Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы

02.06.2015 2788

Ескеру керек

Ескеру керек - adebiportal.kz


   

                                                          b857eb34f505b9bad2b633613b32ffdc.jpg


                            

Кешегі ешкімге бағынбай, елді хан билеп, көсем билеген заман киіз туырлықты қазақтың тарихында әркімге белгілі бір дәуір. Ол заман өтті. Одан бергі біздің хал бұлқынбай, жатқа бағынудың жолында болды. Кең қазақ даласын әлденеше указ сайқалдап шықты. Көп өзгеріс, жаңалықтар болды. Әуелгі қазақтың халықтық қалпы неше толқып, неше кішірейіп, шым-шы­тырық түрлерге түсті. Әр түрлі указдардан шыққан өзгеріс халық бақытын мысқалдап жылжытып, құлдық құшағына тастағалы әкелді. Неше рет қазақ халқы зынданның ернеуіне келіп қайтты.

Бұл уақытта заман ол тұманды сейілтті. Енді қандай өзгерістер болса да, халықтық жоғалмайды. Бақыт қай­та оралып, күліп қарайды деген үміт алаш жүрегін қуантып тұр. Бір жұрттың басынан кешкен әр түрлі дәуір сол халықтың мінезіне, халықтық қалпына әр түрлі із қалдырып отыратыны тарих жүзінен белгілі. Бастан кешкен шабыншылық, бұзақы, тен­тектік, батырлар, хандар заманы қазаққа өзге бір мінез беріп, халықтың қалпын басқа бір түрге түсірген. Заман талқысы: ша­быншылық, бассыздық еріксіз сондай қы­лып отырса да, кешегі өткен ердің құнын екі ауыз сөзбен бітіретін елшіл билердің заманы, жұрт мінезінде о да өзіңше бір із қалдырды. Одан бергі арты бүгінге шейін сейілмей отырған ел қамқоры басшыдан, берекеден, тәртіптен, намыс-қайраттан айрылып, құлдық пен зорлық арқанына матаулы болған заман тағы да басқа түрлі із тастап, келешектегі жұртшылыққа өзгеше рухты бұ да беріп кетіп отыр. Енді бұл соңғы айтқан дәуірге басымызда оқыған біліміміз, қолға ұстаған саясат деген құралымыз барлар бір келіп алынып отырмыз. Әрине, оқығаны бастаған бұл соңғы дәуір қазақ жұрттығын гүлдентіп, ажарлайтын дәуір, бірақ көкіректі қарс айырған арман қуаныш болып тарқап, көксеген бақыт қанат қағып қолға елпілдеп келе жатқанда біздің қолға қазақ қандай күйде тиеді. Соған сын көзді салу керек. Өткен күңнің істеген қатасын (қатесін-қате) есептеу керек.

Қазақ бұрын пәлендей батыр еді, ақыл­­ды, адал еді деп, құр сөзбен же­лік­ті­ріп, осы күнгі жұртты батыр, намыс­кер қыла қояйын деген ой менде жоқ. Оны­мен халық селт етіп, қалпын аудара алмай­тыны белгілі. Бірақ заман ыңғайы еріксіз қорқақты көп қуып батыр қылды ма, өздігінен сүйегіне сіңген мінезі ме еді, әйтеуір бұрынғы қазақтың бұл күнгіден бар мінезі ірі екені анық еді. Бұған еш­кімнің дауы жоқ. Бұл күнде қазақтың сол нәрлі мінезінің бәрі де азды. Қазіргі жұрт ұсақтады. Сыртқы халы қысып, күн­де айдап тықсырып отырғандықтан болса да басшыдан қалмайтын намыскер, шы­ныққан, тарамыс, қайратты елдің орнын бұл күнде қуанышқа қуана, күйінішке күйі­не біл­мей­тін, салбыраған, намыссыз, қорқақ, ұсақ, өтірікші жұрт алды. Бұл ұсақ­тық бас­тан кеш­кен дәуірдің қазақтың мі­незіне қал­дыр­ған әсері. 


Енді өмір қалпы, жұрт тұрмысы қандай халға қойылды. Соған келейік. Қазақтың қа­зіргі қалпында жұрт еңбекті, еңбексізге бө­лініп, біреу еңбек жеуші, біреу жегізуші бо­лып әлі айқындалып шыққан жоқ. Біздің жұртта біреу табанын жер тесіп, маңдайын күн тесіп, арқасын ауыр жүк тесіп жүргенде, біреу байлықтың, дүниенің алғы рахатына көміліп отырған жоқ. Бұл мәдениетті жұрт­тың ауруы. Біз мұндай аурумен ауыра алатын күйге жеткеніміз жоқ. Осы себептен біз­ден социализм әзір алыс. Бізде бұл күнде адам­шылық алдында жүзі жарқын, иман жүзді социализм емес, басқа түрі, бықсыған ес­кі­ден жиылған бір дерт бар. Ол – ата, ру – тап бөліс. Бұл күнге шейін біздің жұрт өзі­не жақын бір билікке бағынған соң, тар тәр­тіпсіздіктен біреу біреуге сүйеніп, біреуге біреу шоқпар болып, ата, тап жігі үлкейіп келді. Әуелгі уақыттағы жауынгерлік, алыс, шабыс, тынышсыздық бір туысқанды бір туысқаннан шет жайылдырмай біріне-бірін тығып, еріксіз осындай ішкі өмірдің ың­ғайы әлгі ата, тап жігін шығаратын болды, шы­ғарды. Бұдан барып көп ата – жуан, аз ата – жіңішке болды. Сол жіктің арты бұл күнде неге соғып отыр? Қай елді, қай тапты алсақ та жаз жайлау, күзеу, қыс қыстауды жіңішке атаның ортадан ойып алғаны бар ма? Қай елде болсын кем болса жүз үйден он үй бір тілім жерсіз келімсек болып жүрген жоқ па? Қай жерде болсын әрекет, бүлік жуан атаның баласынан шықпай ма? Жуан ата бақ қуады, өзінше абұйыр (абиыр) қуады, біреуге қо­жақтап, корқытқысы келеді. Осының бә­рінде бір тайпа (тайфах) ел солардың шоқ­пары емес пе? Біреудің жесірін тартып алады – есе бермейді, малын тартып, ауылын шауып алады – бітім бермейді. Осындаймен ел ішіндегі бүлікке ал­ғы жуан ата бас болады. Елдің тыныштығы да, бүліншілігі де солардың қолында. Талай ел осын­дай басшысының жемінде, не шығыным деп алады, не қисынбайтын жерде айыбым деп алады. Осыларды шын басшылар қосарға алса, ел елдікті ойлайтын ретті жұрт бола алады.


Жуан ауыл қырдағы бұзық мінездің ұясы. Қазақтың жәй (жай) өмірінің шырқын бұзатын партия болса, оған солар басшы екен. Ұрлық болса, ұрыға құрық беретін тағы солар. Ел арасында жүрген жаман ұры өзінің туын жоғалтумен ұрлықтың тамыры құрымайды. Сол ұрылардың атасы болып отырған жуандар жақсы ұрыларын бауырына басып бермей қалады, не ұры еместі ұры қылып алады. Бұған қарағанда алдымен тию қиянат секілді көрінеді. Және бір жуанға тисең бар жуан шұрқырап жиылып ара түсе кетеді. Осымен елдің шын тентегі тек кете барады. Ол уақытта ел ішіндегі жылаулар нашар жуанның езгісі, – ермегінде, құлдық арқанында мойны шіріп, тағы сорға қамалып жүре береді.


Ертеңгі милиция қызметін де көрерміз. Қызметке келген бір кедейдің өзі бір кедейдің жалғызы болғанда, жуанның баласының он-оннан саусылдап мырзалық құрып, нашарды зарлатып жүргенін Абайдың: «Мен закон, қуаты қолымда тұрған кісі болсам, адам баласының мінезін түзеп болмайды деген кісінің тілін кесер едім», – деген сөзінің қазақ тұрмысында еске алынатын кезі келді.
Осы кезгі дүние майданының, ең биік тұрғысына шығып отырған жұрттардың қай­сысын алсақ та, осынша дәрежеге же­туіне әділ билік, тәртіпті, епті саясат себеп болған. Олар­дың басшысы ел қамын жақсы ұғып, әуелгі мақсұтына көптің қамын қойған. Осыдан басшысын көбі сүйіп, артынан ергіш болған. Біздің басымызға ке­ліп тұрған осы күнгі заман жұқалаған, жуас­тықты, қайырымдылықты кө­тер­мейді. Әу­елгі халықтың жұрттығынан айрылуына себеп болған нәрсені қайта алып келіп, енді халықтық дүкенін құруына құрал­қыламын деуге болмайды. Ендігі ха­лық болуымызға ұйтқы болатын нәрсе құрыш құрсаулы әділ, қатал билік, ендігі хакімнің алдында нашар да, жуан да теңшілікте болып, белгілі негізге құрылған закон болмаса, жуан атаның еркі ел ішіне жүрмеуі керек. Әлі де жуан ата билеп, төстеп қа­дырлы (қадірлі) болатын болса, автономия деген, бөлектік дегеннің бәрі де сырты бүтін, іші түтіннің ісі болады. Бірақ мұн­дай күйді бұрынғы уақыт көтерсе де, қазіргі уақыт көтермейді. Іші түтін болса сыртында бүтіндік жоқ, ертең күл болып көкке ұшады. Егер бұл күнге шейін келген осы хал, бұдан кейін де созылатын болса, елдің елдікке махаббат рухы оянбайды. Енді нашарды өрге тартып, теңдікке алып, әділет көзбен қарап, есесін өзіне тапсыру керек. Осы жолды тұтынған хакімшілікке не жұрттың мейірімді атасы болып, шын жұрт болуға жаратылғанына көз жеткізіп, жүрегіне жігер құюына болады. Әуелгі жуан ата, жіңішке ата жігінің қайта тууына себеп болған, сол көпке бірдей қорған боларлық біліктік жоқтығынан болатын.


Өзге жұртты алсақ, бай өз бетіне, кедей өз бетіне, әркім өз ісіне ерікті. Біздің жіңішке атаның балалары жуаннан бөтен іс істемек түгіл, содан бөтен ой ойлауына да болмайды. Жуанның ісінің, ойының беті нашарға діндей. Мұның түбі ойланып қараған кісіге құлдық. Өзге жұртта әркім басы, үй-ішінің қамынан басқа баққа таласып, не бірінікін бірі ұрлап алып, біріне-бірі зорлық қылып жұлқысып, партия қылатындары еш уақыт­та болмайды. Бізде не сөзуар, не малды кісі болса әуелі ауылына қожа болып, одан ағайы­нына, одан ауылнай, болыс ісіне қожа болғысы келеді. Осыдан жоғарыдағы ай­тылған көп шатақ еріксіз шығады. 


Біздің енді ескеретін нәрсеміз сол жуан мен нашар арасындағы айырмышты (айыр­машылық) жоғалтып, жұртты бүліксіз, тыныштық өмір қалпына түсіндіру. Бұл үшін ел ішіне күшті әділ хүкімет (үкімет) ор­нап, нашар мен жуанды теңестіріп, жуан зорлықшылды не қылса да елден айы­рып әлсіретуге тырысу керек. Осы айтылған жуан, нашар деген жіктік кетсе, қа­зақ жұрты мә­дениетке шылбыр берерлік қалыпқа жақындауына болады. Бұлай болмай ел мен шын басшы жақындаса алмай, жуанды басшы қылатын болса, ел ішін сарысу кеулеп, жұрттың буынын бекітіп, бойын өсіре алмайды.


Жұрттың жұртшылыққа рухын ұяла­тайық деген тарих жолы мысқалдап бойға сіңген ғылым дейміз. Сол тарихтың жолы осындай өзгерісті керек қылып отыр.


Біз әлі шикі жұртпыз. Талай өзге­ріске мойынсұнамыз. Заман еріксіз мойын­сұн­ды­­рады.
Биылғы жастар съезінің қаулысындағы – Николай заманында іс басына мінгендер, енді ел ішіндегі кісілікке сайланбасын – деген қаулы осы негізге тірелетін. Бұл халды әркімге де ескерту керек.



Мұхтар Әуезов, 
«Жас азамат» газеті 1918 жыл 
15 қазанда №7-8 сандарында


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар