“ Бектер мінген бедеудей,
Безектей басқан аяғын”
“Ер Тарғын” жырынан
Халқымыз ежелден – ақ төрт түлік малдың ішіндегі төресі деп жылқыны таныған. Оны өзге малдан ерекше күтіп баққан. Түгінің түсіне, жаратылысына сай ат қойған..
Ауылға келген қадірменді қонағына дәулетінің көлеміне қарай күмістеген құранды ер салған жібек жалды арғымақ не сауырынан су төгілмес жорға мінгізген.
Қонақасыға да бабына келтіріп пісірген жылқы етінің жылы- жұмсағын тартып, артынан қазының майы салып ашытылған қымызбен сыйлаған.
Адам тәрбиесінде ерекше орын алатын халықтық салт-дәстүрдің көптеген тамаша көрінісі жылқы малына байланысты болады. Жас баланы сүндеттегенде сүндет атын сайлауы, жиен ауылға қыдырып келгенде нағашы жұртының бәсіреге тай, құнан атауы соның куәсі болса, адам болмысындағы жағымды, жағымсыз мінездерді сынағанда да жылқы малының мінезіндегі ерекшеліктер салыстырмалы түрде алынатын болған.
Мысалы,
“Болар бала бесігінде бұлқынады,
Тұлпар болар құлын желіде тұрып ойнайды”,
“Ат болатын құлынның бауыры жазық келеді,
Адам болар баланың маңдайы жазық келеді”,
- деп, жақсы қасиеттерді дәріптесе, жағымсыз әрекеттерді сынағанда:
“Жаман атқа жал бітсе,
Жанына торсық байлатпас .
Жаман адамға мал бітсе,
Жанына қоңсы қондырмас”,
- дейтіні де бар халқымыздың.
Осындай қан қыздырар қуаты бар қанатты нақыл сөздер халқымыздың ақыл-ой парасатының кемел қуатын ерекше танытса керек. Тіпті, ел арасында айтылатын мына бір жай, қарапайым: “Атқа мінгеннің арқасы қозады ”,-деген мақалдың кейде “Ат үстінің желі бар”-деп, сәл басқаша айтылғаны болмаса, бастапқы ойымыздан сонша алшақ болмай тұрғанын байқаймыз.
Көшпелі тірліктің көсемі болған халқымыз өзінің ғасырлар бойы қалыптастырған ауыз әдебиетінің барлық жанрларында жылқы малын қатыстырып отыру себебі де күнделікті тірлігінде жылқы малының атқаратын қызметі зор болғандықтан еді. Өзіміз бала күннен оқып өскен “ Керқұла атты Кендебай ”, “ Ер Төстік ”, “ Алтын сақа ” ертегілерінде басты қаһарманның мақсатына жетер жолдағы сенімді серіктері де аттары болады. Олар қуса жететін, қашса құтылатын қанатты тұлпарлар болып суреттеледі. Қажет жерінде оларға тіл бітіп, алдағы кездесер қиындықтардан құтылудың жолын иелеріне айтып береді де. (Керқұланың Кендебайға, Шалқұйрықтың жер астына түскенде Ер Төстікке айтқан кеңесі)
“Ел намысы – ер намысы”,- деп аллалап атқа қонып, аруақтап жауға шапқан батыры сүйір ұшты көк найзасын көкке бұлғап, атойлағанда қаны қызып, делебесінің қозатыны да ат үстінің желінен болады.
Ел қорғаған ұланының ерлік бейнесін ел есінде мәңгі қалдыруға ұмтылған халқымыз олар мінетін тұлпарлардың да бейнесін тамаша жасаған. Олардың өзі де батырлардың қолына оңай түсе қалмайды.
Мысалы, Қобыландының тұлпары Тайбурылды Құртқа көрегендігімен танып, бапкерлігімен жаратып күтуінің арқасында жауға мінер нағыз ат болады. Алпамыстың Байшұбары да өзінен күші асқан ерге ғана ат болуға серт етеді. Құйрығына қол салып тоқтатқан Алпамыстың күшінің басымдығын білген Байшұбар батырдың нағыз сенімді серігі болады.
Қалмақтың Қараманы мен Тайшаның қалың қолын жеңіп, өзі сүйген Гүлбаршынды алып еліне оралған Алпамысты әкесі жылқысын талап алып кеткен Тайшық ханға жұмсайды.
“Көрінгенмен ұрысқан, қабағы қатып тырысқан, аласа ғана бойы бар, адам таппас ойы бар, тізесіне шекпені жетпеген, басынан жаманшылық кетпеген ” мыстан кемпірдің алдамшы сөзіне сенген Алпамыс:
“Кел, шеше, атқа мінгес” деп,
Үзеңгісін береді.
Байшұбарға мінбекке
Дұшпан зәлім, қу мыстан
Оңтайланып келеді.
Адамнан есті жануар
Қос аяқтап тебеді.
Алпамыс сезбеген жауыздықты сезген Байшұбар ат осындай әрекет істейді.
Батырға адал болған Байшұбар Алпамыс зынданда жатқанда өзін иемденбек болған қалмақтарға:
Сол уақытта Шұбар ат
Алдына келсе тістеді
Артына келсе тебеді.
Бетіне түгіл Шұбардың
Сыртына адам келмеді…
Қаншама көп болса да,
Шұбарға әлі келмеді,
Неше дәулер жабылды,
Бәрін де Шұбар сүйреді…,
- деп жырланғандай “өнер” көрсетіп жатады.
Қаракөзайымның ақылымен зынданнан шыққан Алпамыс пен Байшұбардың кездесуін жыршы кәдімгі сағынысып көріскен адамдардың кездесуіндей етіп жырлайды:
Жеті жыл жатқан қамалып,
Қырық арқан бойы зынданнан!
Иесін алды шығарып,
Үш секіріп, үш түсті.
Шабамын деп қуанып,
Сөйлесті біраз екі шер
Біріне-бірі білдіріп…,
-дейді.
Байшұбар аттың қуанышын жыршының осылайша суреттеуі ешқандай жасанды емес, керісінше жан толқырлықтай нәзік әрі орынды шығуын жылқыға, оның ішінде ерен жүйрік әрі сенімді серік болған тұлпарға деген ел құрметінің белгісі деп білуге болады.
Еліміздің елдік қасиетін ту ғып көтерген ерлерге қойылған мәңгілік ескерткіштердің бірі “ Ер Тарғын ” жырында да батырдың жан серігі адамзатта әйелден Ақжүніс болса, жылқыдан Тарлан ат еді
Батырдың жан серігі – астына мінген тұлпары. Онсыз ол қанша батыр болса да дәрменсіз болып қалады. Оны өзінің сүйеніші - тірегі деп ұғады.
Айналайын Тарланым
Бектер мінген бедеуге,
Сен тұрғанда бармадым!
Қырдан қиқу төгілсе…
Жалғыз-ақ сені қармадым!
Қырдан қиқу болғанда,
Қараңғы тұман болғанда
Сеніңмен еді дәрменім,
- деп, өзінің тірек-сүйеніші болғанын мойындайды. Тарлансыз Тарғын жоқ.
Батырдың атына деген шексіз сүйіспеншілігін:
Құлында емдің, тайда емдің,
Құнан жаста арда емдің
Дөнен жаста үйреттім,
Алты қабат ала арқан
Жібектен өріп сүйреттім,
Алшақтатып ойнаттым.
Таудан асқан тұлпарым,
- деген жолдардан байқау еш қиын емес.
Анталаған қалың жауды қанатты әрі төзімді тұлпарсыз жеңу де мүмкін емес.
Он екі күн ұрыс салып, жауды қырып біткен соң :
Астындағы Тарланның тұрпатына қараса,
Он жеті жерден жаралы…
Ол жараға болмайды.
Әлі де ойын салады.
Қос тізгінді созады…
Шаршады Тарлан десек те
Жер басқаннан озады,
- деп жырланады.
Жыршы осындай әсірелеулер мен дамытуларды орынды қолдану арқылы батырдың серігі тұлпар бейнесін шебер жасай білген.
“Ылдидан салса, төске озған, ертеден шапса, кешке озған, томаға көзді қасқа азбан ” қанатты тұлпарлардың көркем бейнелерін сомдау арқылы жыршылар жылқы малының халқымыздың күнделікті тұрмысындағы маңызын және жаугершілік замандардағы сәйгүліктің орны ел өмірінде ерекше екенін нақты көрсете алған.
Жылқының ерекше қасиеті тек батырлар жырында, ерте замандарда ғана жырланып қойған жоқ. Ол бүгінгі күнде де бар. Қазақтың қанында бар атқұмарлық қасиет неше заман өтсе де жоғалмақ емес. Кешегі Тайбурылдың, Байшұбардың, Тарланның көзіндей болған Құлагердің аяулы тұлғасын қазақ баласы әзірде ұмыта қоймас. Оған арнап жазылған Ілиястың “Құлагер” поэмасы көркемдігі келіскен ғажайып туынды.
Тұңғыш олимпиада чемпионы болған, Жамбыл облысындағы Луговой асыл тұқымды жылқы зауытының тұлпары Абсентті біздер әкелеріміздің айтуынан білеміз. Бүгінде жылқы зауытының алдындағы тас тұғырға қойылған Абсенттің тас мүсіні еліміздің жылқыға көрсететін биік құрметінің куәсіндей.
Ел көлемінде өткен үлкен жарыстарда ат бәйгесі өтеді. Дала төсін күңіренте шапқан сәйгүліктердің тұяғының дүбірінен, қиқу сала айғайлап ата аруағын шақырған, шаң-тозаң толған тамақтан қарлыға шықса да қуаты қашпаған құдіретті дауыстан арқаң қозып, көзіңнен жас та шып-шып шығып кетеді. Қанымызда бар болғандықтан шығар.
Қалай болған күнде де жылқы малының халқымыздың дүние танымы мен қадір - қасиетінің төрінде ерекше орын алғандығына ешкімнің дауы жоқ.
Жарқын ӘЛІ
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.