Кішкентай шайханашы

10

Кішкентай шайханашы - adebiportal.kz

(Әңгіме)

Төлеген – үйдің кенжесі. Кенже болған соң ба, әлде бес бірдей әпкенің ортасында өскен соң ба, ол кішкентайынан-ақ «дипломат» болып кеткен. Үйде кімнің көңілі қалай екенін бір қарағанда-ақ түсініп, соған қарай сөзін де, қылығын да реттеп алатын.

Әкесі – Азамат. Атына заты сай, елге сыйлы, иманды, адал кісі. Ауыл шетіндегі шағын шайханасын өзі жүргізеді. Шайхананың аты да қызық – «Адал ас». Келген адам тек тамақ ішіп қана қоймай, Азаматтың бір-екі нақыл сөзін тыңдап кетпесе, күні өтпегендей болады.      Анасы – нағыз шебер тігінші. Ауылдағы қыз-келіншектердің бәрі той бола қалса, алдымен осы кісінің есігін қағады. «Осы апай тігіп берсе, көйлек те жарасады, бақ та жанады» деген ырым да қалыптасып кеткен.

Үйдің үлкендері – бес қыз. Алдыңғылары университетте, соңғылары мектепте. Үй іші үнемі базар сияқты. Біреу сабақ оқып отыр, біреу айна алдында, біреу анасына жіп өткізіп беріп әлек.

Ал Төлеген ше? Ол бесінші сыныпта оқиды. Елгезек, сөзұғар, бірақ кейде «еркелік режимі» қосылып кететін кездері де бар. Дегенмен, соңғы кезде «мен де ер азаматпын ғой» деген ойы оянып, әкесіне көмектескісі келіп жүр.

Жазғы демалыстың үшінші айы. Басқа балалар далада доп қуып жүргенде, Төлеген таңғы салқынмен әкесіне еріп, шайханаға келетін болды. Әуелгі күні Азамат баласының бұл ниетіне сәл күмәнмен қараған:

– Е, бүгін көмектесемін деп келдің ғой. Ертең ұйқыңды қимай қаларсың, көрерміз, – деп жымиып қойған.

Бірақ Төлеген райынан қайтпады. Таңғы ұйқыны қиып, шайханаға бірге келіп жүрді. Әуелде тек үстел сүртіп, шәйнек тасып жүрсе, бір-екі күннен кейін өзін «жартылай қызметкер» сезіне бастады.

– Әке, бүгін мен клиенттерге шәй құяйыншы? – дейді бір күні.

Азамат қабағын көтеріп қарап:

– Құясың. Бірақ шәйді төкпей, әңгімені көбейтпей, – деді.

Содан Төлегеннің «қызметі» басталды. Бір үстелге шәй апара жатып, екінші үстелдегі аталарға:

– Ата, қантты аз салыңыздар, дәрігерлер айтқан ғой, – деп ақыл айтып кетеді.

Аталар бір-біріне қарап күліп:

– Мынау кішкентай болса да, дайын терапевт қой, – дейді.

Ал Төлеген болса, өзін нағыз маңызды адам сезініп, кеудесін сәл көтеріп алады.

Үйдегі таңертеңгілік көрініс бөлек бір әлем еді. Үлкен үстелдің басына бәрі жиналып, анасы дайындаған шәйді ішіп отырып, әркім өз жаңалығын айтады.

Сол күні Төлеген ерекше көңілді болды. Себебі әкесімен бірге нақты «жұмысқа» баратынын бәріне жарияламақ.

– Мен бүгін де шайханаға барамын, – деді ол салмақты түрде.

Әпкелері бірден қағытып қояды:

– Ой, біздің Төлеген кәсіпкер болып кетіпті ғой! Ертең «директор» болып жүрмесін.

– Директор болмай-ақ қояйын, бірақ бастықтың оң қолы болам, – деді Төлеген кекірейіп. Анасы үнсіз тыңдап отырып, жымиып қойды. Баласының бұл ынтасы оның жүрегіне ерекше жылу сыйлады.

– Жарайсың, балам. Ер азамат еңбекке ерте үйренгені дұрыс, – деді ол.

Сосын өз жоспарын айтты:

– Бүгін мен бос емеспін. Көрші Динаны ұзататын болды ғой. Соған көйлек тігу керек. Қыздар, сендер де көмектесесіңдер.

Әпкелері бірден «жұмыс режиміне» көшті. Бірі матаны үтіктейді, бірі өлшейді, бірі жіп дайындайды.

Төлеген қарап тұрып:

– Бізде де өндіріс, әкемде де өндіріс. Біз таза кәсіпкерлер отбасы екенбіз ғой, – деді.

Анасы күліп жіберді:

– Иә, тек сен бастық болып кетіп, бізді жұмыстан қуып жібермесең болды.

– Жоқ, мен әділ бастық болам! – деді Төлеген.

Әкесі сол сәтте:

– Әділ бастық болу үшін алдымен әділ жұмысшы болу керек, – деп қойды.

Бұл сөз Төлегеннің көңіліне біртүрлі әсер етті. Ол алғаш рет «көмектесу» мен «жауапкершіліктің» айырмашылығын сезінгендей болды.

Сол күні үй іші де, шайхана да қызу тіршілікке толы еді. Бірі көйлек тігіп, бірі шәй құйып, бәрі өз ісімен әлек.

Ал Төлеген болса, екі әлемнің ортасында жүргендей еді. Бір жағында – еңбек, екінші жағында – бала көңіл.

Бірақ дәл сол күннен бастап ол бір нәрсені анық түсінді. Адамды өсіретін – сөз емес, іс. Ал іс – кішкентай көмектен басталады.

Төлеген әкесімен бірге шайханаға ерте келді. Таңғы ауа әлі салқын, бірақ күн көкжиектен сығалап, «мен келдім» дегендей нұрын төге бастапты. Ауыл да біртіндеп оянып, әр үйден тіршілік белгісі білініп жатқан кез.

Төлеген келген соң қарап тұрмады. «Жұмысшы» деген атаққа лайық болу керек қой. Есік алдындағы арықтан өзіне шақ шағын шелекті алып, су тасып, айналасына себелей бастады. Бір құйғанда жартысы өз аяғына, қалғаны жерге тиеді. Бірақ өзі соған қатты мән бермейді.

– Ең бастысы – ниет, – деп қояды іштей, әкесінің сөзін қайталап.

Су сеуіп жүріп, бір сәт өзін үлкен шаруашылықтың иесі сияқты сезініп кетті. Тіпті, жанынан өтіп бара жатқан көрші апаға:

– Апай, бүгін шаң көтерілмейді, арнайы су сеуіп жатырмын, – деп «есеп» беріп қойды.

Апа күліп:

– Ой, біздің ауылдың әкімі сен болайын деп тұр екенсің ғой, – деді.

Төлеген іштей мәз. «Әкім болмаса да, орынбасары болсам жаман емес» деп қойды.

Бұл кезде Азамат өз ісін бастап кеткен. Құдықтан мұздай суды тартып алып, самауырындарға құйып, отын жағып, шай қайнатуға кірісті. Оның әр қимылы сабырлы, үйреншікті. Бір қараған адамға жай ғана су құйып жатқандай көрінгенімен, бұл – жылдар бойы қалыптасқан тәртіп, жауапкершілік.

– Шай – жай сусын емес, балам, – дейтін ол кейде. – Шай – адамдарды жақындастыратын себеп.

Төлеген бұрын бұл сөздің мәнін толық түсінбейтін. Ал бүгін аздап сезіне бастағандай.

Көп ұзамай самауырынның буы бұрқырап, айналаға жылы леп тарай бастады. Дәл сол сәтте ауыл да толық оянып үлгерген еді.

Әне-міне дегенше, алғашқы қонақтар келе бастады.

– Ассалаумағалейкум! – деген дауыстар бірінен соң бірі естіліп, шайхана іші бірден жанданып кетті.

Бұл жер – жай ғана шай ішетін орын емес еді. Мұнда әңгіме айтылады, ой бөліседі, кейде тіпті тағдыр шешіледі.

Бір бұрышта аузы дуалы ақсақалдар отыр. Бірі сөз бастаса, екіншісі іліп әкетеді. Әңгіме адамзаттың пайда болуынан басталып, кеше ғана болған оқиғаға дейін жалғасады.

– Біздің кезде... – деп басталған әңгіменің соңы міндетті түрде бір ғибратқа тіреледі.

Төлеген соларға шәй құйып жүріп, құлағын түріп тыңдайды. Кейде түсінеді, кейде түсінбейді. Бірақ өзін «маңызды ортада жүрген адам» сезінеді.

Бір күні бір ата:

– Балам, шәйді толтырып құйма. Орын қалсын, – деді.

Төлеген аң-таң:

– Неге, ата?

Ата жымиып:

– Өмірде де солай. Бәрін толтырып тастасаң, жаңасына орын қалмайды, – деді.

Төлеген басын изеген болды. Бірақ ішінен: «Шәй ғой, төгілмесін десең болды емес пе?» деп ойлап қойды. Дегенмен, әлгі сөз жүрегінің бір бұрышына барып «тұрып қалды».

Шайхананың тағы бір қызығы – мұнда тек әңгіме айтылмайды, мәселе де шешіледі.

Бір күні екі көрші ерегесіп келді. Бірі:

– Оның қойы менің бақшама түсті, – десе, екіншісі:

– Сенің бақшаң менің қойымның жолында тұр, – деп қасарысады.

Төлеген бұларды тыңдап тұрып, ішінен: «Екеуі де дұрыс айтып тұрған сияқты, бірақ қалай?» деп басы қатып қалды.

Сонда бір қария сөз алып:

– Екеуің де шын айтып тұрсыңдар. Бірақ шындық екіге бөлінбейді. Оны табу үшін сабыр керек, – деді.

Бір сағатқа жетпей екеуі татуласып, бірге шәй ішіп отырды.

Төлеген таңғалып әкесіне сыбырлап:

– Әке, бұл жер сот па, әлде шайхана ма?

Азамат күліп:

– Бұл – сен айтқан екеуінің ортасы, балам. Мұнда шәй де қайнайды, ақыл да қайнайды, – деді.

Сырттан қарап тұрған адам бұл жерді жай ғана «шәй ішетін орын» деп ойлауы мүмкін. Бірақ ішіне кірген жан оның мүлде басқа әлем екенін түсінеді.

Мұнда әр кесе шәйдің артында бір әңгіме, әр әңгіменің артында бір ғибрат жатыр. Ал Төлеген болса, сол ғибраттарды байқамай жүріп, бойына сіңіріп келе жатқанын өзі де аңғармайтын.

Кеше ғана су шашып жүрген бала, бүгін адамдардың сөзін тыңдап, ертең кім боларын ойлай бастады. Себебі ол бір нәрсені түсіне бастаған еді: нағыз тәрбие – айқаймен емес, осындай ортада, тіршіліктің дәл ортасында беріледі.

Бір күні Төлеген өзін кәдімгідей «тәжірибелі қызметкер» сезіне бастады. Тіпті кей тұста әкесіне ақыл айтқысы келіп тұрады.

– Әке, бүгін келушілер көп болатын секілді. Кассаға тұрсам бола ма? – деді ол бір кеудесін көтеріп.

Азамат баласына бір қарап алды да, жымиып:

– Жарайды, қарап көр. Бірақ есепке мұқият бол, – деді.

Төлеген үшін бұл – үлкен сенім еді. «Міне, мен енді жай су себетін бала емеспін, жауапты адаммын» деп іштей марқайып қалды.

Көп ұзамай шайхана іші әдеттегідей тола бастады. Бірі шәй ішіп, бірі әңгіме айтып, бірі күліп отыр. Төлеген болса, ақшаны қабылдап, қайтарым беріп, өзін нағыз саудагер сезініп жүр.

Бірақ... бір жерден қате кетпей ме?

Бір кісі келіп:

– Балам, мынау бес мың. Екі шәйнек шәй, – деді.

Төлеген шапшаң қимылдап, ақшаны алып, қайтарымын берді. Бірақ есепті сәл шатастырып алды. Қайтарымды көп беріп жібергенін өзі де байқамады. Арада біраз уақыт өткенде әкесі ақшаны тексеріп отырды да:

– Балам, бүгін біз шәй саттық па, әлде тегін тараттық па? – деді күліп. Төлегеннің жүрегі бір сәтке зу ете қалды.

– Неге, әке?..

– Ақша жетпей тұр ғой, – деді Азамат сабырмен. Төлегеннің беті қызарып кетті. Әлгі бес мың теңге берген кісі есіне түсті.

– Әке... мен... мен шатасып кеттім, – деді төмен қарап. Ол ұрысады деп ойлаған. Бірақ Азамат дауысын көтермеді.

– Шатасу – ұят емес, балам. Бірақ одан сабақ алмау – ұят, – деді жай ғана.

Сол сәтте шайханада отырған бір ата сөзге араласты:

– Есеп білмеген – есікте қалады, қарағым, – деді күліп.

Бәрі ду күліп жіберді. Төлеген де амалсыз жымиып қойды, бірақ іші қысыла бастады.

Сәлден кейін әлгі кісі қайта келді.

– Әй, бала, сен маған артық қайтарым беріп жіберіпсің, – деп ақшаны қайта ұсынды.

Төлеген таң қалып, қуанып кетті.

– Рақмет, аға!

Азамат баласына қарап:

– Көрдің бе? Адал еңбектің ортасында жүргенде, адал адамдар да кездеседі, – деді.

Сол күннен кейін Төлеген ақша санағанда екі рет тексеретін болды. Тіпті кейде:

– Әке, бүгін бәрі дұрыс! Бір теңге де артық-кем емес! – деп мақтанып қояды.

Азамат күліп:

– Енді сен шынымен «орынбасар» болуға жақындап қалдың, – дейді.

Төлеген іштей қуанып кетеді. Бірақ бұл жолы бұрынғыдай кеудесін көтермейді. Себебі ол бір маңызды нәрсені түсінді: сенім – оңай берілмейді, ал берілген сенімді ақтау – нағыз ер адамның ісі.

Сол күнгі «қаржылық қателіктен» кейін Төлеген біршама салмақтанып қалғандай болды, бірақ үйге келген соң баяғы қалпына қайта түсті, өйткені бұл үйде салмақты болып жүру мүмкін емес еді, бес әпкенің ортасында қайдағы салмақ. Кешкісін үйге кірсе, қыздар әлі де Динаның көйлегінің айналасында жүр. Бірі матаны ұстап тұр, бірі инемен арпалысып отыр, енді бірі айнаға қарап «осы маған жарасар ма еді?» деп өзімен өзі әлек. Төлеген есіктен кіре сала:

– Ассалаумағалейкум, тігін фабрикасы! – деді.

Апалары бірден шу ете қалды:

– Ой, келді ғой біздің «директор»!

– Қане, бүгін қанша пайда таптыңыз, мырза?

Төлеген сәл қысыла күліп:

– Пайда аздау болды... тәжірибе көп болды, – деді астарлап.

– Әәә, бірдеңе бүлдірдің ғой, – деді үлкен әпкесі көзін сығырайтып.

– Жоқ, бәрі бақылауда, – деп құтылды Төлеген.

Біраздан кейін ол қыздардың жанына келіп, көйлекті қызықтап қарап тұрды, шынында да әдемі еді, жібектей жылтыр, өрнегі нәзік.

– Мынаны қанша күн тіктіңдер? – деді ол.

– Бұл жай көйлек емес, – деді бір әпкесі пафоспен. – Бұл – өнер!

– Иә, өнер болса... мен де көмектесейін, – деді Төлеген.

Осы сөзді естігенде бәрі бір сәтке тына қалды.

– Сен бе? – деді бірі күліп.

– Иә. Неге, мен істей алмаймын ба?

– Істей аласың... бірақ бізге қауіпсіздік керек, – деді екіншісі.

Төлеген намыстанып кетті:

– Беріңдер, мен де бір нәрсе істеймін!

Сөйтіп оған жеңілдеу жұмыс – жіп орау тапсырылды, бірақ Төлеген жәй отырғысы келмеді, «мен де үлес қосуым керек» деп, байқатпай инені алып, көйлектің бір шетін түзетпек болды, бір-екі рет тіккендей болды да, кенет:

– АААА! – деп айқайлап жіберді.

Бәрі жалт қарады:

– Не болды?!

– Қолымды тігіп алдым... – деді Төлеген көзіне жас толып.

Апалары бір сәт үнсіз тұрып қалды да, кейін ішек-сілесі қатып күле бастады:

– Ой, шебер!

– Жаңа стиль: «өзімен бірге тігілген көйлек»!

– Бұл енді эксклюзив қой!

Төлеген ашуланып:

– Күлмеңдер! Ауыртып тұр! – деді.

Анасы жанына келіп, инені абайлап шығарып:

– Балам-ау, әр істің өз шебері бар. Сенің шеберлігің әзірге шайханада, – деді жымиып.

Бірақ «апат» мұнымен бітпеді, апалары көйлекті тексеріп отырса, бір жері қисайып кеткен:

– Мынау не? – деді үлкені.

Бәрі бірден Төлегенге қарады.

– Мен... аздап түзеткен едім... – деді ол баяу.

– «Аздап» дейді тағы! – деп бірі күліп жіберді.

– Сен түзетпей-ақ қойсаң да, біз бұзбайтын едік қой, – деді екіншісі.

Төлеген үндемей қалды, бірақ бұл жолы ренжіген жоқ, керісінше өзі де күліп жіберді:

– Жарайды, енді мен тек қарап отырамын, – деді.

– Жоқ, – деді әпкесі. – Сен бізге шай құйып бер. Соның шебері шығарсың?

– Иә, әркім өз ісінде шебер, – деп қостады анасы.

Сол кеште Төлеген көп нәрсені түсінді. Шайханада – есепті дұрыстау керек, үйде – ине ұстасаң, абай болу керек, ең бастысы – әркімнің өз орны, өз қабілеті бар, біреудің ісін менсінбей «мен істей салам» деу оңай, бірақ оны дұрыс істеу мүлде басқа әңгіме, күлкілі қателік болса да, одан ұялмай, сабақ ала білсең – өзің де өсесің, айналаңды да күлдіресің, ал әпкелері болса әлі күнге дейін оны көрсе:

– Әй, дизайнер, бүгін бірдеңе тікпейсің бе? – деп күледі.

Ал Төлеген болса:

– Жоқ, мен енді тек «шай дизайнерімін», – деп жауап береді.

 

***   

 

Арадан күндер сырғып өте берді, баяғыда шелектен су шашып жүретін Төлеген енді шайхананың «тәжірибелі кадрына» айнала бастады, қай үстелде кім отыратынын, кімнің шәйді қою, кімнің қантсыз ішетінін жатқа біліп алған, тіпті кейде есіктен кірген адамды көре сала: «Ата, сізге әдеттегідей ме?» деп үлгеретін болды, мұндайда әлгі кісілер риза болып: «Мына бала бізді үйімізден артық біледі екен» деп күліп қоятын. Азамат та баласының бұл ынтасын байқап, күніне аз-аздан еңбекақы беріп отырды, ал Төлеген үшін ол ақша жай ақша емес, нағыз маңдай тердің жемісі еді, кешке үйге келген соң жастығының астынан кішкентай қорабын шығарып, тиын-тебенін санап отырады:

– Бір, екі, үш... уһ, байып бара жатырмын! – деп өз-өзіне мәз.

Қыркүйек жақындаған сайын оның қуанышы арта түсті:

– Биыл мектепке өз ақшама киім аламын, – деп мақтанып қояды.

Апалары бірден қағып алады:

– Ой, біздің бизнесмен!

– Ертең бізге де жалақы төлейсің бе?

– Жоқ, – дейді Төлеген бірден. – Сендер тегін жұмыс істейсіңдер!

Бірақ шайхананың алдында бір ерекше «тұрақты қонақ» бар еді, таңертеңнен бастап есік алдында үнсіз отырып алатын бір диуана, үстіндегі киімі ескі болғанымен, көзі өткір, ешкіммен сөйлеспейді, тек қарап отыра береді, ең қызығы – ол ешқашан таңертең кірмейді, тек түске таман, ас пісіп, адамдар көбейген кезде ғана баяу орнынан тұрып, ішке енеді, сосын ешкімнен сұрамай-ақ өзіне жететіндей ас алып, асықпай отырып ішеді, жеп болған соң дәл келгендей сыртқа шығып кетеді, төлеместен, бұл жағдай күн сайын қайталана берді. Алғашында Төлеген мән бермеген, «мүмкін төлейтін шығар» деп ойлаған, бірақ күндер өте келе оның ішінде бір сұрақ мазалай бастады: «Бұл кісі неге ақша төлемейді? Ал әкем неге ештеңе демейді?» Бір күні таңертең әкесімен бірге келе жатып шыдамай сұрады:

– Әке, ана диуана күнде тамақ ішіп кетеді ғой... неге ештеңе демейсің?

Азамат баласына бір қарап, жай ғана жымиып қойды:

– Әр адамның өз есебі бар, балам, – деді қысқа ғана.

Бұл жауап Төлегенге жеткіліксіз болды, «қалайша, есеп болса, неге төлемейді?» деп іштей ойланды, сол сәтте оның ішінде кішкентай «әділдік сақшысы» оянып, «бүгін мен оны ұстаймын!» деп шешті, сол күні ол ерекше миссиямен жүрді, әдеттегідей шәй құйып жүргенімен, көзі үнемі есік жақта, диуананың келуін күтеді, «бүгін ұстаймын, міндетті түрде!» деп іштей қайрап қояды өзін. Түске жақын әлгі адам да келді, әдеттегідей үнсіз кіріп, бұрыштағы орнына жайғасты, ас алып, баяу жей бастады, Төлеген алыстан бақылап тұр, тіпті өзін бір сәт «детектив» сияқты сезініп кетті, «әне, жеп отыр... қазір тұрады... сосын шығады... мен сол сәтте ұстаймын!» деп жоспар құрып үлгерді, ақыры диуана тамағын бітіріп, орнынан тұрды, ешкімге қарамастан есікке беттеді, дәл сол сәтте Төлеген жүгіріп барып, жолын кесті:

– Тоқтаңыз! – деді барынша салмақты дауыспен.

Шайхана іші бір сәтке тына қалды, диуана Төлегенге қарап үндемеді:

– Сіз... сіз күнде тамақ ішесіз, бірақ ақша төлемей кетесіз, – деді Төлеген батылданып.

Жұрттың бәрі енді осы көріністі бақылап тұр, диуана сәл жымиғандай болды:

– Е, балам... сен мені ұстап алдың ба? – деді жай ғана.

– Иә! – деді Төлеген мақтанышпен. – Бүгін төлеуіңіз керек!

Сол сәтте артынан Азаматтың дауысы естілді:

– Төлеген, бері келші, балам.

Төлеген бір сәт кідіріп қалды, бірақ орнынан қозғалмады:

– Әке, ол төлемей кетіп бара жатыр!

Азамат жақындап келіп, баласының иығына қолын қойды:

– Білемін, – деді сабырмен.

– Онда неге...?

Азамат диуанаға қарап басын изеді, әлгі адам үнсіз сыртқа шығып кетті, Төлеген аң-таң болып қалды.

Баласының жүзінде әлі де жауапсыз сұрақ қалып қойғанын әкесі бірден байқады. Төлеген сырт көзге сабырлы көрінгенімен, ішкі әлемінде «неге бұлай болды?» деген ой тыным таппай тұрған. Ертеңінде сәске ауып, күн біршама көтерілген шақта Азамат баласын жанына шақырып алды. Шайхананың іші әзірше тыныш, күннің жарығы терезеден төгіліп, самауырынның баяу гуілі ғана естіліп тұр.

Азамат сәл үнсіз отырып, сөзін байыппен бастады:

– Кешегі диуананы не үшін жеген тамағына ақша сұрамайсыз деп едің ғой... соны саған айтайын, – деді.

Төлеген бірден түзеліп, әкесіне мұқият қарады. Бұл әңгіме жай жауап емес, бір үлкен сырдың басталатынын сезді. Ол тіпті демін ішіне тартып тыңдауға кірісті.

Азамат қолымен терезе жақты нұсқап:

– Балам, ананы қарашы, – деді.

Төлеген бұрылып сыртқа қарады. Есік алдындағы баяғы диуана сол орнында отыр екен. Бірақ бүгінгі көрініс бөлек еді. Ол қолын жайып, шын жүрегімен дұға жасап отыр. Беті күнге күйген, киімі жұпыны болса да, жан дүниесіндегі тыныштық сыртынан-ақ сезілетіндей.

Азамат даусын бәсеңдетіп:

– Тыңда, – деді.

Сол сәтте Төлеген оның күбірін анық ести бастады. Диуана көзін жұмып алып, жүрекпен сөйлеп отыр екен:

– Я, Жаратқан ием... осы шайханаға берекелі адамдарды көп жібере көрші... келушілерін көбейтші... арасында мен де кіріп, қарнымды тойдырып алайын... мен бір мүгедек, мүсәпірмін ғой... – деген сөздері анық естілді.

Төлегеннің жүзінде бұрын-соңды болмаған таңданыс пайда болды. Ол бір сәтке не айтарын білмей қалды. «Мүсәпірмін» деген сөз жүрегіне тікенектей қадалды.

Азамат баласының сол күйін көріп, жай ғана жымиып қойды да, сабырмен жалғастырды:

– Көрдің бе, балам... біз кейде сыртқы көрініске қарап қателесеміз. Диуанаға берген бір кесім нан мен бір тояр ас бізді кедей қылмайды. Біз одан байып кетпейміз де. Бірақ не артады білесің бе?

Төлеген үнсіз басын шайқады.

– Береке артады, – деді Азамат. – Сол береке арқылы сендерді де асырап отырмын. Осы шағын ғана жақсылықтың артында үлкен қайтарым бар. Сондықтан жарлыға, жетімге, мүсәпірге барынша қайырымды болу керек. Түсіндің бе?

Төлеген ұзақ үнсіз тұрды. Оның ішкі әлемінде бір нәрсе орны ауысып кеткендей болды. Кеше ғана «неге ақша төлемейді?» деп қатаң әділдік іздеген бала енді сол адамның дұғасында өздерінің де үлесі бар екенін сезді. Көзқарасы өзгеріп бара жатқанын өзі де байқап үлгермеді.

– Түсіндім, әке... – деді ақырын ғана.

Дауысы бұрынғыдай сенімді емес, бірақ жүректен шыққан еді.

Дәл сол сәтте шайхананың ішкі жағынан тағы бір дауыс естілді:

– Әй, бала, біздің шәйімізді жаңалап жіберші!

Төлеген селк етіп, өмірдің әдеттегі ырғағына қайта оралғандай болды. Бірақ енді ол бұрынғыдай жай ғана жүгіріп кетпеді. Бір сәт сырттағы диуанаға да, әкесіне де қарап алды. Сосын ғана баяу басып ішке қарай беттеді.

Ал оның ішінде бір ой анық орнықты: адамның шынайы құнын кейде ақшамен емес, береке мен мейіріммен өлшеу керек екен.

 

***   ***   ***

 

Күндер бірінің артынан бірі сырғып, жаздың соңғы күндері де өтіп, қыркүйек те таяп қалған еді, ауылда таңғы салқын бұрынғыдан да сезіліп, шайхананың буы қоюланып, адамдардың «күзге дайындық» әңгімесі көбейе бастаған шақта Төлегеннің де көңілі алабұртып жүрді, қыркүйек жақындаған сайын ол кешке өз ақшасын санап, ішінен жоспар құрып қоятын: «Жаңа киім, жаңа сөмке, жаңа өмір...» Бір күні ол үйде кеудесін көтеріп, әпкелеріне қарап:

– Биыл мектепке мен сендерден бұрын дайындалып аламын, – деді мақтанышпен. – Ал сосын... сендерді де киіндірем!

Әпкелері бір-біріне қарап күліп жіберді:

– Ой, біздің «миллионер» келді!

– Бізді киіндіретін бай кісі қайда екен?

Төлеген қабағын түйіп:

– Көресіңдер, базарға барып келген соң сөйлесеміз, – деді.

Ертеңінде Азамат баласын базарға ертіп барды, таңғы салқын ауада базардың алдында сатушылардың дауысы, арба сүйреген адамдардың дыбысы, жаңа піскен самса мен нанның иісі араласып, тіршіліктің нағыз қайнаған ортасы басталып кеткен еді, Төлеген көзін жан-жаққа жүгіртіп, ішінен жоспар құрып жүр: «Мына жерде міндетті түрде ең әдемі киім аламын... сосын бәрі мені көріп таң қалады...» Біраздан кейін ол бір аяқ киім сататын жерге тоқтады, қарап еді, бағасына көзі түсті, үнсіз қалды.

– Әке... мынау бір аяқ киім ғой... – деді ақырын ғана.

Азамат сабырмен:

– Иә, балам.

– Ал менің ақшам... тек осыған ғана жетеді ме?

Азамат басын изеді.

Төлегеннің көңілі бір сәт түсіп кетті, ішінен есептеп көрді: «киім жоқ, сөмке жоқ... тек аяқ киім...» сол сәтте еріксіз:

– Әке... маған сіз аз жалақы беріпсіз ғой... – деп қалды.

Азамат бір сәт үнсіз тұрды да, жымиып қойды:

– Аз ба, көп пе – оны базар емес, өмір көрсетеді, балам.

Төлеген үндемеді, бірақ ішінен әлі де «аз сияқты» деген ой кетпей қойды.

Үйге қайтып келе жатқанда ол бұрынғыдай мәз емес еді, қолында бір ғана қап — ішінде жалғыз аяқ киім, жаңа өмір туралы арманы кенет кішірейіп қалғандай сезілді, үйге кіргенде әпкелері бірден қарсы алып:

– Қане, бай баламыз келді ме?

– Бізге де киім әкелдің бе?

Төлеген үнсіз ғана аяғын көрсетіп:

– Міне... біреуін өзіме алдым, – деді.

Үй іші бір сәтке тына қалды да, кейін күліп жіберді:

– Ой, сен бізді түгел киіндірем деп едің ғой!

– Бір аяқ киіммен сән көрсетесің бе енді?

Сол сәтте әкесі есіктен кіріп келіп, бәріне бір қарап өтті де, жай ғана айтты:

– Базардағы баға – ақша емес, сабақ береді.

Төлеген басын төмен түсірді, бірақ сол күні ол бір нәрсені анық түсінді: жалақының аз-көбі емес, еңбектің мәні бар, ал ең қызығы — сол бір аяқ киімнің өзі оған бұрынғы «толық гардероб» сияқты қуаныш сыйлай бастаған еді.

Екі күннен соң Төлеген ерекше көңіл-күймен оянды. Бүгін ол базарға тек әкесімен емес, анасы және әпкелерімен бірге баратын болды, таңғы шәй үстінде анасы сабырмен:

– Бүгін бәріміз бірге базарға барамыз. Әркім өзіне керегін таңдайды, – деді.

Әпкелері бірден шу ете қалды:

– Ой, керемет!

– Базарды шетінен «тонаймыз»!

Төлеген болса бұрынғыдай емес, бұл жолы сабырлырақ отырып, қолындағы екі күн бұрын алған жалғыз аяқ киіміне қарап қойды да ішінен: «Бұл жолы бәрі басқаша болады...» деп ойлап қойды.

Базарға жеткенде тіршілік одан сайын қыза түсті, сатушылардың дауысы, киім ілінген қатарлар, әртүрлі түстер көздің жауын алып, анасы бірден маталарды қарап кетті, әпкелері киімдердің арасынан өз стилін іздеп әлек болды:

– Мынау маған жарасады!

– Жоқ, мынасы әдемірек!

– Ой, мен мынаны алсам тіпті сериал актрисасы сияқты болам!

Төлеген бір сәт бәрін бақылап тұрып, анасы көрсеткен көйлекті киіп көріп, айнаға қарап таңырқап қалды, анасы:

– Қалай? – дегенде, ол сәл жымиып:

– Бұрынғыдай «маған бәрі керек» емес екен... маған өзіме жарасқаны керек екен, – деді, анасы басын изеп:

– Дұрыс түсініпсің, балам, – деді.

Сол күні бәрі өзіне керегін алып, әбден киініп шықты, әпкелері мәз болып бір-біріне киімдерін көрсетіп жүр, анасы да балаларына риза, ал Төлеген болса жаңа киімін киіп тұрса да, ішіндегі ең үлкен өзгеріс киімде емес екенін сезініп келе жатты, үйге қайтып келе жатқанда ол үнсіз ғана әкесінің сөзін есіне алды... Енді ол бұл сабақты шын түсінгендей еді, ал оның жалғыз аяқ киімі болса сол күннен бастап жай аяқ киім емес, алғашқы өмір сабағының естелігіне айналып кеткен еді.

 

***   

 

Күндер зулап өтіп, міне, көптен күткен бірінші қыркүйек те келіп жетті, таңертең ауыл ерекше тіршілікке толып, бір үйден гүл ұстап шыққан балалар, бір үйден «портфель қайда?» деп айқайлаған аналар, бәрі мектепке асығып жатқан шақта Төлеген де жаңа киімімен, жаңа аяқ киімімен айна алдында айналып қарап, өзін біртүрлі үлкен адам сияқты сезініп тұрды да:

– Әке, мен енді тек алтыншы сынып оқушысы емеспін... мен кәдімгі... жауапты адам сияқтымын, – деді.

Азамат күліп қойды:

– Жауапты адам ең бірінші кешікпейді, балам.

– Мен кешікпеймін! – деді Төлеген бірден.

Мектепке бара жатқан жолда ол өзін қатты сенімді сезініп келе жатты, бірақ сенім үйден шыққаннан кейін үш минуттан соң-ақ сынала бастады, себебі жаңа аяқ киімі бір жерін қысатындай болып, Төлеген алдымен мән бермей, кейін жүріп көріп еді, қайта-қайта қысқандай әсер берді, бірақ «ер азамат шыдайды» деп өзін жұбатып келеді, жолдың жартысына келгенде іштей: «Мүмкін, аяқ киім кішкене кішірек шығар...» деп күбірледі.

Мектептің алдына жеткенде балалардың шуылы, гүл ұстап тұрған ата-аналар, мұғалімдердің сабырлы жүздері араласып үлкен мереке сияқты көрінді, Төлеген де өзін ерекше оқушы сезініп кірмек болып түзу жүре бергенде аяқ киімінің бауы шешіліп кетіп, еңкейіп байламақ болғанда жаңа киімі тар болғандықтан шалбары «шырт» етіп жоғары сырғып кетті, Төлеген бір сәт қимылсыз тұрып қалды, артындағы балалар сыбырлап:

– Ана бала неге шалбарын ұстап тұр?

– Стиль шығар...

Төлегеннің беті қызарып кетті.

Сол сәтте артынан әпкелерінің дауысы естіліп:

– Әй, «бизнесмен», бірінші қыркүйек осылай бастала ма?

– Бізді киіндіріп шығам деп едің, өзіңді дұрыс киіндіре алмапсың ғой!

Төлеген қысылып тұрса да күліп жіберіп:

– Бұл... жаңа мектеп стилі... «эконом комфорт»! – деді.

Дәл осы кезде Азамат келіп бәріне қарап жымиып қойды:

– Балам, көрдің бе... базардағы сабақ енді мектепте жалғасады екен.

Төлеген басын изеп:

– Иә, әке... енді түсіндім... киім емес, өзіңді алып жүру маңызды екен, – деді.

Сол сәтте қоңырау соғылып, мектептің үлкен қоңырауы жаңғырып жаңа оқу жылы басталып кетті, ал Төлеген болса жаңа аяқ киіміне бір қарап алып ішінен күліп: «Енді бұл аяқ киім мені ғана емес, сабырымды да үйрететін сияқты...» деп ойлап үлгерді, артта қалған әпкелері әлі күліп:

– Әй, Төлеген, шалбарыңды ұстап жүріп жақсы оқы! – деп айқайлап тұрды, ал сол күлкі мен қоңырау үні араласып, Төлегеннің балалық шағындағы ең алғашқы үлкен сабағы осылайша жылы да күлкілі аяқталды.

 

Қанат АЛТЫНБЕК,

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі,

ҚР Ұлттық кітапханасының Ғалым хатшысы

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan