Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СЫН
«Қараөзек» - қараөзек шақтың айнасы...

22.01.2021 6102

«Қараөзек» - қараөзек шақтың айнасы 12+

«Қараөзек» - қараөзек шақтың айнасы - adebiportal.kz

Арғы бастауын сонау ауызекі аңыз-әңгімелерден, сюжетті көркем ертегілерден алатын қазақ прозасы ХХ ғасырдың басында тың серпіліске еніп, ерекше түрленіп сала беріпті. Әлем әдебиетінің мен деген туындыларынан еш кем соқпайтын толымды әңгімелер мен хикаяттар жазылды. Алғашқы романдар дүниеге келді. Кеңестік идеология күшіне енген ауызқақпай заманның өзінде де қиыннан қысыла өтіп, қиянға жол тапқан туындылар аз болмағаны анық. Қалай болғанда да Кеңес дәуірі – қазақ әдебиетінің жанрлық, тақырыптық тұрғыда дамыған ғасыры болып тарихта қалады. Кеңес дәуіріндегі әдебиеттің, оны жасаушылар – қаламгерлердің қоғамдағы рөлі, ықпалы, олардың әлеуметтік ахуалы өте жоғары болғаны да рас. Сол дәуір игілігінің шетін көріп қана үлгерген жас жазушылардың өзі бүгіндері алпыстың асқарынан асып отыр. Десе де, айтқанға болмаса, өткен дәуірді аңсаудың да қажеті шамалы болар. Әр заманның өз қуанышы мен қиындығы бар. Қазақ жұрты үшін ең үлкен қуаныш, ол – бабалардан жеткен ұлы аңсардың орындалуы – азаттық. Азаттық дәуірдің әдебиеті қалыптасты. Имене жазудың, идеологиялық шектеудің не екенін сезініп көрмеген жас қаламгерлердің бірнеше буыны қалыптасты. Құлаш кең жазылып, өзге жұртта бар, бізде жоқ қаншама жанрлар, тақырыптар игерілді. Азаттық дәуір біздің қаламгерлерімізге алыс-жақын күндерде бастан өткен талай ақтаңдақтарды шамасына ашып көрсетерлік шығармалар жазуға мүмкіндік сыйлады. Сондай ақтаңдақтардың бірі – 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі еді. Желтоқсан көтеріліс тақырыбына қалам тартқан ақын-жазушылардың қатары да аз емес. Шығармашылығы азаттық дәуірде қалыптасқандардың аға буыны деуге келетін жазушы, ақын Нұржан Қуантайұлының «Қараөзек» атты шағын романын да толықтай болмаса да, Желтоқсан көтерілісіне қатысты туынды деуімізге болады. «Толықтай болмаса да» деп отыруымыздың мәнісі – «Тар жерде», «Қияда», «Қаза» атты үш тараудан тұратын романның бірінші тарауында ғана Желтоқсан көтерілісі туралы айтылып өтеді. Білім қуып астана Алматыға келген көкөрім жас Хақназар Шығаевтың тағдыр жолы Брежнев алаңындағы қанды қақтығысқа қатысқаннан кейін мүлде басқа арнаға түскенін көреміз. Романның алғашқы тарауы Хақназар тағдыры басқа арнаға түсуінің себебі болса, қалған екі тарау – дәуір шындығымен өрілген салдары. Роман «желтоқсаншы» жастың түрмедегі және жазасын өтеп шыққаннан кейінгі тағдыр соқпағына құрылған. Оқиғасы тартымды да нанымды, тілі жеңіл романды өткен ғасырдың соңғы он жылдығы өмірінің ойып алып қағазға түсіре салған шынайы көрінісі десек болады. Роман осы шынайылығымен құнды. «Қараөзек» туралы өз пікірін білдіріп сәттілік тілеген белгілі жазушы Герольд Бельгер романның жақсы қыры ретінде дәл осыған тоқталып, былай деген екен: «Нұржанның «Қараөзек» атты романын қызыға, ерекше ұнаған жерлерін қарындашпен сыза отырып, мұқият оқып шықтым. Екі нәрсеге ерекше назар аудардым: Бірінші: Қазақ әдебиетінде бұрын-соңды сондай дәлдікпен, нақтылықпен, шынайы деталь-көріністермен бейнеленген кеңестік дәуірдегі түрме өмірінің қыртыс-қалтарыстарын нанымды және жан-жақты ашып суреттеген көркем шығарманы тұңғыш рет оқығаным... Екінші: «Қараөзек» – қазіргі күрделі өміріміздің бет-пердесін жұлып тастап, жан-жақты ашып, айқын суреттеп, ащы шындықтың көріністерін әшкерелеп, тартысты Һәм әсерлі бейнелеген роман екеніне көзім жетті. Жас адамның зеректігіне, ойлылығына, байқампаздығына тәнті болдым, сүйсіндім. Базарлы экономиканың келеңсіздіктерін автор жіті байқаған, пайымдаған».

Жоғарыда романды «жеңіл оқылады» дегенімізбен, мұндағы орыс тілді қылмыс әлемінің тіліне тән және сол тілде берілген табулық сипаттағы ұғымдар мен түсініктер бар және автордың мұны баяндалып отырған оқиға, суреттелетін психологиялық қалып-күй оқырманға түсінікті болу үшін алып отырғандығын аңғарамыз. Ой жүгіртіп қарағанда, әрқайсысының осылайша аталуына белгілі бір негіз бар гайдамак, шконка, чифир, отстойник, бордяга, промзона, щипач, писак т.б. түрмелік жекелей жаргон сөздер мен тұтастай сөйлемдерді қолдана отырып автор кейіпкердің тағдырын түрмедегі психологиялық ахуалмен сәтті жымдастырып жіберген. Бұл – әрине, ұтымды шыққан. Ауыз әдебиеті туындыларындағы зындан деген атау болмаса, отырықшы жұрттарға тән жазалау мекемесі – түрме салмаған кешегі көшпелі халықтың бүгінгі ұрпағының тілінде мұндай ұғым-түсініктер жоғы да рас қой.

Еркін өмірдің әдет-қалпынан мүлде өзгеше, өзіне тән заңды қатаң ұстанатын қылмыскерлер мен оларды қадағалап күзетушілердің егіз рельс сияқты параллелінен құралған осы әлемнің ішінде қайнап жатқан өмірдің ұңғыл-шұңғылын жазушы шеберлікпен суреттейді. Ондағы темірдей тәртіп кім-кімді болмасын өз ырқына еркісіз көндіргендей: «Колонияларда «воровской закон» – қылмыскерлер заңы үстемдік ететін. Бұл «заң» бойынша, жүгенсіздік болмау үшін зонада ұрлық жасауға тыйым салынатын».

Романның оқиғасы Алматыдағы жоғары оқу орнында оқитын Құрмаш атты жігіттің түрмедегі досы Хақназарға хат жазуымен басталады. Хатта сырттағы жағдайдың да мәз емес екені, ақша ауысқалы жатуына байланысты, азық-түлік пен зат-тауардың бағасы қымбаттап, ақшасы барлар дүрбелеңге түсіп жатқанын айта келе, желтоқсаншыларды ақтау туралы Мәскеудегі съезде бір депутат мәселе көтергенін жазып, түрмедегі досын үміттендіріп аяқтайды. Осы бір аңдатпаның өзінен роман түрлі өзгерістер мен оқиғаларға құрылатыны аңғарылады.

Тараудың бұдан ары қарайғы оқиға орны – түрме. Қылмыс жасап қапасқа түскендер демесеңіз, мұнда да адам баласы өзара әңгіме-дүкен құрады, өткен өмірлерінен сыр тартысады. Хақназардың «бродяга» қылмыскер, кәнігі ұры Колянмен «трюмдегі» сырласу арқылы Хақназардың мұнда отыруының мәнісі ашылады.

Қалай басталғаны, кім ұйымдастырғаны беймәлім, Брежнев алаңында болған осы бір стихиялық қақтығыста сапер күректі солдаттардың соққысына жығылып қан-жоса болған қаракөз аруды құтқарамын деп қолға түскен Хақназар қайратты қара шашты жігіт қатарлы бір топ қазақтың ішінде сергелдең күйде абақтының тар қапасында отыр. Басқа саяси астарын кім білсін, ал қазақ жастарын алаңға алып шыққан себеп – жылдар бойы жалғасқан әлеуметтік теңсіздік, рухани кемсітушілік еді. Оны КПЗ-нің сыз бөлмесінде әбден таяқ жеп қамауда отырған жастар арасында өрбіген әңгімедегі мына үзіндіден аңғарымыз: «Расында айтшы өздерің, қазақша мектептер мен детсадтардың жабылып жатқаны, жұмысшы қазақ жастарына үй берілмейтіні рас қой. Қазақ байғұс мына поршеньда ма, АЗТМ-де ме, кез келген бір зауытта танауынан су кетіп он жыл жұмыс істейді, сондағы тигені – жатақхананың қуықтай бір бөлмесі. Бала-шағасымен улап-шулап аядай бір бөлмеде өлмес күнін көріп жатады. Ал сонау Ресейден келген біреу именно сол зауыттың біреуіне орналасса, айналасы екі-үш жылдың ішінде трехкомнатная квартира алып шыға келеді. Сұмдық қой. Одан да зорғы қиянатты көріп жүрміз, айта берсең... Бүгін соның бәрі ішке сыймай, бомба құсап атылды-ау деймін». Романның соңында қайтадан ұшырасатын, қазіргі қайратты қара шашты ересек жігіт Алдоңғардың сезікті қаупінің өзі-ақ көп нәрсені аңғартып тұр...

Иә, осылайша нақақтан ұсталып, жалған куәгерлердің «көрсетіп тануы» арқылы қылмысын «мойындап» жазықсыздан жазықсыз алты жылды арқалап кете барған Хакназар «үш күннен кейін көрге де үйренеді» демекші, СИЗО-дан басталған қапастық тәртіпке біртіндеп бой үйретіп, мұндағы өмірге бейімделеді. Талай қиындықты бастан өткереді. Жаргондарды түрлі жағдаяттарға байланысты кейіпкерлердің тілінде қолдана отырып, белгілі бір деңгейде сан жылдар бойы әбден мызығымастай қалыптасқан түрме әлеміндегі жазасын өтеушілер мен оларды қарауылдарушылар арасындағы сатылы иерархияның тыныс-тіршілігін, өздері қажеттілік деп тапқан игіліктер мен мүмкіндіктерге қол жеткізу үшін өзара мәңгілік арбасуын нанымды түрде аша алуы – оқырманды еліктіріп, үйіріп әкетеді. Жалпы түрме тақырыбы біздің халқымыз үшін соншалықты етене емес қой. Туынды сонысымен де сонылыққа ие. «Ат жақсысы – кермеде, ер жақсысы – түрмеде», - деген сөз бар қазақтың арғы замандағысын қайдам, бергі ғасырларда Ресей мен Цинь империяларына бағынышты болып, жақсы мен жайсаңының, телі мен тентегінің сол мемлекеттер билігі салған түрмелерге кіріптар болған тұсынан бастап түрме өмірі туралы туындылар әдебиетімізде пайда бола бастаған жоқ па?

Абақты – қатар-қатар болады екен,

Ішіне жақсы-жаман толады екен.

Ішіне кіріп барсаң абақтының,

Көңілің су сепкендей болады екен, -

деп жырлаған дала көкжалы Мәди Бәпиұлы да осы Хақназарлар кешкен халде болмады деп айта аламыз ба? Осы ретте «Қараөзек» оқиғасынан сәл жанама шегініс жасағанда, тереңірек ой жүгіртіп қарасақ, қазақ әдебиетінде абақтыдағы өмірді, ондағы адам баласының басына бермесін дейтін жан төзгісіз азап-қинауды суреттеген туындылардың қарасы аз да емес екен. Музыка тілінде «Түрмеден қашқан», «Кісен ашқан» деп жалынды күйді дүбірлеткен Құрманғазы, «Абақтыда айдан, күннен жаңылдым», «Маған ауыр осылардың бәрінен, Өз аулымның иттері үріп-қапқаны» деп жан қиналысын білдірген Алаш арыстары Мағжан Жұмабаев, Ахмет Байтұрсынұлы, әнші-ақындар Үкілі Ыбырай, Жаяу Мұса, Мәди... Солардың барлығының көргені осы құқай, осы кеп. Бодандық бұлтын төндіре келіп орныққан Патшалық Ресейге қалтқысыз қызмет еткен үрей ошағы түрмелер Кеңес Одағы тұсында да қазақтың игі жақсыларына қапас құрсау болудан еш танған емес қой:

Аямадың қаматтың

Қаматтың да сабаттың.

Алғысым сол айтарлық,

Өлеңге толсын, абақтың, -

деп Үкілі Ыбырайдың айтқан «алғысы» сол сексен алтының желтоқсанында артығымен орындалып жатқанына фактілік деректер арқылы жазылған кітаптар куә. Түрме тақырыбындағы туындылар дегенде, шекараның арғы бетінде, Қытай түрмесінде азап шеккен Таңжарық Жолдыұлы мен Қажығұмар Шабданұлын еске алмау, олардың да шығармаларындағы жеріне жеткізе суреттелген азаптау мен қинауларды төбе құйқаңыз шымырлап тітіркенбей оқу тіпі де мүмкін емес:

Көмірге отырғызып ұсақ шағып,

Қан деген май құйрықтан судай ағып.

Үрпіңе ши жүгіртіп боздатқанда,

Шыбын жан шығып кетпей тұрсын нағып?!

Адамның жаны кетіп денесінен,

Құйрықты алсаң жұлып шегесінен.

Тәңірге дауысың жетіп зарланасың,

Тырнақтың ине сұқса көбесінен.

Иә, жазатайым қия басып, аяғыңыз тайып кетсеңіз алдыңыздан тап болатын осынау қоғамның әлемінің тірлігін адам баласының басына бермесін. «Қараөзектің» кейіпкері Хақназар осы әлемнің бар өткелегінен өтіп, өзіне кесікті жаза мерзімін түгелге жуық өтеп, бостан өмірге оралады. Жоғары оқу орнындағы тәмамдап үлгере алмай кеткен мамандығына қайта қабылданады. «Түрме – адамды бұзады» деген қағидат күшінде десек те, тумысынан бойға сіңірген адами тәрбиесі шектен шығуға әр кез тежеу болып отырады.

Алты жылға жуық уақыттан кейін қол жеткізген бостан өмірдің де дәл осы тұста кетеуі кетіп тұрған шағы екен. Күнде бір өзгеріске толы қоғамның ойлы-шұңқырлы, бұралаң соқпақты, өрлі-қиялы өмірін сүрудің өзі оңай емес екен. Автор сондықтан да екінші бөлімнің атауын «Қияда» қойған болар. Осы және оқиғалық мазмұндық тұрғысында тұтастыққа ие «Қаза» бөлімдерінде тәуелсіздіктің алғашқы он жылдығындағы қоғам өмірі шебен шыншылдықпен суреттелген. «Бұл күйге бүгін емес, көптен кірдік, алды-артын аңдамаған бетпен кірдік», - деп Ахмет Байтұрсынов айтқанындай, бүгінгі күнгі ділдегі, тілдегі, ділдегі ақсап жатқан ахуалдардың біртіндеп қалай құзғындап басталғанына роман жап-жақсы жауп бере алады. Жетпіс жыл өзге жаққа мойын бұрғызбаған советтік идеологияның ықпалымен алаңсыз, бейғам өскен қазақстандық қоғам жаһандыққа бастар жабайы капитализм дәуірінде, қазіргі тілмен бейнелеп айтқанда тура вирусқа қарсы бағдарламасы жоқ компьютер іспетті, шеттен келген рухани, материалдық дүниенің еріксіз, талғамсыз тұтынушысына айналып кете барғанымызды жазушы түрлі жағдаяттар арқылы сәтті суреттейді. Мысалы, Хақназар мен Құрмаш араласып жүретін студент дос қыздардың жаңа дін туралы ұғым-түсініктері мынау: «Шынын айтсақ, біз қазір кришнаиттардың ұйымына барып жүрміз, – деді Анар қараторы өңі лып ете күреңітіп. – Қызық екен өзі. Неше түрлі обрядтары бар. Бірақ бізге ұнады, үйткені өмірдің әр түрлі құпияларын ашып береді. Оказывается, ет жеген адам қылмысқа ортақ болады екен ғой..».

Иә, біздің балаң қоғамның албырт жастары сол тоқсаныншы жылдары осы тәрізді жат діндер мен секталардың жетегіне топ-тобымен еріп кетіп жатты ғой. Қазір осының салдары білініп отырған жоқ па? «Осының бәрі – пікір плюрализмі, сөз бостандығы деген ұранды пайдаланып, демократия деген ұғымды желеу етіп шеттен келіп дәріптеп жатқан неше түрлі сектанттардың ісі, мына деградацияға түскен қоғамымыздың әлсіз тамырын басып, шімірікпей жүргізіп отырған, астыртын насихаты». Бұл – діни наным-сенім бостандығына қатысты Хақназардың ойы. Роман осындай қоғамның өзекті проблемаларын оның өз ішінде жүрген қарапайым кейіпкерлерінің іс-әрекеті мен ой-пікірлері арқылы тікелей, жанама түрде ала отырып, ортаға салады, оқырманды ойландырады. Ащы шындықты алдыға жайып салады. «– Уа, шіркін-ай, – деді Құрмаш, – халық ешқашан өзін-өзі билеген емес тарихта, оны не белгілі бір әулет, не бір олигархиялық топ немесе бір саяси партия билеп келген».

«Хақназар жат қоғам, жаңа заманда өмір сүріп жатқан», - деп автор айтпақшы, жоспарлы экономикадан нарықтық экономика көшкен заманда, осы бір өлара, қараөзек шақтың кімге жайлы тиіп, жіліктің майлы басын мүжуге кіріскені, кімге жайсыз тиіп, табақтай дипломын құшақтап қара нан мен қара суға телміріп қалғаны романда нанымды суреттелген. Бұл – мейлі, Құрмаш па, Алдоңғар ма, Ертай ма басқасы ма, ол маңызды емес. Бұл – сол дәуірді бастан кешкен, бүгіндері өз-өзінің орны нықталған, жаһандасу, ақпараттық дәуір аталған бүгінгі күнге жеткен, қырықтың қырқасынан арғы отандастардың басынан өткен шынайы өмірдің шындығы: «Ақшаны революция кезінде жасау керек» депті әйгілі бай (Арманд Хаммер). Қазіргі жұрттың лауазымды қызметте отырған қарынды шенеуніктен бастап ең аяғы көше алаяғына дейін осы «принципке» жығылатын болса керек. Алтын теңгені тасқаяқтай қағыстырған бизнесмендердің, оларды «қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай» жүрген жуан жұдырық жігіттердің, тай-ғақ, тұманды істермен айналысатын тағы басқа «кәсіпкерлердің» қоғам ауысқан алас-күлес, аласапыран заманды пайдаланып қалғысы келетіні сырт көзге анық байқалатын. Бейқам жатқан халық мұзарт шыңнан көшкін құлап, аспан қақ айрылып, жер жүзін топан басқан алапат сұмдыққа кез болғандай көзі қарауытып, көңілі үркіп есеңгіреп қалған еді. Ақыры... ел «ақылды болсаң, неге байымайсың?» деген тезиске құрылған жаңа өмірге көндіге бастап еді. Қайтесіз енді... француздың бір философы айтқандай, «адам – адамға қасқыр» шығар...»

Жалпы, бір аксиома бар. Ол – арамнан тапқан дүниенің түбінде қайыры болмайтыны. Мейлі, ол – аз болсын, көп болсын, түбінде қалай келді, солай кетпек. Арамдық араласқан жерде адалдықтың күні қараң. Қаржының тапшылығынан Хақназардың азды-көпті былыққа батуы, тіпті қапылыста мына өмірден өтуінің өзі – кезінде бірге оқыған курстасы, бүгінгі тасы өрге домалап тұрған арамы алыпсатар Ернардың кесірі болатын. Романда кешегі бірді алып бірге сатып шекара асырумен айналысқан коммерсанттар, бүгінгі танауынан бу атқан мегабайлардың «заманың түлкі болса, тазы боп шал» әбжілдігі, заманға, қоғамға, жеке адамдарға деген таным-түсінігі мен қарым-қатынасы Ернардың іс-әрекеттері мен Хақназар-Ернар диалогтері арқылы берілген: «– Бұл әлі ештеңе емес, Хақназар, – Ернар бұл әңгімеден шаршап кеттім дегендей, бетін тыржитып, рюмкелерге қайта виски құя бастады. – Бұл әлі ештеңе емес. Міне, қазір приватизация деген үлкен науқан басталғалы тұр, осыған арнап мемлекеттік мүлікті жайғастыру деген арнаулы комитет құрылды, зауыт-фабрик, кен орындары, дүкен, демалыс үйі... тағы не бар еді, в общем мемлекет құзырында не бар, соның бәрі – түгел жаппай жекешелендіріледі. Тонағанның әкесін сол кезде көресің.

– Тістегеннің аузында, ұстағанның қолында енді кетеді десеңші...

– Ол да ештеңе емес... Жер сатылатын болады әлі! Жер жеке меншікке беріледі, үлкен саясаттың бықсығын сонда көресің... Жә! Қояйықшы осымен, бас ауырып кетті. Кел, одан да мынаны алып қояйық».

Иә, солай болды, болып та жатыр. Романда суреттелетін қазақ қалпын електен өткізе отырып, кәдімгі, дәл қазіргі өмірдің өз ішінде отырғаныңыз ойыңызға оралады. Еріксіз күрсінесіз. «Мәшиненің тұрағын күзеткен қазақ, базар сыпырған қазақ, жүк тасыған қазақ, қайыр сұраған қазақ, тәшкі сүйреген қазақ...» Түбінің қайырын берсін, әйтеуір. Ең өкініштісі, «Базар жағалап, көрінгеннің есігінде жүріп, жетпіс жеті атасынан сауда жасап келе жатқан жаман сартты басып озған қазақ қой бұл: ана жерден бес сомға сабын алады, оны мына жерде алты сомнан сатады, қандай керемет... Өнерді үйрен де жирен». Мұны сүйсіністен гөрі, ащы сарказм деп қабылдағанымыз дұрыс болар. Себебі, кешегі жаны жомарт, мәрт қазақтың баяғы қалпы бұзылып, жағымсыз сипатқа көбірек өзгеріп, аталарымыздың кезінде «сарт-сұрт» деп ұнатпаған ұсақ-ұлаңдығына қарай ұласып бара жатқан жоқ па? Мүмкін, бейғамдықтан гөрі, «алысқанмен алысып, жұлысқанмен жұлысқан» дейтін мына заманда өзге біреуге есесін жібермес үшін, осы да дұрыс болар? Мұның жауабын келешек заманның өзі бермесе, бүгінгі біздер дәрменсізбіз бе қалай? Роман да мұның жауабын бермеген, беру мүмкін емес қой. Себебі: «Келер күн келеді екен не дайындап, Қараңғы, қарағанмен болжай алман?» - деген Абай тәржімасындағыдай, бүгінгі қалыппен келер күнге барғанда бұл қоғамның нендей қалыпқа барып тоқтарын болжап білу мүмкін емес қой. Қазақ «қамшының сабындай» деп өлшемдеген мынау бес күндік жалғанға шыр етіп келген біреудің көзінің ағы мен қарасындай жалғызы Хақназардың шыбын жанына маза таппай жүріп баз кешіп өткен беймаза тірлігін бір адамның тағдыры дей алмайтынымыз анық қой. «Дүниеге шыр етіп келген пенденің о дүниеге өкініп, күйініп кетіп бара жатқанында да мына өтірік өмір, алдамшы жарықтың сырын түсіне алуы неғайбыл. Түсінген жан бар ма екен. Қу жанға тыныштық тапқан кісі бар ма екен». Романды оқып аяқтаған кезде, әлдебір ауыр ой еңсені басып, өкініштің ащы запыраны өзекті тіле өртегендей әсерде боласың.

Иә, ғасырлар бой түнере салбырап, еңсені езген бодандықтың бұлтының қошқыл ысы біртіндеп сейіліп, тыныс ашыла түскен, үміт пен күдік алмасқан, бірде аш, бірде тоқ, бірде бар, бірде жоқ дейтін, азаттықтың алғашқы кезеңі – қараөзек шақтың қалып-күйі тамаша суреттелген «Қараөзек» романы – қазақ прозасына қосылған сәтті туынды. Жаһандану, ғаламдасу деп аталып жүрген дәуірдің, сонау тоқсаныншы жылдардан бері үздіксіз ұласпалы алаң-мазаң күй кештіріп келе жатқан сіз бен біздің өміріміздің ахуалын әсерлі суреттеген романды оқыңыз да, оқырман ретінде ой түйіңіз. Ойланыңыз, толғаныңыз. Жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер қараөзек шақтан кейін, өлдім-талдым дегенде ауыз аққа, аяқ атқа жаритын мамыражай мамырға балайтын жеттік пе, жоқ па? Бұл сұрақтың жауабы бүгінгінің «құрмаштары» мен «ертайларының» ішкі пікірі ретінде қалсын...


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар