Еліміздің және алыс-жақын шетелдердің қалам ұстаған әрбір азаматын бей-жай қалдармаған І «Рух» халықаралық әдеби байқауы өз мәресіне жетіп, жеңімпаздары марапатталды. Салтанатты рәсім Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің бас ғимаратында өтті.
«ҚР Президенті Әкімшілігі мен Мәдениет және спорт министрлігі қолдау көрсеткен байқау, сөзсіз, Қазақстанның мәдени өмірінде маңызды оқиға ретінде назар аудартқаны анық. Шығармашылық аламан қазақ әдебиетін халықаралық деңгейде танытуға және Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында белгіленген міндеттерді ілгерілетуге ықпал етеді деген сенімдеміз. Әдеби бәсеке жасы мен кәсібіне қарамастан, әдебиет майталмандарымен бірге, жас ақын-жазушылардың да дамып келе жатқанын көрсетті» - деп атап өтті қазылар алқасының төрағасы Төлен Әбдік.
Сонымен, назарларыңызға әр аталым бойынша Бас жүлде мен 1-орындарды алған авторлар мен олардың шығармаларын ұсынамыз.
Проза: роман, повесть аталымы:
1-орын – Ырысбек Дәбейұлы, Алматы қ. Жылқы атылған жаз (роман)
Гран-при - Тынымбай Нұрмағамбетов, Алматы қ. Рухтар жерден кетеді (роман)
Проза: әңгіме, эссе аталымы:
1-орын- Ұларбек Нұрғалым, Астана қ. Дайағашшы (эссе)
Гран-при - Несіпбек Дәутайұлы, Жамбыл обл. Тағдыр (әңгіме)
Поэзия: поэма аталымы:
1-орын – Несіпбек Айтұлы, Астана қ. Жаңғыру жыры (поэма)
Гран-при - Бақыт Беделхан, Алматы қ. Рух жыры (поэма)
Поэзия: топтама өлеңдер аталымы:
1-орын – Рауза Хузахметова, РФ, Татарстан республикасы. Рубаи
Гран-при - Ықылас Ожайұлы, Астана қ. Құдайға да қарайтындай қасқайып
Үздік драматургия аталымы:
1-орын – Ардақ Нұрғазы, Алматы қ. Мен, мен ешкім де емеспін (пьеса)
Гран-при - Серік Асылбекұлы, Алматы қ. Қазақша ашылып сайрау (комедия)
Әдеби сын аталымы:
1-орын – Бекзат Смадияр, Алматы қ. Маркестің қара қолғабы
Гран-при - Амангелді Кеңшілікұлы, Астана қ. Тұрақсыз әлемнің суреткері
Балаларға арналған поэзия аталымы:
1-орын – Құл-Керім Елемес, Алматы қ. Балапаным, аузыңды аш...
Гран-при– Серікбол Хасан, Алматы қ. Қасиетті Қазақстан
Балалар прозасы аталымы:
1-орын – Лиля Калаус, Алматы қ. Зов солнца
Гран-при– Айсұлу Алмаш,Астана қ. Құрбы қыздар құпиясы
Әр аталымның 1-орын иегері дипломмен марапатталды және 1 000 000 теңге көлемінде ақшалай сыйлық иеленді.
Әр аталымның Гран-при иегері дипломмен марапатталды және 2 000 000 теңге көлемінде ақшалай сыйлық алды.
«2018 жылы жүлде алған 16 дарабоздың туындылары жеке кітап болып басылып шығады деп жоспарланып отыр. Ал бұл байқауға ел ішінен бөлек, алыс-жақын шетелдегі ақын-жазушылар, драматургтер мен әдебиет сыншылары қызығушылық танытқанын атап өткен абзал. Қазақстандық шығармашылық қауым өкілдерінен басқа, бәйгеде Әзірбайжан, Беларусь, Қытай, Моңғолия, Ресей, Түркия және Украина елдерінің авторлары бақ сынады. Сондықтан, енді, «Рух» байқауы дәстүрлі сипатта өткізіліп отыратыны ұйғарылды» - дейді байқаудың ұйымдастырушысы «Әдебиет порталының» жетекшісі Бауыржан Қарағызұлы.
Байқауға барлығы 899 шығарма түскен. Оның ішінде қазақ тілінде 403, орыс тілінде 493 және ағылшын тілінде 3 туынды сарапталды.
Жанрлар бойынша, І «Рух» халықаралық әдеби байқауының қоржынына қазақ тілінде 11 роман, 17 повесть, 86 әңгіме, 26 эссе, 28 поэма, 108 өлеңдер топтамасы, 27 драма, 35 әдеби сын, балаларға арналған 38 прозалық және 27 поэзиялық шығарма түсті.
Ал орыс тілінде 27 роман, 26 повесть, 128 әңгіме, 31 эссе, 18 поэма, 128 өлеңдер топтамасы, 29 драма, 7 әдеби сын, 64 балалар прозасы және 35 балалар поэзиясы еңбектері бәйгеге қосылды. Ағылшын тілінде 2 әңгіме және 1 әдеби сын жолданған.
Әбу-Асқар Мекешұлы
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.