Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Лаура Палман: "Мен Ләйлі емеспін, мәңгүрт ететін М...

01.10.2015 5077

Лаура Палман: "Мен Ләйлі емеспін, мәңгүрт ететін Мәжнүнін..."

Лаура Палман: "Мен Ләйлі емеспін, мәңгүрт ететін Мәжнүнін..." - adebiportal.kz

 

 

 
2015-05-23-22-30-11-381 (2).jpg




Даусыңды естіп қуанам анда-санда,

Сезімімді жеткізе алмасам да.

Телефонды жанымнан тастамаймын,

Жиі-жиі қоңырау шалмасаң да.

 

Ұялыға сырлы әуен бастырдым да,

Жүрегімді жырдағы тостым мұңға.

Көбірек байланыссақ деген оймен,

Телефоннан агент аштырдым да..

 

Таңым ау, тұман ойдың ішіндемін,

Сезімімді жеткізгем түсімде мың.

Блогқа «Мен біреуді күтемін» деп,

Жазып қойдым, сонда да түсінбедің.

 

Суретіңді өптім де, өбектедім,

Еңсемді езген сезімді елеп пе едің.

«Қалайсың» деп халімді сұрағанда,

«Жүрегім ауырып жүр» демеп пе едім.

 

Ойымды сәл ұғынсаң күрсінбес те ем,

Сүймесем ғой сені еске түсірмес те ем.

Смс-пен бір шумақ өлең жазғам,

«Күшті өлең екен» депсің түсінбестен.

 

Төбемде тұрды ылғи да толмайтын ай,

Өзіңсіз көңілге күз орнайтыны-ай.

Арнайы блогыңа «Гүлназ, жаным»,

Деп жазып қойыпсың ғой, оңбайтын-ай..

 

 

***

 

 

«Әр ісімді жиі айтып шегелейсің» деме,

Өзің-ақ біліп жылуға бөлемейсің де ме?

Елжіреп қарай қалсам кейде күліп,

Елемейсің неге?

 

Неге осы бір мінезді болмайсың кіл,

Қабақ шытып жүйкені қозғайсың құр.

Ұнайын деп ұдайы наздансам да,

Назар да салмайсың бір.

 

Қажытпай өткен емес қандай сын да,

Сезімімді сезіне алмайсың да.

Тоңтеріс бола қалсам түнде кейде,

Құшақтай салмайсың ба?

 

Кей жөнсіз мінезімді көтер демен,

Байбалам салмаймын ғой бекерге мен.

Жылап жатып қалғанда теріс қарап,

Жұбатса екен дегем.

 

Қатты айтпаймын қадірді кетірмен деп,

Тым қатал болмашы деп өтінгем көп.

Бала құсап бұртия қалсам кейде,

Сүйе сал бетімнен кеп.

 

Тек өзіңсің мен үшін ерек мүсін,

Маған деген көңілің көмескі шын.

Жылықабақ танытшы деймін, жаным,

Жұбайым емеспісің?

 


 

Сіз жайлы


 

Сол сәттерім санама сіңіп әр күн,

Миыма маза бермей тығылар мұң.

Өткенді, сізді еске түсірдім де,

Күліп алдым.

 

Сыйқымды алып қаншама бұл сұмдығым,

Тығылдым түнегіне тылсым түннің.

Кешегі күнді, Сізді сағындым да,

Күрсіндім мың.

 

Күндерімді зарыққан топшылар кім,

Мен, бәлкім, есіңізде жоқ шығармын,

Өткенді, Сізді еске түсірдім де,

Өксіп алдым.

 

Тек ойыма сол кезді түйіп әр күн,

Жағалауға біз жүрген жиі бардым.

Сізбен түскен суретке ұзақ қарап,

Сүйіп алдым.

 

Ұмыттырған түгі жоқ бұ қаланың,

Сүйреткенмен өткенім құламадым,

Бүгінде Сізбен аттас біреу көрсем,

Қуанамын.

 

***

 

Кеудемді жарып кек деген,

Шытынап, шер мұң шеккен ем.

Ашудан сезім боп керең,

Өшімді қалай қайтарам,

.. Жек көрем!

 

Керек пе еді сол маған,

Тап бұлай бұрын «тоңбағам».

Болдым ба сенің қолбалаң..

Қорлағаның не соншалық..

..Оңбаған!!

 

Сезімім қайтсін суымай,

Жүрек те қойды жылымай.

Мазақ қып түнде сынық ай.

Мазамды менің қашырдың,

..Сұмырай!!

 

Жай еркелеп жүр деме,

Тағы ойлап мәнсіз бірдеңе.

Жұбанбас жаным гүлге де,

Түсіне алмаймын түкті де,

..Үндеме!!

 

Сайтаның жеңсе, сөнеді ар,

Сол жынға сен де ере бар.

Пікірлер енді кереғар..

«Ойыным» деме ұятсыз,

..Өле қал!!

 


 


Дедің...


 


«Аруым»  дедің,

Ауруға содан шалдықтым,

Әумесерлердің әткеншегінде қалғыппын.

Сезім-сорлы соңынан барып селт етті,

Сорақысын сезіп саңғыттың.

 

«Сұлуым» дедің,

Сұңғыла бойым балқыды,

Аптықты содан аппақ кеудемнің алқымы.

Аққу-арман алысқа кетті,

Адасып,

Қарғаның қалды қаңқылы.

 

«Ғажабым» дедің,

Ғашықтық- осы дедім мен,

Денем бір балқып, делебем қозды деміңнен.

.. Түлкі боп шықтың,

Түсінікті ғой қалғаны,

Қап- қара қарға едім мен.

 

«Тәттім- ау» дедің,

Теңселтіп кеттің сен мені,

Бақытты едім, ең ессіз мен ем елдегі.

.. Ірімшігімді іліп кеткенің жай нәрсе,

Ірітіп кеттің кеудені.

.. Іс бітті,

Бітті оның ермегі.

 



***

 

 

Мен Ләйлі емеспін, мәңгүрт ететін Мәжнүнін,

Сен емесссің Жұматай, Ләйләға айтқан назды үнін.

Лағылдан жаны жаралған Лаура ханымға кешегі,

Кереметтерін жеткізген Петраркалар аз бүгін.

 

Мен Лаурамын, бір ақын арманына балаған,

Тек  бақытты болғам жоқ, сүйсе дағы сол адам.

Әдемі өлең, асыл жыр арналса да, қайтейін,

Өтіп кеткен секілді ала мысық арадан.

 

Өлең деген өлкеде қыдырғам-ды өңімде,

Бәрі уақытша болса да, сол да демеу көңілге..

Мені сол кез сүйгенсің, сағынғансың, бірақ та,

Жұбатқан жоқ жырларың, жылаттың ғой,

Оның не?

 

Теберік қып тәніме сыйлап кеттің түндей мұң,

Жазғырмаймын сені түк, тек өзімді тілдеймін.

Жұдырықтай жүрекке жұп-жұмыр ғып сыйлаған,

Өлеңіңді сағынам,

-Өзіңді ме?

-Білмеймін..

 

 


***

 

 

Адасады сезімдер, сенделеді,

Енді қалай салармыз жөнге нені.

Ұғысқанмен сезімдер, табыспадық,

Ұмыта алмай жүрмісң сен де мені?

 

Мен де сенің жүр ме екем жүрегіңде,

Тұншықты ма сезімің түнегінде.

Түсіністік, бірақ түк ұтпадық біз,

Мен де сенің түсіңе кіремін бе?

 

Сеземін, Сен де, күнім, жаралысың,

Жан емін тек жырлардан табамысың.

Мұңлы әуен ести қалсаң сен де ылғи,

Мұңайып мені есіңе аламысың?


Тағдыр жайлы отырмын ғажап ойда,

Жазықсызды кейде өмір жазалайды, ә.

«Қандай болып кетті екен?»- деген сұрақ,

Сені де жиі, жиі мазалай ма?

 

Бүгінде сен біреудің тірегісің,

Көріспейміз, бәрін де біледі ішім.

Кездейсоқ қарсы алдымнан кезіксе деп,

Сен де ылғи мені іздеп жүремісің.

 

Саған деген сайрайды санамда өлең,

Бақытты шығарсың-ау балаңменен.

Әйеліңе өкпелеп қалған сәтте,

Сағынышың үдей ме маған деген?

 

Ойлау қажет өткен күн жайында да,

Кінәлама, бұл менің ойым ғана.

Ешкімге сездірме ішкі сезіміңді,

Мен де ешкімге айтпаймын, уайымдама.

 



***

 

 

Сен үшін жалған сөйлеу оңай тым-ақ,

Мен болсам, баттым «Сен» деп ойға неше.

«Келіншегімді сүймеймін» деп айтып ап,

Қолтықтасып бардың ғой тойға кеше.

 

(Туу, құрғыр, енді қайттім, ана қара,

Жүрсе де жақпайтынын біліп анық.)

Бірін-бірі көргендей жаңа ғана.

Билеп жүр ғой ортаға шығып алып.

 

Кәззап-ай, көзіңе де алмадың,ә,

Қалай ғана жүрсің сен арың шыдап.

Ұялып, жымиғансып, жан жағыма,

Қараймын, отырса да жаным жылап.

 

Бүгінгідей дәл бұрын өкініп пе ем,

Маған жау боп кеткендей жанның бәрі.

Шөлдеп келген кісіше өтіріктен,

Сусынды іше бердім алдымдағы.

 

Білем бұрыс екенін бұл ойымның,

Күлкім безген жайына «әзіл» қалып.

Сенің тырнап бетіңді, жұбайыңның,

Жұлсам ба екен шашынан қазір барып.

 

Бұл кештің бар ойымды құртқаны анық,

Түрім кетіп түңілдім түнеріп шын.

Жылап тұрсам қыстығып сыртқа барып,

«Кетпеші» деп хат жазып жіберіпсің.

 

Сенің суайттығыңа күйіндім мен..

Көмейімде кептелді кек дегенің

Әйелі бар еркекті сүйіп жүрген,

Әй, өзімді, өзімді жек көремін..

 



***

 


Жаздай болып жадырамаймын, өтінбе,

"Жылу"іздеп келмейді енді сабылғым.

Өкпек желдің калып кеткен өтінде,

Жаурайды әлі жапырағы жанымның.

 

Үргедек жел калдыра ма үмітсіз,

Жаман ойдың жамап ем ғой шатырын.

Қатып қалған тоңды қалай жібітсін,

Қыста туған ең қымбатты жақыным.

 

Отты сөз де,кешір,әсер етпеді,

Сейілмеді сезімнің де сеңдері.

Көлеңкесі ұзарып-ақ кеткені,

"Көңіл"дейтін мұнараның мендегі.

 

Тәнім-тоңғақ,жаным-ойдың тунегі,

Сырым-түнде,сезимим жур сібірде.

Менен неге «жылу» қашып жүреді,

Күннің бетін бұлт жауыпты бугін де.

 

Тыста боран,тағы желден жетті ызың,

Түсіндіре алмаймын-ау,сірә түк.

Кеудемдегі жұдырықтай «көк мұзым",

Ерімеші, ағыл-тегіл жылатып.

 

 

***

 


Кеше де жыр оқып көз ілдім,

Серіппей көрпесін сезімнің..

«Өлең» боп түсімде Сен жүрсің ,

Өңімде өзіммен- өзіммін..

 

Жырымсыз-жалғызбын, жаңа ұқтым,

Бермейтін болған ба шабыт түн..

егіліп жылағым келе ме-ау..

..Өлең де жаза алмай қалыппын..

 

Кешегі сезімнің жоқ түгі,

Теңселтіп көңілдің көп мұңы.

Өзіме керексіз «Өлеңнің»,

Сен үшін жоқ, білем, көк құны..

 

Кезім көп тек іштен тынатын,

Бөліспей мұңымды бір ақын..

«Жылауық» болса да жырларым,

Сырыма үңіліп тұратын.

 

Тағы да түс көрем бүгін мен,

Оңаша қалам ғой мұңыммен..

Айнаның алдында отырмын,

Кездесіп кешіккен жырыммен..

 



***

 

 

Айырып үміт гүлімнен,

Ібіліс ілді іңірден.

тайғанақ тағдыр мұзына

Сол аяғыммен сүрінгем..

Ештеңе де жоқ бүлінген,

Тек.. Түңілгем.

 

Сонда мен

Демеп жіберші дедім бе?

Тек сенгем сендегі сезімге.

Суықты сездірмей көтерер

деуші едім жаураған кезімде.

 

Көтердің, төбеңе қондырдың,

Содан соң тор құрдың,

Кішкене бағымды сор қылдың.

Құтқарғаныңды қайтейін,

Мұздан да қатты тоңдырдың.

 

Мейлі,

Басынан тепсем де бағымның,

Келеді бәрінен арылғым.

Мен енді жауыңмын.

Қайтадан лақтырып тасташы,

Көк мұзды сағындым!

 

 

***

 


Кеше де жыр оқып көз ілдім,

Серіппей көрпесін сезімнің..

«Өлең» боп түсімде Сен жүрсің ,

Өңімде өзіммен- өзіммін..

 

Жырымсыз-жалғызбын, жаңа ұқтым,

Бермейтін болған ба шабыт түн..

егіліп жылағым келе ме-ау..

..Өлең де жаза алмай қалыппын..

 

Кешегі сезімнің жоқ түгі,

Теңселтіп көңілдің көп мұңы.

Өзіме керексіз «Өлеңнің»,

Сен үшін жоқ, білем, көк құны..

 

Кезім көп тек іштен тынатын,

Бөліспей мұңымды бір ақын..

«Жылауық» болса да жырларым,

Сырыма үңіліп тұратын.

 

Тағы да түс көрем бүгін мен,

Оңаша қалам ғой мұңыммен..

Айнаның алдында отырмын,

Кездесіп кешіккен жырыммен..

 

 

***

 

 

Мазамды алмаңызшы,өтінемін,

Онсыз да мазасыз ғой көкірегім.

Сізді емес, сезімімді быт шыт еткен,

Серіні ойлап өткенге өкінемін.

Бүгінде әр жүрекке жаутаңдайды,

Сезімім жетімегім.

 

Сіз емесссіз жүректің іздегені,

«Аламын» деп уәде еткен күзде мені..

.. Жүрегім сол серіден әлі күнге,

Үмітін үзбеп еді.

Кезінде жүгірген-ді ол да сіздей.

Қыр соңымнан қалмайсыз сіз де үнемі.

 

Түсінемісіз, мен сізді ұнатпаймын,

Құтымды қашырып жүр құрақтай мұң.

Әлгі айтқан серім бар ғой, соған деген,

Махаббаттың туын еш құлатпаймын.

Тұрмайды жүректегі жылатпай мұң,

Өте берсін, сырғысын сынаптай күн..

Ұмытпаймын мен оны,

Ал сізді ұнатпаймын.

 


***

 


Мең-зең күй, тағы алдай ма көгімде елес,

Көңілдегі «көлеңке» ой сөгілмеді еш..

Бұлыңғыр күн... отырмын бесік тербеп,

... Өңімде емес..

 

Жүрегімде көзім бар.. Титтей неткен..

Әркім күнін әрқалай күйттейді, әттең..

.. Күшік тістеп ойнайды көрші берген,

Иткөйлекпен..

 

Әлсіз үміт арманға әлде иланды,

Күні кеше ақ ұлпа қар құйған-ды..

Даланың бораны да салады екен,

Әлди әнді..

 

Сыбырласа «жел» келіп, сенемін кіл,

Желбіретіп сезімнің желеуін құр

Құндақтап орап алған құшағымда,

Өлеңім жүр...


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар