Башай Ақымұлы - 1887-1932 жылдар аралығында Алтайдың арғы бетіндегі Қаба ауданында туып-өскен белгілі халық ақыны. Жасындай жарқырап өмірден өткен айтулы ақын небары 36 жыл жасаған ғұмырында артына өшпес із қалдырған тарихи тұлға. Оның тап бермеде тауып айтқан өлеңдері қағазға түсіп хатталып қалмаса да ел санасына жатталып, ауылдастары арасында кеңінен тараған. “1966-1976 жылдар арасында он жылдыққа ұласқан Қытайдағы «Мәдениет төңкерісі» деп аталатын зобалаңға дейін Башай туып-өскен өңір ақынның өлеңін тұтасымен жатқа айтатын еді, бәрін құртты ғой”, - деп күрсініспен еске алады көне көз құйма құлақ қариялар. Дегенмен ақынын ардақтаған ел, көкірек көзі ояу дала данышпандары ақын өлеңдерін, айтыстарын, қағытпа қалжыңдарын бірінен бірі естіп толығымен болмаса да өзінің ғұмырындай қысқа бөлігін бүгінге дейін жеткізді.
Әсіресе 1993 жылы ақын, фолклоршы Шәмен Исаұлының редакторлығымен Іле халық баспасынан жарық көрген «Қаба ауданының өлең-жырлары» атты кітапқа ақынның ел арасына кеңінен тараған өлеңдері, айтыстары мен арнау қағытпалары топтастырылғанын айырықша атап өтуге болады. Ақынның өмірі қараңғы қоғам, мешеу ортада өтті. Ол өз заманының зарын, ел мұңын шынайы жырларымен шамырқана жеткізді. Сондықтан да болар оның өлеңдерінің өміршеңдігі, ақынның дәуір келбетін айшықтаған, сан алуан тақырыптағы «Кеңес», «Өнер тапсаң», «Боз жорға», «Дүние қудым сені» қатарлы толғауларынан тыс «Төлеген батырды жоқтауы», «Үш биді жоқтауы», «Рақыш ақынмен айтысы», «Тоқыра шешен туралы», «Өсер би туралы», «Заман-ай», «Шөкей батыр», «Қарысбаймен айтысы», «Күлсінмен айтысы», «Тете зәңгіге», «Қамшыбайға», «Батырға» қатарлы өлеңдер мен жеке шумақтарынан тыс көптеген өлеңдері ел арасына тарыдай шашылып, талайдың меншігінде кеткені анық. Бүгінге дейінгі Башай ақын туралы мәліметтер ақынның төңірегіне топтасқан, ізін жалғаған Әмірхан Айтұлы (1881-1962), Орынхан Байбосынұлы (1906-1973), Бәтеш Дағыстанқызы (1909-1976), Зүлкәпіл Қуанбайұлы (1925-1998) қатарлы танымал айтыскер ақындардың, хиссагер, шежіреші Әбдіғали Батырбайұлы, Кеңілікбай Сәукенұлы, Долда Қажақыманұлы Жүмәсіл Көпбайұлы, Сілампол Өкімбайұлы қатарлы көнекөз қарттардың айтып, жеткізуімен ел арасында сақталып, бізге жеткен ақынның мұраларын жинақтап қалың оқырманға жеткізу мақсатында назарларыңызға ақынның Базархан Оқтыбайұлы сақтап жеткізген «Кигіз үйдің шағымы» деген өлеңін оқырманға ұсынып отырмыз.
Кигіз үйдің шағымы
Түтінге түңлік айтар қақалдым деп,
Құдай-ау мен кімдерден ақы алдым деп.
Аузыма қатты жақса келер жалын,
Па, шіркін, өлеріме тақалдым деп.
Шаңырақ айтар тоғайдан кесіп алды,
Шықпаған шыбын жанның несі қалды?
Өзімді тезге салды, қиып алып,
«Басымды» алпыс жерден тесіп алды.
Сөйледі бір күн тұрып үш туырлық,
Тыңдайды мұның мұңын екі үзік.
Жанында қол алысып біз тұрамыз,
Көрмедік ала жаздай бір күн суық.
Сөйлейді онан кейін алпыс уық,
Біз дағы көрмедік деп бір күн суық.
Басымды бір үңгірге тығып қойып,
Тас қылып қол-аяқты қойды буып.
Ши айтар тартып алды күшін сайлап,
Тас қылып қол аяқты қойды байлап.
Кереге, туырлықтың арасында,
Тұрамыз біз бейшара көзі жайнап.
Кереге айтар кесіп алды қолы біліп,
Таспамен әрбір жерден қойды іліп.
Жантайып ала жаздай біз тұрамыз,
Немене көрген күнің бүйтіп тұрып.
Маңдайша айтар аспаққа қойды асып,
Таяныш екі жақта тұрар жасып.
Астында табалдырық зар илейді,
Өлтірді бәрі бірдей мені басып.
Ошақ айтар үстімнен басқаның деп,
Қазақ айтар отқа сап қақтадың деп.
Қара құман от басында зар илейді,
Құдай-ау бақыршадай жақпадым деп.
Шәугім айтар су құйып қайнатты ғой,
Көзімді отқа салып жайнатты ғой.
Сүттерін, тұздықтарын тақап тұрып,
Аузыма ожауларын ойнатты ғой.
Бір қызығы бала кезімде бұл өлеңді атам Жүмәсіл Көпбайұлының айтуымен де талай мәрте естіп, санама сіңіп жатталып қалыпты. Ол кез ауыл арасында бүгінгідей дырдуман музыка жоқ, қарқарадай қара шалдар төр алдында шіреніп жатып, насыбайын іргеге шырт түкіріп қойып жаттама айтатын заман еді ғой. Атам бақиға кеткен отыз жылдан бері де талай тойда, талай ортада келеміз. Әлдекімдер ата-бабамыздың көзі болған қасиетті құт мекен кигіз үйдің төрінде тыр жалаңаш тайраңдап, жер жаһанға масқаралап жатқан шақта Башай ақынның бұл өлеңі ұлт руханияты үшін де, өз құндылығын қадыр тұтқан жетелі ұрпақ үшін де өте өзекті деп ойлаймын.
Талапбек Тынысбекұлы
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.