Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Ғанибет Ғалымбекұлының балаларға арналған әңгімеле...

06.05.2015 2779

Ғанибет Ғалымбекұлының балаларға арналған әңгімелері

Ғанибет Ғалымбекұлының балаларға арналған әңгімелері - adebiportal.kz



Ғалымбек Ғанибет


Наурызбек қалай «Наурыз көже» атанды?


Оны «Наурыз көже» деп атап кеткеніне бүгін үш күн, жо-жоқ, тура төрт күн болды. Құдды «Менің атым Қожадағы» Жантастардың Қожаны «Қара көже» дейтіні сияқты. Әуелгіде достарының бұлайша мазақ қылғанына шамданғанымен, кейін құлағы үйреніп кетті ме, әлде өздерін әлі күнге дейін жас баладай ұстайтын сыныптастарының қылықтарына мән бергісі келмеді ме, әйтеуір ренжуді қойған... Әйтпесе, шашты құлақ шекеге қарай қайырып қойып, галстукты түзеп қойып, қызға қырындайтын жасқа жетті ғой. Бақандай 8-сыныпта оқиды. Наурызбек жақында ғана Астанаға қалаға жақын елді мекеннен көшіп келген.


Бір күні сынып жетекшілері Айткүл апай сабақ үстінде балалардан:

– Наурыз көжені қалай дайындайтынын кім біледі? – деп сұрады. Үнсіздік. Ешкім ләм-мим дей қоймаған соң, алдыңғы партада отырған Наурызбек қолын көтерді.


– Қане, Наурызбек, сен айта қойшы, – деді Айткүл апай. Ол жан-жағына қарап алды да:

– Апай, ол үшін, ең алдымен, қазан толы сүтті қайнатып, сүт піскеннен кейін оның бетіндегі қаймағын қалқып алып тастайды, – деді ол сәл ойланған кейіп танытып. – Сүт әбден пісуге тақаған кезде қыс бойы сақтаған сүр етті салып жіберіп, 15 минуттай бетін жауып қояды...


Тұс-тұстан балалар шулап кетті.


– Ау, жеті түрлі дәм қосылмаушы ма еді?! – деді Серік шыдамсыздық танытып.


– Апай, Наурыз мерекесі келген соң, «апай сұрап қалар» деп жаттап алғаны ғой, – деді Ертай орнынан атып тұрып.


– Жаңа ғана интернеттен қарап, біліп алды, апай! – деп өтірікті соғып жіберді Айбек.


– Наурызбек – Наурыз көже! – деді қашанда әркімге бір соқтығысып жүретін Аян.


Айткүл апай «тынышталыңдар!» дегендей қолын көтерді. Содан соң Наурызбекке қарап басын изеді. «Жалғастыра бер» дегені еді.


– 15 минут өткеннен кейін жеке ыдысқа пісіріп алған бидай, жүгері, тары, асбұршақ, күріш тәрізді қоректік заттардың жеті түрін сүт пен етке араластырып, тағы бір қайнатады. Егер Наурыз көже қоймалжың болып кетсе, оған су қосуға болмайды. Тек айран қосып сұйылтады, – деді. Апайы риза болды.


– Сенің наурыз айында тудың ғой, иә? – деп сұрады. Наурызбек басын изеп жымиды. Содан соң өзге сыныптастарына масаттана қарап қойып:


– Дәл 21 наурызда туыппын. Әжем қойыпты есімімді, – деді.


– Наурыз көженің қалай дайындалатынын қайдан үйрендің? – деп сұрады жанында отыратын Әсем бұған көзін сығырайта қарап.


– Әжем жыл сайын Наурыз келгенде көже пісіруші еді. Сол кісіден үйренгенім ғой, – деді Наурызбек қызарақтап.


– Ал Наурыз мейрамы қашаннан бастап тойланады? – деді апайы Наурызбекке сынай қарап.


– Кеңес өкіметінің алғашқы кезеңдерінде, яғни 1920-1925 жылдары Шығыс халықтары бұл мерекені атап өткенімен, 1926 жылы ол «діни мейрам», «ескілік сарқыншағы» деп танылып, тоқтатылды. Бірақ Қазақстанның бар аумағында жасырын түрде сақталып қалды. 1988 жылдан Алматы қаласында, республиканың көптеген ауданында Наурыз жалпыхалықтық мейрам ретінде қайта тойлана бастады, – деді ол нақ үлкен адамша сөйлеп.


Сыныптастары Наурызбекке аңтарыла қарап қалыпты. Осы сәтте:

– Наурыз көже! – деп тағы да айғайлады Аян. Бірақ оның бұл сөзін ешкім елей қоймады. Тек Айткүл апайы оған қабағын түйіп қарап еді, анау жым болды.


– Бәрекелді, Наурызбек! Атыңа затың сай бала екенсің. Енді орныңа отыра ғой, – деді сынып жетекші. – Балалар, естідіңдер ғой, Наурызбек өзіміздің ұлттық мейрамымыздың тарихын да жақсы біледі екен. Наурыз көжені қалай пісіру керек екенінен де хабардар. Сендер де біле жүріңдер!


Міне, бар болғаны осы. Тек Аянның әлгі сөзінен кейін сыныптастарының кейбіреуі мұны «Наурыз көже» атап кетті. Бұған намыстанған Наурызбек мектептен шыққан соң Аянды өзіне шақырып алып, оны тұмсықтан бір пергісі келіп оқталып еді, Әсем арашалап қалды:

– Наурызбек, қайтесің олармен ерегесіп. Айтса, айта берсін. Оған сенің түгің де кетпейді. Қайта сенің ұлттық мейрам туралы білгенің бізді, қыздарды біраз қызықтырды, – деді. Наурызбектің құлағына дейін қызарып кетті.


Кенет, Аян, Серік, Ертай үшеуі мектептен бұрыла бере жамырай:

– Наурызбек – Наурыз көже! – деп айғайлады. Бірақ Наурызбек пен Әсем бұл сөздерді елемеді.


– Әжемнің үйреткені ғой, – деді Наурызбек Әсемге ұрлана қарап. – Негізі, Наурыз мерекесі туралы тағы да біраз дүниелерді білетін едім. Бірақ оны келесі сабақтардың бірінде айтармын...


Екеуі аялдамаға қарай үнсіз келе жатты.


– Сен нешінші автобуспен барасың үйге? – деп сұрады Наурызбек басқа сөз таппағандай.


– 38-ші. Сен ше?


– 50-ші...


– Қазір білімділердің заманы ғой, – деді Әсем әңгімені басқа арнаға бұрып. – Сабағымызды жақсы оқып, мүмкіндігінше бірнеше тілді еркін меңгеріп, өзіміз армандаған мамандық иесі атанып, елімізге қызмет етсек, бұдан асқан бақыт бар ма?..


– Дұрыс айтасың, Әсем! Сыныптан өзіңдей жақсы дос тапқаныма қуаныштымын, – деді Наурызбек жымиып. Әсем үндемеді. Тек әдеттегідей көзін сығырайта қарап:

– Болашақта кім болғың келеді? – деп сұрады.


– Арманым – журналист болу!


– Солай ма?! Міне, қызық! Мен де мықты журналист болуды армандап жүрмін! – деп қуанып кетті Әсем.


– Онда, Алла қаласа, әріптес болып та қалады екенбіз...


– Иә!


Екеуі ұзақ күлісіп, өз аялдамаларына қарай бұрыла берді...




МОЙЫНДАУ


(әңгіме)




Марат пен Қайрат Шалабай атайдың ауласына беттеп келе жатыр. Бір-бірлеріне «үндеме» дегендей, сұқ саусақтарын ауыздарына тақап, ымдасып қояды.


Шалабай атайдың бау-бақшасы қандай керемет! Қаулап өскен неше түрлі жеміс-жидек пен көкөністер түрі көздің жауын алады. Әсіресе, алмасын айтсаңшы... Үлкендігі тау кеседей...


Бұлар аяқтарының ұшымен басып, бақшаға кірді. Кенет, Марат:


– Байқа, ана жерде дәу иті жатыр, көріп қалмасын! – дегені сол екен, иттен қорқатын Қайрат:


– Қане?! Қайда?! – деп артқа шегіншектеп, ағаштың бұтағына ілініп тұрған бос шелекті басымен соғып қалып, қаңғыр еткізді. Осы сәтте дәу ит бұларды көре сала арс-арс етіп қуа жөнелді. Ал екеуі алды-артына қарамастан қашып келеді. Қайрат досынан арқан бойы алда безіп барады.


Бұларға жете алмасын білді ме, әйтеуір, шаң қауып қалған дәу ит «енді келерсіңдер!» дегендей бір-екі рет арс-арс етіп, кейін қайтты.


– Бәріне сен кінәлі! – деді ағаштың көлеңкесінде демалып отырғанда Марат досына. – Енді сені ертсем бе...


– Марат, – деді Қайрат әңгіменің ауанын өзгерткісі келгендей. – Өткендегі алмаға сылқия тойғанымыз есіңде ме?..


– Иә... – деп селқос жауап берді Марат.


Екеуі табиғатқа әлсін-әлсін көз тастап, демдерін басып біршама уақыт отырды.


Солтүстік жақтан өкпек жел соғып тұр. Желдің екпінінен үзіліп түсіп жатқан сарғыш жапырақтар құдды желмен жарысқысы келгендей-ақ қалықтап ұшып барады. Әне, кейбір ойдым жерлерде үйіліп жатқан жапырақтарды көргенде, бір топ сары балапан шүпірлеп жиылып алғандай әсер береді екен.


Кенет:


– Шырақтарым, амансыңдар ма? Сендерге не болған, түрлерің өрт сөндіргендей ғой?! – деген дауыстан әуелгіде екеуі де селк ете қалды. Көз алдарында таяқ ұстаған Шалабай атай тұр. «Мәссаған, безгелдек! Қазір бізді ұрады-ау...» деп ойлап үлгерген екеуі қапелімде отырған орындарынан бейне қаққан қазықтай болып тұра алмай қалды.


– Неге үндемейсіңдер?! – деді қарт таяғын жерге нық қадап. – Бірдеңе болып қалды ма?


Екеуі жұлып алғандай, жарыса:

– Жо-жоқ! Ештеңе де болған жоқ, атай! – деді.


– Е-е, дұрыс! – деді Шалабай атай. – Сендер жаңа осылай қарай қашқан екі бала көрмедіңдер ме?


– Атай, біз жаңа ғана... – дей берген Қайраттың сөзін Марат іліп әкетті:


– Иә, иә, атай, біз жаңа ғана үйден шықтық! Көрген жоқпыз! – деді.


– Е-е, үйден жаңа шықсаңдар, көрмеген боларсыңдар... – деді Шалабай атай қулана күлімсіреп. – Оларды ұстай алмай жүргеніме көп болды... Жүгірмектер алмамды ұрлап қоятын емес! Алмасын үзіп қана алса мейлі ғой, бұтағымен сындырып алады. Мен ол тәттілерді не істейді деп ойлайды екен?! Ұрламай-ақ сұрап алса да беретін едім ғой... Егер олар ер жігіт болатын болса, кінәларын мойындап, әлі де кешіріп сұрар! – деді де, таяғын тықылдатқан күйі кері бұрылды. Әсіресе, соңғы сөзі нық әрі зілді шықты.


Осы сәтте көктегі бозторғай «ер жігіт болсаңдар, кінәларыңды мойындаңдар!» дегендей бұлардың дәл төбелерінен ойқастай ұшады...


Марат пен Қайрат енді шыдап тұра алмады:

– Ата, ата, кешіріңізші, біз едік алмаңызды ұрлап жүрген... Кешіріңізші бізді... – деп жылап жіберді.


– Әй, сендер ме едіңдер? – деп атай тағы да қулана күлімсіреді. Өйткені, бұлардың қашып бара жатқандарын көріп қойған болатын.


– Ештеңе етпейді, – деді қария кезек-кезек бұлардың маңдайларынан сипап. – Біле білсеңдер, істеген істеріңді мойындарыңмен көтерсеңдер, бұл – ерлікпен парапар! Естеріңде болсын, «өтіріктің құйрығы – бір-ақ тұтам» деген. Ешқашан да өтірік айтушы болмаңдар... Ал, енді жүріңдер, мен сендерді алманың түр-түріне тойдырайын, – деді.


Бұлар не барарын білмей, не бармасын білмей мелшиіп тұрып қалды...



Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар