Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
«Ғаусар» мен «Ғаршы» оқырман жүрегіне жол тартты...

24.04.2014 4890

«Ғаусар» мен «Ғаршы» оқырман жүрегіне жол тартты

Қазақ әдебиетінде тағы бір үлкен жаңалық! Тұңғыш рет twinbook форматында (егіз кітап) ақын Ақберен Елгезек пен Ерлан Жүністің «Ғаршы» және «Ғаусар» атты жыр жинақтары жарық көрді.


1487451_226978777480362_2102352016_n.jpgАқберен Елгезек: – Менің тұңғыш кітабым 2008 жылы оқырманға жол тартқан болатын. Содан бері аттай 6 жыл өтіпті. Бір жас баланың дүниеге келіп, тұсауы кесіліп, тілі шығып, мектепке баратын уақыт. 6 жыл айдарынан жел есіп, зымырап өте шығыпты. Ал, сол жылдар бойы мен не істеп, не қойғанымды өзім де білмеймін. Күнделікті өлең жаздым деп те айта алмаймын. Себебі, өлең деген кірпияз қонақ кейде апталап, кейде тіпті айлап ізін салмай кетеді. Дегенмен, кейінгі 6 жылда біраз дүние қағаз бетіне түсіпті. Амандық берген Аса мейірімді Аллама тәуба, өлең жаздырған тағдырыма рахмет! Сол өлеңдердің біршамасы ғаламторда жарияланса, біршамасы жазылған жерінде өз кезегін күтіп жатты. 
Адам асыққанмен, Алла асықпайды ғой! Талай рет кітап шығаруға оқталып едім, реті келмеді. Сөйтсем оның өзіндік себебі бар екен. Былай болды. 
Осыдан екі жыл бұрын жауынды-шашынды Астананың бір кешінде іні-дос, аса талантты ақын бауырым Ерлан Жүніс екеуміздің санамызға егіз кітап шығару туралы идея келген еді. Одан кейін әлгі идеямыз қайда кеткені белгісіз, үшті күйлі жоғалып кеткен болатын. 
Күндердің күнінде «пәтер қожайынына не деп жауап береміз, банктерден тоқтаусыз хабарласатын бұлбұл үнді менеджерлерден қалай құтылсақ болады...» деп ақылдасып тұрғанымызда әлгі айналып кетейін ғана идеямыз Аспан астын жап-жарық қып, шұғылалана қайта келе қалғаны!
Онсыз да мағынасыз боп бара жатқан өмірдің түнегін қақ жарып өткен бұл өткір сәулені енді ешқайда жібермеуге бел будық. Содан міне, отырмыз кітапты шығарып ап. Оның өзін қарызға. Басқа қандай амалымыз бар еді деп қоямыз тағы да. Ал, ол – рас.  

Болды. Кітапты таныстыруға көшейін. Бұл кітаптың бір ерекшелігі - оқырман бір ғана авторды оқымайды. Бір кітаптың ішінде екі автордың жырларына бірден қол жеткізе алады!  

Бұл жинақтан Сіз, өмірдің ащысы мен тұщысын, кейде тәтті сәттерін де бірге көрген екі достың, екі рухани жақын адамдардың жан арпалысын, қуанышы мен мұңын, жеңісі мен жеңілісін, арманы мен үмітін табасыз. 
Бұл кітаптың форматы – «twinbook» (бұл идея да бонус ретінде Көктен түскен болатын). Яғни «егіз кітап». Егіз жанның елге ұсынған екі бөлек әлемі. 
Сол себептен сіздерді, қадірлі оқырман, қазақ әдебиетінде тұңғыш рет twinbook форматында шығып отырған «Ғаршы» және «Ғаусар» атты кітаптың тұсаукесеріне шақырамыз! 
Кітаптың тұсаукесер рәсімі 26 сәуір күні, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында, сағат 15.00 де басталады. 
Осы ретте әр талантты, талапты жасқа есігі үнемі ашық кітапхананың ақжарқын ұжымына, оның ішінде қазақтың ұлы жазушысы, Алтайдай Өр қаламгер Орағаңның туған қарындасы, жастарға қамқор апайымыз Ғалия Бөкейқызына ерекше алғысымызды білдіреміз. 

                                       10295752_286023064890309_8360442302880674211_n.jpg

30384_100737050085579_244174288_n.jpgЕрлан Жүніс: – Менің аға-досым, өте талантты ақын Ақберен Елгезек екеуіміз таңғы армандар мен үміттер биік ғимараттардың үстінен батыл ұшатын замандарда армандап едік: «шіркін, екеуіміз бір кітап шығарсақ» деп. «Ол ерекше кітап болса» деп. Содан бері екі жыл өтіпті. 
Екеуіміздің де өміріміздегі тым ұзаққа созылған жұмыссыздық дәуірінің ішкі құлазуын, банк операторларының шектеусіз бірлігі мен үй қожайындары есепшотының ұзақ цифрларын жарып-бұзып өтіп, дүниеге ғажайып әрі ақымақтау ой келді.
Екеуіміз «Twinbook» форматында (ұғымды өзіміз ойлап таптық) «Ғаршы» және «Ғаусар» атты кітап шығардық. Қарыздандық-қауғаландық. Себебі, бұл кітап Сіздердің эстетикалық сезімдеріңізге деген құрметімізді шын білдірсе дедік. Бұл кітаптың ішінде екеуіміздің бұрынғы төрт кітабымыздан іріктелген және тым жаңа көөөп өлеңдер бар.
Аса мейірімді, ерекше қамқор Алла бұйыртса, 26-шы сәуір күні, сағат 15.00-де ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында «Ғаршы» мен «Ғаусардың» тұсаукесер рәсімі болады. Бұл үшін – Өр Алтайдың Кербұғысы – Оралхан ағамыздың қарындасы, аса аяулы апайымыз – Ғалия Бөкейқызына ризашылығымызды білдіре кетсек, артық болмас.
Бұл рәсімде актер, композитор Қадырғали Көбентай және әнші, гитарист Ершат Қайырхан жүйкенің емес, жүрек талшықтарын үзілдіріп барып, қайта жалғайтынына сенімдіміз. 

adebiportal.kz

Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар