Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
«Көкмойнақтың үйірі» (Адай тағдыры)...

03.06.2015 9657

«Көкмойнақтың үйірі» (Адай тағдыры)

«Көкмойнақтың үйірі» (Адай тағдыры) - adebiportal.kz





Кокмойнак.jpg


 

 


«Көкмойнақтың үйірі» – Адай жылқысының ерекше асыл тұқымды түрі туралы жыр. Маңғыстауда ғана таралған ерекше төзімді жануар туралы жырдың нақты авторы ұмытылып кеткендіктен халық жыры болып таныстырылады. Ел аузынан жазып алған – ақын Есенғали Раушанов (1990). Орындаушысы Елдос Еміл (1998). Жырда баяндалатын оқиғалардың шынайылығы, аяныштылығы, ауырлығы себепті ел «Көкмойнақтың үйірі» жырының екінші атын «Адай тағдыры» деп кеткен. Саяси қуғын-сүргін һәм ашаршылық кезіндегі (1932-37) ел тағдыры зарлы толғауда толық жырланған.




 

Әлқисса болар сөз басы,

Ақылдың иман жолдасы.

Бұл күндері болғанда

Ақыл мен иман бүлінді,

Заманым қырық құбылды,

Жоғалып ынсап-қанағат.

Отыз екі деген жылында

Самның орғыл құмында

Біздің Адай қырылды.

Ақырын берсе салауат.

Сұлап жатқан көп өлік

Бұйрат құмды жағалап.

Түлкі сарып сырыққа,

Қарға қонды құрыққа,

Қара шыбын балалап.

Қырылып жатқан халықтың

Көзін ғана ойып жеп,

Құзғын ұшты табалап.

Қарындас болды – қара бақ,

Жүйрік болды – шабан ат.

Ойға да қырға ел ауды,

Саулы інгендей ыңыранған.

Маңғыстаудың Қараойы,

Кімге етермін аманат?!


 

...Өңім осы, түс емес,

Ойлап тұрсам мынау іс –

Бәлшебектің ісі емес.

Ақыл айтқан әр баптан

Заман парқын шамалап,

Әр нұсқаны саралап,

Асыл сойдың баласын

Алып кетті бір түнде

«Дұшпансың!» – деп қаралап.

Он жетіде жасым бар,

Қиылған қара қасым бар –

Тастап кетті бала деп,

Жүгірсем де «ағалап».

Қамшы құйрық қызыл нар,

Қаны таза бізің нар –

Мұрнынан тізіп оны алды

Ауыл-үйді аралап.

Көкмойнақтың үйірі-ай,

Домбыра тартсам күйім-ай,

Айқайласам әнім-ай,

Ашырқансам дәмім-ай,

Тұшырқансам тұзым-ай,

Алдына салып айдады

Бишігімен сабалап.

...Малдан зият жануар

Қашып келді қайтадан

Талай жерді аралап.

Туырлықсыз тұл үйді,

Қараң қалған мың үйді

Иіскеп жүр жағалап.

Күнде ертемен оянсам,

Айналайын көзіңнен,

Оқыранып келеді

Көкіректі жаралап.

Қол кісенсіз байлаулы,

Іш қазандай қайнаулы,

А, сұм жалған жаман-ақ.


 

Бұл салғырттың бойында

Нелер батыр өтпеді?

Жауды көрсе жараған,

Сөз десе бұлты тараған.

Нелер тақ-тақ өтпеді?

Аруанадай зарлаған,

Ұл туады анадан

Қиқуды естіп даладан.

Көлденеңім – көк отау,

Қырқа жағым – қырық отау,

Ойпаң жағым – он отау,

Белдеуінде әр үйдің

Таң аспаса Көкмойнақ –

Ол ауылдың несі артық

Сырлаған сары моладан?

Көксауыр жона ақбас ер,

Ақ бас ердің қасына

Бесатар мылтық ілмесе –

Оны да жігіт санаман.

Осы екеуі жоқ болмаса,

Артыма қимай қараман.

Қасқа да болған ерлерім,

Сол қайраттан не көрдің?

Ұстап берді айғақтап

Қалған мұра бабадан.

Мынау, мынау, мынау күн –

Қасірет күн, жылау күн.

Қатын-қалаш, кемпір-шал,

Бала-шаға болмаса

Аш өзектен шалдырды

Бас көтерер абадан.

Бытырады ел ауды,

Аз аумады, мол ауды.


 

Кең Маңғыстау – кең ием,

Кер жусанды саладан.

Жиен ағам Көкбөрі –

Өлексеге тоқ бөрі.

– Не істейміз? – деп едім

Атаңа нәлет қорс етіп,

Әрі айналып: – Кет! – деді.

Түбі шикі құл баулы,

Ашамайда келген ит,

Арам төлден өрген ит.

Қаным қатып мен кеттім,

Тағы үрер деп абалап.

...Жол тірелді тұйыққа,

Бесатар мылтық иықта.

Тәуекелге бел будым.

Бел буған жерім айтайын:

Ана Үстірттің етегі –

Көз талатын қиыр-ды,

Қиырға салып шиырды,

Жинап-теріп бір күнде

Қуып кеттім үйірді,

Көк жұлынды тағалап.

Ұзын санын сұрасаң –

Торқа жалды тоғыз-ды,

Серке санды сегіз-ді,

Санап шықтым аралап.

Мама бие, көк бие

Арда құлынға ұқсатып

Аузымды ашсам емізді.

Ортасында жатқанда

Көзден аққан қанды жас

Омырауыма құйылды.

Ұйықтатпайды түнімен

Бөрі-шағыл қамалап.

Тұсап қойдым жаныма

Көк биені даралап.

Қосқұлақтың тамында,

Көк құлпытас жанында

Сол көк бие кісінеп,

Тағы он бес ат жиылды.

Заман қысым салғанда

Түзден нәсіп бұйырды.

Бекет Атам мешітін

Бес күн жаттым паналап.

Сәрсенбінің сәтінде

Дүркірете қуалап,

Құмға сіңіп жоғалдым

Қу түлейді сағалап.



 

             * * *



Көкмойнақтың баласы-ай,

Көз ұямның қарасы-ай,

Көңілімнің наласы-ай!

Ере алмайды жүгірсе –

Шұбалаң құйрық шұбар да,

Қуыс қолтық қылаң да.

Қарабайыр, арғымақ,

Тесік өкпе қазан ат

Жарыса алмас бұлар да.

Тобан аяқ жабы емес,

Қол-аяғы жіптіктей,

Жіптік те болса – болаттай,

Болат оңай сынар ма?!

Доңыз мойын қара емес,

Басы жеңіл бұрарға.

Одан артық көлік жоқ

Кезенген жауға тап болып,

Кескілесе шығарда.

Майға бөгіп қалмайды –

Бір атасы құлан ба?

Сабау кірпік, тұнық көз –

Бір атасы бұлан ба?

Құлыбын кері қайырған

Мылтықты көр де оны көр

Қос құлағын жымарда.

Біздің елдің адамы

Үшқұдықтың арасын

Сәске болмай қосады

Таң намаздан шығарда.

Қыс тоғыста – терлетер,

Жаз тоғыста – өр кетер,

Беріктігін сынарда.

Үш қиянның қазағы

Тақ тұрады алдында

Бәсеке-дәурен құрарда.

Мініп шықсам құтыртып –

Айтқызбай-ақ таниды

Түп атамды сұрарда.

Жауға мінсем – айбарым,

Тойға мінсем – жайнағым,

Төбемдегі – байрағым,

Жанымдағы серігім,

Талыс танау көрігім,

Асылың хайуан демесең –

Малдан бөлек келімің.

Түлкідейін түн қатып,

Бөрідейін жол тартып

Шиыр салып жүргенім.

Қаба жалдың әр талын

Тарап ұстап сүйгенім.

Сізден басқа жылқыға

Ат екен деп мінбедім,

Көлік құрлы көрмедім.

Тақымыма бір тисең,

Ағын судай гүрледім.

Маңғыстауда бұлт едік,

Топтан озған ілкі едік,

Оза көшіп, кең қонған

Сегіз арыс жұрт едік.

Сегіз арыс ішінде

Егер қатын қалса бір

Туар мендей баланы,

Сізді қайдан табады?

Қамықпа, жаным, қамықпа,

«Әр асқанға бір тосқан»,

Мына алапат басылып,

Жұлдызың ертең жанады.

Соны неге білмейді

Көкбөрілер манағы?!

Бұралқы итті асырасаң –

Түбі өзіңді қабады.






Кокмойнактын уйiрi.jpg

 




              * * *



Байрамалы, Марыда,

Бесқаладан арыда

Түбі жекжат түрікпен,

Ол да қойдай үріккен.

Оған барсам бір күні

Тиер дедім залалы.

Атқұмарлау халық еді,

Көкмойнақты көргенде

Бас салмаса жарады.

Хиуа, Бұқар қала-ды,

Егін еккен сала-ды,

Ат қадірін не білсін?

Соқаға айдап салады.

Сұмырай болды бұл заман,

Сұмдық болды ойлаған

Көкіректе жан-ай жан

Қайдан байыз табады?!

 


                * * *



Қанды жастан кеппейді

Көк биенің жанары.

Жатсам-тұрсам айналып

Қабағыма қарады.

Асыр салып шаппайды

Арда құнан жабағы.

Құлан ішпес тұзды қақ,

Тобын жазбай барады,

Тобын жазбай қайтады,

Ішім өрттей жанады.

Үш жыл жүрдім аң болып,

Жалғыз басым даң болып,

Амал өтті, жаз өтті,

Күз түсуге қарады.

Іргесі бүтін бір ауыл

Кең түбектен таппадым.

Тірі адамнан ақпанда

Бүкшеңдеген шал көрдім

Иыққа асып қақпанын.

Көктемеде бір көрдім

Көсік қазып жатқанын.

Қара күзде бір көрдім

Сіресіп өліп жатқанын.

Ашық екен жанары,

Көмген болдым сауап деп,

Аршып көне моланы.

Сөйтіп жүріп қыс келді,

Басқа қиын іс келді.

Қыстаған жерім айтайын:

Шымыраудың табаны.

Үстімнен түсті бір күні

Сегіз жігіт сайланған

Шақырлап мылтық жарағы.

Әй-шайыма қаратпай:

– Қане, банды, беріл! – деп,

Жан-жағымнан қамады.

– Малды өткіз! – деп біреуі

Бұғып айқай салады.

– Бұл мал емес, сен малсың,

Иттен туған арамы!

Үңірейіп төніп тұр

Көп мылтықтың араны.

Сонда тұрып сөйледім,

Сөйлегенде бүй дедім:

– Сөзге қонақ бер, – дедім, –

Жақынырақ кел! – дедім.

Сөз тыңдайтын олар ма?

– Мылтығыңды таста! – деп,

Жанымды алып барады.

Бас бермейін деп едім,

Бастым ыссы табаны.

Кісінеген ышқынып

Көк биенің дауысы-ай

Құлағымды жарады.

Енді рақым маған жоқ,

Құдай қылды, амал жоқ.

Қалыбына көн қатса –

Жеті атамда озалдан

Ажалынан өлген адам жоқ.

Уа, мен кімнің шікірәсі?

Тәңірден басқа панам жоқ!

Өле кетсем артымда

Інім де жоқ, ағам жоқ.

Ас беретін елім жоқ –

Елсіз болсаң, молаң жоқ.

Шүріппені бір бастым,

Жата қалды сегізі –

Сегіз кесек албастың.

Көк жұлынға міндім де

«Иә, сәт!» – деп жөнелдім,

Қашқан ерде табан жоқ.

 

                                                        * * *


Қашқан ерде табан жоқ,

Қапы кеттім, қайтейін,

Қайрыла алмай артыма.

Кірме болып көп жүрдім

Бесқаланың халқына –

Қарақалпақ, сартына.

Түрікпен ішін шарладым

Шөгерме киіп басыма,

Шерік болып асына.

Жауға бермес қонағын

Басы жерге жеткенше,

Жәуміт ауыл сақтады

Құпиялап, жасыра.

Ағайыным болмады

Іздеп келген қасыма.

Көк ала орда, көк орда,

Қалы-кілем толы орда,

Адыра қалғыр, жетпейді-ау

Маңғыстаудың тасына.

Аса шапқан, тыз етпе

Теке-Жәуміт қаз мойын

Байласаң да төріне –

Келмейді ғой ол-дағы

Көкмойнақтың шеніне.

Кешіре көрсін яшы ұлы

Айтты десе асыра.

Мың ой келді басыма,

Берекемді қашыра.

...Тағы да келдім тар жерге,

Жасыма, жігіт, жасыма!

Келген жерім айтайын –

Кетік деген қала еді,

Өзім келдім тал түсте

Батағаның басына.

Жөнімді айттым солдатқа,

Сыр бүкпедім жасыра.

Жауап алды қара адам

Ит сықылды қабаған:

– Байдың ұлы осы ма

Жылқы айырған даладан?

Кімнің малы бұл? – дейді,

Басқа сөзді білмейді.

– Бұл бір асыл тұқым-ды,

Бар қалғаны – осы-дүр,

Өзім бағып берейін, –

Десем-дағы жалынып,

Құлағына ілмейді.

 

Отыз жетінші жылында

Алып шықты қаладан

Абақтыдан қамаған.

– Айдарханға асыр! – деп,

Пәрмен берді қара адам.

Біз айрылдық осылай

Маңғыстаудай даладан,

Ұзын жатқан саладан.

Көз алдымнан кетпейді

Абақтының алдында

Арба сүйреп баратып

Арса-арса көкмойын

Оқыранып қараған.

Тағы да естен кетпейді
– Ер салдырмас сен бе? – деп,

Көк биені сабаған,

Ит секілді қабаған

Бағанағы қара адам.

Асыл тұқым ардағым,

Енді айналып келгенде

Қайдан сені таба алам?

Балуан жолбарыс білекті,

Жігіт едім жүректі.

Кешегі бір заманда

Қилы-қилы күн өтті

Соларды айтып толғасам –

Көкіректе қатқан шер

Біразырақ тараған...


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар