Қазақтың жылу жинауы мен әлемдік краудфандингтің қандай байланысы бар?

Қазақ қоғамында қиындыққа тап болған адамды жалғыз қалдырмау ежелден қалыптасқан. Бір шаңырақтың басына қайғы түссе, ағайын-туыс, көрші-қолаң болып қол ұшын созған. Бірі малын берген, екіншісі азық-түлік жеткізген, енді бірі баспана немесе киім-кешекпен көмектескен. Осындай өзара жәрдемге негізделген дәстүр «жылу жинау» деп аталған.

Қазақтың жылу жинауы мен әлемдік краудфандингтің қандай байланысы бар? - adebiportal.kz
ЖИ

Жылу жинау көбіне табиғи апат, өрт, жұт немесе басқа да бақытсыздық салдарынан мал-мүлкінен айырылған отбасыларға көмек көрсету үшін ұйымдастырылған. Оның басты мақсаты тек материалдық шығынның орнын толтыру емес, зардап шеккен адамның қайтадан тұрмысын түзеуіне мүмкіндік жасау болған. Дәстүрлі қазақ қоғамында мұндай іске көбіне ел ішінде беделі бар ақсақалдар мен сыйлы азаматтар бастамашы болған. Олар ауыл тұрғындарын жұмылдырып, әркімнің жағдайына қарай көмек көрсетуіне ықпал еткен. Бір отбасының ауыртпалығын бүкіл қауым бірге көтерген.

Кейбір этнографиялық сипаттағы жарияланымдарда жылу жинау дәстүрі Тәуке хан тұсында қабылданған «Жеті жарғымен» де байланыстырылады. 

«Абай жолындағы» жұт пен елге жасалған жәрдем

Жылу жинау дәстүрінің мәнін қазақ әдебиетіндегі көркем оқиғалар арқылы да түсіндіруге болады. Соның бір мысалы Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясындағы «Қияда» бөлімінде кездеседі.

Шығармада Шыңғыс өңірін қатты жұт жайлап, халықтың ауыр жағдайға тап болғаны суреттеледі. Ұзаққа созылған боран салдарынан мал қырылып, елдің күнкөрісі қиындай түседі. Әсіресе малы аз, тұрмысы төмен отбасылардың жағдайы ауырлайды. Осы тұста Базаралы Абайға ел ішіндегі ахуалды жеткізеді. Оның айтуынша, Шыңғыс өңіріндегі жұрт малынан айырылып, кейбір отбасылар азық-түлік іздеп, ауқатты ауылдарды паналай бастаған.

Ал Ырғызбай ішіндегі ықпалды адамдардың бір бөлігі жұттан аман қалған. Абай елдің бір бөлігінің ғана амандығына қанағаттанбай, көпшіліктің тағдырына алаңдайды.

Мұны оның Базаралыға айтқан мына сөзінен байқауға болады: «Жалғыз Ырғызбайдың амандығы кімге медеу, кімге дәрі?» 

Бұл сұрақ арқылы жазушы ел ішіндегі әлеуметтік теңсіздікті ғана емес, қиын кезеңде халықтың бір-біріне жауапкершілікпен қарауы қажет екенін де аңғартады.

Шығармадағы келесі оқиға жылу жинау дәстүрінің мәнін одан әрі аша түседі. Боранды күні Абай отырған үйге Дәркембай екі кедей көршісімен бірге келеді. Үшеуінің де малдары аз, ал қолдарындағы азын-аулақ қойлары жұттан қырыла бастаған. Дәркембай Абайға өзінің қиын жағдайын ашық айтып, көмек сұрайды. Ол көршілерімен бірге жайылым мен ықтасын жер іздеп жүргенін, Жидебай маңын паналаудан үміттенгенін түсіндіреді. Алайда Тәкежан оларды қонысқа жолатпай, қуып жіберген.

Бұл жерде көмекке мұқтаж адамның жағдайымен қатар, қоғамдағы екі түрлі көзқарас көрінеді. Бірі өз мал-мүлкі мен жерін ғана ойласа, екіншісі қиындыққа тап болған адамға қол ұшын созуды азаматтық міндет санайды. Абай екінші жолды таңдайды. Ол Дәркембай мен көршілеріне азық-түлік беруді ұйымдастырып, олардың малын паналы жерге орналастыруға әрекет жасайды. Ерболды жұмсап, Дәркембайларға көмектесуді тапсырады. Ал Ділдәға келген адамдарға ет пен азық әзірлеуді бұйырады.

Бұл көріністе жылу жинауға тән маңызды қағида байқалады. Қиындыққа ұшыраған адамның жағдайын жеңілдету үшін қолда бар мүмкіндікті жұмылдыру, азық-түлікпен қамтамасыз ету және оның күнкөрісін сақтап қалуға көмектесу.

«Қияда» бөлімінде халыққа жәрдем көрсетудің тағы бір жарқын мысалы Абайдың анасы Ұлжанның әрекеті арқылы суреттеледі. Жұттан қиналған, азық-түлікке мұқтаж адамдар Жидебайға келе бастағанда Ұлжан оларды тамақтандыруды ұйымдастырады. Абай ауылға келгенде бірнеше жерде қазан асылып, бидай түйіліп, көже дайындалып жатқанын көреді. Піскен ас үй-үйлерге таратылып, ашыққан адамдарға беріледі. Мұхатр Әуезов  бұл көріністі былай сипаттайды: «Аш-арықты күтуге Абайдың шешесі кіріскен көрінеді». Ұлжанның ұйымдастыруымен келген адамдарға ыстық ас беріліп, азық-түлік дайындалады. Бір мезетте он бес-жиырмадай адамның тамақтанып отырғаны баяндалады. Мұнда жәрдем бір адаммен шектелмейді. Ауылдағы әйелдер ас дайындап, жұмысқа жұмылады. Яғни халыққа көмек көрсету ортақ іске айналады.

Бұл оқиға жылу жинау дәстүрінің тек ақша немесе мал берумен шектелмейтінін түсіндіруге мүмкіндік береді. Кейде адамның уақытын, еңбегін немесе қолындағы азығын бөлісуінің өзі үлкен көмек болады.

 Абай да бұл істі қолдап, әкесінің қарсылығына қарамастан мұқтаж жандарға берген уәдесінен қайтпайды. Ол халықты асырап, қолдау көрсету ниетінен бас тартпайды.

Осылайша Мұхтар Әуезов шығармада қайырымдылықты жеке адамның жақсы қасиеті ретінде ғана емес, ел басына күн туған сәтте қоғамға қажет жауапкершілік ретінде бейнелейді.

Әрине, «Қияда» бөліміндегі аталған оқиғаларды дәстүрлі жылу жинаудың нақты рәсімі деп атау дұрыс болмас еді. Өйткені шығармада көпшіліктен арнайы мал-мүлік жинау тәртібі көрсетілмеген. Дегенмен Абай мен Ұлжанның әрекеттері жылу жинаудың негізіндегі өзара жәрдем, жанашырлық және қиындықты бірге еңсеру құндылықтарымен үндеседі.

Қиын кезеңде жаңғырған дәстүр

Жылу жинау тек өткен заманның естелігі болып қалған жоқ. Қоғам басына қиындық түскен сәттерде бұл дәстүрдің мәні қайта айқын көрінеді.

Мәселен, 2019 жылы Арыс қаласында болған төтенше жағдай кезінде Қазақстанның әр өңіріндегі тұрғындар зардап шеккендерге көмектесуге жұмылды. Адамдар баспанасын уақытша паналауға ұсынып, көлігімен эвакуацияланған тұрғындарды тасымалдады. Азық-түлік, киім-кешек, тұрмыстық заттар мен қаражат жинауға атсалысты. Кей азаматтар өздері танымайтын адамдарға қол ұшын созса, енді бірі жақындарын іздеген отбасыларға ақпарат тарату арқылы көмектесті.

Жылу жинау дәстүрінің жарқын көрінісі 2024 жылғы алапат су тасқыны кезінде де байқалды. Еліміздің бірнеше өңірін су басып, мыңдаған тұрғын баспанасын тастап шығуға мәжбүр болды. Осындай қиын сәтте қазақстандықтар тағы да бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарды. Еріктілер мен қарапайым азаматтар су басқан аймақтарға азық-түлік, ауызсу, киім-кешек және гигиеналық заттар жеткізді. Бірі қайықпен адамдарды қауіпсіз жерге көшіруге көмектессе, енді бірі құтқарушылармен бірге құм толтырылған қаптар дайындап, бөгеттерді нығайтуға атсалысты. Кәсіпкерлер қажетті техника мен көлік ұсынып, қайырымдылық қорлары арқылы зардап шеккендерге қаржылай көмек жиналды. Кейбір тұрғындар өз үйлерінің есігін ашып, баспанасыз қалған отбасыларды уақытша паналатты.

Әлеуметтік желілер мен мессенджерлер де көмекті үйлестірудің маңызды құралына айналды. Еріктілер қажетті заттардың тізімін жариялап, қай өңірге қандай көмек керектігін хабарлап отырды. Соның арқасында елдің түкпір-түкпіріндегі азаматтар ортақ іске үлес қоса алды.

Уақыт өте көмек көрсетудің құралдары өзгерді. Алайда оның негізіндегі адамгершілік, жанашырлық пен ынтымақ құндылықтары сол күйінде сақталып келеді.

Жылу жинау мен краудфандингтің қандай ұқсастығы бар?

Қазіргі әлемде көпшіліктің күшін біріктіріп, белгілі бір мақсатқа қаражат жинау тәсілі краудфандинг деп аталады. Ағылшын тіліндегі crowd «көпшілік», ал funding «қаржыландыру» дегенді білдіреді.

Краудфандингтің негізінде қарапайым қағида жатыр: көптеген адамның салыстырмалы түрде шағын үлесі бірігіп, ауқымды іске қаржылық мүмкіндік береді.

Бұл тұрғыдан алғанда, краудфандинг пен қазақтың жылу жинау дәстүрінің арасында айқын ұқсастық бар. Екі жағдайда да адамдар ортақ мақсат төңірегінде бірігеді. Әркім өз мүмкіндігіне қарай үлес қосады. Ал жиналған көмек бір адамның немесе тұтас қауымның мәселесін шешуге бағытталады.

Дегенмен олардың арасында айырмашылық та бар. Жылу жинау негізінен бақытсыздыққа ұшыраған адамдарға қайтарымсыз жәрдем көрсетуге арналған. Ал краудфандинг қайырымдылықпен шектелмейді. Оның көмегімен кәсіпкерлік жобаларды, ғылыми зерттеулерді, кітап басып шығаруды, фильм түсіруді немесе жаңа технологияларды қаржыландыруға болады.

Краудфандингтің бірнеше негізгі түрі қалыптасқан. Донорлық үлгіде адамдар ешқандай материалдық пайда күтпей, қайырымдылық мақсатында қаражат береді. Сыйақыға негізделген үлгіде қолдаушыларға дайын өнім немесе өзге де сый ұсынылады. Инвестициялық краудфандингте қатысушылар жобадан үлес немесе қаржылық табыс алу мүмкіндігіне ие болады. Ал қарыздық үлгіде жиналған ақша белгілі бір шарттармен қайтарылуы тиіс.

Осының ішінде донорлық краудфандинг дәстүрлі жылу жинауға барынша жақын. Себебі екі жағдайда да негізгі мақсат пайда табу емес, өзгеге қолдау көрсету.

Технология дамыған сайын көмектің ауқымы кеңейді

Интернеттің дамуы адамдардың бір-біріне қолдау көрсету мүмкіндігін кеңейтті. 2008 жылы Indiegogo, 2009 жылы Kickstarter платформалары іске қосылып, көпшілік арқылы қаржы жинаудың жаңа кезеңіне жол ашты. Бұл платформалар адамдарға өз жобасын таныстырып, оны жүзеге асыруға қажетті қаражатты тікелей аудиториядан тартуға мүмкіндік берді.

Мәселен, 2022 жылы америкалық жазушы Брэндон Сандерсон төрт жаңа романын жарыққа шығару үшін Kickstarter платформасында қаржы жинады. Нәтижесінде оның бастамасы 41 миллион АҚШ долларынан астам қаражат тартты. Бұл мысал көпшілік қолдауының тек қайырымдылықпен шектелмей, әдебиет пен шығармашылық саласында да үлкен мүмкіндікке айналғанын көрсетті.

Ал әлеуметтік бағыттағы краудфандинг арқылы медициналық көмекке мұқтаж адамдарға, табиғи апаттан зардап шеккен отбасыларға және қоғамдық бастамаларға қаражат жиналады. Қазақстанда да мұндай қолдау көбіне әлеуметтік желілер, қайырымдылық қорлары мен онлайн төлем жүйелері арқылы жүзеге асады.

Дегенмен кез келген интернет арқылы қаржы жинауды ресми краудфандинг платформасымен теңестіруге болмайды. Мұндай бастамаларда ұйымдастырушылардың жауапкершілігі, қаржының мақсатты жұмсалуы және есептің ашықтығы ерекше маңызды.

Жылу жинаудың бүгінгі мәні

Қазақтың «Көп түкірсе, көл» деген мақалы жылу жинау дәстүрінің мазмұнын дәл жеткізеді.

Мұхтар Әуезовтің «Абай жолындағы» Абай мен Ұлжанның әрекеттерінен бастап, қазіргі қоғамдағы еріктілер мен қайырымдылық бастамаларына дейін жалғасатын ортақ ұстаным бар. Ол қиын жағдайда қалған адамға қол ұшын созу, өз мүмкіндігін өзгемен бөлісу және ауыртпалықты бірлесе еңсеру.

Бұрын мұндай көмекті ұйымдастыруға ауыл ақсақалдары, ағайын-туыс пен көршілер ұйытқы болса, бүгін бұл іске қоғамдық ұйымдар, еріктілер және әлеуметтік желі қолданушылары да белсенді қатысады.

Жылу жинау мен краудфандингтің тарихи шығу тегі бір деп айтуға негіз жоқ. Алайда олардың екеуі де адамдардың бірлігіне, өзара сеніміне және көпшіліктің қолдауына сүйенеді.

Дәстүрлі жылу жинау қазақ қоғамында ұжымдық көмектің бұрыннан қалыптасқанын көрсетсе, заманауи краудфандинг сол қағидаға ұқсас тәсілдің жаңа технологиялық мүмкіндіктер арқылы қалай жүзеге асатынын аңғартады.

Қоғам өзгерген сайын адамдардың бір-біріне көмектесу тәсілдері де жаңарып келеді. Бірақ қандай технология пайда болса да, оның негізіндегі жанашырлық, ынтымақ пен адамгершілік құндылықтары өз маңызын жоғалтпайды.

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Той-қазына

19.10.2026

1157

Taza Qazaqstan