Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Гүлімай Қуанышова: Келеді әшекейсіз, әдемі әйел...

05.05.2016 4061

Гүлімай Қуанышова: Келеді әшекейсіз, әдемі әйел, әккі әлем, тос қырыңды!

Гүлімай Қуанышова: Келеді  әшекейсіз,  әдемі  әйел,  әккі  әлем,  тос  қырыңды! - adebiportal.kz



гулимай абишкызы.jpg

Ой өрсем  шылбырына  шатақ  шабыт

ойқастап,  осқырынды.

Тарпытпай  тұяғына  тұсау  салдым,

кестім  де  қос  бұрымды.

Сырыммен  сақиналап  жал-құйрығын,

аңғартып  «достығымды»,

шашбаумен  қыл  бұраулап,  шалып  қалдым,

шала  жыр  босқа  ұрынды...

Келеді  әшекейсіз,  әдемі  әйел,

әккі  әлем,  тос  қырыңды!

 

***

 

Жасып қапты жасыл ел

таланына күреңдеу күз тап келіп.

Қолтықтасып қорбаңдаған қоңырмен

барады әне, сүреңсіз сұр баққа еріп

Қызыл мүлде болмаған-ау бұл маңда

жалқын сары апты ерік.

жанай өткен жапырақты жеріктей

жалап жатыр шап беріп.

Көрмегенсіп көкке мойнын созады

сидаң сирақ теңбіл терек – сақ керік.

 

Түбіріне бар үмітін құндақтап

тұмса шыбық наласыз

тербеледі бас игендей батаға

бесік құмар келіншектей баласыз.

Мезі қылған масаң желдің мақамы

мұнараны мойындатып парасыз.

Сора-сора соқпақтармен солықтап

самал соқты саласыз.

Кеу-келесе келте етегін ызғырық

сары қыз да, саусағы да шарасыз.

Аспан күңгірт, аласыз,

көңіл  тұман, дала сыз.

Еніпсіз ғой ен лайға етектен

енді қалай тазарасыз, қала, сіз?

 

                ***.

 

                      Күзге

Күміс  тақ!

Күз-ау,  сенің  күз  атың  бар.

Алтын  тағып  жапырақ  ұзатылған.

Гауһар  сүңгі  ілмекке елітірді-ау

Арды  арбап,  ағаш  көрсе  бұзатын  қар.

Былтыр  беті  күйгенін  ұмытқандай

Балтыр  ашып  бетпақ  тал  қыза  тыңдар.

Көрік  кеудең  көзден  тыс,  күнәсіз  күз,

Көйлек-  өлең  өреміз  біз – ақындар.

Күміс  таза!

Күміс  тақ!

Күз  атың  бар!

 

                ***

 

Төгіп тұр жаңбыр,

тырсылға тылсым құлақ түр.

Күн көзі күйсіз

кіреукеленген шырақ құр

сайларға сәуле

себелеп әлсіз ұмсынған,

сұлбасын тосып

сығалатпады бірақ қыр.

Ілініп бұлтқа

іреңсіз сұп-сұр сұрақ бір,

нүктесі соғып, үтірі үнсіз жылап тұр.

 

Шерлі де шымыр

шексіздік сазы ірі, асқақ,

гөй-гөйге басты

екпінін лебі растап.

Дойырлап шаңды

жайылмақ маңды ластап,

нұр-шыбық түрлі

тіршілікті ұрды құлаштап.

Шарт етті-дағы

    ішегін үзіп, сап болды

шудасын бұлттың

    ширатып тұрған бір аспап.

 

Діңкесі құрып,

    дөң асып кетті дүмпілдек.

Илеуден өрді

   бұраң белдерге бүлкіл кеп,

«жау кеткен соң» ба,

   сымпылдақ суыр кім-кім деп,

шоғайна түртіп

   шымшық та тапты шіңкілге еп.

Тесілген қауға

нөсерден сауға тіленді-ау,

темір астаудың төгілді суы шүмпілдеп.

Аспабы сынып,

            аспаны тынып қалғаны-ай,

бүтін болғанда

           бітпеуі селдің мүмкін бе ед.

 

 

                      ***

 

Жұмбақтаңыз.

мен-дағы жұмбақ құрам,

құмға сызып, қисынсыз сыр бақтырам.

Шешілердей болғанда сипай салып,

топырақтан өшіріп, құм қаптырам.

Қара күзде қиялым қолды болды,

қарымта құн төлетем қымбат бұдан.

Жаныма үңілтем де, түн қаттырам,

тәтімнен түңілтем де, жын қақтырам.

Кетісерде кенеттен көз күлдіріп,

итере сап, қайта қол бұлғап тұрам.

      жазып-жазып

            жер бетін жұмбақ қылам.

 

Ұйқы ұрлаймын кем түспей қарақшыдан,

сиқырлаймын жөн сұрап арапшыдан.

Түнде өз деміңізге тұншықтырып,

төсекті төсіңізге балап шығам.

Қынапқа сыймағанда жүрегіңіз

сезімді жасырыңыз, сәл апшыған,

тұтқаны тұғырынан көтермеңіз

төзімін тауысса да олақ шыдам.

 

Жартыкеш мұң кешкеннен жалған ұғып

кей жұмбақтың шешілмей қалғаны құп.

Кердеңдеген күдікпен көрші қонар

    көкей көштен қанаты талған үміт.

 Жоғалтқаны біреуге алыс арман,

    жеткенге – алғаны құт.

Неге екені белгісіз хабарласып,

бір-бір жұмбақ жасырып, һәм арбасып,

сырт айнала тұндырып жанарға шық,

   көңілді мұнарға асып,

Қоштасқанбыз қу тілмен құмар басып.

 

Ести сап емексіткен құмдағы үнді,

толтырып құпияға құндағымды,

қолтықтап шын бағымды,

тағы да іздеп шықтым мұнда кімді?

Таба алмай

            күн күмілжіп, түн бағынды.

Сіз менің шешесіз бе жұмбағымды?

 

 

                    ***

 

Келмей-ақ қойыңызшы абзалында,

іздемеңіз қаланың вокзалын да.

Бәдік ойға белшемнен батып тұр ем

бірге оранып қалмаққа ақ жалынға.

Бізден аулақ сары сайтан тіфә, тіфә,

кет, құйын, соқ залымға.

 

Қырын берер Құдайым шектер ісін

шымшытпасқа бет терісін.

Түндерінен түңілтіп бикештерді

түймелерге тимеген бектер үшін –

ар мен сор өткелі – сын.

Жазғырмаймын мен сізді жеткізбеген

көшенің кептелісін.

 

Үніңізден үмітім ғажаптанып,

келіңізші деуге де аз-ақ қалып,

ары-бері сенделді құр сүлдерім,

адырайған айнаға мазақталып.

Сүреңсіз сезім байғұс

өзін-өзі кінәлап, өзі ақталып,

қара түн қалқасында қала бердім

                                   азаптанып.

... Келмей-ақ қойыңызшы.

 

 

                  ***

 

Қар еріді.

     О несі?

Тыр жалаңаш қала ма

тоңға тығып көбесін

тасқа соғып өңешін

Ақтөбемнің денесі.

 

Қарқ етеді қарғашым:

– Қаркетеді!

– бармасын!

Сүйіндірсін сафарды

сонарда із салғасын.

Дәлу көшер дандайсып

дыраулап ат-арбасын.

Ірметіліп үт жетер

ілекермен жалғасып.

Қалғып отыр Мұғалжар

құрып алып молдасын

сырғып түсіп сәлдесі

сағы сынып қалмасын

Айт, қарғашым, бармасын.

 

Жауды.

   Тағы еріді.

    Кемпір күзге,

қыз көктемге теліді.

жеткіншектің ұмытылып бөрігі

сықыр – сері аязыңның

Рабиғудай оязыңның

желмен ойнап желігі

сайда қалды сүбе мұздың ерігі.

 

Мөлтең-мөлтең мұз астында

мұқабасыз күз дастан

елеңдейді елік көктем

ебін тауып із басқан.

алаңқайым аңқалаған

алдыртқандай тұзды астан,

Терек қана, ерек, дана

есепке рең бұзбас паң.

 

 

Үлпілдектен үкі тағып,

ұлпа шашпақ мұратпен

аспан жаққа ұзатылған

ақ желекті бір әпкем.

кимешекпен келер ме еді

көрпе ұлғайтпай жүр, әттең.

Мамығына малындырып

үп етсе ғой бір-ақ дем.

көктен түсер сүйіншіге

көрісер ем жылап мен

алақұйын құйғытар ем

айқай боран – құр атпен

Алақайлап ұшып па ең, қар,

Әлде аңдамай құлап па ең?

 

 

                ***

 

Түнді  мен  жамылмадым,

Бүркенді  түнің  мені!

Үмітке  ұштастырдым 

Уһілін  үніндегі.

Кеудесі  көтерер  ме 

Көп  жүкті  күнімдегі.

 

 

Икемдеп  бауырладым, 

Иегім  түнекке  асып.

Мақпалы  маңдайымда,

Мүлгимін  білек  басып.

Жүгініп  жер  бауырлап ,

Жылайды  жүрек  ғашық.

 

Айрылып  қалатындай, 

Құшамын  қапсыра  тым.

Күн  ұзын  көз  қиығым

Қия  алмай  жас  тұратын.

Түнге  ілер  төс  белгім  ол 

Таң  атпай    тапсыратын.

 

Денеме  демі  тиіп,

Түн -  айым  тіл  қатпады.

Бетке  ұрып  боз  жусанның

Үкі-  исі  бұлғақтады.

Жұтам  ба  жырғап  тағы 

Ұлы  құм  ырғақтарын.

Көзімді  кірпік  көміп ,

Көңілімді  жыр  қаптады.

 

Түн  тыныш.Тіл  қатпады.

 

                 ***

«Серіге»

Күмілжіп кешегіңде

Күні өткен ойың қалды

ел сенбек есебің де

марғаулау пайымдалды.

Құрбан ғып қазан құйрық

қазақы қойыңды алды

мешінің менсінбеген

мерейлі тойың қалды.

Мықынын моншақтатқан

мың шырша мойындалды.

Серпіліп тұрам десең,

сырықтай бойың бар-ды...

...Сыбағаң сыртқа кетті

Суыған шайың қалды.

    Іше ғой.

 

              ***

 

Өрім-өрім, дал-дұл боп
өр сыйлаған желегі,
Өзен қашып келеді!
Сілкігендей өзін туған бастауды,
серпігендей сірі арнасы – астауды
долылықтан бір бүйірін ылайлап, 
анау тұста
кәрі аңғардың құшағына құлай қап,
қыдырмалы бауырымен тас қалап,
қу балдырдың жонын жолай таспалап
айналмада баспалап,
алдына озған ақ көбігін дөкіртіп,
сылаң құйрық сәулемшесін секіртіп
аңғарғанша, таңғалғанша төңірек
ағып өтті өп-өтірік еңіреп!

              ***

 

Жарысып  жарық  өкше  жазды  қуып,

            жеткенде  жалаң  күзге

«Желең жүрме,  тұқымың  жайылғыр!» - деп

                                                   кейитін  анам  бізге

Балтыр  шымшып  бір  түрлі  шымыр  аяз, 

                                         қыстап  қан  балаң  жүзге

Өкщеден  өзекке  өткен  өкпек  желмен 

                                        көктемде  қарамды  үзгем

 

Тағы  жаз,  алңым  аз,  тізем  бүтін, 

                                                 жүрісті  дұрыстағам.

Ерте  күзге  етікпен  ергеннен  соң 

                                                  апам  да  ұрыспаған.

Төбеден  темір  шанам  түскен  де  жоқ, 

                                                  тебуге  тырыспағам.

Балалықтан  басымды  бұрғызған  соң 

Бойжетуге  шақырған  бұрыштағы  ән.

 

 

                  ***

 

Сүйінқара сынды алыптың

сүгіретіндей атамды,

ақылына алқа топ

жүгінетіндей атамды

аяқ артса белді атан

бүгілетіндей атамды

көшеде қадам қалдыртып,

көсілте төсек салдыртып,

көзінің жасын жүгіртіп,

көлеңкесінен түңілтіп,

ымыртын таңмен мезеттес,

ырымын тәубеге өзектес

ығындағыға сөзі өтпес

өткенде Тәңірі нағылдық?

Сүннеттің ісі сабыр ғып,

«Құдая жарды» қабыл ғып,

қазан үй жақтан табылдық.

Амандық асын ас та төк.

Ақсарыбас, Бекет! А, құлдық!

 

               ***

Көк  тәңірі әмірі.

Індікеште,

ат тұяғы сүрінердей інде өсіп,

тарпуыннан іні апанға айналған

саршұнақпен үндесіп,

мұңды кеште

күнге арнайы соғып беріп шым бесік,

ақ айымды жасырдым да түн көсіп,

үзіп тастап уақыттың келебін,

ширатпаққа енді басқа тінді есіп,

бұрым күзбен ұйпаланып бұрынғы із

кеттім ырғып ылаушыға мінгесіп...

 

Сетінеген өңір жіпті

табан байлап тауыстым.

Бекімеген көңіл күпті,

аманды ойлап, сау іштім.

Қатқанына қайлы кезде

сауырыма сауыстың,

қорын сезіп үміттің,

зорын естіп дауыстың

кісімсуден кейпін көріп,

күлдібадам дау істің,

күмірә боп кете жаздап,

кісінеуге ауыстым.

күлдір-күлдір көп кісінеп,

күмбір күнге қауыштым.

 

Айды аспанға шығарғым кеп

құлаштағам арқанды,

айқасқанда шыдармын деп

тыраштағам арқамды.

Құм бесіктен құнды есікке

жеткізуге қалқамды,

жетектеуге жалтаңды

назырқатып әр таңды,

нақыштадым әль-һәмді.

 

Шым бесіктен шыққан күнім

шекемді қыздырып

қалыбынан қағынды да

құрғыр қыз қылық,

тар балақтан тобығымды

тілгенде ызғырық;

арп еткенде асыранды ұл

жүректі мұз қылып;

сенімге сегіз өрме

алдым да ыздырып...

Алдым да ыздырып,

                       көргенді

түстерін бұздырып,

өздерін біз қылып,

өзімді сіз қылып,

қойдым да көк туды құзға іліп,

қостырып жүз ғұрып,

төрімде төрелік жасасам;

тегімде болғаны ізгілік!

Тәубесі – ізділік,

Түпкі атам – Ізгілік.

 

Көк тәңірім

                   етті әмірін,

берді күткен бақты үйіп,

    төрт тағанды

          мөр табанды

     күн шашақты тақ қиып.

Хан көтертті!

Көрген көз көніп тұрды хаққа ұйып.

Ірге үздірдім иреңге де

маңдайына ақ құйып,

бәйбішелер бел шешіп,

бөбектерге бап тиіп,

ошағымда өз қазаным,

өз шапаным жапты иық.

Алақанымды ашқанымда

арым қапты баттиып.

Тас атқанды аспен атқан

Алашымда шат кейіп.

Алашымда шат кейіп.

Көк тәңірі етті әмірін –

           берді бақты үйіп!

 

               ***

 

 

Қынаптағы қылыштар

   Түрікмен үйіне құдайы қонақ боп қонған Сүйінқараның қылышының қынабына үй иесі желім құйып қояды да, ертеңіне соңынан қуғынғы ғып Көкбөрі батырды жібереді...

 

Бұрынғысы бәлду-бәлду

баян қалған тіл ұштар.

Көрмелерге, кермелерге

кеп тірелген ірі іс бар.

Қынап сайын қонып қалған

қаперсіз паң тұрыстар,

сарыжамбас сері семсер,

құяң белді қылыштар.

Жүйрік жебе жеткен жері

ұлға ұлағат, ұлысқа ар.

Қорамса да қозғалыссыз

Гидке ғана жүріс бар.

 

Мұражайдың мұраты асыл

мың мүйістен сыр баққан.

Марғасқалар көлеңкесі

мына Алшынды жырғатқан.

Менікі осы жаңа ғасыр,

мақамы шат, ырғақты ән

деп ойладым;

миссиям ба құр мақтан.

 

Сегіз арыс Сейілханды

сырғытқанда сырмақтан,

жырынды қу желім құйған

қында қылыш зіл батпан,

қынабымен көтеріп ап

Көкбөріге бұлғатқан

Сүйекемнен сыбаға боп

тегеурінді сұр қақпан

Адыра қалған Айладырға

салмақ салған зұлматтан.

О, баба қылыш! Қылша мойным

қылтиғанша құндақтан

Қалай, қанша тамған қанды

қынап өзі құрғатқан

қандай жамбас

босап қалды бұлғақтан,

кім ақырғы жарқылыңнан дір қаққан? 

 

Тұғырдағы Құлтөбел-ау

тарпып тұрған тұяқты,

құйрық-жалын күзеттіріп,

кісінетпес сый апты.

Қынабына желімделген

   қасиетің сияқты.

Бір-ақ сілтеп көрсем бе екен

белге түйіп ұятты.

 

Індет жібін үзіп келші

Үстіртке айтқан үгітім.

Намысты осар арқан болшы

назам түткен түбітім.

Желкесіне желімделген

жігері бар жігітім,

жетегіңде жылап жүр ғой

ата көрген үмітің...

...Құнын көрме дәріптеткен

қаперсіз паң қылыштар,

құла дүзде қалып кеткен

қателер мен дұрыстар...  

 

             ***

 

Табар-ақ  едім  бір  жұмыс,

Төлемді  тірлік – тырбыныс.

Саф  алтындардың  ішінде

Сарғайса  нетсін  бір  күміс.

Шалқақты  көрсем – қынжылыс,

Көзімді  жұму – ынжық  іс.

Бойы  тік  берен  ауызға

Басытқы  болмас  бір  құныс.

 

Қосылар  ма  едім  бір  топқа

Қолымда  бары  ұр-тоқпақ.

Сыйлаймын  сүмек  тұрпатқа

Жүре  де  алман  жыртақтап.

Жалғасып  жатқан  жеңдерден

Жөнеле  берем  сырт  аттап.

 

Көндігер  ме  едім  жымдасып,

Көкірек  көзді  шын  басып,

Көзімнің  шелін  сыдырар

Көсуін  қоймай  сұм  қасық.

 

Төбе-төбе  төргі  уйлер

Жемсараймен  құндасып,

Төрелер  қол  бұлғасы,

Тәбеттене  мұңдасып,

Ырысты  ішер  ымдасып,

Жемсауға  ұрсаң  бір  пышақ

Жемге  ұмтылар  мың  қасық

Бір  пышақ,  әттең,  мың  қасық.

 

                   ***

 

Бетпақтың  ақсақ  киігі  де,

Сортаңда  шөптің  биігі  де,

Піскен  астың  күйігі  де

                              боп  көрдім.

Көлденең  көздің  қиығын  да,

Ұйманың  терең  ұйығын  да,

Сыпайының  сыйығын  да

                                   өткердім.

 

Даттамадым  хандығыма,

Сақтамадым  сандығыма,

Баптамадым  жандығыма

                                  обап  ғып,

Кенже  қалған  өңір  үшін,

Қысқа  кескен  темір  үшін,

Көрінгеннің  көңілі  үшін

                                   қобалжып.

 

Жөткірінсе  жақпағаным,

Көп  сөйлеген  мақтағанын,

Болмайтынын  нақ  бағаның

                                    аңдадым.

Қарымтаға  қайтарымды,

Сұмырайға  сайтанымды,

Алты  ауызға  айтарымды

                                    қамдадым.

 

Көшке  ілессем  жүгім  ауып,

Шабан  атым  шыбындауық,

Жаламай-ақ  жұғын  қауіп

                                    болғасын.

Шапанға  іліп  бар  тұмарды,

Шағымды  етіп  шарты  барды,

Базаршының  тартып  алдым

                                    дорбасын.   

 

Сабырсызға  салмағымды,

Шоршығанға  қармағымды,

Берешекке  алмағымды

                                      ұқтырып,

Тоғысында  әр  саланың

Шимай-шаттық  шаршы  алаңым.

Созған  қолды  қарсы  аламын

                                      тік  тұрып!


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар