Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ӨЗ СӨЗІМ
«Иуданың сүйісі» немесе Караваджоның ерлігі...

04.10.2023 1228

«Иуданың сүйісі» немесе Караваджоның ерлігі 14+

«Иуданың сүйісі» немесе Караваджоның ерлігі - adebiportal.kz

Ию-қию дүниеден көргенім –

Иуданың сүйісі!

Серік Ақсұңқарұлы

Иуданың белгі беруі қалды. Жендеттер сол сәтте тап бермекші. Міне ол оны сүйді. Қас қаққанша жендеттің біреуі жағасынан шап беріп үлгерді. Қазір оны тұтқындайды. Адамзаттың алапат қайғыға душар болғанын ұққан Иоанн шыңғырып сала берді. Иса Мәсіхті өлім жазасына кеспекші...

Аталмыш оқиға әйгілі итальян суретшісі Микела́нджело Караваджоның «Иуданың сүйісі» картинасында көрініс табады. Кескіндеме өнерінің жауһарына айналған картина несімен ерекшеленеді? Суретшінің жасырған жұмбағы неде?

Шегініс жасайық. Інжілдің ілкі аңызы бойынша Иса пайғамбардың он екінші шәкірті Иуда Искариот ұстазына сатқындық жасайды. Фарисейлердің үгітімен Исаны крестке бәдіздеп өлтіруді бұйырған Понти Пилаттың жендеттері Иуда Искориотты 30 сом күміске сатып алады. Қасиетті жазбаларда Иса пайғамбар шәкірттерінен еш ерекшеленіп отырмайтыны айтылады. Сол себепті мәжілістегі адамдардың қайсысы «тұтқын» екенін аңғарту үшін, Иуда тасадағы жендеттерге ерекше белгі беру керек болады. Ол оны сүйеді. Иә, Иуда Исаны сүйеді.

Бірақ не себептен Иуда белгі ретінде сүюді пайдаланды? Әдетте сүю – адам жанының сүйіспеншілігінің көрінісі деп танимыз. Бұл әрекет Інжілдің өзінде құпталады. «Жүсіп ағаларын сүйді» (Көне Өсиет 45, 14-15), «күнәһар әйел Исаның аяғын сүйді» (Лк. 7, 38).

Алайда, сатқындықтың алғашқы белгісі тағы да осы сүю екендігін қасиетті жазбаларда терістемейді. Мысалы, Дәуіттің қолбасшысы Иоав әскербасы Амессайды өлтірмес бұрын, бетінен сүймекші болады.

Жә, не дегенмен, сүю – жақын адамдардың сәлемдесу тәсілі болып есептелген. Иуданың да осы тәсілді пайдаланғаны тегін емес. Бұл күдікті сейілту үшін арнайы жасалған амал болуы мүмкін.

Хош, картинаға қайта оралайық. Туындыда Кавараджоның өзіндік қолтаңбасы айқын көрінеді. Сонымен қатар, автор шығармасына әлде бір астарлы мәні жасыруды тырысқан. Мақаланың соңына дейін сол жұмбақтың шешімін табуға тырысамыз. Әзірге суреттің көркемдік құрылымына назар аударайық.

Картина «тенебросо» әдісімен салынған. Фигураны әлсіз жарық қана айшықтап, артқы планның түгелі қараңғы фонда бейнеленеді. Автордың дәл осы тәсілді пайдаланғаны тіптен орынды. Себебі оқиға Гефсиман бақшасында, дәл түнде орын алады. Осынау драмалық сәтті айдың жарығы ғана сәулелендіріп тұра алады.

Караваджоның аталмыш картинасы шынайылығымен тағы таңғалдырады. Ұсақ бөлшектерге дейін бейнелеген автордың шеберлігіне таңдай қақпай қоймайсыз. Қараңғы түннің өзінде кейіпкерлердің әжім-қыртыстарын, қабақ шытысын, тіпті тырнағының көбесіндегі кірді де байқайсыз.

Фигуралардың тығыздығы. Құдды бір өте ұсақ бөлшектерден құралған үлкен пазл дерсіз.Картинаның тұтастығы соншалық, бірде-бір артық элементті таппаймыз.

Енді картинаның ең ерекше тұсына келейік. Исаны тұтқындап жатқан сақшылардың артында қолына шамдал ұстаған жігітті көреміз. Ол кім? Апостол емес, жендет емес. Бұл Караваджоның өзі. Иә, Микела́нджело Караваджо. Суретшінің ғұмырнамасын оқысақ, оны аса тәртіпті, тақуа адам болған деп айта алмаймыз. Байқасаңыз, шамдал ұстаған жігіт сақшылар жағында. Иуданың артында. Онымен қоса бейқам. Үнсіз бақылап тұр. Бұл нені білдіруі мүмкін? Адамның өз ішінде жақсылық пен жамандықтың толассыз күресі жүреді. Адам қай жағына болысады, сол жақ жеңеді. Бір жағына шығысу керек. Шекспирдің «боласың иә бордай тозасың» деген мәңгілік сұрағы да осы сәтте бой көтереді. Жендеттердің істеп жатқаны дұрыс емес, ал Петр секілді Исаны жан ұшыра қорғау үшін де батылдық керек екенін ол түсініп тұр. Караваджо картинаны салу кезінде, осындай ішкі сезімдердің қайшылығын өткеріп тұрғандай. Позиция айқын емес. Мәселе сонда. Исаға жақтасса, жендеттер жазалайды. Жақтаспаса, ары мазалайды. Сайып келгенде, автор мұнда катарсистік хәл кешіп, өзінің рухани жағдайын ап-айқын жариялап отыр. Шәкерім атамыздың тілімен айтсақ, «айна қойдым алдыма, көрейін деп өзімді». Тәубе де,тоба да кісінің өз күнәсін еш шүбәсіз мойындауынан бастау алады. Шан-шараф Караваджоның ерлігіне!

1610 жылы Микеланджело Караваджоның ақырғы сағаты соқты. 100-ге жуық жауһар туындыларды дүниеге әкелген суретші небәрі 38 жасында дүниеден озды. Суретші сүйегінің қайда жерленгені осы уақытқа дейін белгісіз болды. Тек 2010 жылы бір топ итальяндық ғалымдар Әулие Себастьян қорымынан сүйектерінің қалдығын тауып, салтанатты түрде Портэ д'Эрколе қаласында қайта жерледі. Ғалымдардың зерттеуінше, сүйектің құрамындағы қорғасын мөлшерінен бірнеше есе асып кеткен. Естеріңізде болса, ол заманда қағазды шіруден, құрт-құмырсқадан сақтау үшін бояуға өте қауіпті уқорғасын қосады. Бәлкім, суретшінің түбіне өлімнің емес, өнердің «дерті» жеткен шығар? Кім білсін?..

Абзал Мақаш

Көрнекісурет: Michelangelo Merisi da Caravaggio. Поцелуй Иуды. ок. 1602


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар