Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
«Eurasian Book Fair - 2022» халықаралық кітап көрм...

13.04.2022 1550

«Eurasian Book Fair - 2022» халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі өтеді 12+

«Eurasian Book Fair - 2022» халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі өтеді - adebiportal.kz

Еуразиялық халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесінің атқарушы дирекциясы 2022 жылғы 20-24 сәуір аралығында «EXPO» халықаралық көрме орталығында, "Фолиант" баспасының ұйтқы болуымен «Eurasian Book Fair-2022» бесінші Еуразиялық халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі өтетінін хабарлайды.

«Eurasian Book Fair-2022» Еуразиялық халықаралық кітап жәрмеңкесі –ересектер үшін де, балалар үшін де бірдей қызықты болатын бес күндік ауқымды мәдени және іскерлік бағдарлама. Көрмеге қатысушыларды балаларға арналған және көркем әдебиет, танымдық және танымал әдебиеттердің тұсаукесері, балалардың шығармашылық және дамуына арналған шеберлік сабақтары, поэзия кештері және дөңгелек үстелдер күтеді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Біз кітап оқуға деген сүйіспеншілікті бастауыш сыныптан бастап қалыптастырсақ қана кітап оқитын ел бола аламыз. Ал жас ұрпақтың сауатты болуы үшін балалардың көркем әдебиет оқуы өте маңызды», – деген болатын. Сондықтан биылғы Балалар жылында жастардың қабілетін дамыту үшін кітап оқуды насихаттап, интернеттің шексіз ақпарат ағынына төтеп беріп, өскелең ұрпақ өміріне лайықты кітап оқу мәдениетін кеңінен қалыптастыру қажет.

Халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесінің негізгі мақсаты – кітап оқуды насихаттау, қатысушы елдердің әдеби мұрасын қолдау, оқырман мәдениетін қалыптастыру, әлеуетті оқырмандар мен сатып алушыларға жетекші баспалардың кітап өнімдерінің заманауи ассортиментін, кітап шығару және полиграфия саласындағы жаңа технологияларды ұсыну; әлемдік кітап шығару және баспа индустриясының тәжірибесін зерделеу, әртүрлі халықтардың ұлттық әдебиеттерімен таныстыра отырып, достық пен өзара ынтымақтастықты нығайту, байланыс орнату және баспа саласындағы жетістіктерді көрсету.

Бүгінгі таңда «Eurasian Book Fair-2022» көрмесіне қатысуға алыс және жақын шетелдерден 80-нен астам баспа, кітап саудасы, ғылыми-білім беру ұйымдары және полиграфиялық компаниялар өтінім берді. Атап айтқанда: «Мектеп», «Атамұра», «Лантар», «Белый город», «Машины творения» «Просвящение», «Самокат» баспалары (Ресей), «Mega Basym» (Түркия) және China Renmin University Press (Қытай), полиграфиялары, Иран және Испан елшіліктері, Қазақстанның жоғары оқу орындары.

Көрмеде 100-ден астам мәдени шара және жаңа кітаптардың тұсаускері өтеді. Шара барысында авторлармен, суретшілер, полиграфистермен кездесулер болады.

Көрмеге келген қонақтар әдеби экскурсияларға, жұмбақ поэтикалық маршруттарға қатысып, авторлармен, баспагерлермен, сондай-ақ суретшілермен кездеседі, тіпті «Фламенко» биін билеуге де мүмкіндік болады.

Көрме-жәрмеңке оқырмандар үшін нағыз кітап мерекесі болмақ, себебі көрме аясында келесі кітаптардың тұсаукесері өтеді:

«Шыңғыс хан әмірімен» романы, авторы Николай Лугинов (Якутия). Бұл тарихи роман қазақ тіліне аударылып, «Фолиант» баспасынан жарыққа шықты;

Мәди Айымбетовтің «Бопай ханым» тарихи романы;

Қуаныш Абдухалимовтың «Роза Бағланова» кітап-альбомы;

Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер», «Алтын Орда», «Мұхиттан өткен қайық» романдары (Ілияс Есенберлиннің немересі Мәдидің қатысуымен);

Балалар жазушысы Нұр Домбайжының «Шатақ қыздың шатпақ күнделігі – 2» (Түркия) қазақ тіліне аударылып, "Фолиант" баспасынан жарыққа шықты;

Кішкентай меймандарымызға қызықты ойын-сауық бағдарламасы әзірленді. Атап айтқанда, балалардың шығармашылық дамуына сеп болатын шеберлік сағаттары, мультфильм кейіпкерлері және балалар кітаптарының желісіне негізделген интерактивті квест ойындары мен балалалар жазушыларымен кездесу және концерттік бағдарламалар.

Ең қызығы, көрме барысында 6 (алты) номинация бойынша «Жылдың үздік кітабы» анықталады: «Үздік оқулық», «Үздік өлкетану басылымы», «Балаларға арналған кітап», «Мәдениет пен өнер», «Ғылым мен инновациялар», «Гран-при». Сайыс қорытындысында жеңімпаздар арнайы дипломдармен марапатталады.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар