Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы

15.09.2022 2307

Күйші 14+

Күйші - adebiportal.kz

Кеше кешкұрым арнайы шақыра келген бір жас жігіт: «Ертең көрші ауылда той болады. Оған адам аяғы жетер жерден өнер адамдары келмек. Біздің қазақ малды тойға шашу үшін жинайды, той арқылы атын шығаруды ойлайды. Атан жарысқа, аламан бәйгеге, палуандар күресіне, ақындар айтысы мен күйшілер сайысына атан бастаған тоғыз, бір үйір жылқы тігілмекші! «Әлі жеткен жығады, бабы келген шабады, бағы жанған алады» демей ме, қазекең?! Ақсақал, киіз үйде кемпіріңізбен керілдесіп жата бергенше, дүйім жұртқа өнеріңізді көрсетіп өзіңізді де, өзгелерді де сергітіп қайтпайсыз ба? Алла бұйыртса, тойдың бас бәйгесін де алып, атыңыз аңызға айналып, елге белгілі болып қаларсыз!» деп, көпірте сөйлеп, қарияны бір қопаңдатып кеткен. 

Арнайы “Таласбек” сыйлығы үшін

Қырсық шал алғашында: «Күй тыңдайтын құлақ қалды ма, қазір?! Күйшіден қадір қашқалы қаша-а-ан...» деп, қыңырайып, жылы қабақ таныта қоймаған. Бірақ, екі күн болды, ұйқысы жоғалды. Түні бойына дөңбекшіп, кірпік ілмейді. Тілден де қалды. Өзі мен өзі. Қолдарын қайта-қайта сабындап жуып, саусақтарын жылы сарымаймен қайта-қайта сылайды, кеп. 

Ескі досы қос шекті қара домбыраны баптауды да ұмытпады. Оны айызы қанғанша ойнамақ тұрсын, қолына алып шаңын сүртпегелі де қай заман?! Әбден созылып, орнынан жылжып кете беретін пернесі мен ішегін шақырушы жігіт келіп кеткен соң жаңалап, әсіресе, ішегін жылқының ішмайымен сүртіп қойды. Сәлден соң, шертіп те көрді. Досы да, өз көкірегі де сайрап тұр-ау, шіркін! Бірақ, көп жылдар күнделікті тірліктің тізгініне жармасып, қара жұмысқа жегіліп жүрген соң да, саусақтарының буындары шорланып кетіпті. Саздақты, қатты жерге өскен еркек сексеуіл бұтақтарындай қисайып, көзге де ебедейсіз көрінеді. 

Оның үстіне, кемпірінің күңкілі де көбейіп кетті. «Әй, сенің тыңқылың тамақ бола ма?! Кәрі қойдың жасындай өмірің қалғанда, қойсайшы осы! Тойып тамақ жемей, бір бүтін киім кимей-ақ өмірден өтетін болдық қой! Өмірдің барлық қызығын өзің ғана көресің. Қайда мереке, той, қайда күй сайыс болса... Қане, сонда шыққан мүйізің?! Біз бейбақтың жазығымыз не?!» деп, мазаны алып, күнде құлағының құрт етін жейді. 

Ондайда, қарт күйші молдадан естіген: «Әйелдер тамұқтың тұрғындары» деген сөзді іштей қайталап, «Сірә, рас шығар» дейді де, қояды. Кейде: «Адамды өте қажытатын қара жұмыс емес, қамшыдай тиер осындай улы сөздер ғой. Әйтпесе, ішер ас пен киер киімді өмір бойына ешкімге қол жаймай-ақ тауып беріп жүрген жоқпын ба?!» деп, өзінше бұл да күңкілге басады... 

Қарияның ендігі бар ермегі – бес уақыт намазы. Сәждеге басын қойғанына үш-төрт жыл болды. Қатар-құрбылары келеке қылғандарымен, көрші-көлемінің «құран оқышы» деп арнайы шақырып тұратыны да бар. Жас ұлғайған соң тілді сындыру оңайға түспеді, әрине. «Құдай – бір, пайғамбар – хақ, құран шын!» дегенге жас кезінен-ақ кәміл сенетін. Әйтсе де, намаз оқуға мойны жар бермей, бір жағы жастықтың қызығына тоймай, жүре берген-ді. 

Намазға жығылып еді, алдымен қасында жатқан кемпірі күлді. Сосын, жора-жолдастары мазақ етті. «Кезінде бар күнәні жасап алып, енді молда бола қалуын қарашы» деп күйдіреді ғой, бұлар. «Несі бар, жас болдық, мас болдық, ақымақ болдық. Күнәні біліп те, білмей де жасадық. Сол үшін, Құдайдан кешірім сұрап жалбарынғанның несі әбестік?! Әнші-күйшінің жүрген жері жиын-той, мереке. Ал, той дастарханының бәрінде де арақ-шарап. Оны ішсең де, ішпесең де қыз-келіншекке көзің түседі. Сен қарамасаң да, олар саған көздерін сүзеді. Мүмкін сені, не өнеріңді ұнататын шығар. Сөйтіп, ақырында күнәһар боп шыға келесің. Өзіңді кінәламай сол сәтте өнерді шайтанға жығып бересің...» Ақталу ма, шын солай ма, ол кезде бәрібір!

Осындай ойлардан әзер арылған қария, бесін намазын оқып болып, ұзамай-ақ жолға шықты. Тастөбеге шығып алып шақырайған күн, оның шекесін күйген майша қыздырып барады. Қапырықтан бойы балбырап келе жатқан күйші тағы да ой жетегіне ілесіп, өз-өзінен күбірлей сөйлеп кетті. «Таяқ тастам жер сияқты еді, бұл ауыл көшіп кеткен бе, өзі?! Қайран жастық-ай десеңізші, сүт пісірім уақытта-ақ жететін едім, ет пісірімдей болды, әлі қарасы көрінер емес! Қанша мойындағың келмесе де, қарттық шіркінің қалай да жеңеді екен ғой. Домбырасы бар болғыр ауырлап кеткен бе, қалай?! Әлде...» 

Домбыра! Қос ішекті қоңыр домбыраны Құдай тағала бар тағдыры қиындыққа толы, алайда, барлық тауқыметті серілігімен жеңе білсін деп, тек қазақ деген ұлтқа ғана әдейі сыйға тарту еткен тәрізді! Қаншама қазақ домбыраның арқасында бала-шағасының нәпақасын тауып, қаншама таланттылары өз атақ-абыройларын асырып, тарихта мәңгіге қалып жатыр! Басқа ең әйгілі күйшілерді былай қойғанда, кеше ғана өзіне тәлім берген ұстаздары домбыраны жан досындай мәпелеп, бабын келтіре бұрап ап, адамша сөйлетіп, бұлбұлша сайрататын еді-ау, шіркін! Сосын да, ұстаздарының өнерін насихаттап жүреді. Күні ертең өз шәкірттері де мұны халыққа насихаттап таратады. Өнер атты сиқырлы дүние керуені дәл осындай тізбекпен бір ғасырдан екінші ғасырға  жалғасады, өшпес соқпақтар қалдырып жылжи береді, жылжи береді... Неткен ғажайып құбылыс десеңші, өнерлі жандар өмірі?!

Айтпақшы, бір тойда бұған бір азамат: "Ақсақал, сіз өзіңізге домбыра үйреткен ұстазыңыздың деңгейіне жете алдыңыз ба?» дегенде, ұстаздарынан көш ілгері ұзап кетсе де, бұл: «Жоқ, ә, – деп бастап, – олардың қолына су құюға да жарамаймын!» деп жауап берген. Күйшінің бұл жауабы, әрине, ұстаз бен өнерді, аруақты сыйлаудың және құрметтеудің шынайы үлгісі еді... 

Қарт күйшінің жүрісі өнбей қойды. Өйткені, өз сұрағына өзі жауап таппай, шақшадай басы шарадай болған. «Әй, менің мұным не?! Ата сақалым аузыма түскен кезде, жел айдаған қаңбақтай домалана жөнеліп, желпілдеп барып жастармен жағаласпақ болғаным, қалай?! Жас кезімізде талай жағаластық қой! Қане, содан шыққан мүйіз?! Өмірге келгендегі мақсатым не еді, өзі? Күйшіліктің мәні неде, түйіні қайда? Осы өнерімнен еліме, жеріме, халқыма нендей пайда тиді?! Сүйектерімді сықырлатып, тағы сүйретіліп келемін.» Дәл осы сәтте көңіл түкпірінен бір сұрқия сезім жылт ете қалғандай болды. «Әй байғұс-ау, аппақ сақалыңды сыйласа да, ең болмаса сарқыт берер!» Астапыралла!.. 

Қария селк ете қалды. «Алла, өзің кешір! Бұл қу нәпсінің құлқынына құлып түсетін күн бар ма екен, сірә?! Екі көзі топыраққа толғанша «тойдым» деген пендені көрмедік. Керісінше, дүниеге тоймас ашкөз жандарды көрген сайын да, оларға жиіркене қарайтын маған, бүгін не көрінді, соншама?! Бұрын-соңды мұндай арамза ойдан аулақ едім ғой. Кемпірім айтқандай, еш пайда ойламаппын. Бар қызықты, жақсылықты, бар атақ-абыройды қара басым ғана иемденіппін. Бұтағы жоқ теректей бойымды көкке көтергенім кімге қажет?! Достарым дүние қуды, мал-мүлік жинады, байыды. Олар болса, шетінен ақыл айтқыш! «Қу домбыраңды құшақтап, қызық қуалап босқа жүре бермей, бір сәт құлқыныңды ойласайшы!» дейді. Демейді-ау, кәдімгідей ұрысады! «Заман да, адам да өзгеріп жатыр. Олар баяғыдай сенің ағарған шашың мен өнеріңді сыйламайды, қолдағы бақырыңды санайды» дейді...

...Алыстан ауылдың шеті көрінді. Қаз-қатар қонған ақшаңқан киіз үйлер. Қызыл-жасыл киінген жастар. Ит үріп, қой-ешкілер маңырап, ауылдың үсті у да шу. Ауыр ойдан әзер арылған қарт мына көріністі жердегі жәннатқа балады. Жерошақтарға қатарласа қонжиған қара қазандардағы буы бұрқырай қайнап жатқан жылқы етінің жағымды иісі мұрынына жеткенде, онсыз да шыдамы әбден таусылып келе жатқан қарттың ішегі шұрқырап қоя берді... 

Тойға шақыра барған жігіт өтірік айтпаған екен. Үлкен ақбоз үйде отырған жасы үлкендерге айтқан сөздеріне қарағанда, дәулеті тасыған той иесі елдің еңсесін осылай бір көтеріп тастағысы келгенін шын ниетімен айтқанда, қариялар елжіреп сала берді. Өзі де кескін-келбеті келіскен, аңқылдаған, қолы ашық мейірімді жанға ұқсайды. Бар жиған-тергенін осы тойға сарп етпек болып, аяқ жетер жердегі аты ауызға ілінген ақындарды, Алланың өз пенделеріне астыртын ғана айтар өсиеттерінің күбірін күмбірлете жеткізер күйшілерді жинапты... 

...Сонымен, той барысында ақындар жан аямай айтысып, домбырашылар күй тартысып, жеңгендерге де, жеңілгендерге де сый-сияпаттар берілді. Той тарқайтын сәтте, той иесінің өтінішімен, он екі қанат ақ ордаға ақындар арасынан оза шауып бәйге алған жас ақын, шашасына шаң жұқпаған қарт күйші шақырылды. «Бәйгенің алдын бермеген екі жеңімпаз халыққа өз өнерлерін көрсетсін!» деген көп тілегін қабыл алған жас ақын мен қарт күйші, бар өнерлерін алма-кезек ортаға салды-ай, келіп! Қанша уақыт өткенін кім білсін, әйтеуір, қос жүйріктің өнеріне көңіл шіркін тояттар, тыңдаушылар тарқар пейіл танытар емес! 

Етке тойып, қымызға қызған, қызыққұмар есер біреу: 

– Әй, айтыңдаршы, ақын мықты ма, әлде, күйші күшті ме – деп қалды.

Есірік сөзге елірген көпшілік арасынан тағы бір-екеуі: 

– Шынында да, екеуінің қайсысы мықты? – деп, отырғандарға жел берді. 

Онсыз да өз өнеріне масаттанып «кеудесіне нан пісіп» отырған өркөкірек, әрі ақылынан бұрын аузы жыбырлайтын жас ақын жұлып алғандай:

– Тілінен бал таматын, сөзінен май ағатын ақын күшті емес пе?! – деді, күйшіні менсінбей, оған шекелей қарап. 

Сол сәтте әлгі ақынның аузына аңтарыла қарап отырған халық, енді күйшіге бұрылды. Үйді үнсіздік жайлады. Сосын, ақынға жанарынан жалын ата қараған қарт күйші басын шайқап, мырс етті. Бірақ, күйшінің көңіл түкпірінде: «Ақындығыңа еш таласым жоқ, ақылдылығыңа күмәнім бар!» деген қарсы жауап тұрғанын ешкім де ұға қойған жоқ. 

– Олай болса, өнеріңді бастай ғой! – деп, қарт күйші басын изеп, жас ақынға қарап ишара етті. 

Енді аузын ашпаса жарылып кетердей тырсиып отырған жас ақын, осы сәтті күткендей-ақ, күйшіні илеп алғысы келіп, күш-қуаты мен ақыл-есін жинап, сөз тиегін ағытып келіп жіберді! Арындаған дауысы ақбоз үйден де, тіпті ауылдан да асып, еркелеген есер желге ілесіп, ен далаға естіліп жатты! Шабыттанған албырт көңіл қуыс кеудемен қош айтысып, мынау тылсым дүниеге шынымен-ақ араласып кеткендей. Ел тарихы, жерін жаудан қорғаған батырлардың баяны, ғашық жігіттің сүйген аруына деген шын махаббаты, туған жердің тау-тасы, табиғаты түгел дерлік ақын назарынан тыс қалмады. Жас көңіл құс боп шарықтап, жел боп есті! Еліріп кеткен ақынның екі көзі шаңыраққа түскенде ғана, есі кіргендей болды. Үйдегілер тым-тырыс отырса да, «арс-арс» үрген төбеттер мен маңыраған мал дауысы ғана сыртта да тірлік барын білдіріп жатты. Өзін ентелей қоршағандарды көргенде, «шамасы, ұзаққа шаптым-ау» деп ойлады, «жас пері»! Тырс еткен дыбыс шықпағанына қарағанда, тыңдаушы жұрттың жалықпағанын түйсігі арқылы сезген оның жаны жайланып  рахат күй кешті. Ақын өз толғауын аяқтағанмен, сезімін сөзге сиқырлатқан халық селт етер емес. Сол бір сиқырлы сәтті әлі соза түскісі келгендей, дәл осы сәтте олар «ұлы» ақынын ұлтының ұлығындай көріп, аузына қайта телмірген. Соны байқап қалған жас ақын: «Қария, қалай айттым?!» дегендей, күйші жаққа кербездене бұрылды. Қарт күйшінің әлемде бары-жоғын ұмыта бастаған халық, енді назарларын оған аударды. 

Бірдеңесін жоғалтқандай тесіле, телміре қараған жанарлар. Неткен отты көздер! Бірі мысқылдай қараса, бірі мүсіркей, бірі мазақ етердей «ішіп-жеп» қарайды. Әйтеуір, неге екені белгісіз, күйшінің құдіретіне сенетіндей бір де бір көз таппай әлек. Ол: «Ия, Аллам, малымды ал, қажет болса жанымды да ал, бірақ абыройыма тие көрме!» деп, іштей күбір етті. Сонан соң, қыл сағақ, ұзын мойын көне домбырасын сәл күйлеп салалы, сиқырлы саусақтарымен пернелерді еркелете сипай жөнелді. Күйші досының терсіңді құшағына енген домбыра жорғалаған саусақтардан қытығы келгендей сылқ-сылқ күле ме-ау, шолпысын сылдыратып жүгіре басқан қылықты қыздай билей жөнеле ме-ау, ғашығына жасырын сыр шерткендей сыбырлай ма-ау?! Не деген ғажайып сиқыр, неткен құдірет?! Көгілдір көлдің көркі болған, қанатының сұңқылынан жан тебірентер әсем әуен мен керемет күй туғызған аққу-қаздар осы бір ақбоз үйді айнала ұшып жүргендей! Енді бірде, самал желмен жай ғана тербелген қамыстың сылдырына, сықылықтай күлген қыздың күміс күлкісіне, сұңқылдаған құс әуеніне еліттірген домбыраның шанағынан жаудың жез қалқанына шақылдай соққан қылпылдаған қылыштың, әбден ширығып жер тарпи атылған асау тұлпардың тұяғының дыбысы анық естілді. Ашулы қабақтар қарс түйіліп, қарулы қолдар қарысып, бүкіл денелер жемтігіне атылар жыртқыштай жиырылып тұр. «Ия, Алла! Ия аруақ!» Қалың әскердің тобы жазылып, ен даланы шарлай, жауды қуа жөнелгендей...

Дөңгелеген дүние қалт тұрып, тіршілік тынысы мен уақыт бір сәтке тоқтап қалған-дай! Есер жел де ентігін басып, тына қалған. Он сегіз мың ғаламдағы ұшқан құс, жүгірген аң мен жыбырлаған жәндіктер де күйдің құдіретіне, сырлы әуеніне елтіп жатқандай! Тылсым дүниенің тұнығын лайлағысы кел-мегендей-ақ, табиғат та тымтырыс! Тек қарт күйшінің сақалынан сорғалаған терінің шанаққа тырс-тырс тамғаны ғана осы бір тылсым тыныштықты бұзып тұрғандай…

                                                                           Төлепберген Тоқжанов


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар