. Онда ұлтсыздық, мемлекет болашағы, халық тағдыры туралы толғаныстар көрініс тапқан. Академик Сейіт Қасқабасов: “Тәуелсіздік тұсындағы әдебиетіміздің аяқ алысы жаман емес. Жаңа леп, жаңашыл көзқарастар баршылық. Постмодернизм нышандары байқалуда. Мысалы, жаңа әдебиеттің үлгісі деп Мұхтар Мағауиннің “Жармақ” романын айтар едім”, – деп атап өтті. 
Былтыр Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған басылымдардың бірі. 
 


 


 


 

ТАБЫЛҒАН ТАНДЭМ


 


Мұхтар Шаханов, Шыңғыс Айтматов, «Құз басындағы аңшының зары», «Білім» баспасы. 


 


Эпистолярлық жанрда жазылған шығарма көркем және жеңіл. Танымдық қыры да мол. Ілезде халықтың сүйіспеншілігіне бөленді. Көп оқылатын жазушы мен көп оқылатын ақынның тандемі өз нәтижесін берді. 
 


 


 


 

ТАРИХИ ТАНЫМ


 


Тұрсын Жұртбай, «Дулыға» дилогиясы, «Жалын» баспасы, 2007жыл. 


 


Көне түркі батырлары туралы тарихи әфсаналар. Өткенінен қол үзіп қалған алаш азаматтары үшін таптырмас басылым. Тегімізді танытқан туынды. 
 


 


 

ТАНЫМАЛ ЭССЕ


 


Қадыр Мырза Әлі, «Иірім», «Атамұра» баспасы, 2004 жыл, 10000 дана


 


ХХ ғасырда өмір сүрген қазақ ақын-жазушыларының бәрі болмағанмен, біразы осы кітапта қамтылған. Оқырманды жалықтырмайтын тартымды да татымды тілмен автор өзі көріп, дәріс алған Мұхтар Әуезовтен бастап, әдебиетке қатарлас келген біраз дарынды әріптестерінің іс-әрекеттерін, мінез-құлқын, ішкі дүниесін шебер бейнелеген. 
 


 


 


 

ЕҢ ҮЗДІК ӘДЕБИ КІТАП


 


Тынымбай Нұрмағамбетов, «Бөрібайдың тымағын ит алып қашқан қыс», «Атамұра» баспасы. 


 

  
Нағыз қазақы сөздің қолданылу құпиясын меңгеріп, оның қан тамырының лүпілін дәл танып, тамырын баса алатын жазушының аталған кітабын сыншылар да, сөз қадірін білетін оқырман да жоғары бағалайды. Жарнаманы жаны сүймейтін, сұхбат беруге құлықсыз қаламгерді көпшілік танымай да жатады. Танымаса да, оқуға кеңес береміз. 
 


 


 


 

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БАСТАМА


 


 

Пауло Коэльо. «Захир», «Атамұра» баспасы, 2005 жыл, 5 мың дана. 


 


2005 жылдың 19 тамызында өткен XVII Халықаралық кітап және баспахана жәрмеңкесі аясында Мәскеу қаласында ТМД елдері қатысушыларының «Кітап өнері» атты 2-халықаралық конкурсында «Арт-книга» номинациясы бойынша ІІ дәрежелі дипломмен марапатталды. 
Безендіру жұмыстарына Досбол Қасымов, Ералы Оспанұлы секілді шеберлер атсалысты. Романды қазақ тіліне аударған жазушы Жұмағали Исмағұлов. Шетелдің танымал жазушысының қазақ турасында және қазақ жерінде шыққан туындысы. Кітап емес, жарнама. Сәтсіз жарнама. 
 


 


 


 

ҮЗДІК САЯСИ САТИРА


 


Тұрсынжан Шапай, «Қазақтың жаны», «Елорда» баспасы, 2001 жыл 

  
Жазушының өзі айтқандай суға батып бара жатқан адамды шашынан ұстап тартасың. Жаһандануда рухынан айрылмау үшін қазаққа да қатты айтқан, алмас қылыштай тіліп айтқан мұндай дүниелер қажет-ақ. 
 


 


 


 

ЕҢ ҮЗДІК ПОЭЗИЯ


 


 

Есенғали Раушан, «Қара бауыр қасқалдақ». 


Амангелді Кеңшілікұлы ақын шығармашылығына «Қазақ поэзиясындағы үлкен құбылыс» деп баға береді. Аталған кітап тәуелсіздік жылдарындағы әдебиетіміздің ауқымы кең дүние болып қала берері даусыз. 
 


 


 


 

ЭТНОГРАФИЯЛЫҚ БАСЫЛЫМ 


 


Ақселеу Сейдімбек, «Қазақ әлемі», Санат баспасы, 1997 жыл.


Қазақ тарихы мен этномәдениетіне қатысты ой-пікірлері жинақталған. Төлен Әбдік ««Қазақ әлемі» бүкіл қазақ даласын тербетті» деп еске алады. 
 


 


 


 

ҚАЙТА ЖАНДАНҒАН СЕРИЯ


 


 

«Жас толқын». «Жалын» баспасы. 

  
Тәуелсіздіктің алғашқы қиын-қыстау кезеңдерінде жастар әдебиеті оқырманға жетпей қалды. Негізінен мерзімді басылым беттерінен көрініп жүрді. Мемлекеттік қолдаумен басылған аталған серияда көптеген жас ақын-жазушылар шыңдалды, жұртшылыққа танылды. 
 


 


 


 

ҮЗДІК ТАРИХИ ШЫҒАРМА


 


Смағұл Елубай, “Ақ боз үй» трилогиясы, 2009 жыл. 


Ашаршылық нәубетін тұтас қамтыған, халқының басынан өткен қасіретті жылдар, ауыр күндерді жан-жақты суреттеген ірі туынды. “Үш туынды да қаламгердің қайсар батылдығынан, керек десеңіз, батырлығынан туған” , – деп жазған екен кезінде Зейнолла Қабдолов. 
 


 


 


 

КІТАП ЖАЙЫНДАҒЫ КІТАП


 


 

Шериаздан Елеукенов, «Қазақ кітабының тарихы», «Санат» баспасы, 1999 жыл. 

  
Қазақ кітабы жайындағы тұңғыш зерттеу. Қазақ тілінде шыққан санаулы оқулықтардың бірі. Өндіріс пен тәжірибе ұштасқан нағыз білгірдің жазбасы. 
 


 


 


 

ҮЗДІК САЯСИ ПУБЛИЦИСТИКА


 


 

Қасым-Жомарт Тоқаев, «Беласу». 


Саясат тақырыбын кең қамтыған, көбінесе, қалың қауымға белгісіз ресми кездесулердің сырт жағындағы қызықты сәттер суреттелген, түрлі саясаткерлермен кездесу барысындағы ой-толғамдар екшелген туынды. 
Тілі жатық, қызықты. 
 


 


 


 

ЕҢ ҚАЖЕТСІЗ КІТАП


 


 

Андрей Беляев. Өлеңдер жинағы. 


Аталған басылым 157 миллион теңгеге жарық көріп, тегін таратылған. Оқылмағаны өз алдына, Әнекеңді сот алдынан бір-ақ шығарған қылмыстардың бірі. Қор болған қайран қымбат қағаз, сапалы бояу.


 

  
 


 

ПИАР-ЖОБА


 


Ермек Тұрсынов. «Келін», 2010 жыл. 

  
Шетелде кино мен кітап қатар жүреді. Бір-бірін насихаттайды. «Гарри-Поттердің оқиғалары» немесе «Сумерки» көп касса жинаған фильмдер ғана емес, сонымен қатар бестселлер кітаптар. Тәжірибе тұрғысынан қазақ қаламгерлеріне ескеретін тәсіл. 


 



Қосымша:


 


Сатылым жөнінен алдыңғы қатарлардан көрінген, ел назарын аударған кітаптардың қатарында Сейіт Кенжахметұлының салт-дәстүр турасындағы басылымдары, Олжас Сүлейменовтің еңбектері, Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Соңғы парыз» романы, Есенғали Раушанның «Құстар – біздің досымыз», Маралтайдың «Кентавр» кітаптары, Мұхтар Мағауиннің «Қыпшақ аруы» шығармасы, Шерхан Мұртазаның «Ай мен Айша», «Тамұқ», Асқар Алтайдың «Казино», Рахымжан Отарбаевтың «Дауысыңды естідім», Қуандық Түменбайдың «Қой мен қойшы», Әмірхан Балқыбектің «Қасқыр құдай болған кез» кітаптары, Қабдеш Жұмәділовтің шығармалары, Серік Ақсұңқарұлының өлең жинақтары, Амангелді Кеңшілікұлының зерттеулері бар. 


 



 


 

Жанар ЕЛДОСҚЫЗЫ 
 


 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар