Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Гүлсая Түменбаева: “Әкем – менің идеалым”...

24.08.2016 7419

Гүлсая Түменбаева: “Әкем – менің идеалым”

Гүлсая Түменбаева: “Әкем – менің идеалым” - adebiportal.kz


Жақсылық Түменбаев. «Махаббат қорығы», «Ақтық демің біткенше», «Мен сүйген қыз»... Ердің жасы елудің есігін серпе ашып, серпіле əңгіме айтуға енді кіріскен Жақсылық Түменбаев өмірден 1994 жылы алыстап кетті. Жақсылық ағаның көзі, сүт кенжесі, əл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетінің түлегі Гүлсая Жақсылыққызы əкесі жайлы сыр шертеді...


Гүлсая Түменбаева.jpg

– Əкем – менің идеалым. Ол маған нағыз əке бола білді. Əке деген сөзге сыятын барлық қасиетке, барлық жақсылыққа, барлық кереметке ие еді ол.

Үйде үш баламыз, мен кенжесімін. Бір қызығы, мен дүниеге келгенше əкем ұл бала деп үміттеніпті. Сондықтан да болар, мені ешқашан қызым демейтін.


– Əкеңіздің сізді қатты қуантқан сəтін есіңізге алыңызшы...

– О-о, папам мені күнде қуантатын. Тіпті мамам да маған папам сияқты назар аудармайтын. Күнде ертеңгісін əкем екеуміз қол ұстасып, балабақшаға шығатынбыз. Кешкісін өзі келіп алып кететін. Жолдан пирожный алып беретін. Бала емеспін бе, «мен үшін папамнан артық адам жоқ» дейтінмін.

Жаны тым нəзік адам еді. Бəрін жүрегімен қабылдайтын. Мамам үшін əкемнің көңілін босату өте оңай болатын: «Сен Саяны «ұлым» дейсің. Уақыт өтпей ме, Сая бойжетпей ме? Бір күні бақытын басқа үйден тауып, «рұқсат бер, папа» деп келіп тұрса қайтесің?» дейтін. Папам сонда кəдімгідей босап, көзіне жас алатын. Мен мəз боп күлетінмін. Үп-үлкен адамның сондай болар-болмас нəрсеге бола жылайтынын қызық көрем де.


– Ал өзіңіз қуанта алдыңыз ба?

– Менің əрбір қылығым, əрбір сөзім папама нағыз мереке еді. Қызықтағанды ұнататын. Ата-анамның көзінше мен əзілдей бере тінмін, менің əрбір əзіліме қуанатын. Əйтсе де мен папамды қатты-ы-ы бір қуанта алмаппын, тіпті үлгермей қалған сияқтымын.

Папам «сенің дүниеге келгенің – менің үлкен қуанышым» деп отырушы еді.


– Сіз өзіңіздің халық сүйетін адамның ұрпағы екеніңізді сезінген сəттеріңіз болды ма?

– Оқуға түскен кезде. Иə, ол кезге дейін мен папамды тек əкем ретінде ғана қабылдаппын. Оқу басталған күні алғашқы жалпы дəрісті өткізген профессор Т.Қожакеев менің фамилияма жеткенде сəл аялдап: «Сен Жақсылықтың қызы емессің бе?» – деді. Одан кейін де əрбір дəрісте оқытушылар таныстықты осылай бастаған. Мен сонда кеше ғана бізді артына қалдырып, белгісіз əлемге алыстап кеткен адамның біздің отбасына ғана емес, халыққа да сондай ыстық екенін сезіндім. Сондай адамның ұрпағы екеніме бойымда мақтаныш та болған шығар, бірақ сол кездерде оның жоқтығы маған қатты батты. Барлық əңгіменің əкеме барып тірелетіні маған ауырлау болатын. Ол «атымды ататып жүрсін» деп қалдырып кеткен сияқты бізді.


– Əкеңіздің жазу столында отырған сəтін көз алдыңызға келтіріңізші...

– Қолы сəл босай қалса бітті, əкем жазуға отыратын. Ойланып кеткенде, сыртынан бақылаған қызық еді. Домбыраны əдемі шертетін. Талай-талай жақсы ойлар да сол домбыра шертіп отырған сəттерінде келді-ау деп ойлаймын. Өйткені, сəл дыңғырлататын да, отыра қалып жазатын. Сосын домбыраны қайта қолға алатын. Кейде тіпті айлап жұмысынан сұранатын. Ол кездерде күні бойы столынан тұрмайтын.

Сол баяғыша қаламы мен домбырасын серік етіп...

Қазір папамның жазу столында мен отырамын.


– Сіз қазір журналистика факультетінде оқисыз. Əке жолының ұрпағына жалғасуында бір заңдылық бар сияқты...

– Иə, мен кішкентай кезімнен-ақ журналист болуды армандадым. Бірақ папам онша қаламайтын осыны, «филологияға барғаның дұрыс» дейтін. Менің алдымдағы ағам да журфакты бітірген. Папам «бір отбасыға екі журналист жетеді» дейтін. Сол кездерде-ақ мен ертегілер, шағын əңгімелер жазатынмын. Бірақ əкеме көрсеткен емеспін. «Жарамайды деп айта ма?» деп қорықтым ғой деймін, сірə.


– Əкеңіздің сізге жан сырын айтқан сəттері болды ма?

– Күнде кешкісін екеуміз «Көктем» өзенінің бойына серуенге шығатынбыз. Жоғары өрлеп барып, қайта қайтатынбыз. Сонда ол маған көп əңгіме айтатын. Сыры ма, ақылы ма, онша түсіне қоймаппын сол кезде. Ал мен ешқашан əкемнен сырымды жасырмайтынмын.


– Есіңізде қалған ерекше қасиеті...

– Ол бастық болудан қашатын. Тіпті өзінің жүргізушісін шақыруға да ыңғайсызданатын. Таза шығармашылықтың адамы болған шығар...


– Бірге жүрген достары... Олармен қазір қарым-қатынастарыңыз бар ма?

– Əрине, олар бізді ұмытқан жоқ, ұмытпайды да. Мен олардың əрқайсысынан əкемді көремін жəне жиі еркелеймін. Олар менің еркелігімді көтереді.


– Жарияланбаған шығармалары...

– ... өте көп. Аяқталмай қалған əңгімелері де бар. Өзімше аяқтап тастағым келеді, бірақ əкем ойластырған финалға жеткізе алмаймын-ау... Болашақта қолымнан келгенше «Аяқталмай қалған шығармалары» деген жинақ шығарғым келеді. Баспада «Таңдамалысы» жатыр, тірі кезінде тастап кеткен, əлі шыққан жоқ.


Есей Жеңісұлының “Сендер бəрің жақсысыңдар, адамдар!..” кітабынан


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар