Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Ғарифолла Ордабай. Көңілден туған күй...

18.01.2023 1873

Ғарифолла Ордабай. Көңілден туған күй 14+

Ғарифолла Ордабай. Көңілден туған күй - adebiportal.kz

«Көкшенің ауа райы қызық!» - деген түйін жасады Сапаш. Неше жыл болды, ат жалын тартып мінгелі осы Көкшетауда жүрсе де, жұмбағына түсіне алмай-ақ қойғаны. Бабалардан қалған ата қонысына келгелі ширек ғасырдан астам уақыт өтсе де ол кей-кейде өзінің туып өскен, кіндік қаны тамған Сары арқаның салқар кіндігін әлі де аңсайды. Қара топырағы табанына сіңген Арқаның жері ерекше ғой, жарықтық. Сол жерде табаны жерге тиіп алғаш қадам басқан, кекілі желбіреп таяқ атқа мініп ауылдың көшесін шаңдатқан. Алғаш бозбала болып қызға қырындаған. Дегенмен де алғаш қызға ғашық болып есі кеткені – алты жасы екен. Бала махаббат болса да осы шағы айрықша есте қалыпты. Сол бір ақ бантигі желбіреп, алма беті үлбіреген аққұба қыз балаға деген алғашқы көз сала қарауы, ұнату сезімі сол сәттен басталғандай. Одан кейінгі бозбалалық, студенттік шақ пен әскер қатарындағы өткен кезге деген сағынышты сәттер Сапаштың санасынан ешқашан өшкен емес, ойға алса жалпы өзінің «еркек» деген елдің өкілі екендігіне куә болар әдемі шағы. Бүгін де жаңа жыл қарсаңында қызықты естеліктерді еске ала отырып ұжыммен қарсы алатын жаңа жылдық кешке асыға шыққан.

Дала Көкшеге тән құбылмалы мінезіне тағы да дәлел боларлықтай таңертеңгі ауа райы байдың кірпияз бәйбішесінің қабағындай құбылып борандатып тұр екен. 

«Е, е, е», - деп ойлаған ол бүгінгі күнге тағы бір шолу жасап... Таң ертемен жыл аяғы болған соң студеттерден емтихан алды. Содан кейін Көкшетаудың біртуар азаматы, сегіз қырлы, бір сырлы, аузы дуалы, сөзі уәлі, ел ардағы атанған Төлеген ағасының құрметіне арналған салтанатты кешке қатысты. Көкейін «Неге? Бірақ!» деген сұрақтар, кереғар пікірлер мазалады. Осындай пенделік оймен көзі тірісінде мемлекет тарапынан тиісті баға беріліп, биіктен көрсетілген тұлғалар көзі кеткен соң да ел, халықтың игі ниетімен тиісінше үлкен құрметке ие болып, игі шаралар өткізілген кезеңде, кешегі өзі көзін көрген абзал жанға деген құрметі мен сағынышы жүрегін бір тербеп өткендей болды. 

Сөйтіп жүргенде кеш батар мезгіл де болды. Шамдалы жарқыраған Көкшенің көшесімен орталыққа қарай жол тартты. Көше таңертеңідей емес боранды, екпіндей соққан жел дедектетіп, алға қарай еріксіз қуалап келеді. «Орталық» бүгін ерекше екен. Жаңа жылдық шырша құрылып, алаң дүбірге толы. Музыка барынша қатты қойылып, дүбірлі думан шағын қала халқын өзіне ерекше тартқандай. Жүрек түкпірінде қазақи қалпы бас көтергендей болса да, балалық шақтан есте қалған, санаға сіңген жаңа жылдық шаралар, жетпіс жылдық кеңестік құрылымның тәрбиелеп өсірген баласы болған соң да, психология өз дегенін ықтиярына көндіргендей ме, қалай? Әйтсе де Сапаштың бүгінгі көңіл-күйі басқаша еді. Жүрек мұңы, белгісіз толқыныс, ішкі сезім басқа бір күйге енгендей, бір нәрсені қалағандай сезімде. Көңіл шіркін не қалайды, нені аңсайды?! Әзірге бұл жұмбақ...

Бұл кезде Кіндік арқа даласында ауа райы да құбылып жанды мен жансыз, деректі мен дерексіз табиғаттың тылсым күшіне үнсіз бағынып, не десе де, қайда бағыттаса да, ден қойған мезет болатын. Жаңаарқаның бойынан, Сарыарқанының жонынан лүп еткен жел жаз бойы жердің нәрі, жаңбырдың суымен желкілдей өскен жас көденің, бүгінде сарғайған шал көденің басын шалып өтті. Домбыраның тиегі «зыңқ» еткендей...

«Зыңқ» еткен әуен осы бетпен байыз таппады. Қайда, неге барып соғылып тағы бір үнді, тағы бір әуенді тудырғысы келгендей кең даланы кезе жөнелді. Сөйтті де Арқаны ауа жайылып жүрген ен даланы еркін жайлаған, кешегі Сәкендей алыпты тудырған, сахара даланың еркесі, серінің әні мен жырына арқау болған ақбөкен текесінің мүйізіне барып қонды. Сайын далада емін еркін жайылып топ бастап келе жатқан сақа бөкен мүйізіне тұрақ тапқысы келген әуенді тосырқады ма? Басын шайқап-шайқап жіберіп пысқырынғанда жаңа әуен әуелеп әрмен қарай ұша жөнелді. Домбыраның тиегіне тағы да «дыңқ» еткен дыбыс қонғандай болды...

Бұл дыбыс мұнымен де байыз таппады. Ұлы дала жаралғалы бері Сарыарқаның сайын даласы қазақы болмысқа толы болса керек. Мыңғырған жылқысы мен маңыраған қой жыртылып айырылатын. Сөйте жүріп жаңағы дыбыс, жаңа әуен қырда үйірін қорғап, буыны қатқан көде мен бетегеге ендей жайылған жылқының жел жағында тұрған құла айғырдың жалына келіп тұрақтады. Құла айғыр – өз басына жетерлік тарихы бар жануар. Кешегі кеңес дәуірінде жылқыны асылдандырамыз деп жергілікті халықтың жабы жылқысының қарасы азайып, еуропалық мәстек жылқыға көп көңіл бөлінген кезде елдің батыс аймағында үркердей боп азайған қазанат жылқының тұқымы деп сақталған үйірден алтындай қалап алынған. Қамбар ата баласының отаны мен ордасы болған Ұлытау еліне он шақты жыл мерзім бұрын келсе де жершіл жарықтық өз үйірін аңсаған құла айғыр осы еді. Кешегі халық ауыз әдебиетіне арқау болып, Алпамыстың Байшұбары, Қамбардың Тайбурылы сияқты бабаларының ізін жалғастырған құла айғыр да, кей-кейде өзінің құлын күнінен кезген даласын аңсап қоятын. Құла айғыр сөйтті де, жалын сілкіп-сілкіп жібергенде әдемі әуен әрі қарай жол тартты. Домбыраның тиегі тағы да «сыңқ» еткендей дыбыс шығарды. Ұшқан әуен мұнымен де байыз таппай сары даланы кезе жөнелді. 

Кешкі дала. Бұл кез желтоқсан айының орта шенінен ауып күн мен түннің теңескен уағы. Қалыңдап қар түспесе де, жабайы аң-құсқа тамақ тауып жеу қиындаған шақ. Көк тәңірінен кейінгі жер иесі мен киесі атанған көк бөріге бүгінде түркі дүниесі бұрынғыдай көңіл бөле бермейді. Құлдыраған кеңес дәуірінен кейінгі кезеңде көк бөріден гөрі жылқысы мен қойы жақын ағайын қолына түссең, аямайтын. Баяғы Мәди ақын, Ақан сері, Тоғжан салдың кезіндей аң аулау, саят құру жоқ. Қазіргілер мотор таққан аэрошаңғыларымен қадамыңды қатты аштырмайды. Осындай кезде «ер – жігіттігінен, бөрі – бөрілігінен» қол үзді ме деген пасық ой да айналсоқтап кетеді. 

Айға қарап, жылқының иісі қай жағымнан келер екен деп, айға мойнын білеп, желге мұрнын төсеп ойға беріліп тұрған ақ шулан арланның құлағына көде басына қонып, одан кейін бөкен мүйізінен байыз таппай, қазанаттың жалынан сусып ұшқан әуен келіп қонды. Ақ шулан арлан басын оқыс шайқап-шайқап жібергенде «дыңқ» еткен әуен әрі қарай жол тартты. 

Бұл кезде біздің басты кейіпкеріміз діттеген жеріне жетіп, көпшіліктің ортасына келген еді. Әріптестері жан-жағынан қаумалап Жаңа жылдық көңіл күймен тілектер айтып, думанды кеш, көңілді отырыс басталып кетіпті. Ол болмысынан сабырлы, ойшыл, қиялшыл жігіт. Ұраны: «Барға – қанағат, жоққа – сабыр». Тарихқа терең, әдебиетке кемел бола тұра, елдің алдына шығып, ешкімнің сөзін бөліп, басқа шауып төске өрлеп, адуын мінез көрсетпепті. Сосын да шығар өзінен үлкен әріптес аға-әпкелері, бүгінде әріптес болған шәкірттерінің ешқайсысы да алдынан кесе көлденең өтіп көрген емес. Шығармашылыққа жақын Сапаштың бойынан тек көркем туынды ғана емес, бүгінде отырықшылыққа көшкеннен кейін бе, кенжелеп қалған күй шығару өнерінен да кенде емес азамат. 

Адам қиялы шарықтаса, жетпейтін жер бетінде, әсте нүкте жоқ шығар, сірә! Мұның да ойы шартарапты кезуде, құлаққа әлде бір сарын келетін сияқты... Бірақ қайдан, не жайында екені жұмбақ?! Бұған себеп пайғамбар жасы ма, әлде басқа ма, кейінгі кезде қиялға беріліп, ойға ұзақ шомғанды әдетке айналдырғандай. Әйтеуір ызыңдаған бір әуен бұлқынып сыртқа шыққысы келеді. Бұл кезде домбыраның пернесі «зыңқ» еткендей болды.

Манағы сары даланы кезген әуен әлі де байыз тауып тоқтар емес. Сараптап, сардабалап, түйіндеп, күйін келтіріп жарыққа шығарар иесін іздейтін сияқты. Сол әуен Сарыарқаға тоқтамастан желмен бірге жылжып Көкшетау шоқыларын бетке алды. 

Ақкөлдің қалың нуы, айдын көлі де бұл әуенге ақ бөркін киген қарағай мен жазғы желегінен айрылған бұйра қайыңдардың бұтасының сылдыры мен сыбдырын қосып шығарып салды. Кешегі сал мен серінің тұлпарының ізі қалған, аспанында әнін әуелеткен «Жөкей», зерлі «Зеренді», сырлы «Айнакөлді» айнала ұшып Оқжетпестің басында аңызға арқау болған қалмақ аруының ақ орамалын байлаған тұсқа келіп байыз тапқандай... Әйткенмен алып даланың адуын желі жол бойы жиналған әуендер легін Көкшетауға қарай ала жөнелді. Ерке жел жетер жеріңе ертерек жет, әуенді әуелетер иеңді тап дейтін сияқты.

Мерекелік әдемі отырыстың қызған шағы... Мұғалім деген мамандық адамды шығармашылық жағынан шыңдайтын кәсіп қой. Ұжым осы жағынан келгенде тәжірбиесі мол, өз кәсіптерін жетік меңгерген мамандар, мейрамға кәдімгідей шығармашылық жағынан мықтап дайындалып келіпті. Әріптестері өнерлерін ортаға салып думанды кештің көрігін қыздырып бақты. Жуырда ғана кітабының тұсауын кескен Ербұлан әріптесі жаңа жылға жырдан шашу шашса, Дәрия апайы ән салды. Кезек Сапашқа де келді. Домбыраны ұсынған Құрмет бауырының қолын қайтармайын деп алуын алса да, саусақ шіркін үйреншікті пернеден тайқып шығып, өзіне беймәлім әуенге көшті. 

Көңіл түкпіріне тоқыраған әуенді домбыраға салмақ болып көпшіліктен бөлінді. Адам баласының ең тәтті, қызық шағы – балалық кез. Туған үйдің түтіні, аға-бауырлары, дос-жаранмен өткізген қимас сәттер, әкенің қамқор алақаны, ананың мейірімді жүзі, асыр салып ойнаған ауыл көшесі, алғаш жаз жайлауға шыққанда мұрын қытықтар даланың кермек жусан иісі – бәрі-бәрі бір сәт көз алдынан өткендей болды. Таңертеңнен бері ойына да, бойына да маза бермей жүрген әуен осы туған жерге, даласына, жусан иісіне деген сағыныш екен. Сол әуенді, сол сағынышты жеткізген сахара даланың желі болар. Аздап кеңсірік ашып, қос жанарға жас үйірілгендей, керемет бір сезімде отыр. Домбыраның қос шегінен әдемі қоңыр әуен төгілді... Көз жұмулы, көңіл түкпірінен төгілген әр әуенді, әр дыбысты шашып алмауға тырысты, дегенмен өзіне ғана тән сабырлылықпен домбыра пернелерін баса берді. Әдемі әуен, сәтін салып бір күй туғандай. 

Ақырын көзін ашты, самғай ұшып, шарықтап барып қонған шабыт шіркін байыз тапты. Сапаш жанындағыларға енді назар аударды: әріптес досы Раукен қабағын кере, шын пейілімен тыңдап отыр екен, қарама-қарсы отырып ұялы телефонның бейнетаспасына түсіріп отырған Құрманғазы шәкіртін көрді. Жаңа күйдің туғанына куә болған көпшілік қуаныштарын білдіріп құттықтай бастады. Ныспысы «Құрманғазы» болса да«әу» деп ән айтпайтын, шертіп күй тартпайтын, бірақ күйді түсінетін шәкіртінен: «Күйдің атауын «Сарыарқаға сағыныш» деп қояйық!» - деген ұсыныс айтылды. Ал Құрмет әріптесі: «Сарыарқа сазы» деген – сәтті атау болар», - деген ұсыныс жасады. 

Қалай аталса да, жаңа КҮЙДІҢ туғаны анық...

 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар