Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
Есболат Айдабосын - Mecenat.kz әдеби сыйлығының же...

Есболат Айдабосын - Mecenat.kz әдеби сыйлығының жеңімпазы

145

Есболат Айдабосын - Mecenat.kz әдеби сыйлығының жеңімпазы - adebiportal.kz

12 мамыр күні ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында Mecenat.kz әдеби сыйлығын тапсыру рәсімі өтті. Бұл іс-шараға ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Рустам Әли, Freedom Holding Corporation Бас атқарушы директоры Тимур Русланұлы Турлов, Mecenat.kz әдеби сыйлығының негізін қалаушы Ерлан Асқарбеков,  сондай-ақ ақын-жазушылар, зиялы қауым өкілдері қатысты.

Іс-шараның тізгінін ұстаған танымал тележүргізуші Әйгерім Ағылтаева өз сөзінде Mecenat.kz әдеби сыйлығы туралы қысқаша таныстырып өтті: 

- Құрметті қонақтар, қадірлі әдебиетсүйер қауым, әріптестер!

Mecenat.kz әдеби сыйлығының салтанатты жиынына қош келдіңіздер! 

Mecenat.kz – еліміздің бүгінгі тыныс-тіршілігін, қоғамның жан дүниесін, уақыт шындығын көркем сөз арқылы жеткізген қаламгерлерге арналған бірегей жоба. Бұл әдеттегі марапат емес, бұл әдебиетке, сөз өнеріне, ұлттық руханиятқа деген құрмет. 

Осымен бесінші маусым бойы жүздеген автордың шығармасын оқырманмен қауыштырған бұл жобаның басты ерекшелігі - жеңімпаз авторға өмір бойы тағайындалатын сыйақының берілуі. Қазақстанның әдеби кеңістігінде мұндай формат бұрын-соңды болмаған. Маусым жеңімпазына «Фридом-лайф» сақтандыру компаниясы ай сайын бес жүз АҚШ доллары көлемінде теңгемен ұлттық банк бағамы бойынша төлем жүргізіп отырады.

Осындай үлкен бастаманың жүзеге асуына қолдау білдіріп, әдебиетке жанашырлық танытып келе жатқан жобаның негізгі меценаты - Тимур Русланұлы Турлов мырзаға шынайы алғысымызды білдіреміз! 

Ал осы идеяны алғаш ұсынып, бүгінгі деңгейге дейін жеткізген, Mecenat.kz әдеби сыйлығының негізін қалаушы - Ерлан Қуанышұлы Асқарбеков мырзаға құрмет көрсетейік!

Бүгінгі салтанатты жиынға мемлекеттік орган атынан келіп, Mecenat.kz әдеби сыйлығына қолдау білдіріп отырған ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Рустам Әли мырзаға рахмет айта отырып, алғашқы сөз кезегін береміз.

ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Рустам Әли мырза еліміздің мәдениет кеңістігіндегі кітап, кітапхана саласындағы игі жаңалықтарға тоқталып өтті:

- Қайырлы күн, құрметті әріптестер! Құрметті Тимур Русланұлы, Ерлан Қуанышұлы! Соңғы жылдары мемлекет басшысының тапсырмасы аясында, кітап оқу мәдениетін қалыптастыру бағытында бірнеше ірі жұмыстар атқарылуда. Өздеріңіз өте жақсы білесіздер: біріншіден, Астананың ортасында, Еуразия жүрегінде 24/7  жұмыс істейтін президенттік кітапхана салынуда. Дәл сондай кітапхана биылдан бастап Алматы қаласында және Қызылордада салынады деген жоспар бар. Жалпы модернизация бойынша тек қана Батыс Қазақстан облысында жиырма алты кітапхана өтсе, биыл Абай облысының өзінде ғана ауылдық отыз кітапхана модернизациядан өтеді деп жоспарлануда.

Кітап оқу мәдениеті бағытының бірі – байқаулар. Президенттік жастар әдеби сыйлығы қатарлы сыйлықтар бар және солардың қатарында соңғы бес-алты жыл қатарында беріліп келе жатқан, Ерлан Қуанышұлы бастаған, Тимур Русланұлы қолдаған «Меценат» сыйлығының орны бөлек. Қатысатын шығармалардың дәрежесі де жылдан-жылға көтеріліп, қатысушылар мен дауыс берушілердің саны да ұлғайып келе жатыр. Мұндай байқаулардың көп болуы – біз үшін мақтанарлық жағдай. Мемлекет басшысының қолдауымен биыл 23 сәуір – тек қана Ұлттық кітап күні емес, кітапханашылар күнін де болып белгіленді. Республика көлемінде он екі мыңнан астам кітапхана бар. Оларда 20 мыңнан астам маман жұмыс істеуде. Ондағы оқырман саны да жыл сайын артып келеді. Электронды жүйе бойынша оқырмандардың саны өткен жылы отыз пайызға ұлғайған, мұның ішінде балалар әдебиеті өнімдері жетпіс пайызға ұлғайса, аударма әдебиет пен шетелдік классиктердің аудармалары елу пайызға ұлғайған. Жалпы кітап оқу мәдениеті жақсы қалыптасып жақсы келе жатыр. Оған бірден-бір дәлел – сатылым көрсеткіштері.»

Mecenat.kz жобасының тұрақты дамуына қолдау білдіріп қазақстандағы авторларға жаңа мүмкіндік сыйлап жүрген жобаның негізгі қаржылай қолдаушысы, Freedom Holding Corporation Бас атқарушы директоры Тимур Турлов мырза сөз алды. 

- Құрметті әріптестер! Қайырлы күн! Сіздерді көргеніме қуаныштымын! Бұл өте маңызды жоба және мен үшін маңызы кездесу! Цифрлық платформалар қаншалықты дамып кетті дегенімізбен, кітап күллі әлемдегі, оның ішінде біздің еліміздегі барлық өнердің ішіндегі маңызды бөлігі болып қалып отыр. Сондықтан да біз тұрғындардың оның ішінде жастардың казақстандық классикалық әдебиетті оқуға деген ынтасы артып келеді, - дей келе «Меценат» сыйлығы еліміздің мәдени өмірінде өзіндік орнын тапқанына тоқталып, бұл жоба алдағы жылдары қанатын жайып кеңи түсетіндігіне, осы арқылы қазақстандық әдебиетке тың серпін беретіндігіне сенім білдірді. 

Бұдан соң сөз алған Mecenat.kz әдеби сыйлығының негізін қалаушы Ерлан Қуанышұлы Асқарбеков өз сөзінде «Меценат» байқауына қатысушылардың деңгейі жыл өткен сайын көтеріліп келе жатқанына тоқталып өтті. Жалпы бүгінгі дәуір – пиардың, лайықты насихаттың дәуірі екендігін, осы тұрғыда отандық қаламгерлердің туындыларын лайықты насихаттап, қаржылай қолдаудың ерекше маңыздылығын атап өтті.

«Меценат» сыйлығының биылғы бесінші маусымының жеңімпазы болып жалпы дауыс беру нәтижелері мен комиссия қорытындысына сәйкес «Бүкір» романы бойынша жазушы  Есболат Айдабосын танылды.

Өз туындыларында кейіпкерлер писхологиясы мен табиғаттың байланысын келісті суреттеген қаламгерге, «Қош бол, Гүлсары» сияқты осы тақырыпта тамаша туындылар жазған қырғыздың әйгілі жазушысы Шыңғыс Айтматовтың баласы Асқар Айтматов бейнеқұттықтау жасады. Жеңісімен құттықтай келе, авторды Қырғыз еліне шақырып, «Бүкір» кітабының көркемдік қырлары бойынша оқырмандармен талқылау жасайық деген ұсынысын білдірді.

Mecenat.kz әдеби сыйлығының жеңімпазы, жазушы Есболат Айдабосын сыйлық тапсырылған сәтте сөз сөйледі:

- Қайырлы күн, сіздерді көргеніме қуаныштымын! «Меценат» байқауындағы жеңісіммен қатар, отбасындағы бесінші перзентім, қызым өмірге келді. Шынымен де қыз бала нәсіпті ғой. Мен алғашқы үлкен жүлдем «Алтын тұғырды» алған 2015 жылы бірінші қызым дүниеге келген еді. 

Одан кейін ұлдар өмірге келді. Енді міне осы қызым өмірге келгенде жүлделі болып жатырмын», - деп өз қуанышын бөліскен жазушы, қазіргі күндегі кітап бастыру мәселесіне тоқтала отырып, байқауды ұйымдастырушылар мен бүгінгі іс-шараға жиналған жұртшылыққа алғыс-ризашылығын білдірді. 

«Меценат» сыйлығына бұған дейін «Күлпет» романы арқылы ие болған қаламгер Шархан Қазығұл да сөз алып, Есболат Айдабосын туындыларының тұрақты оқырманы екеніне тоқталып өтті. 

«Сен сөз өнерінің қадір-қасиетін ұққан жігітсің. Сені сонау «Сүлікқара» кітабыңнан бастап білемін. Қазақ әдбиетіне өзіндік үніңмен атойлап келген атпал азаматсың. «Соңғы намаз» туындыңды мен Мұхтар Әуезовтің «Қорғансыздың күні» әңгімесіндегідей сыншыл реализм үлгісі деп санаймын. Шығармашылығың өрлей берсін!» - деген тілегін білдірді. 

Іс-шара соңында Mecenat.kz әдеби сыйлығының жеңімпазы БАҚ өкілдерімен жедел сұхбат өткізді. Жазушы өзінің бүгінгі қуанышты сәтін былайша түйіндеді:

- Бірінші қуаныш – осы шығарманы жазып біткендегі ләззат сезімі. «Мен осы дүниені тудырдым ба? Менің қолымнан осындай дүние келеді екен-ау», - деген бір сезімге, ойға берілдім. Ерекше ғажап күй кештім. Екінші қуаныш – сол жазған дүниемнің оқылып жатқаны, оқырмандардың бағасы. Ол бір бөлекше сезім сыйлайды. Ал үшінші қуаныш – ол бәйгелердің топ жару. Бұның қуанышты сәтімен бірге материалдық жағдайы да көңілге қуаныш сыйлайтыны жасырын емес қой. Қазір нарықтық қоғам. Қаламгерлер өзінің жазғандарымен пайда табуы, бала-шағасын асырауы керек қой. Осы тұрғыда «Меценат» байқауының бір ерекшелігі: бұл сыйлық – бір реттік берілетін емес, оны ғұмыр бойы, Құдайдың берген өмірі қанша жас, сонша уақыт бес жүз доллардан алып тұрамыз деген сөз. Сондықтан бүгінгі менің өмірімдегі шығармашылығымдағы ерекше бір қуанышты сәт деп білемін!

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan