Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СҰХБАТ
Күн шығыс елінің поэзиясы...

15.08.2023 1516

Күн шығыс елінің поэзиясы 14+

Күн шығыс елінің поэзиясы - adebiportal.kz

Хокку, Мацуо Басё, Мэйдзи 

 және Күн шығыс елінің поэзиясы туралы

Әлем жұртына жапондардың иероглиф, нэцкэ, кимоно, каратэ, сёдзе және тағы басқа сөздері сияқты «хокку» сөзі де өте жақсы таныс, «хокку» (хайку) жапон поэзиясының атауы.

Хокку (жап. 俳句 XIV ғасырдан бергі жапондардың белгілі вака дәстүріндегі лирикалық поэзия түрі, қазірде жапондар осы жанрда өлең жазады. Хокку XVI ғасырдың басында танкадан бөлініп, өз алдына жанрға айналып, хокку атанды. Хокку немесе хайку сөздерінің жазылуы әртүрлі болғанмен мағыналары бір, екеуі де қолданыста дұрыс, осы танымдық мақалада «хокку» сөзі қолданылады.  Қазіргі хокку атауын XIX ғасырда ақын Масаока Сики ұсынған. Хокку жазатын, хокку түсіретін адамды хайдзинші (жап. 俳人) деп атайды, яғни біздіңше ақын. Осы жанрдың негізін ұлы хайдзинші Мацуо Басё қалаған, ол 1644-1694 жылдары өмір сүрген. Бүгінде Күн шығыс елінде мыңдаған хайдзиншілер хокку шығарғанды жақсы көреді, бірақ олардың ішінде әлемге әйгілі болған төрт ұлы хайдзинші есімін жапондар мақтанышпен атайды, олар: Мацуо Басё (1644-1694), Ёса Бусон (1716-1783), Кобаяси Исса (1769-1827), Масаока Сики (1867-1902). 

Жоғарыда айтқандай хокку жанрының негізін қалаған ұлы хайдзинші  Мацуо Басё  әлемдегі   танымал ақындардың жүздігіне кіріп, алдыңғы ондық  ішінде тұрған ақын.

Енді хоккудың поэтикалық құрылысы мен идеясына келсек. Жапондар 31 буынды (5-7-5-7-7) бес жолдан тұратын танка түрімен жазғаны туралы айтқанбыз. Содан кейін бес өлең жолына құрылған жазу тым көп болған соң 17 буынды (5-7-5) үш жолды өлең құрастыра бастайды. Бастапқыда хокку әзіл – оспаққа құрылған, көбіне өмірдің зұлымдығына қарсы құрылған жартылай фольклорлық күлкілі өлеңдер түрінде жазылған. Кейінірек хокку әзілдері байсалды поэтикалық еркін жанрға айналған. 

 Хокку - өте қысқа жазылады, өлең жолдары арасында басты ой (идея) өлең бөлшектерінде тығылып тұрады, табиғат, сұлулық, адам, табиғат пен адамның тұтастығы, өткен мен болашақ, кеңістік пен уақыт, тыныштық, адам жанының үйлесімділігі мен тағы басқа айналадағы құбылыстар үш жолмен беріледі.

Сонымен қатар хокку- әлемдегі ұлттық поэзиялар ішінде ең ерекше жанр, хокку – бір сәтті ғана көрсететін поэзия. Өлеңнің бірінші жол бастапқы ақпаратты береді, әрі қарай не туралы айтылатынын елестетуге мүмкіндік береді, екіншісі біріншісінің мағынасын ашады, бірақ үшіншісі өлеңге ерекше дәм береді, үшінші жол бүкіл шығарманың күтпеген қорытындысы болуы керек. Кейде үш жолға құрылған, үш тағанды ой миниатюраны ғана емес, бүкіл оқиғаны да алмастыра алады, кейде күтпеген жерден немесе кенеттен ойдың бұрылысымен таң қалдырады, ассоциациялардың керемет ойыны дейді. Хоккуда ирония немесе әзіл жиі байқалады, оның да өзіндік сүйкімділігі бар. 

Хокку өлеңдері не туралы және кім туралы дейсіз ғой? 

Әлемдегі барлық нәрсе туралы! Туған жер, өнер және табиғат туралы, жаз, қыс, аң, құстар, ағаштар мен шөптер туралы. Бірақ кез-келген үш жолда адам үнемі жасырын, көрінбей қатысады. Жапон ақындары хокку табиғатты, қоршаған ортаны, былай айтқанда, жаратылысты қорғауға және тіршілікті сүюге үйретеді деп санайды.

Хоккудың сырты қарапайым көрінгенмен, айналаны қабылдауға, табиғатты, адам ғұмырын, оның кейпін ұғуға, ақиқат пен әсемдікті  пайымдауға, қасырет пен аяныш туралы толғануға үйретеді, ұзақ бейнетті толғаныстардан кейін адамның ішкі тәубашылығының көріністері - деп айтады. Хокку - бұл тыныштық ішіндегі қарбаластық, желдің ызылын сезіну, рухтың қайнауы, оны түсіну үшін мұңды ой ұшқыны қажет, сондай- ақ, хокку адамның толысуындағы рухани Дзэн буддалық іліммен ұштасып, ол айналаның барлық қарапайымдығын түсіндіреді деп айтады. 

Мысалы, жапондардың өздері түсіндіретіндей Мацуо Басёнің киелі де қасиетті үш жолды өлеңдерінің мәнін дәл сол күйінде қабылдаудың, не түсінудің қажеті жоқ дейді, оның мән мағынасы әлдеқайда терең, оның үштағанды поэзиясының ішінде емес, оның терең жатқан астарында екенін айтады.

Хокку түрінде өлең жазу XIX ғасырдың аяғы және XX ғасырдың басында, Мэйдзи дәуірі тұсында Еуропаға да кеңіне таныла бастады.

Екінші дүниежүзілік соғыста құлдырай жеңілген, атом қасыретін бастан кешкен Жапония ХХ ғасырдың 60 жылдарында қайтадан қуатты экономикалық державаға айналды, әлем «Жапон ғажайыбы» туралы айта бастады. Бірақ іс жүзінде «ғажайып» Мэйдзи билігі тұсында басталған еді. Бүгінде 127 миллион халқы бар, әлемдегі дамыған он елдің ішіндегі Жапонияның осы күнгі табыстары 122 императоры тұсында қаланды. 

Император Мэйдзидің билігі (1852-1912 жылдары өмір сүрген) Жапония тарихындағы 1868 жылғы 23 қазаннан бастап 1912 жылғы 30 шілдеге дейінгі кезеңді қамтиды. Мэйдзи императорға өлгеннен кейін қойылған есімі, бала кездегі аты – Сати-но Миа, ересек кездегі есімі – Муцухито, Мэйдзи әлемге Муцухито атымен танылды. Мэйдзи (Мэйдзи – «Жарқын» немесе «Ағартушы» билік) дегенді білдіреді. Мэйдзи билік еткен уақыт ұзақ болғаны соншалық, ол адам өмірінің ұзақтығынан да ұзын болып көрінді. Мұндай әсер Мэйдзи билігінің қырық бес жылында түбегейлі және табысты реформаларымен байланыстырады: әлемнің ең қиыр шығысында орналасқан феодалдық арал қуатты, айналасына сес көрсете алатын мемлекетке айналды. Мэйдзидің билігі тұсында Жапония әлемді, әлем Жапонияны тани бастады. Ең бастысы, жапондар өздерін тани бастады, Жапония ұлттық дамуға бағыт алды. Жаңа идеяларды жаппай қабылдау нәтижесінде Жапония түбегейлі өзгерді, сол кездегі инновациялар оның әлеуметтік құрылымына, ішкі саясатына, экономикасына, әскери және халықаралық қатынастарына ықпал етті. 

Император Мэйдзи Босин соғысы (1868 жылғы 27 қаңтардан басталып 1869 жылғы 27 маусымда аяқталған азаматтық соғыс) жеңіске жеткеннен бұрын «Бес тармақты Ант» басқару бағдарламасында:

1. Халықты біз жиналыстар шақырып, қоғамдық пікірді ескере отырып басқарамыз.

2. Барлық кәсіпорындарда жоғары және төменгі таптағы адамдар, айырмашылықсыз бірдей, тең.

3. Азаматтық және әскери шенділермен қарым-қатынасымыз, олар өздерінің міндеттерін наразылықсыз атқаратын болады.

 4. Ескірген әдет- ғұрыптардан арылып, ұлт Аспан мен Жердің ұлы жолымен жүреді.

5. Білім әлемнің барлық ұлттарынан алынады және Империя ең жоғары деңгейге жетеді, - деп жариялады.

Батыс Мэйдзиді ең алдымен реформалар мен өзгерістердің нышаны ретінде қабылдаса, жапондар санасында ежелгі дәстүрлердің қамқоршысы және әлемге таратушысы, жапондардың өмірлік уклады мен мәдениетін, өнерлерін, этникалық салт дәстүрлерін берік сақтай отырып, жаңа дамуға бет алған император ретінде есте қалды, Мэйдзидің бейнесін канонизациялау оның көзі тірісінде басталды, ол қайтыс болғаннан кейін оның есімін идеализациялау одан да күшті жүрді. 

Мэйдзи тұсында халықтың өнері мен мәдениетінің дәстүрлері сияқты өлең шығару өнеріне де үлкен мән берілді, император қамқорлығында болған, оның сарайында тіпті үлкен поэтикалық бөлімде болған,  Мэйдзи өзінің өлеңдерін  танка дәстүрінде жазған, өлең жазу үшін император үнемі өзімен бірге қарындаш пен қойын дәптерін алып жүрген, ол өлеңдерін қызметінен тыс уақытта жазып, өлең жазумен арнайы шұғылданбаса да 84 мыңға жуық өлең шумақтарын қалдырған, олар: мемлекетті басқару, білім- ғылым, әскери іс мәселелеріне, табиғатқа, от пен суға, желге, жаңбырға арналып жазылған. (Александр Мещеряковтың «История и культура традиционной Японии» кітабынан).

 Мэйдзи дәуірі тұсында Күн шығыс елінің мәдениетіне Еуропа мен Американың  өнер адамдары қызығушылық танытты, ол уақыт әсіресе, Батыс өнерінде  ХХ-  ғасырдың басында жаңа мазмұн мен формалар іздеген уақыт болатын. Көптеген зиялылар экзотикаға қызығушылық танытып, импрессионистер мен постимпрессионистер жапондық гравюраларға қызыққан кез болатын, мысалы, жапон мәдениетіне тәнті болған Ван Гог жапондық суретші Утага́ва Хиро́сигэнің  көркем суреттерін көшіре бастайды. Батысқа жапон графикасы, жапон жекпе - жек түрлерімен қатар жапон поэзиясы да кеңінен тарала бастады. Хоккуды таратуға тілдік кедергілер болғанымен, аудармашылар басқа тілге хоккудың ерекшелігіне  (жапон өлеңінде ұйқас жоқ, жалпы жапон тілі ұйқасқа құрылмаған, ұйқасты қабылдамайтын тіл, сондықтанда жапон өлеңінде ұйқас жоқ екен деп кінәлауға болмайды, бұл жапон тілінің ерекшелігі), ұйқас,  екпін, ырғағына аса көп назар аудармай ұсынады. Франция, Ұлыбритания, АҚШ, Италия және Ресей ақындары жапондық мотивтермен танысады, өздеріне керегін жатсынбай, әлемді үш тағанды өлең жолдары тәсілдерімен көруді поэзияның бір формасы ретінде танып қабылдайды. 

Хокку екінші дүниежүзілік соғыстан кейін де, елуінші –жетпісінші   жылдары да еуропа елдерінде кеңінен дамыды. Бүгінгі таңда хокку жер шарының барлық құрлықтарына таралып, ондаған мың адамдар хокку жазады. Хоккудың «жаһандануы» орыс зерттеушісі, профессор Александр Долиннің ойынша: «Хокку жапондық жекпе-жек өнерінің таралуына  ұқсайды:  олар көптен бері трансұлттық сипатқа ие болды, бірақ тамырымен байланысын жоғалтпады.Хокку еуропаландырылды, бірақ олар өздерінің бастауларына адал болып қалғанымен, әрбір  ұлттық поэзия хоккудың өзіндік нұсқасын жасап, қалыптасқан поэзиясына, ұлттық тілінің ұйқасына, ырғағына бағындырғаны да байқалады», - дейді.

Дегенмен, осы ғасырдың басынан бастап жапон және қытай поэзияларының  тарихына (поэзиялары иероглифтік жазу графикасы мен поэтикалық дәстүрлерінің тарихи ұқсастықтарына қарай) және дәстүрлі поэтикалық өлең құрылысына қатысты жазылған жапон және қытай әдебиет танушыларының, поэзия танушы ғалымдарының еңбектеріне, сондай-ақ   ағылшын тіліндегі еңбектерге шолу жасалған ағылшын және орыс тіліндегі  басылымдарда жапон және қытай елінің дәстүрлі ұқсас поэзиялары дәстүрлік шарттардан шыға алмағаны, әртүрлі идеялық және формалдық ізденістерге бара алмағаны, сондай-ақ ұлттық  поэзияларына  реформалар  қажет екені, еуропалық поэзияға талпынатыны туралы жазады. 

Жалпы жапон ақындары: «Бәріне «үңіліп қараңыз!» деген ұранды ұстанады екен, күнде көріп жүргеніңізге үңіле қараңыз – күтпеген тосын сыйды көресіз, ұнатпайтын нәрсеге үңіліп қараңыз – ғажап сұлулықты көресіз, қарапайым нәрселерге үңіліп көріңіз – күрделі нәрселерді көресіз, бөлшекке үңіліп қараңыз – тұтастықты, бүтінді көресіз, кішіге үңіліп қараңыз – үлкенді, ұлыны көресіз. Үңіліп қараңыз, тек жанынан үңілмей өтіп кетпеңіз», - дейді екен.              

Мацуо Басё

                        Мацуо Басё                        

Көбелек ұшты,

Көк шалғынды оятты.

Күн сәулесін шашқанда.

***

Той өте шықты.

Шырылдауық таңсәріде,

Ән салады ақырын.

***

Инелік қалықтап

Іліне алмай шамасы

Иіледі шөп басына.

***

Көз тоймайды

Тау жотасында қызыл ай -

Менің Отаным.

***

Қара бұлт

Жаңбыр жауып тұр

Фудзи ғана - ақ.

***

Мамыр жаңбыры

Нөсерлі ақ жауын

Су құйылды.

***

Бұтақтан бұтаққа,

Ағады тамшы сорғалап...

Көктемгі жаңбыр.

***

Өрттен кейін,

Мен және 

Ескі Емен иілмеді.

***

Жүдеп біттім,

Шашым тік тұр.

Ұзақ жаңбыр.

***

Досымның үсті қар,

Аттан жығылды.

Шарап қызуы құлатты.

***

Қар бамбукты иді,

Төңірегіндегі әлем

Төңкеріліп түскендей.

***

Жақсыға сен!

Алша ағашы да сенеді.

Көктемде гүлдеп.

***

Шабдалы гүлдеді,

Мен болсам әлі 

Шие гүлін күтемін.

***

Жиырма күн,

Шаттыққа кенелдім.

Шие гүлі гүлдегенде.

***

Жаңбыр жалықтырды,

Қарағайлар қуып шықты. 

Орманда алғашқы қар.

***

Күн шуақ еді, 

Кенет бұлт шығып,

Жаңбыр сіркіреді.

***

Тойлап  жатыр, 

Менің шарабым бұлдыр, 

Күрішім де қара.

***

«Күз келді!» - деп

Сыбырлайды суық жел,

Тереземе ұйықтайтын.

***

Күріш орылды,

Бұл үйде аштықты,

Енді ешкім білмейді.

***

Жаңа жыл, 

Менің ойымнан 

Күзгі мұң кетпейді.

***

Жұпыны тар үйім,

Ай жарығы түскенде,

Арайланып жайнайды.

***

Қыр гүлдері

Күн сәулесі шыққанда

Бір сәтке баурап алды.

***

Орылды егін

Егісте аққұтан жүр,

Күз кеш түсті.

     Интернет материалдардан аударып ұсынған Салауат Кәрім 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар