Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СҰХБАТ
Есенғалидың қазақша хайкулары...

03.08.2023 4059

Есенғалидың қазақша хайкулары

Есенғалидың қазақша хайкулары - adebiportal.kz

1. Мен ұйықтап қалыппын шынымен, 

Жағадағы жалғыз қайық, жан досым, 

Не айтты саған ақ толқындар түнімен?

Күзгі жағыздық

2. Саяжай. Сәлден кейін кеш кіреді, 

Сидиған қу бұтақтар арасында 

Бір құс жүр. Сытыры анық естіледі.

* * *

3. Аппақ қырау, неткен қыс, неткен көрік, 

Аппақ шәлі жамылып баяғыдай, 

Алма ағаш тұр түсінде көктем көріп.

* * *

4. Күніменен жыр жазып тапқаным бұл, 

Ақ әжемнің құлағы естімейді, 

Түніменен сайрады бақта бұлбұл.

* * *

5. Құсбегі үйі. Жаздың түні керемет, 

«Арқандаулы» қаршығаның алдынан, 

Көлбең -көлбең өтеді ұшып көбелек.

Жастық шақ

6. Көк базар. Жан досым-ау, тегі дейім, 

Жанымда тұрған жоқ па ең жаңа ғана, 

Кеттің сен қайда құрып перідейін.

Алматыда от шашу

7. Қайсың барсың, дәл осы сәт байқаған, 

Қаламызда сәлден кейін салбырап, 

Қараңғылық басатынын қайтадан.

Көктем

8. Күн қандай, самал қандай дүрілдеген, 

Танымай қалдым, көрші, кешіріңіз, 

Жынданып өлем, әсте түбінде мен.

* * *

9. Теңіз. Шілде. Кетем елге мен ертең, 

Шаршама құр әй, шағала бар болғыр, 

Шабақ емес, ол өзіңнің көлеңкең.

* * *

10. Тау. Қыстақ. Түлкібастың күрең белі,

Ойланып там үстінде отыр бала, 

 Не ойлап отыр екен, білер ме еді?

* * *

11. Бала кезім. Ескі ауыл, қала жырақ.

Қағаз ұшақ ұшырып ойнайтыным

Еске түсті. Ақсақ күз барады ұзап.

* * *

12. Әуе алаңы. Ерте көктем, барқыт нұр, 

Тік ұшаққа тіке барып ауада, 

Көк инелік қалқып тұр.

Таңертеңгілік

13. Бәрі біткен. Құрысын бәрі, бәрі лас, 

Тұрмауға да болар еді төсектен, 

Есіктегі Жолдыаяқтың қарыны аш.

Паркте

14. Бір қоңыр құс талдан талға өтті ұшып, 

Қол арбалы мүгедектің жанында, 

Әрі-бері секіреді көк күшік.

* * *

15.Жетім бадам биыл тағы көктеді, 

Отыз бес жыл өтіпті ғой ой, алла, 

Мен ауылдан кеткелі.

* * *

16. Он екі күн ауламызға толды гүл, 

Он екі күн гүлдеп тұрды сары өрік, 

Жұмақта өткен он екі күн болды бұл.

Күту

17. Басылмай тұр ыстық самал кеште де, 

Кешегі уақыт. Бала жұлдыз кешегі

Қайта шықты, өзгерген жоқ ештеңе.

Бейбақ

18. Біздерге бей-жай қарап төмендегі

Мешіттің мұнарасында торғай отыр.

Аллаға о да жақын менен гөрі. 

Жаңа жыл

19. Аралаймыз қар басқан бақшаны біз

Көзім алды ақ әлем, аппақ дүние, 

Ал көңілде баяғы сап-сары күз.

Қадыр түні

20. Еске түсіп ескі жәйт алаңдадым

Не тілейді екенсің бұл түні сен

Соны біліп өлсем ғой – бар арманым.

Қысқы кеш

21. Тұр биыл аязды боп ақпан ұдай

Бағана тауда көрген жаралы құс

Өліп қалған жоқ па екен, сақта құдай.

Кафе. Айырылысу

22. Жоқ, бірінші сен кеткін. Мен отырам

Біраздан соң жаныма Жаз келеді

Жаздың жүзі , бірақ та неге тұман?!

Poeta

23. Міскін дер, бәлкім оны делбе дер кім, 

Жүрегін жұлып алып, қолына ұстап, 

Шетінен жеп отырған пенде көрдім.

Көктем таңы

23. Беу, шіркін, мұндай түнді кім көріпті, 

Арудың сыртта қалған кебісіне, 

Бозторғай ұя салып үлгеріпті.

* * *

24. Көктем. Жалғыз қу басың ормандасың.

Таңнан тұрып асығам хат жазуға 

Білсем дағы ешқашан жолданбасын.

* * *

25. Көктем - масаң бір мәз боп, бір өкірді, 

Менің анам қайтқан жыл дәл осындай

Арсыз желдер түнімен күлетін-ді.

Жолда. Дәруіш

26.Бәлкім қорған, бәлкім жәй қара көріп, 

Ере түскен ерке құс бөлек кетті, 

Дұрыс болды. Не таппақ маған еріп???

Бүгін

27. Сендей асыл әйел жоқ, сендей көркем, 

Енді ешқашан жаумайды дәл мұндай қар, 

Енді ешқашан мұндай қыс келмейді , еркем.

* * *

28. Шықпайды сенің исің неге гүлден, 

Неге сұр, неге ызғарлы биылғы жаз, 

Қартайып келемін мен...келемін мен.

* * *

29. Білем сені , көк дауыл, өткен күз кеп, 

Ауылымызға ойран сап кетпеп пе едің

“Табыңдар!” деп былтырғы көктемді іздеп.

* * *

30. Жетті тез-ақ қаңтар дейтін сор қасқа, 

Мені қойшы, анау жап-жас қыз үшін, 

Сәл кідірсе болмас па?

* * *

31. Найзағай от қамшылы текіректеді, 

Қым-қуыт, ызы-қиқы аспан бүгін, 

Менің бұлттарымды кім ыдыратар көкіректегі.

* * *

32. Қызбен жігіт.Ерте көктем.Қарбалас.

Алдамайды деп ойлайды қыз байғұс, 

Кім біледі, шынында да алдамас.

* * *

33. Шартылы найзағайдың жетеді асқақ, 

Тау жақта соқыр жауын адасып жүр, 

Қосылып ән салсақ-ше екі адасқақ.

Билігім билік-ақ емес пе?

34. Қарылғаш көкті төрім дер, 

Әкеңнен қалған аспан жоқ, 

Шіркей оянды, орын бер.

* * *

35. Кафеде жастар тойы жатыр қызып, 

Бұрышта күңкілдейді қарауыл шал:

”Кім бұзық, бұ дүнияда қатын бұзық”.

* * *

36. Демесе демесін-ақ “кел, жан құрбым”, 

Бірде өріп, бірде түйіп, бірде жұлқып, 

Ойнайды сақалымен жел жаңбырдың.

* * *

37. Қураған тал, жаңасын ексем еді, 

Көктем сайын көрші апай(актриса), 

Биыл қайта гүлдейді деп сенеді. 

* * *

38. Аспан да, тау да ашылды бүркемелі, 

Апыр-ай, бұрын қалaй байқамағам, 

Көктемнің көзі неткен үлкен еді.

Сағыныш

39. Ақ теңіз астаң-кестең. Күзгі дауыл.

 Тауы жоқ, орманы жоқ, өзені жоқ, 

Апыр-ай, не күйде екен біздің ауыл. 

* * *

40. Ақ теңізім дөңбекшіп жатыр әні, 

“Ақ емеспін мен!”дейді ол.Рас шығар, 

Неге әйтпесе түнімен аһ ұрады.

Есенғали Раушанов


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар