Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СҰХБАТ
Ғарышыңа ғашықпын сенің нəзік...

13.07.2023 1586

Ғарышыңа ғашықпын сенің нəзік

Ғарышыңа ғашықпын сенің нəзік - adebiportal.kz

Нұрлан Қасиханұлы ақын, актер.  1990 жылы  Баян-Өлгий аймағында дүниеге кеген. «Үнсіздік» (2012), «Жүрегімдегі үн» (2013), «Мисыз жүрек» (2015) жыр жинақтардың авторы.

***

Оянған сәтте ерте біз

От жанар – тезек бұрқырап.

Ол кезде алыс ерке қыз...

Жаныңды жатпас жұлқылап.

 

Терезе тесіп тік құлай

Күн нұры үйге түсетін.

Сол кезде қайнап сүтті шай

Сары май салып ішетін.

 

Әуре боп терген тезекпен

Содан соң жүрдік далада.

Қайран жыл неткен тез өткен

Мен енді жүрмін қалада.

 

Жол жаққа жанар телміріп

Өріске күнде мал айдап,

Келердей үйге мен кіріп

Ағажан жүр ма? қарайлап

 

Не дейін? бәрі кең еді,

Жазықсыз кеткем о, қалай?

Бұл қала маған не деді...

Жүрегім саған обал-ай!

Қоғам-ай!!!

Қоғам-ай!!!

Қомағай...!!!

 

«Ішім менің төңкеріс...»

Жанарымның құлатпай тамшыларын,

Күтіп жаттым күзетіп таң шуағын.

Кеберсіген ерінге ағып түспек,

Кірпігіммен кісендеп шаншып алдым.

 

Содан қатты сол жағым солқылдады,

Қан тамырым қайнады толқындады...

Күндіз бұл Ай ұйықтап-түнде тұрып

Тереземе телміріп сол тұр тағы.

 

Қарап жаттым аспанға баяғыдай,

Қай жұлдызға жазылды аяным-ай

Күн кезікпес бір күні түн кезікпес

Күншілі көп ғұмырды аядым жəй..

 

Түн өмірдің мазмұны кім ұмытқан?!

Уақыт әлі бос емес ұлылықтан.

Бұлт үстіне отырып ой көшеді

Шығайық деп шытырман тығырықтан.

 

Ғарышыңа ғашықпын сенің нəзік,

Қос көзімнен кетпеші менің қажып!

Ақ сүйекпен адасқан

бұрымдым-ай,

Теріс қарап қалды ма? Темірқазық!!!

 

 

***

Бір елміз біздер түгелміз,

Екіжүз...десе күлерміз.

Үш жүзден тегі тараған

Төртеуі түгелі гүл елміз.

Бес баттам болған беделі

Алты алаш атты мың елміз.

Жеті қарақшы біздікі

Шекара арты күрең күз.

Сегізінші тек керемет

Қазақ деп әйтеу білерміз.

Тоғыз ай құрсақ көтерген

Анасы батыр ұлы елміз.

Он жауын жеңіп бір ұлы

Отан деп өмір сүрерміз.

 

«Он ойым»

Бақ іздеп жүріп бағытсыз жолда күн көрген,

Бақытты жандар басыңа сонда кім келген?!

Баянсыз болсын, Баянды болсын әйтеуір

Баяғы жалған... басыңнан өтер бір керуен.

Баянжан менен Қозыда қалған аңырап

Шын ғашық болып жер үсті өмір сүргенмен.

Жібекте анау гәккуін айтқан бір аққу,

Жекпе-жек үсті жебесін атқан бір мерген.

Аспаннан аңдып қарайды жеті қарақшы,

Жеті ғашықтың басына анау гүл көмген.

"Ғашықтың тілі тілсіз тіл" деген деп еді

Бірінің шамын бірі жүр бүгін үрлеумен..!

Біруыс еттің, тамырын тауып алған соң

Суық сөз кіріп тұрмаса екен іргеңнен...

Сөйлеген күміс, үндемеу алтын деген бар,

Сыйластық дейтін махаббат атты бір кеудең.

Сезімдей сұлу қос қанат тауып ұшып бар,

Сағыныш дейтін аман боп адам түрмеден!


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар