«Рубен Дариосыз біз дөрекі де таптаурын тілді қолданар едік, тіпті
өз тілімізде сөйлей де алмаған болар едік»
Пабло Неруда
Испан даласы есіңді ала ма?!.
Рубен Дарио
Жұмыр жерді жұдырықтай жүрек билейді... Қос ғасырдың арасындағы өлара Латын Америкасы әдебиетінде модернизм кейпінде көрінді.
«Жер бетіндегі жұмақтың» аспанында антикалық құдайлар мен скандинавия мифологиясының Тәңірия дүниясының, Уитмен мен испан классикасының, грек гекзаметрі мен жапон үштағанының елестері қалықтап жүрді. Бұл елестерді ұйқысынан тұрғызып алып, өзі үшін де, Латын Америкасы әдебиетінің жаңа кезеңі үшін де ояну дәуірін ашқан – Никарагуаның бір мылқау түкпіріндегі ауылдан шыққан ғаламат тума дарын Рубен Дарио еді. Жұпыны отбасынан шыққан жұқалтаң баланың аузына бір тамшы су тамызған да өзінің осынау ерте оянған суырып салма ақындығы ғана болды. Алғаш иезуиттер мектебінде сауатын ашқан Дарио жоғарғы оқу орнын аяқтай алмады. Студенттік шағындағы «Кітап» поэмасы демократиялық, антиклерикалды идеялардың айқайы еді. Әрине бұл – сол кезеңдегі университет пен оның басшыларының қытығына тиетін. Он төрт жасында-ақ либералдық газеттерде ойын білдірген бозбаланың «әйт» пен «қайттың» арасында тентіреп жүре алмасы тағы да шындық-ты. Содан кейін-ақ оның көшпелі өмір салты басталды да кетті.
Ол әдебиетке ерте келген. Алғашқы өлеңдері он екі жасында «Термометр» және «Эссе» журналдарында жарық көрсе, он сегізінші көктемінде «Эпостолдар мен өлеңдер. Алғашқы ноталар» атты романтизм дәстүрлері рухындағы өлеңдер жинағы дайын болды. Артынша-ақ ол Чилиге кетті де, сол жақта «Риф» және «Әуендер» жинақтары жарық көрді. Бірақ бұл жинақтарының бәрі де Латын Америкасының болашақ ұлы ақынының келгенінен емес, келе жатқанынан ғана хабар бергендей болды. Міне, жиырма бір жасында Вальпараисо қаласында шыққан «Ашық аспан» жинағы балаң жігіттің бағын ашты. Француз парнасшыларының самалымен жазылып, Латын Америкасы әдебиетіндегі модернистік қозғалыстардың қозғаушысы болған «Ашық аспан» өзінің жан елітер әуезділігімен, поэтикалық тілді түлетуге, түрлендіруге деген ізгі ұмтылыстарымен ерекшеленді. Дарио өз топырағындағы замандастарына ғана емес, сонымен қатар, испандық «1898-жылғы толқынға» да қатты әсер етті. Ол Буэнос-Айрес қаласында Колумбияның елшісі қызметінде жүрген кезінде Аргентина қаламгерлерімен қоян-қолтық бір мақсатта, бір бағытта қызмет етті.
«Насьон» газетінің бетінде француз әдебиетінің жаңашыл ағымдары, парнас мектебі мен символизм және іле-шала Латын Америкасы әдебиетінің рухына айналған модернистік бағыттар турасындағы танымдық мақалалары дүркін-дүркін шығып тұрды. Осы кезеңде жарық көрген «Көпқұдайылық жырлары» жинағы оны испан-американ модернизмінің «құдайына» айналдырды. Бұл кітап классицист-романтикалық стереотиптерінің өміріне соңғы нүктені қойды. Буржуазиялық өркениеттен көңілі қарадай қалып, баладай налыған ақындардың, шынайы-табиғилық пен ұлттық болмыстың тамырына үңілген ақындардың, испандық және басқа да өлең құрылымдарына реформа жасау қажеттілігін сезінген ақындардың ендігі жүрер жолы әртекті және қарама-қайшылыққа толы осынау модернизм еді. Дарионың әуезді де жеңіл берілетін ойлары, табиғат пен ұлттық топыраққа біртабан жақындығы, тілі мен танымының тым тереңдігі және шырқау биіктігі оны басқа да «рубендариошілдерден» анағұрлым оқшаулап тұрды. Дарио да, оның үзеңгілестері Х. Сантос Чокано, Р. Хаймес Фрейре, Л. Лугонес, Г. Валенсия, Х. Эррера-и Рейсеигтер де суреткерден оқшаулық пен дара болмысты талап еткен «таза өнерді» насихаттады. Мұны сол кезеңдегі буржуазиялық әлемнің Латын Америкасында да сезіле бастаған рухани тоқырауымен түсіндіруге болатындай.
Арман мен үміттің бір тал қауырсынындай нәзік болмысты лирик, қанағаттанбау мен рухани қажеттілікті бүкіл «жер бетіндегі жұмақ» аталған құрлықтың атынан сезінудің қайқы қанатындай асау жүректі ойшыл он тоғызыншы ғасырдағы француз ақындарының жетістіктерін кемелдендірген, испантілді поэзияны жаңа құрылымдар һәм пішіндермен байытқан ғасыр тудырған реформаторға айналды. Сонымен қатар жауынгерлер мен теңіз қарақшыларының, саудагерлер мен жұмысшылардың ауызында дөрекіленіп, һәм қатайып кеткен тілдің әуезділігі мен әсемдігін, икемділігі мен иірімділігін өз поэзиясымен қайта түлетіп алып келді. «Рубен Дариосыз біз дөрекі де таптаурын тілді қолданар едік, тіпті өз тілімізде сөйлей де алмаған болар едік» дегенді Пабло Неруда тегін айтпаса керек.
Ақын өмірінің соңғы ширегінде Еуропада тұрды. Латын Америкасындағы жас ұлттардың тағдырына алаңдау, оның әлемдегі орны үшін жаны ауыра шырқырау, өз Отанының болашағын ойлау, жас ұлттардың әлемдік өркениетке берері мен аларын пайымдау, осының бәрі-бәрі «Өмір мен үміт әндері» кітабының жазылуына алып келді. Өзінің қиын тағдыры мен ауыр дерті жанын жүдеткен ақынның соңғы жырлары өкініш пен мұң, көңілі қалу мен беті қайтудың зілдей күрсінісіндей. Сол екі ортада басталып кеткен бірінші дүниежүзілік соғыс та оны мүлде түңілдіріп жіберді. Дауылпаз жүректің ызалы қолындағы қалам Америка құрлығындағы аз халықтарды езуге деген қарсылығын, дүниежүзілік соғыстың тоқтатылуына шақыруларын дәуірдің маңдайына шимақтап жаза берді. Мұндай күрескерлік рухын сол кезеңдегі Құрама Штаттардың Президенті Рузвельтке жазған өлеңінен анық байқауға болады.
Қара күш пен ақша буының мәдениет пен поэзияны тұншықтыруынан жаны түршіккен Дарио әлемді гуманизмге үндейді. Ұлттардың бауырластығы мен достығына деген сенім «Оптимистің жолдауы», «Триумфальді марш» өлеңдерінің өн бойынан айқын сезіледі.
Әлем поэзиясының ең ірі шеберлерінің бірі Дарио ХХ ғасырдың басында «Мен халықтың, көпшіліктің ақыны емеспін, бірақ түбінде соған оралудан қашып құтыла алмайтынымды білемін» деген екен. Арада жарты ғасырдай уақыт өткеннен кейін Пабло Неруда Дариоға поэзияны «қарапайым халықтың биігіне көтергені үшін» рақмет айтыпты. Иә, ол халықтың ақыны болды. Қарапайым адамдардың сүйініші мен күйініші, мұңы мен шаттығы оның стихиясы еді. Рубен Дарио әуезді ойлауға, әр сөздің ішкі әуенін естуге қабілетті өте сирек кездесетін дарын иесі. «Әуелі әуен» деген Еуропа символистерінің талабы ол үшін аса қиындық тудыра қойған жоқ. Поэзияның күңгірттене бастаған аспанында салтанатты от шашудай жырларымен жан-жағын жарқыратып жіберген ақын тек қана Латын Америкасының емес, испантілді жас ақындардың бәрін соңынан ертті. Испан ақыны Антонио Мачадо оны «Ұлы еліктіруші» десе, испан философы Ортега-и-Гассет «Тәңірден келген үндіс» деп атады.
Ол, Феликс Рубен Гарсиа Сарменьто, Латын Америкасы ақындарының жүрегіне сенім мен батылдық нұрын ұялатты. Лугонес оны «испан Америкасының соңғы азат етушісі» деп бағалаған еді.
Рубен Дарио модернизмінің аяғын ала Латын Америкасында жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай, я түнгі нөсерден кейінгі тұп-тұнық аспанда тамылжыта ән салып тұрған жұлдыздардай болып әртүрлі ағымдар мен бағыттар қаптап кетті. Футуризм мен дадаизм секілді авангардтық ағымдармен қатар Мексика «экстридентизмі», Бразилия «модернизмі», ғасырдың алғашқы ширегінде Францияда чилилік В.Уидобро ашқан «креасьонизм», Хорхе Луис Борхес, Испаниядан Аргентинаға алып келген «ультраизм», тағы да басқа не түрлі ағымдар өз өрнегін салып жатты.
Ерлан ЖҮНІС
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.