Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Есенгелді Сүйіновтың «Жасай бер, еркін елім» атты ...

12.11.2021 3112

Есенгелді Сүйіновтың «Жасай бер, еркін елім» атты шығармашылық кеші өтті 12+

Есенгелді Сүйіновтың «Жасай бер, еркін елім» атты шығармашылық кеші өтті - adebiportal.kz

Нұр-Сұлтан қаласындағы Қазақ ұлттық өнер унверситетінің Жамбыл Жабаев залында Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына орай ақын, жазушы, журналист, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, Ресей Федерациясы Халықаралық Психология ғылымдары Академиясының құрметті академигі, ҚР Мәдениет қайраткері, ҚР Ақпарат саласының үздігі Есенгелді Сүйіновтың «Жасай бер, еркін елім» атты шығармашылық кеші өтті.

Кешті Домбырашылар ансамблі Құрманғазының «Сарыарқа» күйімен ашты.

Университеттің ғылыми жұмыстар жөніндегі проректоры Егінбаева Тойжан Жылкайдарқызы ақын Есенгелді Сүйіновке университет ректоры, Қазақстанның Еңбек Ері, Әлем әртісі, профессор Айман Мұсахаджаеваның атынан құттықтау хатын оқып, тапсырды. Құттықтауда былай делінген: «Құрметті Есенгелді Сүйінұлы! Сіз бүкіл ғұмырыңызды еліңіз бен халқыңыздың жарқын болашағына қызмет етуге арнаған тұлғасыз. Халқымыз Сізді ұлтжанды, туған елінің абзал азаматы ретінде жақсы біледі, әрі қадірлейді. Қазақ әдебиеті мен өнері, туған жердің ерекше байлығы мен сұлулығына арнаған еңбектеріңіз жұртшылықтың рухани игілігіне айналды. Сіз ұлтымыздың рухани қазынасын қайта өрлетуге әлі де атсалысудасыз. Өміріңіз жас ұрпаққа үлгі боларлық ерекше өнегемен өрілген».

Шығармашылық кешті «Әлеуметтік-гуманитарлық пәндер және арт-менеджмент» кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымының кандидаты, профессор Каудырова Айман Оразғалиқызы модератор ретінде жүргізіп отырды. Ол кештің мақсаты студент жастардың өз ана тілін құрметтей отырып, еліне, жеріне деген ыстық сезімдерін оятып, болашаққа деген жарқын көзқарастарын дамыту, әлеуметтік және жеке мәдени құндылықтарды қалыптастыру, бойында қасиеті бар жас ақындардың болашағына Есенгелді Сүйінұлының шығармашылығы арқылы қадамдарына серпін беріп, қаламдарын ұштау екенін атап көрсетті, жиналғандарды жазушының өмірбаянымен таныстырды.

Кеште Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, көптеген кітаптардың авторы, қарымды қаламгер Бақытжан Тобаяқов, филология ғылымының кандидаты, доцент Жұмажан Бектасова, 3-курс студенті Сәбит Ақжол, астаналық Әлия Жәкенова ақын шығармашылығы жайлы жылы лебіздерін білдірді.

Студенттер Есенгелді Сүйіновтың нәзік сезімге толы лирикалық өлеңдерін оқыды. Өнерпаздар ақын сөзіне жазылған әсем әндерді орындады. Университет басшылығы атынан кеш иесіне ықылас гүл шоғы табыс етілді.

Кездесу соңында кеш қонағына сөз берілді. Есенгелді Сүйінов қойылған сұрақтарға жауап беріп, жаңа өлеңдерін оқыды.

«Бүгінгі кеш Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы алдында өтуде. Талай ғасырлар бойы ата-бабаларымыз аңсаған Тәуелсіздігімізді біз әрқашан қадірлеп, көздің қарашығындай қорғауымыз керек. Қазақстанның әлемге танылып, беделінің артуы бәріміз үшін абырой. Барлығымыз қай салада болсын елдің мерейін көтеріп, халқымыздың тұрмысын жақсарту жолында қызмет етуіміз қажет», - деді өз сөзінде Есенгелді Сүйінов.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар