Ағымдағы жылдың 15 қыркүйегінен бастап 1998 жылы туылған әрбір италиялық жас азамат ел үкіметінен 500 еуродан сыйақы алатыны белгілі болды, – деп хабарлайды The Telegraph басылымы. Алайда бұл соманы жасөспірімдер тек мәдени, ағартушылық мақсатта ғана жұмсайтын болады. “Мәдениет сыйы” деп аталатын шараға Италияның 18 жастағы барлық азаматтары қатыса алады. Сондай-ақ, 500 еуроны пайдалануға елде тұруға құқығы бар деген шетел азаматтарына да рұқсат берілді. Бұл шараның мақсаты – жастардың өздеріне қажетті кітаптар алып, театрлар мен мұражайларға баруға, археологиялық, басқа да ғылыми сайттарды қарау үшін жағдай жасау. 2017 жылдың 31 желтоқсанына дейін жүргізілетін бастамаға жалпы 575 мың жас қатысады деп жоспарлануда. Ал үкімет, өз кезегінде, қазынадан 290 миллион еуроны жұмсайтын болады. Бұл шараға, сондай-ақ, жағдайы төмен отбасылар көптеп тартылатынын ескеру қажет.
Сыйақыны алу үшін жасөспірімдер “18app” деген арнайы қосымшаны жүктеп, тіркеуден өту қажет. Сосын өздеріне қажетті әдебиеттерді сатып алуға, мәдени шараларға баруға еш қиындықсыз мүмкіндік алады.
Айта кету керек, 500 еуроны басқа мақсаттарға жұмсау, атап айтқанда, музыка мен фильмдерді жүктеуге қатаң тыйым салынады.
Бұл жобаның жүзеге асырылуын бақылауға статс-хатшы Томмазо Нанничинеге тапсырылды. Оның айтуынша, бастама жастардың мәдениетін қалыптастырып, италиялық қоғамды нығайтуға бірден-бір серпін береді.
Жалпы, Италия үкіметі 2017 жылы аталған жоспарды бұдан әрі кеңейтуге ниет білдіріп отыр.
Бұл игі жоба бар әлемде, оның ішінде біздің елімізде де жүзеге асырылатын жағдайда, 190 мың теңгеге әр жас азамат шамамен 25-35 мағыналы кітаптар мен 10 реттік театр, мұражайларға баруына мүмкіндік алар еді.
Ақбота Күзекбай
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.