Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Ілияс Жансүгіровтің жарияланбаған өлеңдері турасын...

28.05.2018 28790

Ілияс Жансүгіровтің жарияланбаған өлеңдері турасында

Ілияс Жансүгіровтің жарияланбаған өлеңдері турасында - adebiportal.kz

Ілияс Жансүгіров әдебиеттің бар жанрында қалам тербеген. Оның шығармаларының қай-қайсысы да дүлдүл ақынның мол дарынын, өзіндік қолтаңбасын көрсетіп, от жалынды, өткір тілді, дауылпаз тұлға екендігін айғақтай түседі. Өз дәуірінің саяси-әлеуметтік, әйел теңдігі сынды мәселелерін, заман шындығын көркем бейнелейтін туындылары оқырманды ойландырады, тебірентеді, небір сұрақтарға жауап іздетеді.

Десек те, Ілияс Жансүгіровтің әлі де оқырманның қолына түспеген, әлеумет назарына ұсынылмаған, архивте шаң басып тұрған дүниелері жетерлік. Ақынның көпшілікке белгісіз шығармалары турасында сөз қозғауды жөн санадық:

1958 жылы «Қазақстан жазушылар одағының президиумының председателі Ғ. Мүсірепов жолдасқа «1957 жылдың сентябрінде, ақын-жазушы Ілияс Жансүгіровтың толық жинағын баспаға даярлау туралы Қазақстан жазушылар Одағы презедиумының қаулысы болып, осы жұмысты ұйымдастырып, іске кірісу үшін комиссия құрылған болатын. Сол толық жинақты баспаға даярлау үшін комиссия төмендегі планды бекітуді президиумнан өтінеді.

Ілияс Жансүгіровтың басылып шыққан, басылмаған қолжазба, архивтардан табылған материалдармен таныса келгенде /1915-1937 жылдар арасы/, әр том жиырма баспа табақ, не барлығы сегіз том шығаруға болады; әр жылда екі томнан, 1958 жылы бастап, 1961 жылы аяқталуы керек, деп комиссия тауып отыр.

Әр томның мазмұны төмендегідей болуы керек:

  1. І том. Өлеңдері /1915-1937/ Басылуы – 1958.
  2. ІІ том. Поэмалары. Басылуы – 1958.
  3. ІІІ том. Әңгіме-фельетондары Басылуы – 1959.
  4. ІҮ том. Роман «Жолдастар» Басылуы – 1959.
  5. Ү том. Пьесалары Басылуы – 1960.
  6. ҮІ том. Аудармалары – 1960.
  7. ҮІІ том. Очерктер мен мақалалар – 1961.
  8. ҮІІІ том. Ілияс туралы естеліктер мен мақалалар – 1961

Бұл жұмыстарды атқарушылар, комиссия мүшелері, керек болған жағдайда басқа да әдебиетшілердің қатыстырылуы мүмкін. Комиссия мүшелері: қолы» [1,1].

Осыдан 60 жыл бұрын өткен жиында өзекті болған тақырыптың әлі де күн тәртібінен орын алып тұрған жайы бар. Бұл – бір жағы өкіндіріп, бір жағы қуантады. Қуантатыны – ізденіс, зерттеу, зерделеудің толассыз жүріп жатқандығы болса, өкіндіретіні – әлі де бір жүйеге келмей тұрғаны. Алғашқы жобасы осы кезде жасалған І. Жансүгіров көптомдық шығармалар жинағының саны бұл күнде 10 томға жетті. Ал оған қатысты зерттеу еңбектері, монографиялар, оқу құралы мен мақала, очерктер саны өте көп. Зерттеу көп болған сайын, ақтаңдақ беттері ашыла түсетіні сөзсіз, бұл ілиястанудың бір орында тұрмағандығын, бір орында қалмағандығын көрсетеді.

Ильфа Ілиясқызының сұхбатында: «Мәскеуде оқып жүргенде жазған конспектілері, мақалалары, аудармалары, бірен-саран шығармалары да жарық көруін күтуде. Жалпы оқырман қолына жетпеген мұрасы көп, өте көп. Әкемнің архиві өте ұқыпты сақталған. Мұндай мұрағат басқа ешкімде жоқ. Бірақ әлі күнге зерттелмеген. Оның себебі әкем 60 жылдарға таман бір-ақ ақталды. Бұл кезде арабша хат танитындар сирек еді. Ал қазір болса, ілиястанумен ешкім шұғылданбайды» деп назын білдіреді [2, 5]. Алайда, ілиястанумен ешкім шұғылбандайды деп жоққа шығару әсте әбестік болар. Барды бар деп айту да керек. Дегенмен «бірақ» деген дүние бар. Ол – расымен де Ілияс Жансүгіровтің туындыларының әлі де архивтерде шаң басып жатқандығы. Бұл дегеніміз сөзге еш дерексіз қосылу, еш дерексіз қолпаштау емес. Өзіндік айғақтары да бар.

«Қазақ әдебиетінің» 7 мамыр, 18 санындағы «Мұрағаттағы Жансүгіров мұрасы қол тимеген қазына сияқты» деген мақаланы оқып, сол жоғымызды табудың сәті түсетіндей сол аталмыш қазынаның бетін асыға ашқанымызда Ілияс Жансүгіровтің өз қолымен араб әрпінде жазылған өлең, поэмаларына кездестік. Соның бірінің алғашқы бетінде «Қапал уйезінің Ақсу болысында тұрушы Ілияс Жансүгіров жазған өлеңдер. Айрықша басылуын өтінем. Ішінде газетке бөліп бастыратын қысқа, күйлі сөздер бар. Қазақ басшыларынан ұмытпауын өтінем» деп жазып қолын қойыпты. Келесі беттеріндегі өлеңдерінің астында 1919 жыл, 2-айдың 10 күні деген уақыты бар. «Түрлі өлеңдер» деген ортақ ат қойылған бұл топтамасының тақырыптары әр алуан» [3, 6] – деп О.Асқар «Жансүгіровтің жарияланбаған жырлары» атты мақаласында (Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік мұрағаты, 1368-қор, І-тізімде, 30-іс, 205-бет) қордағы материалдан дәлелдер келтіре отырып, жариялаған. «Сөйтіп он тоғызыншы жылдары ақынның өз қолымен жазылып, «Айрықша басылуын өтінем» деп газетке ме, журналға ма, әйтеуір бір баспа орнына ұсынылған бұл өлеңдер басқа да қолжазбаларымен бірге содан бергі ғасырға жуық уақыт ішінде көрмегенді көріп, қапасқа қамалып, отқа салса күймей, суға салса батпай, НКВД-ның да жауыздарының жанашырлығын оятып, аман қалған бұл өлеңдер енді міне менің алдымда жатыр» [3, 6-7] деп ақынның «Сәулеме», «Толқын», «Сөздің де сөз болған соң жүйесі бар...», «Шын үміт», «Қиял өмір», «Кісілік пен хайуандық» атты өлеңдерін ұсынған.

Осы жөнінде «Ілиястану» (2012) оқу құралында «Ілияс Жансүгіровтің шығармашылық өмірбаяны» атты І тарауында жазылған екен. «...осы уақытқа дейін еш жинағына енбеген бірнеше өлеңін «Қазақ әдебиеті» газетінде жариялапты. Болашақта бұл өлеңдер Ілиястың өлеңдер жинағынан өз орнын табар деген ойдамыз. «Түрлі өлеңдер» деген ортақ ат қойылған бұл топтамасының тақырыптары әр алуан. «Сәулеме» атты махаббат-сүйіспеншілік жыры бар. «Тоқтаусыз толқын кездесіп, Ажарын алды заманның. Шаруаның жолын тез кесіп, Сүреңін алды адамның» – деп басталатын сол кезеңнің аласапыранын суреттеген «Толқын» өлеңі бар» [4, 189]. Бірақ бұл жердегі «1919 жылдары «Кісілік пен хайуандық», «Қиял өмір», «Шын үміт», «Қор болдық, алдандық», «Сөздің де сөзден соң жүйесі бар» өлеңдері де жинаққа енетін күндерін тосып жатыр» делінген жолдардағы «Қор болдық, алдандық» атты өлеңнің атауы емес, осы ретте берілген «Шын үміт» өлеңінің алғашқы жолы еді.

«Жансүгіров атындағы қоғамдық қор құруға өтпелі кезеңдегі саясаттың ақын мұрасына лайықты көңіл бөлмеуі себеп болды. Кейбіреулер өткен тарихқа топырақ шашып, көрнекті өкілдері көмескілей бастады. Осындай теріс ықпалдың жетегіне ергендер ішінде Ілиясты да саясат сойылына жығып беруге тырысқандар бар. Меніңше, Ілияс әкем болған соң айтып отырғаным жоқ, бір ұлттың шеңберіне сыймайтын жалпыпланеталық деңгейдегі ақын. Ендеше сол туралы жаңаша сөз айтатын уақыт жетті...

– Ілияс шығармашылығы туралы бұрынғы кеңестік замандағы зерттеу еңбектер ескірді. Ілияс шығармашылығы, өмірі туралы жаңаша сөз айтылу тиіс. «Ілияс және фольклор», «Ілияс және музыка», «Ілияс және театр», «Ілияс сөздігі» атты зерттеу еңбектер қолға алыну керек. Жалпы, оқырманға эпик ретінде танылған ақынның махаббат тақырыбындағы тамаша лирикалық өлеңдерінен көпшілік әлі хабарсыз. Анам Фатима Ғабитоваға арнап шығарған жан сыры мен жүрек мұңынан туған нәзік сезімді жырлары ешкімді бей-жай қалдырмайды. Солар жарыққа шықпай жатыр» [2, 5].

«Жансүгіров мұраларының әр кезеңде жинақ болып та, жеке кітапшалар түрінде де бірнеше рет жарық көргені белгілі. Ақынның 1958 жылғы «Қазмем Көркем әдебиет» баспасынан шыққан «Шығармалары», 1972 жылғы «Мектеп» баспасынан шыққан «Поэмалары», 2003 жылғы «Атамұра» баспасынан шыққан «Құлагер» жинағы, 1960 жылғы «Қазмем Көркем әдебиет» баспасынан жарық көрген «Бес томдық шығармалар жинағы» мен 2004 жылғы «Қазығұрт» баспасынан шыққан «Көп томдық шығармалар жинағын» қолға алып, бірсыпыра өлеңдері мен «Күйші» поэмасын өзара салыстырып шыққан уақытта бірлі-жарым емле және тыныс белгілерден кеткен қателер болмаса, айтарлықтай текстологиялық кемшіліктер аңғарылмай, тек «Жетісу суреттері» атты өлеңіндегі жекелеген сөздердің түзетілуі мен өлең жолдарының қысқартылуы сияқты мәтіндік айырымдарға «Текстология» (2009) атты оқу құралында қысқаша тоқталған.

Ақынның «Қазақ әдебиеті» газетінде (1965 жылы, 28 май) «Ілиястың жарияланбаған өлеңдері» деген тақырыппен «Жауын», «Құдаша», «Май» атты өлеңдері басылған. Негізінен «Жауын» өлеңі 1958 жылғы «Қазмем Көркем әдебиет» баспасынан шыққан «Шығармаларында» (170-б) жарық көрген» [5, 56-57].

Сыншы Бақыт Сарбалаев «Қазақ әдебиеті» газетінің 1989 жылы 8 желтоқсандағы санында «Жетім бота – көңілім» деген мақала жариялады. Онда Ілиястың «Тілші», «Еңбекші қазақ» газеттерінде, «Әдебиет майданы» журналында, «Сағанақта» және 1933 жылғы өлеңдерінің толық жинағында жарық көрген «Молданың мінажаты», «Қажыдым», «Ақынға», «Ызалы қиял», «Қиял өмір», «Өмір-көмір», «Тумас па екен?», «Құрысын», «Айырылу аттанысында», «Моласында», «А.Б.-ге», «Жаңа өнер», «Кәмінтерін», 1929 жылы жазылған «Сал кедей», «Қалыбек» өлеңдері 1964 және 1986-1989 жылғы 5 томдық жинағына енбей қалғандығын ашына отырып жазады. Біз өз тұрғымыздан соңғы жылдары шыққан Ілиястың 10 томдығынан осы өлеңдерді іздеп едік, таппадық» [4, 31] – дейді.

Бұл туралы Бексұлтан Нұржекеұлы: «2001 жылы Ілияс Жансүгіров қоры мен САНДЖ орталығы Ілекеңнің бұрын жарияланбаған біраз шығармасын «Жетісу» деген атпен жеке кітап етіп шығарды. Оның ішінде «Жетісу өлкесін» орыс алуы», «Ұзынағаш соғысы», «Жаркент оязында», «1916 жыл деректері», «Лепсі оязында», «Қара бауыр» деген бөлімдер бар. Ол кітап те құндылығы жағынан біз талдап отырған кітаптан еш кем емес. Аты дәлме-дәл келетін бұл кітаптың ішінде ондай шығарма болмағандықтан, Ілекеңнің сол орысша шығармасының қазақшасы осы «Жетісу» кітабының ішінде бар-жоғын анық-қанық біле алмадым» [6, 10-11] – дейді.

Ол турасында сұхбатта: «Бұдан біраз бұрын Жансүгіров қоры «Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығында екі кітаптың тұсаукесер рәсімін өткізді. Оның бірі – Ілияс Жансүгіров өміріне қатысты тың мұрағаттық деректер жинағы. Ішінде бұрын оқырман қолына жетпеген «Жетісу қазақтарының көтерілісі» атты мақаласы да бар. Екіншісі – ақынның «Құлагер» поэмасының орыс тіліндегі жаңа аудармасы. Енді мұндай тұсаукесерді Астанада өткізбек. Жалпы, қоғамдық қордың арқасында Ілиястың таңдаулы өлеңдері мен поэмалары бұдан бұрын да орыс тілінде жарық көрген. Оның ішінде «Күй», «Күйші», «Құлагер» секілді поэмалары бар» [2, 5] делінген.

«Қазақ мемлекеттік Орталық мұрағатта 172 жолдан тұратын «Құсбегінің айналасында» дастанының қолжазбасы сақталған. Онда Ілияс «1919 жыл, 19 март» деп қол қойғаны туралы «Ілиястану» оқу құралында жазылған.

Ал 1984 жылы «Ара» журналының №5 санында «Әзіл-сықақтың ақиығы» деп атау беріп, Ілиястың сатиралық туындылары «Қайтсең көсем боласың?» (Қаптағай), «Бейсембек «болыс» (Матай), «Белсенділерге» (Таңқыбай) атты өлеңдері мен «Бақтың әдісі» фельетоны жарияланыпты. «Бір сырлы, сегіз қырлы қаламгер Ілияс Жансүгіровтің әзіл-сықақ, әжуа-оспағында күлкінің құдіретті қуаты бар. Ілекең өз атынан ашық жазған немесе Матай, Балгер, Жаза, Ағын, Сақа, Салпаққұлақ, Қаптағай, Таңқыбай, Құйқұлақ, Жетім бала, Талды, Қорған, Қарабұқара, Тоқайтемір, Қайнар, Құрметшіл сияқты бүркеншік атпен жарияланған сын-сықағында кері кеткен кейіпкерлеріне көресілерін көрсетіп, сыбағаларын сілейтіп берген.

Өздеріңізге ұсынылып отырған өлеңдер – Ілекеңнің архивінен бертінде табылған туындылар» [7, 2] деп түсінік берілген.

Ал, «Жарқ етіп сөнген жалалы ғұмыр» атты Фатима Ғабитованың «Алыптар тағдыры» (күнделік дәптерден) естелік кітабында: «Біләл Сүлеевтiң мен бiлетiн шығармалары»

1 – «Қартаға салынған қатын» бiр перделi, Алматы жатақханаларының тұрмысынан алынып жазылған комедия едi. 1921 жылы Алматы қаласында бiрнеше рет қойылды.

2 – «Қайтсең көсем боласың», сатира. 1922-жылы жазылған.

3 – «Нақысбек» бұл да сатира. 1922-жылы жазылған.

4 – «Қабанбай мен Сазанбай» ұзақ өлеңмен жазылған сатира» [8, 133] делінген.

Біләл Сүлеевтің «Қаптағай» деген бүркеншік есіммен жарияланған «Қыз бен жігіттің айтысы», «Картаға салынған қатын» атты бір перделі комедия, «Қазақтың 24 басалқа дыбысы», «Қайтсең де көсем боларсың» (1922), «Нақысбек» (1922), «Жұт жеті ағайынды», «Қабанбай мен Сазанбай» атты өлеңі (1922), «Қазақ мұғаліміне» (1923) атты сатиралық өлеңдері бар деп зерттеу еңбектер, ғылыми мақалалар, естеліктерде жазылып жүр. Алайда, дәл осы жердегі «Қайтсең көсем боларсың?» деген өлеңін архив деректерімен салыстыру қажет. Сонда бұл өлеңнің Ілияс Жансүгіровтікі немесе Біләл Сүлеевтікі екендігі нақтыланады. Өлеңдерінің аражігін ажырату – болашақтың ісі.

Табылған және табылатын өлеңдер мұнымен тоқтамақ емес, бір жинағына еніп, бір жинағына енбей қалған туындылар, архивтерде шаң басып жатқан асыл мұралар қатары әлі де бар.

Ілияс «Еңбекші қазақ», «Жас алаш», «Ана тілі», «Сарыарқа», «Ақ жол», «Қазақ әдебиеті» газеттеріне, «Жетісу әйелі», «Жас қазақ», «Сана», «Шаншар», «Әдебиет майданы», «Жаршы» журналдарында жиі-жиі мақалаларын беріп тұрған. Әлі арылып болмаған қараңғылық, парақорлық, мансапқорлық, пәлеқорлық, екіжүзділік сияқты жағымсыз, жексұрын мінез-құлықтар ақынды жирендіріп, талай уытты, сыншыл, сықақшыл өлеңдері мен фельетондарын туғызды [4, 25] делінген. Біз осы қатарға «Қазақ» газетін қосқымыз келеді. «ХХ ғасырдың энциклопедиясы» атанған бас газетте Ілияс Жансүгіровтің бірнеше мақаласы мен өлеңдері жариялаған. Б. Қалмырзаевтың «Ілияс Жансүгіров және «Қазақ» газеті» атты мақаласында [9, 4]. «Қазақ» газетінің 1914 жылғы 16-қазандағы 82-нөмірінде Ілиястың «Жаңа салықтар» деген бас мақаласы жарық көріпті. Мұнда империалистік соғысқа қазақ елінің қатысы, соғыс салықтарын алу мәселесі айтылған. Бұл мақала – І. Жансүгіровтің баспасөзде алғаш шыққан мақаласы. Ал «Мұсылман басқындарды қонақ қылу» (15.10.1915) мақаласында Ілияс империалистік соғыстың қазақ еліне тигізген әсері жайлы жазыпты. Мақалаға «Қаптағай» деген бүркеншік атпен қол қойған. «Жарлы жұмыскелерге киім қазынадан берілді» (10.09.1916), «Жұмыскер жабдықтары туралы» (198, 199 нөмірлер, 1916), «Жұмысшылар жайынан» (1916, 195-223, 1917, 220-225, 248-249 нөмірлер), «Жұмысшылар қамы» жұмысындағы қазақтардың хал-жағдайы, 1916 жылғы маусым жарлығы бойынша тыл жұмысына қазақтан адам алу науқанының барысы, сол жарлықты қазақ халқының қалай қарсы алғаны жайында Ә. Бөкейхановтың мағұлмат жинауы сөз болады. Сондай-ақ, бұл мақалаларда І. Жансүгіров Москвада оқитын қазақ студенттерінің тыл жұмысындағы қазақтардың хал-жайын тексеру үшін Батыс майданына аттанғандары, тыл жұмысынан қайтпаған адамдар туралы және тыл жұмысындағыларға көмектесу үшін комиссия құру, оның міндеті туралы жазады» – деп Ілияс Жансүгіровтің «Қазақ» газетінде жарияланған мақалаларын да атап өткені Ілиястың «Қазақ» газетінде де бірнеше туындыларын жариялап, шығармашылық байланыста болғандығын айғақтайды.

Осы ретте айта кететін жайт, «Жаңа әдебиет» журналының 1931 жылғы 6-7 санында жарияланған мақаласында Ілияс Жансүгіров: «Мен қалам жұмысына 20 жылдан бастап араласа бастадым. Одан бұрын жазуға қызу ынталану, күшті ақын-жазушылардың жазғандарына еліктеу, оларды жаттау, ауызша айту, газет-журналдағы сөзге бүйір қызу сияқтылар болса да баянды, байыпты емес, өнер емес еді. Тек ет пен терінің арасындағы желік сияқты бірдеңелер еді. Сондықтан бұл дәуірімнен ауызға аларлық, еңбекке жарарлық жұрнақ қалған емес. Не қалғанын өзім де білмеймін, бірақ, 1916 жылғы жігіттерге жазысқан хаттарда, қарадай айтқан өлеңдерде, 1917 жылғы жаппай дүбірдің ұрандарынан ұшқындап шыққан қараңғы соқырдай бірдеңелер болуы мүмкін» [4, 193] – деп жазыпты.

Иә, шығармашылығына үлкен бетбұрыс 1920 жылдардан соң басталды. Дегенмен, ақын 1920 жыл, яғни 26 жасына дейін ештеңе жазбады, жарияламады дей алмаспыз. Деректерді нақтыласақ, Ілиястың баспа бетін көрген алғашқы өлеңі – «Қазақ» газетінің 1915 жылы 8 ақпандағы №102 санында жарық көрген «Үміт» болуы ғажап емес.

Енді, Біләл Сүлеев те «Қаптағай» деген бүркеншік есімдермен жазды. Бірақ, «Үміт», «Толқын», «Өзгеріске» атты өлеңдер неге Ілияс Жансүгіровтікі деген заңды сауалдар туындайды, сол сауалдарға жауап берсек:

1. Өлеңнің атауы мен жазылу стилі. І. Жансүгіровтің өлеңге атау беру стилі өзге ақындардан ерекшеленеді. Оның өлеңдерінің атауы – көбіне бір сөзді. Мысалы, «Жел», «Тас», «Сабын», «Саптыаяқ», «Жауын», «Ұршық», «Қақпан», «Серт» деген қатармен тізіп кете беруге болады. Әрі тағы бір назар аударатын жайт – өлеңдерінің атауы бір емес, бірнеше рет те қайталана берген. «Тілек» өлеңі 1915-1916 жылдары және 1922 жылы жазылған. Сонымен бірге «Әншіге» (1915-1916), «Әнші» (1928) өлеңдері бар. «Домбыра» атты екі өлеңі 1929 жылы және 1930 жылы әрі 1936 жылы жазылған. «Жазғысалым» (1922), «Жазғы таң», «Жазғытұрым» (1922), «Жазғы шілде» (1922), «Жаз» (1923) және тағы да «Жаз» (1934) сынды жаз мезгіліне қатысты өлеңдер шоғыры бар. Біз айтып отырған «Толқын» атты тарау «Дала» поэмасында кездеседі. «Үміт» өлеңдерін де осы қатарға жатқызуға болады. Өлеңдерінің құрылымы, құрылысы, ойды беруі жағынан да, І. Жансүгіров шығармаларының тілі, өзіндік стилі бөлектеніп тұрады.

2. Өз шығармашылығына қатысты айтқан өз пікірі бар: «Қазақ» газетімен тығыз байланыста болғанын өз естелігі де айғақтай түседі. Оған өзінің өмірбаянында айтқан мына сөйлемдер дәлел: «Кез келген ұнаған сөзді көшіріп ала беретінмін. Бір күні қолыма сәтен ораған сары қағазға сиямен, қауырсын қаламмен жазған бір өлең түсті. Өлең былай басталған:

Енеді жаздың көркі жыл құсымен,

Жас күлер жайраңдасып құрбысымен.

Көрден жаңа тұрғандай кемпір мен шал,

Өзінің жалбаңдасар тұрғысымен.

Ұнап кетті. Көшіріп алдым. Бірақ кімнің өлеңі екенін білгенім жоқ. Онда Абайдың атын да естімеген едім. Бұл 1914 жылдар». Иә, Ілияс бұдан кейін алаштың ардақты ұлы Ахмет Байтұрсыновтың «Қазақ» газетіне жарияланған «Қазақтың бас ақыны» деген мақаласын оқып қалады. Дереу Абайдың кітабын іздестіріп, құшырланып, шабыты ояна бастайды. Әзер дегенде бір танысынан қалтасындағы ақшасын жырымдап, Абайдың 1909 жылы шыққан көнетоз кітабын сатып алады. «Абай артық әсер етті. Ойым ояна бастады. Қайта-қайта тоймай оқи беретін болдым. Өзімде біртүрлі сергектік, сілкініс, жүрегімде жаңалық сездім. Жазуға талабым оянды. Келсе де, келмесе де, шұқылап өмірді өлең қыла бастадым», – дейді І. Жансүгіров. Осы жолдар ақынның «Қазақ» газетімен тығыз байланыста болғанын айғақтайды.

3. «Қазақ» газеті (Алматы: «Қазақ энциклпоедиясы» Бас редакциясы, 1998) Ү. Субханбердина, С. Дәуітов, Қ. Саховтардың құрастыруымен жарық көрген кітапта да «Жансүгіров Ілияс. Қаптағай. Өзгеріске // Қазақ, 1917. №224, 1 апрель. Өлең. Жансүгіров Ілияс. Қаптағай. Толқын // Қазақ, 1915. №162, 23 декабрь. Өлең. Жансүгіров Ілияс. Қаптағай. Үміт // Қазақ, 1915. №102, 8 февраль. Өлең» деп «Қазақ» газетіндегі «Өлең-жыр» айдары бойынша жасалған библиографиялық көрсеткіште берілген екен.

4. Жұмысты осы өлеңдерді І. Жансүгіровтің жинақтарының бірі болмаса бірінде болар деген үмітпен іздестіруден бастап едік. Аталған өлеңдерді жинақтарынан табылмағаннан кейін зерттеу жұмысы жүргізілді. Сонда Б. Қалмырзаевтың мақаласын кездестірдік. Мұнда да «Осы газеттің беттерінде І. Жансүгіровтің «Үміт» (08.02.1915), «Толқын» (23.12.1915), «Өзгеріске» (01.04.1917) деген үш өлеңі басылыпты. Бәріне де «Қаптағай» деген бүркеншік атпен қол қойған» [9, 4] делінген. Бірақ, 1998 жылы жарияланған мақаладан бері 20 жылға жуық уақыт өтіп, І.Жансүгіровтің 10 томдық шығармалар жинағы, әртүрлі өлеңдер жинағы жарық көрсе де, әр түрлі зерттеулер жүргізілсе де осы туындылары қалыс қалған екен.

Ақынның архивте сақталған мұраларын, соның ішінде Ілиястың публицистикалық еңбектерін жинақтау және аудару, ондағы жәдігерлерді жинақтауды қолға алған Қ. Андас ақын мұраларын Талдықорған қаласындағы І.Жансүгіров атындағы әдеби музейден бастап, Алматы қаласындағы Ұлттық кітапханадағы сирек қор бөлімінен, мемлекеттік және Алматы облыстық мұрағатынан жинақтап, салыстырып, кириллицаға аударуды қолға алып, үлкен ізденіс жасаған. Табандылық пен мол қажыр-қайрат жұмсап, еңбектенген. Өзінің «Ілиястың араб әрпінде жарық көрген еңбектері және азаматтық болмысы» атты мақаласында кириллицаға аударып, дайындалған 97 шығармалар тізімін көрсетеді. Сонымен бірге алдағы уақытта төте жазудан аударылып жазылатын 23 шығарманы көрсеткен. Бұл жерде өлең де, фельетон да, қолжазба да, мақала да, шолу да, әңгіме де бар.

Біреу келісер, біреу келіспес, дегенмен де шындыққа жанасатын, өзіндік дәлел-дәйектері бар мына пікірді қайтадан ұсынуды жөн көрдік. «Несін жасырайық, біз әлі де Ілияс туралы кезінде Кеңестік идеология жасап берген шиырдан шыға алмай келеміз. Ол не? Ол – Ілиясты Құлагер ақын деп санайтын тұжырым. Расында, қазірге дейін ел арасында құрметпен аталатын бұл сәйкестікті теріске шығару оңай тұжырым емес. Мұрағаттардағы қолға түскен дерек пен дәйектерге сүйене отырып, осы бір тұжырымның Ілиясты ақтап алу үшін Мұқаметжан Қаратаев бастаған ұлт зиялыларының ойлап шығарған әдіс-айласы екендігіне көзім жетті. Олар Ілиясты Батыраштардан қорлық көрген Құлагерге теңеп, оны еңбекші елдің адал перзенті тұрғысынан көрсету арқылы ақтап алуға тырысты. Олардың бұл пиғылын сезе қойған Кеңестік биліктің жандайшаптары мен НКВД-нің жендеттері Ілиясты қыршынынан қиылған Құлагер ретінде көретіп, «Аяғыңды аңдап баспасаң, сенің де өмірің қыршынынан қиылатын болады», – деп қазақ жастарына ескерту жасаудың тапсырмас құралы ете қойды. Осы бір тұжырым Ілиястың ақталуына себеп болғанымен, тағы бір жағынан қазақ баласының аяғын тұсайтын түсінік ретінде санада қалып қойды. Тіпті, әлі күнге саяси өмірмізге қолданып келеміз. Ендеше, бүгінгі тәуелсіз елдің ұрпақтары үшін Ілиясты бұлай танудан гөрі, оның азаматтық, алғабасарлық, ізгілік жолын нұрландыратын өмір белестерін насихаттаудың пайдасы мол деп есептеймін» [10, 257] деп І. Жансүгіров пен М. Қаратаев, Ш. Құдайбердіұлы, М. Әуезов, Б. Сүлеев, Ф. Ғабитова арасындағы байланыс туралы тың мәліметтер берген.

Сонымен бірге І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің қауымдастырылған профессоры, «Ілиястану» ғылыми-практикалық орталығының аға ғылыми қызметкері Шара Кыяхметова 2-3 ай көлемінде ғана І.Жансүгіровтің «Қуат» поэмасы мен «Бақытты Жамал» әңгімесін туған халқымен қауыштырғанын қуанышпен айта аламыз.

«І. Жансүгіровтің газетте басылған поэмалары мен өлеңдерін жинақтық нұсқалармен салыстыруда бірсыпыра мәтіндік айырымдарына тоқтала отырып, келешекте жинақ шығарушылар өлең жолдары мен жекелеген сөздерді редакциялауда ең алдымен ақын қолжазбасымен де санасса екен деген ниет білдіреміз» [5, 57] деген тұжырымына алып-қосырымыз жоқ. Қайта жоғарыда көрсеткен туындаларын жинақтарында жарияламас бұрын, түпнұсқамен салыстыру аса қажет деп бағамдаймыз.

Сөзімізді қорыта айтсақ, ақын І.Жансүгіровтің шығармалары жаңа заман – Тәуелсіздік тұрғысынан қайтадан сарапқа салынып, зерттеу нысанына айналуы керек. Себебі: советтік идеология мен цензура салдарынан бұрмаланған жайттар ашылып, кеңінен жазылуы тиіс. Жалпы ақын шығармаларының барлығына текстологиялық талдау жүргізу – уақыт талабынан туындаған зор міндет болып табылады. Ілиястанудың ашылмаған беттері әлі де ашылып, жазылары анық.

І. Жансүгіровтің бұрын жарияланбаған шығармалары

«Үміт». (Қаптағай, №102)

Үміт деген – дария:

Әркім онан қанады.

Ұмтылған жан үміттен

Сыбағасын алады.

Үмітпенен әр адам

Іздегенін табады.

Үмітсіз адам ез болып,

Айдалада қалады.

***

Жігіттің үміт басқышы,

Қия таудан асуға.

Жігіттің үміт бақ кілті,

Қиындық құлпын ашуға.

Жігіттің үміт көлігі,

Тілеген жерге баруға.

Келіспейді жігітке,

Үмітсіз бекер қалуға.

«Толқын». (Қаптағай, №162)

Бұрқырап күн батыстан шықты дауыл,

Күркіреп аспан жүзі жауды жауын;

Нажағай жарқылдайды от боп жайнап;

Тиеді шағылысып көзге ауыр.

Теңізден бір қалпында тұрған аумай,

Толқындар көтерілді таудай-таудай;

Кетеді арпалысып, жан таласып,

Үстіне бір-бірінің аунай-аунай.

Соғады дауылменен қатты зулап...

Толқындар көтеріліп будақ-будақ

Қия тау жағадағы зеңгір тасқа

Гүрс етіп соғылады улап-шулап.

Кемелер суда жүзген кесіп теңіз,

Ұрынды дауыл жерге бәрі тегіс;

Теңселіп һәм шалқайып сілкінеді,

Бермеске толқындарға сірә жеңіс.

Тұрады тосып жүрген біздің кеме,

Қалтарыс жерге таман тыныш күйге;

Толқындар соққан дауыл тым күшейіп,

Кетпесе жарар еді енді бізге!..

«Өзгеріске». (Қаптағай, №224)

Кіре алмай қатарға

Басқамен күресіп,

Сөзіңді айта алмай

... кіммен тіресіп.

Жасқанып, жалтаңдап,

Орның боп құрисың,

Малыңды, жаныңды

Өзгелер үлесіп,

Амалды, айланы

Тарих қып түгесіп,

Құрыдың қазағым,

Зарығып, жүдесіп,

***

Жылаған жасыңды

Көрді ғой жаратқан,

Кеше түн, бүгін күн

Жарқырап таң атқан:

Әділдік, азаттық,

Дүниеге таратқан

Құрдастық, жігіттік,

Нұрымен жер жүзін

Балқытып жаңартқан.

***

Ендігі іс өзіңде

Ал енді Алашым,

Түсесің қай жаққа

Еркінмен барасың:

Ұмтылсаң, тырыссаң,

Төрден жай аласың,

Майданда басқа елмен

Қаз-қатар шабасың,

Болмаса ұйықтаумен

Оянбай қаласың.

Өлең ғып айырмай

Біраздың арасын.

Айырылып өзгенің,

Табаны астында

Салғырттық, салақтық

Тартарсың жазасын.

P.S.: «Қазақ» газетінде араб графикасымен жарияланған өлеңдері кирилл қарпінде жарияланып отыр.

Шынар ЖЕҢІСҚЫЗЫ,

І. Жансүгіров атындағы ЖМУ магистранты

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ:

  1. Қазақстан жазушылар одағының президиумының председателінің жиыны. 1958 жыл
  2. Ілиястануда ілгерушілік бар ма? (Ильфа Ілиясқызымен сұхбат) // «Айқын», № 25(721)10 ақпан, 2007.
  3. Асқар О. Жансүгіровтің жарияланбаған жырлары // «Қазақ әдебиеті», 15.10.2014. №41(2879)
  4. Ілиястану: оқу құралы. Жалпы редакциясын басқарушы Т.С. Сыдықов. – Талдықорған: ЖМУ, 2012. – 520 бет.
  5. Әбдіқалық К. Ілияс Жансүгіров шығармаларының текстологиясы» // «Жалын», 2010. №9.
  6. Нұржекеұлы Б. Ілиястанудың тың беттері // «Қазақ әдебиеті», №15. 13.04.2007.
  7. Әзіл-сықақтың ақиығы // «Ара», №5, 1984.
  8. Ғабитова Ф. Алыптар тағдыры. – Алматы: «Жазушы», 1995. 133- бет
  9. Қалмырзаев Б. Ілияс Жансүгіров және «Қазақ» газеті // «Қазақ әдебиеті» газеті, 1998. 31 шілде (№30).
  10. Андас Қ. Ілиястың араб әрпінде жарық көрген еңбектері және азаматтық болмысы // «Жансүгіров тағылымы» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция материалдары. – Талдықорған, 2014. 5-6 желтоқсан.

Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар