Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
Кітап оқу мәдениеті – ұлттың зияткерлік әлеуетінің...

Кітап оқу мәдениеті – ұлттың зияткерлік әлеуетінің негізі

403

Кітап оқу мәдениеті – ұлттың зияткерлік әлеуетінің негізі - adebiportal.kz

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлық – еліміздің рухани-мәдени дамуына бағытталған стратегиялық маңызы зор құжат. Бұл бастама – білімді, ойлы, парасатты қоғам қалыптастыру жолындағы жүйелі саясаттың жалғасы.

Президент бұған дейінгі халыққа Жолдауларында және Ұлттық құрылтай отырыстарында «кітап оқитын ұлт» идеясын тұрақты түрде көтеріп келеді. Себебі оқу мәдениеті – тек жеке тұлғаның емес, тұтас ұлттың интеллектуалдық әлеуетін айқындайтын басты көрсеткіштердің бірі.

Қабылданған Жарлық кітапхана ісін жаңғыртуға, отандық әдебиетті қолдауға, балалар мен жасөспірімдердің кітапқа қызығушылығын арттыруға және цифрлық білім ресурстарын дамытуға жаңа серпін береді. Әсіресе, бірыңғай ұлттық цифрлық кітапхана платформасын қалыптастыру бастамасы – уақыт талабынан туындаған маңызды қадам.

Осы бағытта Ұлттық академиялық кітапхана жүйелі түрде жұмыс жүргізіп келеді. Соның ішінде Қазақстандық ұлттық электрондық кітапхана (KazNEB) жобасы – еліміздегі ең ірі цифрлық кітапханалық қорлардың бірі. KazNEB платформасы арқылы оқырмандар сирек кездесетін басылымдар мен заманауи әдебиеттерді қашықтан пайдалану мүмкіндігіне ие. Бұл – өңірлік теңсіздікті азайтып, білімге қолжетімділікті арттырудың нақты тетігі.

Ұлттық академиялық кітапхана кітап оқу мәдениетін ілгерілету бағытында дәстүрлі және жаңа форматтағы жобаларды қатар жүзеге асырып келеді. Ашық пікірталас алаңдары, әдеби кездесулер, кітап таныстырылымдары, жастарға арналған зияткерлік бағдарламалар – барлығы да оқырман қауымның қызығушылығын арттыруға бағытталған.

Мемлекет басшысы айқындаған басым бағыттар кітапханалардың қызметін жаңа сапалық деңгейге көтеріп, оларды заманауи зияткерлік орталықтарға айналдыруға мүмкіндік береді деп сенеміз.

Кітапхана – тек кітап сақтайтын орын емес, ол – ұлттық ойдың, рухани құндылықтардың, тарихи жадымыздың ордасы.

Ұлттық академиялық кітапхана алдағы уақытта да кітап пен оқырман арасындағы алтын көпір ретінде елдің рухани-мәдени және зияткерлік дамуына қызмет ете береді.

Күміс Сейітова, ҚР Ұлттық академиялық кітапхана директоры

 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan