Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ӘҢГІМЕ
Гүлсараның махаббаты...

25.11.2021 5478

Гүлсараның махаббаты 12+

Гүлсараның махаббаты - adebiportal.kz

(әңгіме)

Махаббаттың да адамның өмірі секілді,

өзінің даму заңдары, өзінің өмір жасы

болады. Оның да құлпырған көктемі,

жалынды жазы, ақырында: қай біреулер

үшін шуақты, нұрлы да жемісті, екінші

біреулер үшін сұп-суық, шірік те жұтаң

күзі болады.

(В. Г. Белинский)

Гүлсара Темірбекпен ойламаған жерден танысты. Сол күнгі кездесу қыздың өмірін мүлдем өзгертіп жіберді. Үйдің қоңырауы шылдырағанда есік ашты. Арғы жақтан сыпайы сәлемдесіп, жүзі жылы екі адам кіріп келе жатты. Туысқан ағасы әлгінде ғана: «Қазір үйге бір жігіт пен қарындасы келеді. Өте жақсы тәрбие көрген отбасының балалары. Бізге де бөтен болмайды» деп ескерткен.

Жұрт мақтаған жігітті қыз жақтаған. Туыстары мақтауын асырған жігіт көрікті, ақылды. Үйдегілермен амандасып, қарындасын ертіп, ас үйдің төріне озды. Отты көздерінде бір сүйкімділік бар. Үй иесі таныстырып, жастар еркін отырсын деп ас бөлмеден шығып кетті.

- Гүлсара, сізбен танысқаныма өте қуаныштымын!

- Мен де қуаныштымын! - Қыздың дауысы біртүрлі шықты.

- Сіз де студентсіз бе? – деп жігіт әңгімеге тартты.

- Иә. Филология факультетінде оқимын.

- Болашақ әдебиетші екенсіз ғой.

- Иә, солай.

Дастархан басында отырғанда Темірбек екеуінің көздері шарпысып қалды. Қыз қатты қысылып, жігіт жеңіл жымиды. Сол бір сәт Гүлсараның жүрегінде алып жанартау оянған еді.. «О, Жасаған! Маған не болды? Өне-бойым өртеніп бара жатқаны несі. Өмір бойы зарыға күткен адамымды кездестіргендей жүрегімнің аласұрғанын түсіне алар емеспін». Өз ойымен өзі арпалысты. Жаңа ғана танысқан жігітке қайта-қайта қарай берді.

Темірбектің бауырмалдығы бірден байқалды. Дастарханда қарындасын да әңгімеге тартып, ілтипат білдірді. Студенттік шақтың қиыншылығы көп. Әсіресе ауылдың балалары бауырмал келеді. Гүлсара бір-біріне ерекше мейірімділік, бауырмалдық танытқан ағасы мен қарындасына ризашылық көңілмен сүйсіне қарады.

***

Керуен-күндер зымырап өтіп жатты.

Гүлсара құрбысымен қазақ драма театрындағы жаңа қойылымға барған. Г. Гориннің «Атың шықпаса» пьесасының тұсаукесері. Қойылым басталар алдында дәлізбен келе жатып Темірбекті көрді. Үстіне әдемі кәстөм-шалбар, ақ көйлек киіп алыпты. Көңіл-күйі де керемет. Гүлсараны көргеніне қуанып, шөп еткізіп бетінен сүйді. Мұны күтпеген қыздың екі құлағы дуылдап кетті. Тілі байланып қалды. Жігітке деген ынтықтығы ұлғая берді. Жанындағы құрбысын таныстыруды ұмытты. Соны сезген Темірбек Ақжүніске оң қолын созып, аты-жөнін айтты. Бұл сәтте Гүлсараның жүрегінде табиғат гүл-гүл жайнап, бояулары мың құбылып жатқан еді.

Көрермендер залы лық толы. Темірбек көп кісімен амандасты. Мәдени ортада сыйлы екені көрініп тұр. Құрбы қыздар артқы орындыққа отырды. Қойылым өте сәтті шығыпты. Адам жанының қатпарларына үңілесің. Автордың жан құпиясын табуға деген құлшынысын көресің. Расында кей адамдар атын шығаруға бар ерік-жігерін жұмсайды. Атаққұмарлық пен ақымақтық айрылмас достар деген түйін жасалады. Шығарма керемет әсер сыйлады. Көрермендер тік тұрып, әртістерге ұзақ қол соқты. Темірбек театрдың бас суретшісіне гүл шоқтарын табыс етті.

Сол күнгі қаңтардың кеші әдеттегіден әсем еді. Аспаннан жапалақтап қар жауып тұр. Айнала аппақ. Темірбек пен Гүлсара көшелерді бойлап ұзақ жүрді. Әңгімелері бірден жарасым тапты. Театрдан алған әсерлерімен бөлісті. Бір-бірінің сөзін мұқият тыңдады. Жігіттің әзілдері қыздың жанын жадыратты. Сол сәтте әлемде одан бақытты жан жоқ еді. Жүрегіндегі сезімді жеткізгісі келген. Бата алмады. Сол сүйіспеншілік жігіттің иығына, үстіне аппақ қар түйіршіктері болып жауып жатқандай көрінді.

***

Гүлсараның мінез-құлығы тез өзгерді. Сабаққа деген ынтасы азайды. Тұйық. Үйде де, түзде де жан баласымен тілдеспейтін әдет тапты. Темірбекке деген ынтықтығын қалай жеткізерін білмеді. Өне-бойын ғашықтық дерті жаулады. Көптен хабар-ошарсыз кеткен құрбысын іздеп келген Раушан аңтарылып қалды. Бозарған түрінен бір нәрсенің болғанын сезді. Гүлсараның қос жанарынан жалындаған сезім отын көрді. Көп ойланған жоқ. Мұндайда қарекет қылудан басқа не амал бар. Құрбысының көңілін көтерудің жолын тапты. Оның әпкесі Темірбекпен жиі көрісетін әріптестер екен.

- Гүлсара, сен мұңаймашы! Әпкем арқылы жүрегіңнің лүпілін толық жеткіземін! Тек, сабырмен күтейікші! – деді жұбатып.

- Мен ол жігітке сезімімді қалай жеткіземін? – деді Гүлсара шарасыздықтан жол таба алмай.

- Ол жағына басыңды ауыртып қайтесің, жаным-ау! Барлығын өзім реттеймін! Темірбекті бір күні үйге қонаққа шақырамыз. Сендердің оңашада сөйлесулеріңе барлық жағдайды жасаймыз. Сөйтіп жүрегіңнің «мәселесің» шешеміз! – Раушан өзінің жоспарының іске асатынына сеніммен қарап, сықылықтап күлді.

- ...

Гүлсара болса «Темірбек, мен саған шын ғашықпын! Сенсіз өмір сүргім келмейді! Менің жүрегім сен деп соғады» деген сөздерді ішінен қайталай берді.

***

Күндер зулап өте берді.

Қызөдың көңілі алабұртып, таңды таңға ұрып ғашығын ойлады. Кездесетін күні кіршіксіз сезімін жайып салатын сәтті армандады. «Сабақты ине сәтімен» деген. Құрбысы екеуі Темірбекті қонаққа шақыруға дайындалып жүргенде ауылдағы туыстары хабарласты. Сіңлісінің қалаға оқуға келетінін естіді. Оқуға түсетін баланы дайындауды аға-апалары өзіне тапсырды. Үміт оты жылт етті. Көмекке шақырса Темірбек те бас тартпайды. Тәңірім сәтін салса екен. Жүрегі құрғыр дүрсілдеп қоя берді.

Көп ұзамай уәделі күні Темірбек келді. Қолында бір қорап шоколады бар. Әп-әдемі киініп алыпты. Көрсетілген құрметке ризалығын білдірді. Гүлсараның сіңлісіне де кішігірім сыйлық әкеліпті. Үйде үшеуі ғана.

- Ал, әуелі дастарханға отырайық! – деп Гүлсара дайындаған дастарханына шақырды.

- Онда не қарап тұрмыз? Жайғасайық.

Кішігірім отырыс көңілді басталды. Көбіне Темірбек сөйледі. Мағжан Жұмабайдың өлеңдерін образға еніп, ерекше шабытпен оқыды. Өзі де өлең жазады екен. Гүлсара беріліп тыңдады. Жігіттің ауық-ауық қарағанын елемеген қалып танытты. Сабаққа дайындық түннің бір уағына дейін созылды. Сіңлісі ұйқы қысып, есіней берген соң төр бөлмеге жатты. Темірбек отбасылық альбомды көріп, біраз отырды. Таң ататын уақыт та жақын. Темірбек киімдерін киіп, жақын жерде тұратын досының үйіне баруға жиналды.

Қимағанын көздерімен сездірген қыз жігітпен ілесе шықты. Түнгі аспан мөп-мөлдір. Баяу ғана қар ұшқындап тұр. Екеуі тілдеспей біраз жер жүрді. Бір кезде Темірбек қыздың қолынан ұстап алып:

- Гүлсара, тоңып қалған шығарсыз? – деп сұрады.

- Жоқ! - деді дірілдегенін жасыра алмай.

- Онда неге дір-дір етіп тұрсың? – деп сізден сенге көшті. Жігіттің қолының жылуы өне-бойына тарап, демі тарылды. Бір оңаша жерге келгенде жігіт қызды құшақтап алып, ернінен сүйді. Мұндай «батылдықты» күтпеген қыздың буын-буыны босап, жігіттің құшағына кіріп бара жатты. Өзіне керегі осы еді ғой. Бірдеме деп тіл қатпақ болып еді, үні шықпады.

«Сезімімді жеткіземін дегенің қайда? Енді не қарап тұрсың? Әй, бірақ сен байқа! Бұл өнерпаз, ақын жігіт. Сені біраз ермек қылып, кейін тастап кетеді. Тағы бір қызды тауып алады. Оған да өлең оқиды» деген жаман бір ой санасында сумаң етті. Сол сәтте Темірбекті кеудесінен итеріп жіберді. Алды-артына қарамай, үйіне қарай жүгірді. Неге бұлай істегенін өзі де түсінген жоқ.

Бұл оқиғадан кейін Темірбек жиі-жиі телефон шалып жүрді. Кездесуге шақырса сылтауратып: «Уақытым жоқ!» деп қашқақтайтын болды. Соңынан ғащық болған жігітін ойлап: «Шақырғанда неге бармадым екен. Қол ұстасып театрға барып, ана жолғыдай тағы сырласатын едік» деп қалың мұңға батады. Ол өзінің аяулы сезіміне қарсы әрекет жасады. Сол қылығымен Темірбекті өзіне ынтықтыра түсемін деп ойлады.

Бір күні аялдамада Мұратбекті жолықтырды. Түнде қар аралас жауын жауған. Көшелердің бәрі жып-жылтыр мұз. Автобус күтіп тұрған Гүлсара кенет аяғы тайып, мұрттай ұшты. Өзі бір жақта, сөмкесі бір жақты қалды. Көзін ашса, бір еңгезердей жігіт қолынан ұстап, үсті-басын қағып, сөмкесін ұсынып тұр.

- Қарындас байқамайсыз ба, мертігіп қала жаздадыңыз ғой! Бір жеріңіз ауырып тұрған жоқ па? – деді бейтаныс жігіт бәйек болып.

- Жо-жоқ, ешбір жерім ауырып тұрған жоқ, - деді аяғының ауырсынғанын білдірмей. – Рақмет, Сізге!

- Қаласаңыз үйіңізге дейін шығарып салайын,- деді жігіт қыздан көзін алмай.

- Әуре болмай-ақ қойыңыз. Өзім кете беремін.

Онысына көнбеді. Қолтығынан демеп, сөмкесін ұстады. Жолай екеуі жөн сұрасып, танысып үлгерді. Алғашқы әңгімесінен аңғарғаны, мамандығы өрт сөндіруші екен. Өнер, әдебиеттен алыс адам. Темірбекпен салыстыруға келмейді. Өзі батыл, өзі ұрда-жық. Қызды үйіне дейін шығарып салып, мекен-жайын жазып алды.

***

Наурыз мейрамы жақындап қалған кез. Темірбек Гүлсараны өзі іздеп келіп, мерекелік кешке шақырды. Алдында ғана Мұратбек те достарымен таныстыруға ертіп баратын айтып, уәдесін алған. Енді не істемекші? Темірбекке «Жақсы, барайын. Сәл кешігіңкіреп келемін» деп өтірік айтты. Ал Мұратбек үйіне ертерек келіп, қызды өзімен бірге ертіп кетті. «Әй, қойшы сол Темірбекті. Мен ерікті адам емеспін бе? Мұратбектің достарын көріп, танысып қайтайын. Жай қыдырып, көңіл көтергенде тұрған не бар дейсің? Ақынжанды Темірбегім қызғануды білмейді. Мені басқа жігіттердің де би кештеріне шақырып, ғашық болып жүргенін көрсін». Гүлсара осылайша Темірбекті қинап, өзінің үстемдігін сездіргісі келген. Бірақ ол өзімшілдігінің махаббатының түбіне жететінін білген жоқ еді.

Сол күнгі кеш көңілді өтті. Мұратбектің достары жатырқаған жоқ. Көпшіл, ұйымшыл орта. Ән мен би қатар өрілген отырыс жас қыздың уайымдарын ұмыттырып жіберді. Кештің қызығы қаланың орталығындағы саябақта жалғасты. Екі-екіден қол ұстасқан қыз-жігіттер «Армандастар» әнін қосыла шырқап келе жатты.

Бір дәуірдің мөлдіреген аспаны едік,

Бәріміз бір өмір жолын бастап едік...

Кенет Гүлсара әрілі-берілі ағылған жұрттың арасынан Темірбекті көрді. Аяғын еппен басып, досымен сөйлесіп келеді. Көңілсіз. Дауыстап жібере жаздады. Әуелі өз тобынан бөлініп, кешірім сұрағысы келген. Ол ойының іске аспайтынын білді. Мұратбектің қарулы қолынан сытылып шығу оңай емес. Оның үстіне жігіттер қызғаныштан төбелесіп қалса, іс насырға шабады. Амалсыздан үнсіз артына қарайлап өте берді. Өзінің бақытынан осылай алыстап бара жатқанын жүрегі құрғыр сезіп тұрған еді. Ол махаббатын мәңгілікке жоғалтты. Бұл Темірбекті соңғы рет көруі еді.

Арада бір-екі күн өтті. Бір жамандықтың болғанын сезген Гүлсара Темірбекті жатақханасына іздеп барды. Вахтадағы орыс әжей «Мен Темірбектің туысы едім. Бөлмесіне кіріп шығайыншы» дегеніне аң-таң болып қарап: «Ол мұнда тұрмайды. Екі күні бұрын бөлмесін тапсырып, кетіп қалған» деп жауап берді. Төбесінен жай түскендей болды. Үмітін үзбей, кіріп-шыққандардан сұрады. Жан баласы Темірбектің қайда кеткенін білмейтін болып шықты. Қайтар жолда қарсы ұшырасқан ер-азаматтардың бәрі оған Темірбек болып көрінді. Бір сәтте артынан: «Гүлсара!» деп айқайлайтындай елестеді. Темірбек бұл кезде басқа қаладағы жаңа өмірін бастап кеткен еді.

Төлен Тілеубай


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар