Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Есболат Айдабосын. Азап пен Мазақ (әңгіме)...

01.09.2015 3539

Есболат Айдабосын. Азап пен Мазақ (әңгіме)

Есболат Айдабосын. Азап пен Мазақ (әңгіме) - adebiportal.kz

                                     

 

1012622_10200573383754879_8606473_n.jpg

 


 


 

 Ескерту: Бұл шығармадағы оқиғалар автордың қиялынан туған


   


– Қарқ, қарқ, қарқ...

 

Үлкен қарағаштың басына үрім-бұтағымен ұя салып алған қарғалар бүгін таң атпай қарқылдады. Қысы-жазы мекенін өзгертпейтін жарықтықтар аса ұйымшыл. Бірі бастаса, екіншісі қоштай жөнеледі, жан-жақтан жамырап айналаны азан-қазан қылады. Бұл жолы да біразға дейін даурығып барып басылды. Қарғалардың қарқылы бәсеңсіген сәтте, ағаштың түбіне тақау орналасқан бір қабатты сұрқай үйдің ішінен іңгәлаған нәрестенің дауысы шықты. Қарғалардың қарқылдайтын жөні бар, дауыс тым зарлы еді...

 

 

Біз төртеу едік. Өзбектің Nexia көлігін шықпыртқанда, мерседес, вмв секілді неміс жүйріктерін шаң қаптыратын шопыр Тілеубек үйреншікті әдетіне салып, Боралдайдың тас жолымен бұрқыратып барады. Оның қасына жайғасқан телеоператор Ержан Жаңбырбай паровозша түтіндетіп отыр. Онсыз да экологиясы оңбай бүлінген Алматының аспанын былғай түсейін дегендей «бұрқ, бұрқ» еткізіп өршелене үрлейді. Зулаған көлікке қарсы соққан жел, ол түтінді артқы орындықтағы екеуге қарай айдайды. Ол екеудің бірі мен, екіншісі орыс редакциясының тілшісі Анар. Орысша жазғанмен қазақша ойлайтын Анардың аузы тыным табар емес, түтінге тұншықса да әртүрлі тақырыпқа бір шауып отыр. Түнде ұйқы қанбағандықтан Анардың алдына басымды салып мызғып алсам деген ниетпен қисайғанмын. Жақсы көңіл күйде «жолды қысқартып» бара жатқан үшеудің әңгімелеріне араласа алмай, тыңдап қана жатырмын.


Бағытымыз – Жауғашты. Иә. Иә!! Станция Шамалғанға қарасты Жауғашты деген шағын ауыл. Мұнда әйгілі әйелдер түрмесі бар, соған барамыз. Халықаралық балаларды қорғау күніне орай абақты басшылығы ашық есік күнін жариялаған. Астанадан жеткен тапсырма бойынша бүгінгі кешкі жаңалықтарға репортаж беруіміз керек.


Тілеубек Nexiaның тізгінін түрменің темір қақпасына келгенде бір-ақ тартты. Қатар өскен көп теректің көлеңкесіне барып темір тұлпарын доғарды. Оның бүгінгі жарты жұмысы осымен бітті, біз түсірілім жасап шыққанша, аяқты аспанға көтеріп тастап ұйықтайды сабазың...

Көлік тоқтағанын сезсем де, Анардың тізесінен басымды алмаған күйі жатырмын. Саусақтарының ұшына жапсырып алған сүйріктей жасанды тырнағымен қолтығымнан қытықтап жібергенде бір-ақ түрегелдім. Анар айнасына қарап, опа далабын бетіне жағып, сыланып-сипаланып жатыр екен.


– Анарбай бұл еркектер түрмесі емес деп қағыттым да оның шымшып алар әдетінен қорқып, жалма-жан далаға атып шықтым. Ержан сыртта жүр. Езуіне темекісін қыстырған күйі камерасын түрмеге қарай бағыттап жатқанына қарағанда, ерте жарықта жалпы көрінісін түсіріп алмақ. Күн арқан бойы көтеріліпті. Алматының аспаны бүгін халықты табаға салған балықтай тағы бір шыжғырып алайын дегендей, әлден ыстық леп еседі. Абақтының алды адамға толы. Бейне бір, түрме емес темір жол вокзалы ма дерсің, бір-бір дорбасын арқалаған жұрт биік дуалды жағалай жосылып жүр.  Бірінің анасы, бірінің баласы, енді бірінің құдай қосқан қосағы тағдырдың жазуымен осында жатыр. Сағынған көңілдің мауқын баспаққа барлығы ертелете жеткен көрінеді. Асай-мүсейімізді арқалап, керенау қозғалып біз де солай қарай беттедік.

 

 

«Жауғашты түрмесінің ресми атауы ЛА-155/ 4  әйелдерге арналған түзету мекемесі. Дәл қазір мұнда 1200 ден астам сотталушы болса, соның жиырма шақтысы 18-жасқа толмаған бойжеткен. Сол жиырма қыздың бірі  Бағым. Оныншы сыныпқа көшкен жылы істі болып түрмеге қамалыпты. Биыл екінші жылға аяқ басты, кәмілеттік жасқа толмағандарға арналған оқшаулау орталығында жазасын өтеп жатыр».


Осы тұсқа Бағымның СИНХРОНЫН (сұхбаты) қоям, екінші бөлікті бүгінгі мерекелік концертпен бастаймын…

Тілеубектің Nexiaсы Алматыға қарай жүйткіп келеді, ал мен бейнесюжеттің мәтінін осылайша миға теріп отырмын. Алдымен айтар сөздің барлығын ойға жинақтап алсаң жақсы, компьютер алдына барғанда іркілместен барлығын «сатырлатып» орын-орнына қоя саласың. Не жазарын білмеген журналист, жынын алдырған бақсы секілді, бір беттік дүниені бірнеше сағат езгілеп,  қара терге түседі. Бүгін де баста жүйеленіп тұрған мәтінді тездетіп жазып, монтажды аяқтап, үйге ертерек қайтпаса болмайды. Мазам кетіп отыр. Бастың сақинасы ұстаған болу керек, шүйде тұстан біреу біз сұққылап жатқандай зырқыратып барады. Сонымен бірге бағанағы Бағымның аянышты тағдыры да, көңілге кірбің салды. Қасы көзі қап-қара, ақборықтай әдемі қыздың түрі де, есімі де жадыда жатталып қалыпты. Сұхбат алғанда байқалды, сөзі салмақты, оқыған-тоқығаны молдау көрінді.  Өзі сезімтал екен.


– Бұл жақ сенің орның бе еді, не жазығың бар? деген сауалды қалай қоярымды білмей, тыпыршып тұрғанда, айтқызбай-ақ өзі ұқты емес пе?

– Айтарлықтай қылмысым жоқ еді,  қолтығымнан сүйеп, сөзімді сөйлер ешкімім болмаған соң осында келдім ғой, деп жанарын төменге салып, күрсініп еді.

Дауысы да әуезді, тәп-тәуір екен. Бүгінгі концертте орыс тілінде ана туралы ән орындағанда түрмеде отырған кексе қатындарға дейін танауларын қорс-қорс тартып, жылады емес пе? Ержан сол бір көріністі көрді ме екен, таспаға басылса бейнесюжетті әсерлі қылып шығаруға таптырмас «деталь» болары рас. Осылайша әрнәрсені бір ойлап келе жатқанда...


– Досым, әу Досым!!! деген дауыс шықты. Ержан екен. Бағанадан бері Тілеубек екеуі көлік тақырыбында әлденені қызылкеңірдек болып талқылап келе жатқан, енді мені сөзге тартпақ. Шырпысын шырт еткізіп, темекісін тұтатып алды. Менен жауап күтпестен, сұрағын қойды.    

– Жаңа..ана жерде.. сұхбат алған қызың кім?

– Кім болушы еді, менің класстасым ғой дейсің бе, сотталушы да...

– Білем ғой, обал әкең...сұлу екен...

– Не ғашық боп қалдың ба, Жаңбыр? - деп Тілеубек күректей алақанымен Ержанның санынан салып қалды.

– Жооқ, деп Ержан даусын соза түсті бәлсініп. Оны қайтем, түрмеде отырған қызға ғашық болып жынды дейсің бе?!

– Не, сонда түрмедегілер адам емес пе? Анардың да іші пысып отырған болу керек, сөзге араласа кетті.


– Ал сен «бывший зэкке» күйеуге тиер ме едің? Ержан Анардың жанды жерінен шап беріп ұстай алды. Арасында Тілеубек бірдеме деп қыстырылысып жатыр, үшеуі тақырыптан ауытқып, түрме мен оның тұрғындары жайлы білімдерін жарыстырып кетті. Бір кезде олар алыстан орағытып келіп, әңгімені қайтадан бақытсыз Бағым қызға бұрған.

Кетік тісінен тілін жылтыңдатып алып, Ержанның бір сөйлесе тоқтамайтын әдеті. Сөзжарыс сұйыла бастаған кезде, құнжыңдап камерасын шұқылап отырған. Сөйтсек, Тілеубекке Бағымның түрін көрсетпек екен. Ақыры кассетаны ары айналдырып, бері айналдырып жатып, тапты-ау. Біз қайтуға оқталып, сыртқа беттеп бара жатқанда, Бағым бастаған бір топ жас сотталушы түрме басшылығының тапсырмасы бойынша қол бұлғап, қоштасу ишаратын жасаған еді. Әккі таспагеріміз сол сәтті түсіре қойыпты. Қолға түскен құралайдай болып, жаутаңдаған жанары аянышты еді. Сол бейнені көлікті жүргізіп бара жатып, көз қиығымен көріп үлгерген Тілеубек «туй әкең» деп арғы жамбасына аунап түсті, көлігі де тақтайдай тегіс жолда  бұлтаң еткендей болды. Біз «Өй...й!! абайланы» айтып үлгермедік, ол әлденеге күйінгендей темір тұлпарын тебініп, газын гүжілдетіп басып-басып жіберді.

 

 

Жаз кетіп, күз келген. Ал бұл кез – тілші атаулының тіршілігі қызар шақ. Жұмысқа ерте барып, кеш қайтамыз. Бір күні түсірілімнен оралып, орныма жайғаса бергенде байқадым, компьютерімнің алдына әлдекім хат қойып кетіпті. Сыртына менің аты-жөнім қаздай тізілген әдемі қаріптермен жазылыпты. Жалма-жан ашып, оқыдым. Сол екен. Содан келген. Бағымнан келген хат. Бірақ көп ештеңе жазбаған, амандық-саулық сұрасыпты да қойыпты, астына түрменің мекен-жайы мен өзінің сотталушы нөмірі және аты-жөнін толық көрсетіпті. Шамасы жауап жазсын дегені болар. Сол күні жұмыстан соң, коютермен терілген бір беттік хатты, пошта жәшігіне апарып салып кеттім. Ертеңіне Атамұра баспасына барып, қазіргі заман әдебиеті сериясымен шыққан бір топ қазақ жазушысының кітабын алып, қоса жібердім. Оншақты күн аралатып Бағымнан жауап келді.



Түрмеден сәлем!!!

 

Сіз жіберген кітаптарды алып, төбем көкке жеткендей шаттанып қалдым. Өзімді жалғыз сезінуші едім, енді менің досым бар, кітап деген. Ол досты сіз маған сыйладыңыз. Қазір Тынымбай Нұрмағамбетов деген жазушының «Бөрібайдың тұмағын ит алып қашатын қыс» деген кітабын бастап оқып жатырмын. Өте тартымды жазады екен. Оны оқыған сайын көңілім көтеріліп қалады, кей жерлерінде «мырс» етіп күліп жібергенімді байқамай қаламын. Осындай қуаныш сыйлаған сізге Алла жар болсын!!!

Аға!!! Сырласарға жан таппай торығып жүргенімде сіз кезіктіңіз. Өзім бірінші хат жолдағаныма қарап, жеңілтек екен деп ойламаңыз. Егер сіз құп көрсеңіз, сізге үнемі хат жазып, шер тарқатып тұрайын, ол хаттарға жауап бермей ақ қойсаңыз да болады. Тек айтар ақылыңыз, қандай да бір дүниеге пікір-пайымыңыз болса қуана қабылдаймын. Жұмысыңыздың қауырт екенін білемін, сондықтан уақытыңызды ұрлағым келмейді.

Сіз хатыңызда өзің туралы, отбасың жайлы білгім келеді деген едіңіз, соған жауап берейін. Аға!!! Түсінесіз бе? Бұл тақырыпта сөйлеу маған тым ауыр. Мен жалғызбын, аға!! Сенесіз бе, мен жалғызбын. Менде бірге туған бауыр тұрмақ, әке мен шеше де жоқ. Үш жасымнан балалар үйінде өстім. Кімнен туғаным беймәлім, ал қайда туғанымды жақсы білемін. Өйткені менің туу туралы куәлігімде бәрі жазылған. 1990-жылы, мамыр айының 15-жұлдызында Алматы облысы, Қарасай ауданы, Шамалған ауылында дүниеге келіппін. Соған қарап бала күнімде барлығы , «Президенттің жерлесі», «Президенттің қызы» деп атайтын. Мен де оған кәдімгідей илансам керек, ол кісіні көгілдір экраннан көре қалсам, жүгіріп теледидардың қасына баратынмын. Ештеңені ұқпасам да, тапжылмай отырып қарайтынмын . Елбасы кейде ұзақ, кейде қысқа сөйлейді. Ұзақ сөйлеген кезде құлдыраңдап жүгіріп, кәдімгідей мәз болатынмын, ал қысқа сөйлесе көңілім толмай қоңырайып жүретін едім. Менің бұл қылығыма балалар үйінің тәрбиешілері мен тәрбиеленушілері үйренген. Олардың бірі балалық қиялымның көп ұзамай тас талқан боларын білетін, білетін де іштен тынатын. Екіншілері қызығатын. Бетіне күлімсіреп қараған жанды «әке- шешем емес пе?» деп ойлайтын тесік өкпелер көгілдір экраннан болсын папасын көретін Бағымды бақытты санайтын. Менің өтпелі бағыма қызғана қарайтын. Ал мен шынымен сенген едім.

Аға мен арманшыл адаммын, бәлкім бұған жетімдігім әсер еткен болар. Сабақ үстінде қиялыммен қалықтып, арманның аспанына ұшып кете баратынмын. Жиі түс көретінмін. Түсімде Нұрсұлтан Назарбаевпен талай мәрте жолықтым, тек өңімде жолығу жазбапты. Ол кісіге өзімнің сағынышымды айтып, әлденеше рет хат жаздым, бірақ ол хаттар жетті ме, жетпеді ме белгісіз, біріне де жауап келген жоқ. Президент мені іздемеді.  Теледидарға телміріп жүріп балалар үйінде мен де бойжеттім. Елбасын көре қалсам аталап жүгіретін балалық қылығыма қысыла бастадым. Мен өсе келе ол кісі әкем емес екенін ұқтым. Оны ұққан күні жастығымды жасқа шылап, таңға жылап шыққаным есімде.

Аға!!! Cіз менің түрмеге қалай түскенімді анажолы сұхбат алған кезде де сұраған жоқсыз, маған жазған хатыңызда да ондай сөз жоқ. Шамасы мені аядыңыз, білемін. Бірақ ол сұрақ сіздің көкейіңіздің бір түкпірінде жасырын  жатқанын да сеземін. Сол себепті сізге сұратпай-ақ өзім баяндап берсем деймін. Тек ол ұзақ әңгіме... Келесі хаттың еншісіне қалдырайын.

Аман болыңыз. Сәлеммен Бағым.

 

 

Түрмеден сәлем!!!

 

 

Барлығы қанға біткен намысқойлықтан болды аға-деп басталыпты Бағымның келесі хаты.... Басымыз балалар үйінде қосылған бес қыз дос болатынбыз. Бесеуіміз бес ұлттың өкілі болсақ та бір анадан туғандай, бірге тұрдық, бірге жүрдік. Жат қылық, жеңіл жүрістен бойымызды аулақ ұстадық. Сабақты да жақсы оқып, қоғамдық жұмыстардың бел ортасынан табылатынбыз. Бізде ағайын деген атымен жоқ, біз үшін достықтан ұлы дүние болмау керек, сабағымызды жақсы оқып, түбі адам боламыз, сол кезде де бір-бірімізден алшақтамауымыз керек деп талай мәрте анттастық та. Талай таңды арман-тілекпен қарсы алдық. Александр Дюманың нояндары «бәріміз біріміз үшін, біріміз бәріміз үшін» деген ұранды айтушы еді ғой, аға, есіңізде ме? Біз де басымыз қосылса, сөйтіп жамырайтын едік. Осы ұйымшылдықтың арқасында балалар үйінде ешкімге алдырмадық. Басқа қыздар селтеңдеп, етегімен елді разы қылып жүргенде біз  қырындап, қылжақтаған жігіттерден ешкімді маңайлатқан жоқпыз. Өзімізге ортақ жазылмаған заң бар еді, соған бағындық.

Біз өзімізді «Бес жұлдыз» деп атайтынбыз. Бізді көре алмайтындар көп еді. Олар сыртымыздан  «Бес қарға» деп келеке қылатын, оған пысқырып та қарамадық. Бізді күндейтін, қызғанатын.

Аға!!! Адам баласының бойындағы ең жаман қасиет қайсы десе мен ойланбастан осы қызғанышты атар едім. Меніңше, дүниедегі жаманшылық атаулының барлығында осы бір сұмырай қылықтың үлкен үлесі бар. Мені де түрмеге әкеліп тыққан осы  қызғаныш.

Оныншы сыныпқа көшкен жылы, күзге салым балалар үйінде дәстүрлі «Күзгі бал» фестивалі өткен. Әдеттегідей, оқушылар арасында өнер жарысы ұйымдастырылды. Ән айтып, би билеуден алдыға жан салмай, біздің сынып бас жүлдені жеңіп алды, ал «Бес жұлдыздың» бірі Зылиха бал ханшайымы атанған. Бұл жетістік, әлдекімдердің бұрыннан бықсып жататын ішіне шоқ тастады, қызғаныштың қызыл иті абалап шыға келді.

Фестиваль аяқтала сала, кештетіп  бесеуіміз мектептен жатақханаға қайтып келе жатқанбыз. Қарсы алдымыздан біреулердің қараңдаған сұлбасы көзге шалынды. Жеткен кезде таныдық, 11-сыныптың  қыздары екен. Бізге сырттай тіс қайрап жүргендердің бірі осылар. Жүрегім су ете түсті, бір бәленің боларын сездім.      

– Қолдарыңнан мықтап ұстаңдар деп ақырын сыбырлап, құрбыларыма ескерттім.

Бір-бір шылымды саусақтарына қыстырып алып, ауыздарынан көк түтінмен қоса ақ ит кіріп, көк ит шығып жатқан олар тура жол ортасында тұр еді. Бір қапталын ала, өте бергеніміз сол еді,  шетте келе жатқан Зылиханың «мама» деген жан дауысы шықты. Не болғанын бажайлап үлгермедік, Зылиха бетін басып отыра кетті.

-«Зуля» деп ышқына айқайлап құрбыма жетіп барғанымды ,оның бетінен жып-жылы қан шапшып маған шашырағанын, әлдекімдердің тапырақтап жүгірген аяқ дыбысын естідім,  қалғаны шым- шытырық. Бір есімді жинағанда барлығымыз жедел жәрдем көлігімен Зылиханы ауруханаға апара жатқан едік. Қаскөйлер бетін тіліп кетіпті.

Зылиха тірі жанға жамандық ойламайтын өте таза қыз. Құрбыларымның ішіндегі ең әдемісі де, ең әлжуазы да сол еді, ауруханаға жеткенше шырқырап, жылап барды. Кезек-кезек барып құшақтап, басу айтпақ болдық, бірақ жұбатудың орнына қосыла боздаймыз. Сол түні барлығымыз ауруханаға түнедік.

 Аға!!! Сіз мына өмірде әділеттілік бар деп ойлайсыз ба? Меніңше, жоқ секілді. Жалған өмірден шындық іздеп шырқырағанымыз ақымақтық болып көрінеді. Зылихаға жасалған қастық кезінде де біз әділдікті қанша іздесек те, таба алмадық. Болған жайтты полиция келіп, тергеп-тексергенмен, қылмыскерді таба алмады. Таба алмады емес, тапты, тек балалар үйінің басшылары жабулы қазан жабулы күйінде қалсын деп, кінәлілердің жазалануына мүдделі болмады.  Қайтара  арызданбақ болған бізге басу айтып, болар іс болды, бояуы сіңдіге салып, жақауратты.

Бір айдан соң Зылиха ауруханадан шықты. Байғұс қызды әуелгіде танымай қалдық. Өзі де ашаң жүзді еді, тіпті сылынып түсіпті. Шүмектей боп солған бетінде бармақ көлеміндей тыртық қалған. Самайынан басталып, мұрнының үстіне дейін көлденеңдей тартылған сызық тағдырдың салған таңбасындай сонадайдан көзге шалынады. Зылиханың беті жазылғанмен жүрегіндегі жара жазылмады. Өз-өзінен қорланып, сабаққа баруды тоқтатты. Ұзақты күнге бөлмесінде қамалып, жылайды да отырады. Мектеп психологтары қанша мәрте келіп сөйлесті, біз төртеуіміз күнұзаққа көңілін аулауға тырыстық, бірақ тістеніп алып, жылағаннан басқа ештеңе айтпады. Ол жылаған сайын төртеуміз төрт бұрышқа барып оған естіртпей еңкілдейміз,  кек алудың жолын ойластырдық. Өйтпесек болмайтын секілді, Зылиха өзіне-өзі қол жұмсап жібере ме деп қауіптендік. Кек алып, көңілін аулау керек, қалайда.

Аға!!! Әлгінде қызғаныш туралы айттым ғой, сол сұмырай қызғанышпен аталас арсыздық деген жексұрын барын білесіз. Біздің мектептегі 11-сыныптың қыздары қызғаншақ қана емес, арсыз да екен. Полицияның құрығынан оңай құтылған соң, бізден келіп кешірім сұраудың орнына, қайта тайраңдады.  Олардың ішіндегі серкесі Наташа деген орыс қыз болатын. Сол бір күні маған келіп соқтықты. Кітапханадан кештеу шығып жатақханаға кіріп бара жатқанмын, олар екінші қабаттың балконында темекі шегіп тұр екен. Әдейілеп лақтырған темекі тұқылы басымнан асып, алдыма түсті.

– Ой кешіре ғой, мен қоқыс тастайтын шелек екен деп қалдым деп, тырқылдап күлген сайқалданып... Оның тырқылына қасындағы шибөрілері қосылып жырқылдады.

Мұндай басынуға төзгенше өлген артық, қаным басыма шапшыды, екінші қабатқа жүгіріп шыққаным, ұзын тұра Наташаны кеңірдектен алғаным еміс-еміс есімде. Ал екеуміздің жұлысып, жағаласқан күйі балконнан қалай құлағанымызды білмеймін. Менің шынтағым сүріліп, тізем жарақаттанғаны  болмаса, сүйегім дін аман, ал Наташаның жамбасы сынып, миы шайқалыпты. Бұл жолы мектеп басшылығы тапа-тал түсте болған төбелесті жасырып-жаба алмады. Әрі Наташа сұм кешірім бермей қасарысып отырып алды. Іс сотқа түсіп,  бақандай бес жылды арқалап кете бардым. 

Аға!!! Менің бар қылмыскерлік тарихым - осы. Тағдыр мені әу бастан еркелетпеп еді. Балалар үйін көрдім, енді түрменің дастарханынан дәм татып отырмын. Бірақ мойымаймын. Сізден өтінерім, мені мүсіркеп, аямаңызшы!!! Қолыңыздан келсе қайраңыз!!!! Аман болыңыз, Сәлеммен Бағым.        

 

 

Бағымның бұл хатына не деп жауап жазарымды білмедім. Басу айтып, көңілін жұбатуды қайсар қыз қажетсініп тұрған жоқ. Сол кезде Дүниежүзі қазақтары қауымдастығына қарасты «Атажұрт» баспасынан «Қылмыс» романы жарыққа шығып, сатылып жатқан. Қытай түрмесінде қырық жыл отырған Қажығұмар Шабданұлының алты томдығын жаңадан оқып бітірген бетім еді. «Қолыңыздан келсе қайраңыз» деп еді ғой, оның намысын жанитын қайрақ осы болар деп, алты томды түгелдей тізіп, оған қоса өзім сүйіп тыңдайтын жыр-термелердің оншақтысын дискіге жазып, поштамен жөнелттім. Мен жіберген кітаптарды оқимын деп қолы тимей кетті ме, әлде басқалай себеп болды ма, Бағымнан екі айға дейін хабар болмады. Бұған не болды деп, кәдімгідей алаңдап жүргенімде, төртінші хат қолыма тиді. Бұл жолы өзінің көңіл-күйі мен түрмедегі жағдай туралы жазыпты.

 

 

Түрмеден сәлем!!!

 

 

Аға, соңғы күндері ұйқым келмей жүр. Кеш жатып, ерте оянам. Бүгін де күндегідей ерте  тұрғаныммен, жамылғыны бауырыма қысқан күйі, дөңбекшіп біраз жаттым. Күннің көзі ешқашан көрінбейтін темір торлы терезеден болмашы жарық сығалап, таң атқанын хабарлап тұр. Көршілерімнің бірі пысылдап, бірі қорылдап алаңсыз ұйықтап жатыр. Мен ыңылдап, ән айта бастадым

– «Алдай-ау, алдай, алдай-оууу,

Дүние түбі балдай-ауу». Аға сіз жіберген дискідегі өлеңдердің ішінде осы бір терме ерекше ұнайды. Жаныма жақын. Әрбір айтқан сайын, алқымыма өксік тығылып, көзіме жас келеді. Құдды осы өлеңді ақын маған  арнап шығарғандай әсер етеді.

– «Арманым алда бұлыңғыр,

Орманым ол да сылыңғыр.

Жапырақтарын жанымның-ай,

Білдірмей біреу жұлып жүр.

Өмірдің өгей пендесі,

Өлеңнің шертіп қылын бір

Өзіңді өзің жылындыр..» деп келетін тұсына келгенде шыдай алмай, көз жасына ерік беріп қоятыным бар.

Айтпақшы біздің түрменің клубында ескі домбыралар бар екен, талай жылдан бері кісінің қолы тимей шаң басып тұрған солардың қазіргі қожасы мен. Менен басқа домбыра үйренейін деген адам жоқ. Қолым босаған сәтте, клубқа барып дыңғырлатып отырғаным. Кәдімгідей сергіп қаламын.

Аға!! Жаңа жыл қарсаңында бізде тағы да ашық есік күні өтеді. Келіңіздерші, концерт болады.  Қазір соған қызу дайындалып жатырмыз. Мен жаңағы термені орындасам деймін. Сізге ептеп ренжіп қалдым (бұртиып, өкпелеп тұрған смайл суретін қолмен салыпты) ешбір әннің авторы мен атын жазбапсыз ғой, өзім сұрастырып жүріп әрең тауып алдым. Есенқұл Жақыпбек деген ақын екен ғой сөз иесі, орындайтын әнші Ақан Әбдуалі.

Қазір уақытымның көбін клубта өткізіп жүрмін. Жуан қарын бастық,  концертке қатысатын сотталушының барлығын жұмыстан босатып, алаңсыз дайындалу туралы тапсырма берген. Соның арқасында сіз жіберген өлеңдерді түгел жаттап алдым , бұл тұрғыда жуан қарынға алғысым шексіз (күліп тұрған смайл суретін салыпты).

Жуан қарын кім деп отырған шығарсыз, біздің түрменің бастығы ғой.... Жүргенде май бөксесі бұлтыңдап, қарыны жүкті әйелдің ішіндей салаң-салаң ете берген соң түрмедегілер сырттай, сөйтіп атайды.  Біздің түрмеге былтыр ғана тағайындалды. Сүйкімсіздеу адам. Өңменнен өтердей тесірейген қызыл көзінен қорқамын соның. Гу-гу әңгімеге қарағанда, нәпсіқұмардың нақ өзі. Бұрында талай қыз- келіншекті зар қақсатқан көрінеді, қазір де ыңғайға көнгендерін жайғастырып жүрген секілді.           

Байқаймын мені де торуылдап жүр. Алғаш танысқанымызда қызыл көрген құзғындай ішіп-жей қараған, әлденеге тамсанғандай тамағын кенегені соншалық, өңешіндегі жұдырықтай жұтқыншағы жоғары-төмен ойнап кетіп еді. Содан кейін-ақ кәмелетке толмаған жиырма қыз жататын біздің бөлімшеге жиі келгіштейтінді шығарды, қалжыңдап әркімді сөзге тартқансиды. Оның көкейіндегіні көмейінің бүлкілінен аңғарып, бетімді бермей мен жүрмін. Алдырмаспын, аға, алаңдамаңыз.

Әрнәрсені жазып, мылжыңдап кеттім білемін, аға. Осымен хатымды аяқтайын. Жаңа жылдық мерекемізге келіңіз, күтем сізді. Сәлеммен Бағым.

 

 

 

Жауғашты түрмесіндегі жаңажылдық мерекеге баспасөз хабарламасы мен шақыру қағазы келгенмен, бара алмадым. Телеарнаның Астанадағы бас ғимаратында ресейлік мамандар аймақ тілшілеріне семинар-тренинг өткізетін болды. Қас қылғанда бір айға іссапарлап сонда кеттім. Қайтып келгенімде жұмыс үстелімнің тартпасында Бағымның бесінші хаты жатты.  

 

 

Түрмеден сәлем!!!

 

 

Аға, аман-есенсіз бе? Біздің жаңажылдық мерекеміз керемет өтті. Мен Есенқұл ағаның термесін орындағанда, сотталушылар сілтідей тынып тыңдады. Әрине, сіз болмағанға кәдімгідей көңілім қоңылтақсып қалғаны рас. Дегенмен, мерекелік шараны түсіруге келген әріптесіңізден естідім, Астанаға кетіпсіз. Ат көлігіңіз аман ба? Астананы тек теледидардан ғана көргенмін. Осыдан бостандыққа шықсам, бір барып, алаңсыз қыдырсам  арманым болмас еді. Ол күнде алыс емес, екі жылым бітті. Енді үш жыл шыдасам, Алла қаласа, мен де азаттық аламын, Аға!! Азаттық!!

Аға!!! Азаттық деген сөз мен үшін ең қастерлі ұғым екенін жақсы білесіз. Сым темірмен қоршалған сұрқай ғимарат, бір-біріне жылы шырай танытпайтын сұрланған адамдар менің азаттығымды ұрлап алды. Жастығымның жарқылдаған ең бір аяулы кезеңі осында өтіп жатыр. Сол өкінішті.

Дегенмен мойымаймын. Туа салып тағдыр деген қатал ұстаның көрігінде шыңдалғаннан  болар, мен төзімдімін, аға. Бұл күннің де өтеріне сенемін. Болашақтан үмітім зор. Тек жүрегім әлденеден секем алады, түрмеде отырған деген қара таңбадан қалай құтыламын. Сол бір жаманат өмір бойы бетке шіркеу, аяққа оралғы бола ма деп уайымдаймын.

Бірақ уайымның тұңғиық көлдей тереңге тарта беретін қайырсыздығын жақсы білесіз, сондықтан да түрмедегі көңілсіз күннің өзін көңілді өткізуге тырысып, далбасалап жүрмін. Бос уақытта сіз берген кітаптармен сырласамын, клубқа барып, қара домбыраны тарта алмасам да, сабалап ән саламын. Кейде жансыз аспапты құшақтап еңіреп жылаймын. Ән арқылы көкейдегі шерді, жас арқылы көңілдегі кірді шайғандай боламын.

Аға!!! Біздің түрменің ішінде шағын балалар бақшасы бар. Кейде осы мекеннен жаныма жай табамын.   

Абақтыда қайдағы  балалар бақшасы деп отырған шығарсыз. Бастапқыда бұған мен де таңғалғанмын. Сөйтсем, емшектегі баласымен сотталатындар болады екен, немесе түрмеде жүріп босанатын әйелдер көп.  Солардың ұл-қыздары осы балабақшада тәрбиеленеді. Қазір мұнда жиырма шақты бүлдіршін бар. Олар тәулігіне ана құшағында төрт сағаттай болады. Қалған уақытта күтуші қарайды. Үш жасқа толған соң туған-туыстарының қолына немесе балалар үйіне тапсырылады.

Аға!!! Білесіз бе? Маған кейде осы балабақша таныс секілді көрінеді. Есік алдында өскен үлкен қарағаш. Оның әрбір бұтағын қоныс қылып, айналасына саңғырығын шашып тұрған қарғаларына дейін көзіме жылы ұшырайды. Бір жерден көрген секілдімін, әлде түсімде көрген жерім  бе, білмеймін. Ойлай-ойлай басым қатты.

Біз, кәмелеттік жасқа толмаған сотталушылар осы балабақшада кезекшілік атқарамыз. Жиырма қыз кезекпен барып, балалардың ыдыс-аяғын тазалап, кір-қоңын жуып, бала күтушісіне болысамыз. Бала күтуші жергілікті қазақ, Әмина деген кісі. Жүзінен нұры төгілген әзиз жан. Жиырма жылдан бері осы мекемеде қызмет істейді екен, түрмедегілердің барлығы сыйлайды.  Мен оны жақсы көремін. Ол кісі де мені қызындай еркелетеді. Кезекшілікке барған күндері екеуіміз құрбыларша сырласамыз. Әке-шеше көрмеген тұл жетімдігімді естіген кезде Әмина апай, мені бауырына қысып, солқылдап тұрып жылап еді. Ол кісі менің анам секілді.

Аға!!! Мен баланы жақсы көремін. Келешекте тұрмыс құрсам, көп балалы ана болғым келеді. Бала деген періштедей таза ғой. Көңілімді кір басқан сәтте балалармен барып ойнасам, кәдімгідей тазаланып қаламын. Сондықтан балалар үйіне барғым келеді де тұрады. Келесі кезегім жеткенше тағатым таусылады. Тіпті біреулердің орнына кезекшілік атқаруға қуана-қуана келісімін.

Аға!!! Менің қазір төрт құрбымнан бөлек екі жақын адамым бар. Бірі Әмина апай, бірі СІЗ. Мен ол кісіден аналық махабатты сезінсем, сізден ағалық жылуды байқаймын. Аман болыңыз. Сәлеммен Бағым.

 

 

Бұл хаттан кейін Бағыммен арадағы байланыс екі айдай үзіліп қалды. Мен де жауап жазбадым, ол жақтан да хабар болмады. Тек сегізінші наурыз халықаралық әйелдер мерекесіне орай Жауғашты түрмесі тағы да ашық есік күнін өткізеді деген хабарлама жіберіпті. Басшылықтың қайта-қайта көрсете береміз бе деген қарсылығына көнбей, Ержанды ертіп тартып отырдым.

Біз барғанда сотталушылардың барлығы сапта тұр екен. Көзіммен Бағымды іздедім. Көп қарғаның ішіндегі аққудай болып, бірінші қатардан орын алыпты.  Шашын қиып тастапты. Бірақ сонда да көркін жоғалтпаған.  Сотталушыларға туған-туыстарымен кездесуге рұхсат берілгенде, сонадайдан жүгіріп келіп мойныма асыла кетті. Құдды ағасына еркелеген қарындас секілді. Бізбен бірге барған өзге газет-журнал, телеарна журналистерінің көздері шаранадай болып маған қарап қалған. Барлығы мен жаққа иек қағып қойып, Ержаннан әлденені жыбырлап сұрап жатыр. Олардың нені қазбалап жатқаны белгілі, Бағым екеуміз көптен тасалана бердік. Біз кетер-кеткенше бірге болдық. Армансыз сырласып, шер тарқаттық.

Айтпақшы, сол күні Жуан қарынмен танысудың сәті түсті. Бөлмесіне барып, сұхбат алып, бір сағаттай әңгімелестік. Тура Бағым суреттегендей адам екен. Ұлты қапқаздық көрінеді. Журналистер деп бізге жалпақтап, жағдайымызды жасап бәйек қаққанмен, ұр да жық мінезі түр-әлпетінен байқалып тұрды.

Алматыдағы заң академиясын бітіргелі қылмыстық атқару жүйесінде қызмет етіп келеді екен. Жауғаштыға былтыр ғана бастық болып тағайындалғанмен, бұған дейін де бір рет келген жері. Осыдан жиырма жылдай бұрын түрме бастығының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып екі-үш жыл жұмыс істеп, басқа облысқа жегіліпті. Үкіметтегі құқықтық реформа кезіндегі кадрлық ауыс-түйісті пайдаланып, үйреншікті жеріме жіберіңдер деп, Жауғашты түрмесін жалынып-жалпайып сұрап алғанын ағынан жарылып отырып айтып қойды.

– Әйелдерді жақсы көретін болдыңыз ғой... деген қағытпа-қалжыңыма, қапелімде не дерін білмей қалды. Ұялған тек тұрмастың керімен қарқылдап күліп, жуып-шайғансыды.

Кетерімде Бағым туралы айттым, қарындасым еді, көзқырын салып жүрсеңіз деген өтініш жасадым. Жуанқарынды бөлмесіне іздеп барып, сұхбат алуымның да басты себебі сол болатын.

– Жарайды, жарайды, уайымдамаңыз, деп жалпақ қақты. Бірақ оның барлығы шығарып салма жауап екені анық еді. Содан кейін-ақ Жауғашты түрмесіндегі түрлі мерекелік шараларға біздің телеарна тілшілері шақырылмайтын болды. Бұл әлгі кездесудің берген жемісі еді.  

 

 

 

Мамыр айының ортасы болатын. Бірінші мамырдан бастап, тоғызыншы мамыр жеңіс күніне дейін жалғасатын іркес-тіркес мереке-думандар аяқталып, күнделікті тірлік өз ырғағына қайта түскен шақ. Бағымнан хат келіпті. Шиыршық атып отырып жазғаны бірінші сөзінен ақ байқалып тұр.

Аға!!! Мен туған жеріме келіппін, деп басталған хатты, аяғына дейін оқып шыққанша қара терге түстім.

 

 

Түрмеден сәлем!!!

 

 

Аға!! Мен туған жеріме келіппін. Өмірде адам иланғысыз дүниелер көп болады екен. Сізге айтып едім ғой, маған түрмедегі балабақша біртүрлі таныстау, бұрын көрген жерім секілді деп... Өкініштісі мен бұл жерді көріп қана қоймай, үш жасыма дейін осында өскен екенмін. Осы жерде туыппын.

Иә, иә!!! Аға!!! Мына қарындасыңыз жарық дүниеге келе салып, темір торға қамалған бейбақ болып шықты. Мен бүгін өзімнің үш жастағы суретімді және анамның суретін көрдім, сенесіз бе Аға!!!

Аға!! Мен дәл қазір жылап отырмын. Сіздің де көзіңізге жас келгенін сезіп тұрмын, өйткені сіз жақсы адамсыз. Мен адам танимын аға, жуан қарынды жексұрын деп едім ғой, ол шынымен де жексұрын болып шықты. Ең сұмдығы сол жексұрын  менің әкем екен.

Аға!!! Не дейін сізге, сол менің әкем екен.  Құдайдың маған берген ең ауыр жазасы осы деп білем, менің бойымда талай әйелді қан қақсатқан кәззаптың қаны ағып жатыр. Мен өмірге азап көру үшін келгенмін деп ойлайтынмын, сөйтсем оным бекер екен, мен өмірге мазақ болу үшін келгенімді сезініп отырмын.

Аға!!! Өзімнің басымдағы трагедияны айтып сізді де әуре сарсаңға салғанымды түсінемін. Бірақ осындайда тағдыр иесі барын біреу болмаса біреу білу керек, сондықтан қолыма қалам алып сізге соңғы хатымды жазып отырмын.   Барлығын басынан баяндайын сізге.

Осы аптадағы балабақша кезекшілігін тағатсыздана тостым. Әмина апайды сағындым ба, әлде балаларға бауыр басып қалдым ба, әйтеуір межелі күні ертеңмен балабақшаға асықтым. Әмина апай әдеттегідей, балаларға ботқа пісіріп жатыр екен. Бір-бір керуетте пысылдап ұйықтап жатқан бейкүнә сәбилерді оятып алмайын деп, аяғымның ұшымен басып, асханаға өте бергенде байқадым, тоңазытқыштың  үстінде бір құшақ гүл мен торт тұр екен. Қасында құттықтау хаты тігінен қойылыпты. Бұл кімге болды екен деген әуестікпен көз қиығымды сала бергенім сол еді, ту сыртымнан әлдекім құшақтай алды. Есім шығып кетті. Сөйтсем Әмина апайым екен. Бетімнен сүйіп жатыр. Сонда ғана бүгін туған күнім екені есіме түсті. Мектепте жүргенде құрбыларымның елеп-ескергені болмаса, бұл өмірде бөтен біреуден сыйлық алып көрмеппін. Шын қуандым.  

Өмірімнің он сегізінші көктемін осылайша Әмина апай екеуміз балалармен бірге улап-шулап атап өттік. Әмина апай сол күні өзі туралы көп әңгімелер айтты. Отбасылық альбомын ала келіпті, бала-шағасы мен жұмыс барысында түскен фотоларын көрсетті. Мен өзімді осы фотолардың ішінен тауып алдым.

Аға!! Сенесіз бе, альбомды парақтап отырып, Әмина апай, мынау менің қырық жастағы кезім деп бір суретті көрсетті. Екі-үш жастар шамасындағы бір қыз баланы құшақтап отыр екен. Астында Әмина мен Бағым, Жауғашты 1993-жыл деген жазу бар. Мен –апай сіздің қыздың есімі де Бағым ба, неге айтпағансыз деп айқай салыппын қуанышты үнмен.

-Жоқ, осы балабақшада туған қыз болатын. Кейіннен Семейдегі балалар үйіне өткізіп жіберді деді. Мынау сол қызды шығарып салар кезде түскен суретім. Байқұс бала еліктің лағындай сүп-сүйкімді еді, қайда жүр екен қазір.....деп басқа суреттерге қарай ойыспаққа ыңғайланып, албомның келісі бетін парақтады.

Ал Семейдегі балалар үйі дегенде мен селк ете қалдым, өйткені менде сол жерде өсіп едім. Жалма-жан  апайдың қолынан альбомды жұлып алып, жынды адамша парақтарды сапырылыстырып әлгі бетті іздеп жатырмын. Менің оқыс қылығыма таңданған Әмина апай ештеңе түсінбей дал. Ол кісінің қасымда барын ұмытқан секілдімін. Суретті тапқан бетте, әлгі қызға тесіле қарап қалыппын. Бір кезде атып тұрып өзімнің жатағыма жүгірдім.

Киім салатын қобдишамның түбіндегі суреттерді ақтарып жатып, бала күнімде түскен екі-үш суретімді жұмарлай ұстаған күйі қайта балабақшаға қарай безектедім. Аяғым жерге тиер емес, келсем Әмина апай сол орнынан қозғалмай отыр екен. Альбомның бағанағы беті ашық тұр. Қолына тағы бір ескі фотоны ұстап алыпты. Мен оған қарағам жоқ, дереу екі суретті салыстырдым. Нақ өзі. Әмина апаймен түскен сурет пен балалар үйіне барғандағы суреттің уақыт аралығы шамалас, киімдері ғана басқа. Екі суреттегі қыз бір адам.

Бетімді басып өкіре төсекке құладым. Әмина апай бәрін түсінді, мені жұбатуға асыққан жоқ. Сілем қатқанша жыладым, басымды көтергенде барып, ол кісі құшағына қысты. Құлынымдап отырып болған жайтты баяндады.

Әлгінде қолына ұстап отырған суреттегі, менің анам екен аға. Мені балалар үйіне өткізгеннен кейін түрмеде бес жыл отырыпты байқұс шешем. Кейіннен бостандыққа шыққан. Одан арғысынан бейхабар.

Әмина апайдың айтуынша бір мекеменің есепшісі болған екен, бастықтары ірі көлемде ақша жеп, ақыры бастығымен қоса ол да сотталған.

– Мені неге балалар үйіне өткізді, неге туыстарына жібермеді деп, жаналқымнан алғанымда естіген жауабым тіпті сорақы.

– Ол сені тастағысы келмеді деді Әмина апай. Бірақ күйеуінен қорықты. Екі ұлым, жақсы жерде қызмет істейтін жолдасым бар деп отыратын. Түрмеде жүріп, біреуден туып алғанымды кешірмес деп қорықты.

– Неге? дедім булығып, сондағы естігенім жоғарыдағыдай, анам маған түрмеде жүріп жүкті болыпты. Ал әкем Жуан қарын екен. Әмина апайдың айтуынша ана зәлім, сымбатты келіншекті торға түсіру үшін барлық айла-шарғыны жасапты. Түрменің бұзық қатындарына көкала қойдай қылып сабатып, қорқытып- үркітіп, бопсалап күн көрсетпепті. Ақыры дегеніне жеткен.

Аға!!! Ана жолы сіз маған «Қылмыс» деген алты томдық роман жібердіңіз ғой. Алғашқы үш томын енді бітірдім. Сол шығарма, бас кейіпкер Биғабылдың «Менің өмірге келуімнің өзі қылмыс» деген сөзімен басталмаушы ма еді. Сол секілді менің де өмірге келуім қылмыс екен. Менің әкем мен шешем біреу: ол-қылмыс. Олардың екеуі де қылмыскер!!!

Аға!!! Көріп отырсыз менің жер басып жүруге ешбір құқығым жоқ. Қош болыңыз!!! Мәңгілік өмірде сізді күтем!!! Сәлеммен Бағым.

 

 


Бұл хатты маған таңертең әкеліп беріп еді. Бірден не істерімді білмей дағдарып қалдым. Түрме деген музей емес, жабық мекеме, баса-көктеп кіре алмайсың. Не істеу керек?    

Прокуратураға хабарласып болған жайтты айттым. Олар арыз жазыңыз, көреміз, тексереміз деп сиырқұймышақтатты. Мұның жуықмаңда шешілетін шаруа еместігін білген соң, қулыққа бастым.

“Жауғаштыдағы сотталған әйелдер бос уақытында немен айналысады» деген тақырыпта репортаж түсіруге рұхсат беріңіздер деп Әділет министрлігіне хат жолдадым. Ол хаттың артынан оншақты адамға қоңырау шалынды, таныс-тамырды салдық. Бірақ ешбірінің әлі келмеді.

Еститін жауабымыз біреу, қазір түрмеде бір айлық карантин жарияланған, барыс-келіс шектелген. Ақыры әупірімдеп жүріп екінші айдың ортасында ғана қарғыс атқан мекенге кіруге рұхсат алдық.  Таң азанмен өзбектің Nexiaсына мінгесіп жолға шықтық. Бұ жолы да баяғы төртеуіміз. Бар әңгімені естіген үшеуі менен бетер, ширығып отыр. Бағым тірі болса, бүкіл БАҚты (Бұқаралық Ақпарат Құралдары) шулатып, суырып алып шығамыз деп Анар тіпті белсеніп алған.

Бірақ амал нешік бәрінен кешігіппіз. Бағым да , Жуан қарын бастық та жоқ. Әркімнен бір сыр тартқанымызбен, ешкім ештеңе айтпайды, сөзге сараң. Бар білгеніміз, Жуан қарын бір ай бұрын жүрегі тоқтап қайтыс болған-мыс. Орнына жаңадан бастық келген. Біз барған күні ол да Талдықорғанға жиналысқа кетіпті.

Өтірік түсірілім жасағансып, Бағым туралы ақпарат іздеп сандалып жүргенде бала күтуші есіме сап ете түскені бар емес пе, дереу балабақшаны таспаға түсірсек деген ниет таныттық.  Ешкім қарсы болмады. Қасымызға қосақтап берген түрме қызметкерінің көзін ала бере, Әмина апайды оңашалап алып кеттім. Бағымның соңғы хатын көрсетіп, қайда екенін сұрадым. Ол кісі жауап берудің орнына, бұрылып кетіп қалды. Бір айналып келіп, бір сөмке кітапты (Бағымға өзім жіберген кітаптар) қолыма ұстатып жатып, тілімдей қағазды саусағыма қыстырып кетті.

Бүктеуін жазып жіберіп, қарасам, «Ол өлді, ананы да өлтірді. Екеуін бір төсекте қызыл ала-қан болып жатқан жерінен тауып алдық... » деген екі-ақ ауыз сөз жазыпты. Негізі мұндай қаралы хабарға дайын едім, көңіл босаса да, көзден жас шығармауға тырыстым. Ине жұтқан тазыдай үшеуміз де ілбіп басып қақпаға беттедік. Өмірді темір тордың ішінде бастап, тап сол жерде аяқтаған  бейшара қызға қорған бола алмағаныма қапалымын. Мені қолтықтап алған Анардың «пыс-пыс» етіп танауын тартқыштағанына қарағанда, жылап келеді. Қарағаштың тұсынан өте бергенде, осы қапастағы небір сұмдыққа куәгер қара қарғалар қарқылдай жөнелді.        

– «Қарқ, қарқ, қарқ»......

Темір тордың арғы жағындағы балабақшадан әлдебір нәрестенің шырқыраған даусы естілді. Қарғалар қайтадан өршеленіп шулай бастады. Туа сала түрменің ауасын жұтқан адамзат баласын тап бір табалап, мазақтап жатқандай...қарқылдады.

                                                                      

 


Есболат Айдабосын,

26.10.2014 жыл






 Осы әңгімеге жазылған рецензияны мына жерден оқисыз....


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар