Ертіс-Баян өңірі ежелден қазақ руханиятының ұйтқысы болған еңселі мекен. Әдебиетіміздің марқасқа тұлғалары мен өнер-ғылым қайраткерлері Машһр Жүсіп Көпейұлы, Жүсіпбек Аймауытов, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Естай Беркімбайұлы, Қаныш Сәтбаев, Шәкен Айманов, Әлкей Марғұлан, Қалижан Бекхожин сынды көптеген кемеңгер тұлғалардың кіндік қаны тамып, топырағынан түлеп ұшқан торқалы жұрты. Бұл күнде, құты үзілмеген құйқалы мекеннің ұрпақтар арасындағы сабақтастығы мен дәстүр жалғастығы тамырын тереңге тартып, өз арнасынан ауытқымай келеді.
Суретте: Павлодарлық және астаналық қаламгерлер Жазушылар үйінде
Жуырда ғана Қазақстан Жазушылар одағының Павлодар облыстық филиалының төрағасы болып сайланған Жарқынбек Амантайұлы бастаған, Қуанышбек Шарманов, Айбек Оралхан, Алпысбай Хонжы, Алмас Ақтасов, Жұмабек Сманов, Данияр Жұмаділ сынды Ертіс-Баян өңірінің бір топ жас қаламгерлері Елордадағы Жазушылар үйіне ат басын тіреп, қара шаңырақта астаналық ақын-жазушылардың қатысуымен әдеби кеш өтті.
Суретте: Әдебиет пен мәдениеттің талқысы
Осы кештің тізгіншісі ақын Дәулеткерей Кәпұлы Павлодар облысының руханият саласындағы жұмыстары мейлінше өркендеп келе жатқанын сөз етіп, Ертіс-Баян өңірі мәдени салада тың өзгерістер мен жаңаша серпін алғанын тілге тиек етті, Павлодарлық барша қаламгер қауымының алдағы жұмыс-жоспарларына сәттілік тіледі.
Суретте: Жарқынбек Амантайұлы, Дәулеткерей Кәпұлы, Қадырболат Мұсағалиев
Нұр-Сұлтан қаласының Мәдениет және спорт басқармасы, мәдениет және өнерді дамыту бөлімінің маманы Қадырболат Мұсағалиев қазіргі таңда мемлекет тарапынан руханият саласына, қаламгерлер қауымына ерекше көңіл бөлініп отырғандығын, Абайдың мерейтойы аясында ауқымды іс-шаралар өтетінін, бұл тойдың емес, ойдың, ел қамы мен жұрт мүдесінің жоғы құнытталатын табысты жыл болатынын айта келіп, кеш қонақтарына шығармашылық табыс тіледі.
Суретте: Д. Кәпұлы Жазушылар үйінің жоспарымен бөлісуде
Жарқынбек Амантайұлы өз сөзінде Елордадағы Қазақстан Жазушылар одағының шаңырағына сәлем беріп, астаналық аға қаламгерлердің алдын көріп, батасын алып, алдағы уақытта бас қала мен Ертіс-Баян өңірінің шығармашылық байланысын арттырып, өзара ынтымақтаса жұмыс істеуге ниетті екенін жеткізді.
Суретте: Ертіс-Баяннан жеткен сәлемдеме
Ертіс-Баян өңірінің қаламгерлері Жазушылар үйіне өз тарапынан ғылыми, танымдық кітаптар мен естелік бұйымдар табыс етті.
Суретте: Ж.Амантайұлы Жазушылар үйіне естелік бұйымдар ұсынуда
Бүгінгі әдебиеттің ауаны туралы еркін әңгімеге ұласқан кеште ақын Қуанышбек Шарманов жырдан шашу шашса, алыстан ат арытып келген ақындар ақжарма тілектері мен отты өлеңдерін оқыды.
Суретте: ақын Қуанышбек Шарманов арнау өлең айтуда
Суретте: ақын Айбек Оралхан өлең оқуда (ортада)
Суретте: Ертіс-Баян өңірінің қаламгерлері
Кешке қатысқан елордалық Серік Әбілұлы, Танагөз Толқынқызы, Елан Жүніс, Ұларбек Нұрғалымұлы, Мирас Асан, Айжан Тәбаракқызы сынды елімізге танымал ақындар өлең сөздің көрігін онан сайын қыздырды.
Суретте: ақын Серік Әбілұлы өлең оқуда
Суретте: ақын Ерлан Жүніс
Суретте: ақын Мирас Асан
Кеш соңында Жазушылар үйінің атынан ақын Дәулеткерей Кәпұлы павлодарлық қонақтарға естелік кітаптар ұсынды.
Суретте: Ақынның қолында "Түске оранған күз"
Adebiportal.kz
Фотосуреттер "Әдебиет порталының" меншігі
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.