2023 жылдың 17 қарашасы еліміздегі театр саласына ғана емес, Еңселі Елордамыз үшін ерекше күн болғаны қалың көпшіліктің есінде болар.
Өйткені, дәл осы күні Астана қаласында «Jan» иммерсивті театрының тұсауы кесіліп, көрермен назарына алғашқы туындысын ұсынған болатын. Содан бері жас ұжым көрермендеріне қалтқысыз қызмет етіп келеді. Театр Қазақстанда бұрын болмаған иммерсивті бағытын ұстанады. Иммерсивті жанр- көрерменді оқиғаға толық кіріктіретін, оларды тек бақылаушы емес, оқиғаның қатысушысы ететін заманауи театр жанры.

Мұнда көрермен дәстүрлі залда отырмайды, кейіпкерлермен бірге жүреді, әңгімелеседі, кеңістікті еркін аралап, оқиғаның бір бөлігіне айналады. «Jan» театры еліміздегі тұңғыш иммерсивті театр. Аталмыш театрдың құрылуы, алғашқы қадамы бәрі көз алдымда. Осыдан екі жыл бұрын тамыз айының аяқ жақ кезінде Ташкент қаласында ем-дом алып жатқан сәтімде маған Әзілбек досым (театр директоры Әзілбек Төлеуғалиев) қоңырау шалып, Бейбіт Сарыбай ағамыздың «Өлара» әңгімесінің инценировкасын жасауға ұсыныс тастады. Аталмыш қоңырауда жас театр құрылып жатқанын сүйіншілеп айтқан еді. Ойланбастан келістім. Осылайша, Бейбіт Сарыбайдың 5 беттік әңгімесі екі сағаттың ішінде менің драматургияға айналдыруыммен лирикалық комедиялық қойылым болып әп-сәтте шыға келді. Театр директоры Әзілбек Төлеуғалиев, көркемдік жетекшісі ҚР еңбек сіңірген қайраткері, профессор Ақыш Омар, режиссері болып Руслан Алишев тағайындалды. Егдір Қанат, Оралжан Жәнібек, Жақан Рамазан, Жүнісов Біржан, Тұрсынбеков Сұлтан, осы жолдардың авторы Бахтияр Тұрсын театрдың негізі құрамында және көркемдік кеңестің арнайы өкілдері болдық. Кейінен қатарға К.Байсейтова атындағы Қазақ Ұлттық Өнер Университетінің ҚР қайраткерлері Ақыш Омар мен Жанқалдыбек Төленбаевтың шеберханаларындағы студенттер қосылды.

Театрдың атын адамның жанына жол тапсын, адам жанына жеткізетін, жанын тебірентетін өнер шаңырағы болсын деген ниетпен «Jan» деп аталды. 2023 жылдың 17 қарашасы жас театрымыз үшін, толқынысты, тебіреністі сәттерге толы ерекше күн болды. Мен театрға келе жатқанда нөсерлеп, толассыз жауын жауғаны, бұл Алланың нұры ғой деп жақсылыққа балағаным есімде. Кешкі 19:00 де еліміздегі тұңғыш иммерсивті театр өз қойылымының алғашқы сахнасын театр фойесінен бастады. Көрермендер үшін әрине, бұл бұрын-соңды болмаған құбылыс болды. Тұсау кесерге ҚР Мәдениет қайраткері, профессор Әбдіқадыр Қашқабаев, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Астана музыкалық жас көрермендер театрының директоры Асхат Маемиров, ҚР еңбек сіңірген қайраткерлері Мейрам Қайсанов, Қуандық Қыстықбаев, Нүркен Өтеуілов, Сырым Қашқабаев, Айнұр Бермұхаммедовалар келіп ақ баталарын беріп сәттілік тіледі.

Басты рөлдерді: Рамазан Жақан, Әзілбек Төлеуғалиев, Қанат Егдір, Аңсаған Балғабекова, Жәнібек Оралжан, Жүнісов Біржан бейнеледі. Алғашқы қойылымның алғашқы тұсау кесерінде көрермендер залында ине-шаншар орын жоқ. Тағзым ету сәтінде толассыз соғылған көрермендер қошеметі бәрімізге шабыт берді. Соғылған алақандар барлығымыздың ертеңімізге деген үміт отын жақты. Сахналанғанына 1 ай толмай жатып «Өлара» лирикалық комедиясы Халықаралық театр сыншылар бірлестігінің «Жыл жаңалығы» номинациясына ұсынылды. Бұл да, біз үшін үлкен мақтаныш болды. «Өлара» лирикалық комедиясы халық жүрегінен орын алып, Қазақстанның басым бөлігінде өнер көрсетіп, гастрольдік сапарлар жасады. Қазіргі таңда театр репертуары екі қойылыммен толықты. Алдағы уақытта тағы бір жаңа комедиялық шығарма ел назарына ұсынбақ. Бүгінгі күнде жоғары аталғандардан бөлек: Дүйсеней Әділет, Куспанов Арсен, Сайлаубек Баян, Қадыров Жандос, Қадырбай Алмас, Махайн Манас, Кангалиев Ахмад, Мақсутов Олжас, Аубәкір Думан, Мажаев Ерасыл, Толғанай Тілеуберген, Әсел Бөкебай, Жұмағалиев Досымжан, Мейрамғали Наргиз, Тілегенова Ақбота және т.б. қарқынды жұмыс жасап, жас шаңырақтың әрі қарай гүлденуіне атсалысуда. Театрдың көрерменіне берері алда, «Jan» иммерсивті театрының болашағына бек сеніммен қараймын. Жасай бер, гүлдене бер театрым!
Бахтияр Тұрсын, театртанушы
