Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы

06.12.2018 5987

Кәшаф Туғанбаев

Кәшаф Туғанбаев    - adebiportal.kz

XX ғасырдың екінші жартысында қазақ поэзиясында орыстың әйгілі ақыны В.Маяковскийге еліктеп өлең жазған ақындар шоғыры көбейе түсті. Әрине, бұлардың бәрі Маяковский шығармаларын тәржімалағанда аудармаға қойылатын талаптарды толық орындағандар деп айта алмаймыз. Маяковский шығармаларын аударуға С.Сейфуллин, С.Мұқанов бастаған Т.Жароков, Қ.Бекхожин, С. Сейітов т.б үлкенді-кішілі ақындар ат салысты. Осы Маяковский дәстүрінде өткен ғасырдың 50-60 -шы жылдарында өлең жазған шайырлардың ішінде жастардан К.Туғанбаев, Ә.Мұсақанов, Т.Ысмайылов бірден көзге түсті. Бұлар аударманы үлкен әдеби өнер, ұлттар арасындағы алтын көпір деп түсінді. Шама шарқынша әдеби аудармаға бойындағы бар білімін күш қайратын жұмсады.

Жоғарыда айтылған сол кездегі жас талант үш ақынның үшеуі де алпысыншы жылдары әдеби сынға ұшырап, ресми сыншы М. Қаратаевтың қаламына ілікті. Бұлай болуы заңды да. Ізденіс (эксперимент) қашан да кемшіліксіз болмайды. Аталған ақындардың Маяковскийге еліктеп жазған өлеңдері бәрі бірдей төрт аяғын тең басқан жорға емес еді. Кашаф Айтжанұлы Туғанбаев қазақ әдебиетінде Маяковский дәстүрін біршама қалыптастырған ақын. Оған дәлел оның «Партбилет» - деп аталатын жұқа кітапша- өлеңдер жинағы. Осы арада бір оғаш оқиға еске түседі. 1980-ші жылдың сәуір не мамыр айының бірінде Қазақстан Жазушылар Одағының хатшысы марқұм Бекежан Тілегенов Семей қаласына арнайы іссапармен келіп жазушылар одағы бөлімшесінің жиналысын өткізді. Осы жиында бөлімше төрағасы Медеу Сапаұлы Сәрсекеев қысқаша арнайы есепті баяндама жасады. Бұл басқосуға Семей облыстық партия комитетінің идеология жөніндегі хатшысы Т.Я.Хряпов, облатком төрағасының орынбасары М.Қ. Орымбаев, облыстық кәсіподақ төрағасы Н.Р.Жотабаев қатысып президиумда отырды. Сондай-ақ жиынға Н.К.Крупская атындағы Пединституттың филология факультетінің қазақ әдебиеті кафедрасының ғалымдары Қ.Мұхамедханов, Қ.Шаяхметов, А.Еспенбетов, Қ.Мәшһүр Жүсіпов, жазушы, ғалым Т.Ибрагимов, семейлік ақын-жазушылар М.Ибраев, А.Манабаев, Қ.Әліпбаев т.б және қазақ филологиясы топтарының студенттері қатысты. Олардың ішінде Ә. Қайран, А. Сапыш Һәм осы жолдардың авторы мен – Ә.К. Қасымов болған едік. Жоғарыда айтқан оғаш оқиға (күлкілі) мынау еді. Ақын К. Туғанбаев баяндамадан соң астаналық қонақ Б.Тілегеновке сауал қойды: «Мен баспаға бір өлеңдер жинағымның қолжазбасын тапсырғанмын, атын «Ақ бұлақтар» деп атаған едім, сол қолжазбам «Партбилет» деген атаумен жеке жұқа кітапша болып шығыпты. Бұл атты кімнің қойғанын білмеймін?! Партбилеттің бұл жинаққа қандай қатысы бар?», – деді. Жиында отырғандардың біразы өзара күбірлесіп, тіпті күлісіп алды. Әрине, белгілі ғой, ол кезде баспадан кітап шығару үшін кітаптың алғашқы беттеріне немесе әйтеуір бір жеріне Ленин, партия, октябрь туралы жазбасаң жинақтың жарыққа шығуы екіталай.....

Кашаф өнер сапарында Ж.Өмірбеков, Б.Ысқақов, М.Әлімбаев сияқты қазақтың танымал ақындарымен әдеби шығармашылық байланыста болды. Әсіресе Мұзафар Әлімбаевпен тонның ішкі бауындай жақсы араласқан. Оған дәлел 1983 жылы облыстық «Семей таңы» газетінде Кашағаңның М.Әлімбаевтың 60-жас мерейтойына орай «Ақын мерейі» деген шағын мақаласы жарық көрді. Бұл мақалада автор Мұзағаңның өлең өлкесіндегі жас таланттарға қызыға қарап, қамқор көңілмен қолдау көрсетіп отыратынын тілге тиек етіпті. К.Туғанбаевтың өзі де соңынан ерген кейінгі толқынға бағыт-бағдар беріп, қамқор көңілмен жанашырлық танытып жүргені оны білетін әдеби қауымға белгілі. Мәселен, он екі жасар болашақ ақын Т.Ысмайловтың «Қайнардың түні» деп аталатын алғашқы тырнақалды өлеңін 1944 жылы Абыралы аудандық газетіне бастырып жас дарынға ақ жол тілеген де осы Кашаф ақын болатын. Қазаққа мәшһүр қаламгер өз кезеңінде саяси өлеңдердің хас шебері атанды. Жазушы М.Сәрсекенің: «Тегінде Кәшекең өз шығармаларын сұранып жүріп баспаларға тықпаламайтын,өлеңін пұлдамайтын, сол үшін де, сөз қадірін түсірмеген сараң ақын еді. Қанша жазса да ішінде, үйінде сақтайтынды. Біздіңше, марқұмның әдеби мұрасын зерттеп, жариялау келешектің жұмысы...» - деп жазған еді «Тарақты және Қаракесек шежіресі» деген еңбегінде. Медеу ақсақалдың пікіріне қосарымыз Шәкәрім атындағы Семей университетінің филолог, журналист студенттері К.Туғанбаевтың шығармашылығы жөнінде арнайы диплом жұмыстарын жазатын кезі жетті. Кандидаттық диссертация қорғалса да артық болмас. Бірнеше жыл Кәшаф Семейдегі Абай мұражайына басшылық жасады, ұзақ уақыт облыстық «Семей таңы» газетінде қызмет етті. Ол драматургия жанрына да қалам тартып, саяси-әлеуметтік тақырыпқа орай «Қызыл Қатыран» драмасын жазды. Бұл шығарма Абай атындағы Семей муздрама театрында сахналанды. Республика жұртшылығына Кәшағаң атанып кеткен ақын сатиралық суырыпсалма (ипровизация), экспромт өлеңнің де шебері еді.

Кәшаф ақынның өмірдегі тағы бір қыры оның балықшылық өнері. Демалыс күндері Ертіс өзеніне балық аулауға бара жатқан шашын оң жағына серпе қайырған, егде тартқан ақын болмысы әлі көз алдымызда. Биыл ақынның туғанына 90 жыл толып отыр. Осыған орай К.Туғанбаевты есте қалдырудың шараларын жүзеге асыратын уақыт келді. Ақын ғұмыр кешкен үйге ескерткіш тақта қойылса, өзі көп серуендеген қаладағы бір көшеге аты берілсе, шығармашылық мұрасын жинақтап кітап етіп баспадан шығарса және ақынның замандастары мен іні- қарындастарының естеліктері қоса қамтылса, Семей телестудиясының бейнеқорындағы 1992 жылғы К.Туғанбаевтың Төлеужан ақынның 60 жылдығына арналған проблемалық пікірлері жазылған бейнетаспа көпшілік назарына ұсынылса, ақын мерейтойына арналған жыр мүшайрасы ұйымдастырылса Туғанбаев алдындағы парызымызды аз да болса өтеген болар едік.

Семей - қазақтың мәдени-рухани орталығы, Алаштың астанасы болса, осы қаланың мәдени – әдеби өмірінің өсіп өркендеуіне өзіндік үлес қосқан ақын атаусыз қалмауға тиіс.

Әбіл Қасымов

әдебиетші ұстаз, еңбек ардагері


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар