Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ӘҢГІМЕ
Көк көлік. Тұрмыс парадокстары №1...

14.10.2019 3821

Көк көлік. Тұрмыс парадокстары №1 12+

Көк көлік. Тұрмыс парадокстары №1 - adebiportal.kz

Жан Сөзін естідің бе Жүрегім?!

Автордан.

«Сапарларыңыз сәтті болсын!».

Айлы түн. Кеңістік және жол... Жол және кеңістік... Суықтан бүрсең қағып, қалш-қалш, қалш-қалш, қалш-қалш етіп Автор тұр. Құдайсыз тұрғындар тұрғызған, сол жағына қарай мыжырая барып қисайған аялдама алдына Көк көлік кеп тоқтады да, біразға шейін тұрды. Іші – толған адам, сапырылысқан жұрт. Сонау-у-у-у алыстан, қоп-қою тұман ішінен шойнаң-шойнаң етіп арқасы – бүкір, оң әлде сол көзінде ағы бар, екі аяғын иығынан салбырата тастап, арқалап келе жатқан бағы бар ақсақал келді, бұл – сол Көк көлікке үлгеріп мінген соңғы жолаушы-тұғын. Басында – дулыға, мойнында – тоқпақтай галстук, үстінде – тоз-тозы шыққан шапан, аяғында – қанқызыл туфли, бұтында – құйрығы жыртық-жамау, бір жағы – қара, бір жағы – ақ джинсы киген ол төрге озды. Орнынан ойлана, ыңырана қозғалған Көк көлік төмен қарай құлдилады.

«Сапарларыңыз сәтті болсын!».

– Өз ішімдегі адамды өлтіріп алдым! – деп күбірледі, ақсақал.

Оған бірі – мүсіркей, бірі – жақтырмай, бірі – күле қарады. Мұны Автор да аяған жоқ, тілін шығарып мазақтап, көзін алайтып, маймылша маймиғаны. Күлімсі-қолаңсаның иісінен жиіркенгендер – тұмсық-танауын жауып әуре. Ғж-ғж, ғж-ғж, ғж-ғж... Радиодағы диктор сарнай жөнелді де, бір мезетте өлеңге кезек берді, орнаған ғажап атмосфераны ара-тұра глушитель гүрілі ғана бұзып тұрды: «*ағылған автобустар / қораптар / секілді / бәрінде ұқсас / тағдыр / кондуктор / мені / жұмысқа апармай / қаланың жүрегінде / қалдыр / орталық даңғылдың бойына / асыққан адамдар арасы / мақсатсыз мен ғана...». Көк көлік кезекті бір аялдамаға тоқтағанда ішке маңдайында көзі бар сыған қатын сызыла кірді де, жүресінен отырған қалпы қулхуалладан жіберді.

– Құдай деген не?

– Кім деп айт!

– Әке!

– Ау?

– Құдай деген Кім?

– Білмеймін балам, білмеймін.

Қатын күс-күс қолын дамбалына бір сүртіп ап, алақан жайып еді, бәрі ұйықтап кетіпті. Сұғанақ қол нақты есімде жоқ, әйтеуір қаз-қатар орналасқан алты немесе жеті кісінің қалтасын ақтарғанымен миллион доллардан өзге түк таппады. Негізі, бақыт пен береке іздеп еді ғой, бұл. Ғарыштан қуат алып, ерекше әсерленген әйел көзін тас қып жұмып, жыр оқыды: «**Уақыт және Кеңістік... / Кеңістікте ерегестік-керістік! / Біз секілді миллиард дене, мың дене / Кеңістіктен іздеп әлек бірдеңе! / Қайғы да емес, іздейтіні мұң деме / Махаббатқа ұқсайтын сол бірдеңе / Табылмаған, жоғалмаған бұл неге? / Атағым кеп тұрса соның шын атын / Тілім де осы қалады екен күрмеле! / Әй, Бірдеңе!..». «Әй, Бірдеңе!», «Әй, Бірдеңе!», «Әй, Бірдеңе!». Ақырғы сөз жыланша созыла-ирелеңдеп барып, сүріне-қабына жаңғырықтың қап-қара жалына барып жармасты. Халық жаман түстен шошып оянғандай селк етіп жан-жағына сезіктене қарады-дағы, қайта қалың ұйқының жып-жылы құшағына енді дейсің, хпш-пс, хпш-пс, хпш-пс. Алайда, сығанның есікті ашып, секіріп кеткенін бұрышта шылым шегіп тұрған Автор ғана аңғарып қалды-ау, сірә. Өлі ме, тірі ме, білмейміз, білмейміз Біз Оны...

«Сапарларыңыз сәтті болсын!».

Орта тұстан:

– Мен – Әлиханмын! Мен – Әлиханмын! Мен – Әлиханмын! – деген еңселі еркектің зор даусы ап-анық естілді.

– Әлихан көп қой, қайсысы? – деді әлгі төрдегі ақсақал галстугын түзеп.

– Бөкейхан!

Осы сөздің айтылуы мұң екен, келесі аялдамадан «Оңай» картасын тексеруге кірген қызметкер Әлекеңнің шүйдесіне сұп-суық тапаншасын тақаған күйі Көк көліктен түсіріп тастамақшы еді, ол әбжіл қимылмен әлгі қаруды қағып жіберді... Тарс... Есік жабылды...

– Біз қайда бет алдық? – деді ақсақал, шопырға.

– Мәңгілікке! Шексіздікке!

Көк көлікті сопы жүргізіп келеді. Бір кезде «темір тұлпар» жылдамдығын үдетті, кеп. Абыржыған алты адам тізгінге таласа бастады. Бірін-бірі таптап, жаншып барады, жұдырық та жұмсалды, іске таяқ-дубина да араласты. Әуеге ілінген айғай-шу шіруі жеткен жіпше бырт-бырт үзіліп, қазір атом бомбысы ұқсап жерге гүрс ете түсетін секілді. Алакөлеңкеден ештеңе жөнді көрінбейді екен, тек қараң-құраң еткен бірдеңе. Автор бұл уақиғаға араласқан жоқ, шындығында араласуға құлықсыз-тын. Тақ осы тұста Көк көлік қап-қара тасқа барып соғылды. Терезе күл-талқан боп шағылғанда сопы алдында үш таңдау тұрған-ды: біріншісі – Көкке ұшып кету, екіншісі – кеңістікке сіңу, үшіншісі – қашу, бірақ ол төртіншісін қанағат тұтты. Көк көліктің төрінде ойлы қалпынан танбай ақсақал ғана отырды, ал қалғаны... Радиодағы диктор даусы үзіліп-үзіліп әрі құмығып шықты, даусында қобалжу, қорқыныш, діріл және ... бар: «Бәріңізді... Тәуелсіздік күнімен... шын жүректен құттықтай келе... мына өлеңді... оқып беруге... оқып беруге рұқсат етіңіздер. «***Алақанымнан аққан көлеңке / Жүзімді жасырғанда / Уақыттан үзіліп / Аспанға мағынасыз телмірдім / Мен солай / Бала күнгі сынған айнаға шағылысқан / жарқылдың / Жалт-жұлт еткен әнтек / Естеліктерін ғана есіме түсірдім...».

«Сапарларыңыз сәтті болсын!».

Әлібек БАЙБОЛ,

жазушы-драматург,

әдебиеттанушы

*Өлеңнің иесі – Айжарық (үзінді).

**Өлеңнің иесі – Айнұр ТӨЛЕУ (үзінді).

*** Өлеңнің иесі – Тілек ЫРЫСБЕК (үзінді).

Көрнекі сурет интернеттен алынды.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар