Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СҰХБАТ
Мағира Қожахметова: ...Бұдан ары айта берсем оқырм...

22.06.2017 10816

Мағира Қожахметова: ...Бұдан ары айта берсем оқырмандарым жек көріп кетер

Мағира Қожахметова: ...Бұдан ары айта берсем оқырмандарым жек көріп кетер - adebiportal.kz

-Апай, сізге әңгімеміздің басын өткен күндердегі жақсы бір естелікпен бастатқым келіп отыр. Шәрбану Бейсенова, Сара Латиева сынды қаламгерлермен курстас, қызметтес болдыңыздар. Достықтары жарасқан құрбылар жайлы аңызға айналып бара жатқан әңгімелер де жоқ емес. Сіз бірде тіпті Сара апамызға өз туфлиіңізді сатып билет алып берген екенсіз. Осы оқиға жайлы тарқатып айтып беріңізші?

-Бұл пәлендей оқиға емес, университет бітіріп, жолдамамен Сара Гурьевке кетуге тиіс болды ғой деймін. Алған ақшаларымызды жұмсап қойып (жақсы киінетінбіз, театр, кинодан қалмайтынбыз), дәл кетерде билетке тиын тебен жетпегендіктен жасаған амал ғой. Үшеуміз де әке-шешенің тұңғышымыз. Алматыда Сараның туыстары көп, қарнымыз ашса, жатақханаға кіру уақытынан кешіксек, күн, түн демей жетіп барамыз. Жиі келетін де Сараның әке-шешесі, қашан кеткенше, біз үшін мереке, кім шақырып, қайда барса да қалдырмайды. Шәрбану мен Сағат ертерек үйленіп, пәтерден пәтер алмастырып, Сара Дәуреннің, мен Мәуленнің кіндік шешесі атандық. Шәрбану «Мәдениет және тұрмыс», мен «Лениншіл жасқа» жұмысқа орналасып, кейін Сараның ортамызға оралуына атсалыстық.

-Сіздер «Қазақстан әйелдері» журналында сол кездегі қазақ әйелдерінің прототипін ашатын арнайы циклды мақалалар, зерттеулер шығарып тұрдыңыздар. Бүгін міне өздеріңіз де қазақ қыздарының, қайраткер әйелдерінің прототипіне айналып отырсыздар ғой?

-Біз қызмет еткен 1980- 1990 жылдары бұл журналдың таралымы жарты миллионға жақындап, қазақтың мұң, мұқтажын жоқтай білді. Ана тілінің құдіретін әспеттеп, жойылып кетпеуінің небір амал, тәсілдерін ойластырып, бас редактор Мәрия Сапашқызы Қарақонақованың ұлтжанды, небір тың идеяларының, ұйымдастырушылық қабілетінің, партияның Орталық Комитетіндегі зор беделінің арқасында үкіметтің қандай да қаулы, шара, тапсырмаларын халқымыздың көкейкесті нәзік жәйттерімен үндестіруге дағдыланып, туған еліміз бен жеріміздің мүддесі үшін қызмет еттік. Бұл кезеңде «Қазақстан әйелдері» таралымы жағынан ғана алдыңғы қатарға шығып қоймай, мүлдем жаңа қырынан қалың оқырманның назарын жаулап алды. Ең бастысы – ұлттық тәрбиенің бұрын-соңды айтыла қоймаған мәселелері, жоғарыда айтқанымдай, ана тілінің күрделі жағдайы алғаш рет батылдықпен зерттеліп көтеріле бастады. Зерттеушісі шықса, 1980-88 жылдарғы «Қазақстан әйелдері» тігіндісінен талай жаңалық тауып алар еді. Тіпті бүгінгі жас журналистер үйренерліктей мектеп десем де артық емес. Шәрбану Бейсенова екеумізден басқа, Тілеухан Жұмаханов, Камал Әлпейісова, Гүлсім Мұқышева,т.б. талантты журналистердің басын қосып, әрқайсының жолының ашылуына, қабілетінің шыңдалуына мүмкіндік жасап, төңірегіне жақсы, жайсаңды жинаған Мәрия Қарақонақова халық жазушысы Мәриям Хакімжанованың батасын алды, өнер саласындағы апалары мен сіңлілерінен қолынан келген көмегін аямады. Міне, қайраткер әйелдің прототипіне айналуға тиісті бір жан, әттең, тым ерте зейнетке шығарылып, қазір мүлдем аталмайды да.

-Қазақ журналистикасының әрі қазақ прозасының төрінде жүрген нәзікжандылар көп емес екені анық. өз орыныңызды журналистикадан көп көресіз бе, әлде прозадан ба?

-Журналистикадан тыс өзімді қартайсам да елестете алмаймын. Соңғы кезден дәлел келтірсем, түрлі басылымдар пікір – жауаптарымды өздері сұрап жарияласа, өнер, әдебиет, ғылымдағы замандастарымның, сіңлілерімнің портреттерін жанұшыра өтіне жүріп өзім жарыққа шығарттым. Бәрінің де еңбегі, жетістіктері зор өз саласында. Қазір атақ, даңқы аспандағандар жайлы жаппай жазылғанмен, дәл солай еңбектеніп, бірақ аз насихатталатындар тасада қалуда. Өздері үшін жүгірмейтін сондай тұлғалармен де көпшіліктің танысуын қалаймын. Оның бержағында ай сайын шығатын газет, журналымның таусылмайтын жұмысы... Мен сапта тұрған сарбаздай міндетін адал атқарып келе жатқан жанкешті журналистпін. Прозаның өз ғажабы өзімен, айырылысып кетіп, әрең табысқан ғашығыңдай ынтықтырғанымен, бабына, сырына бойлатпай, бір алыстап, бір жақындай сырбаздана соңынан жүгіртіп қояды...

-Соңғы кездері драматургияға қалам тартып жүрсіз. Әр драматургтың арманы – шығармасының сахналануы ғой. Жалпы, режиссерларға ұсынып көрдіңіз бе?

-Жаздым, бітті, осының өзі ерлік, аржағында шаруам жоқ деген пиғылымның зардабын пьесаларыма қатысты да шегудемін. Сахналанбағанына ішім удай ашиды. «Көшім хан –Сүзгені» төрт, бес жыл бұрын режиссер Мұратбек Үкібайұлы Оспановқа оқуға бергенмін, Көкшетауға барған сайын кіріп шығамын. «Жақсы жазылған, керемет...» деп, столының тартпасынан қылтитып көрсетіп қояды. Кездейсоқ кездескен атақты әртістердің біріне де осы драма жарияланған журналды ұстатқаныммен қызығушылық танытпады. «Жүлде тағайындаған комиссияда мен де болғанмын, пьесаңыз күрделі, мұны қоятындай режиссер жоқ қазір» деді арнайы іздеп барып сөйлескен Еркін Жуасбеков. Жинақтарда, кітаптарды шықты, әр қазақ жақсы білетін Бауыржан Момышұлы, Мәншүк Мәметованың сахналық бейнелерін қалай әспеттесек те артық емес. Кез келген белді, беделді театр қоюға лайық екенін сеземін бұл дүниелерімнің.

- «Журналистиканы көркем әдебиеттен биік қоямын»-депсіз бір сұхбатыңызда. Нақты себебін айта аласыз ба?

-Журналистика – уақыттың патшасы, журналистика – руханият майданының алаңы, журналистика – тіршілігіміздің тынысы, демі. Сол жолда жалғасып келе жатқан жанкештілігімді жоғарыда айттым ғой. Біз журналистикаға романтикалық леп, өміршеңдік, терең көркемдік сипат алып келген толқын өкілдеріміз. Суреттеме, очерк, эссе, сұхбат, хаттардың ізімен тексеріп жазғанымызға шейін, қазір қарасам, әдеби жанр үлгілері. Мұны бүгінгі мықтылар да байқайды екен. Жақында ғана белгілі журналист Айгүл Аханбайқызының пікірін оқып, әрі қайран қалып, әрі қуандым: «Қайбір күні Президент Архивінде отырып, сіздің 1978 жылы (мен бұ кезде 6 жастамын) маусымда Майя Плисецкаядан алған сұхбатыңызға жолықтым. «Лениншіл жаста» жарияланған сұхбатыңыз ең алдымен, соншама сауатты сауалдарға құрылғанымен назар аудартты. Тіпті сұхбат деуге де келмейді, ой-өресі тең, таным-түсінігі өзара деңгейлес адамдардың өнер туралы, балет туралы өрелі, еркін әңгімесі болып шыққан. Журналистің сұрағы бүгінгідей екі-үш сөйлемге, ал кейіпкердің жауабы жарты бетке жобаланбаған. Сұрақ та – жарты бет, жауап та – жарты бет (әрине, машинкалық жарты бет). Бір-біріне «шах», «мат» жасайтын кәсіпқой шахматшылардың шахмат тақтасы басындағы ойыны секілді қызықты, динамикалы өрбіген. Осыдан 39 жыл бұрын журналистикада бір ғана сұхбат жанрының өзінде осындай да форма болған екен-ау деп таңырқадым. Шынымды айтсам, менің өзімнің де осы пішінді қолданып көруге қатты аңсарым ауды...». Егер кейінгі ұрпақ та Айгүл сияқты бағаласа, осал болмағанымыз ғой. Түрлі басылымдарда қызмет атқарып, қандай тапсырманы орындасам да, келешекте со күйінде кітапқа енуі тиіс деп жазатынмын әуелден. О кезде әдеби басылымдар аз, әлі есімде бір-бір әңгімеден бірнеше газет, журналға апарғаныммен, айлап, жылдап жатып, ешқайсының жарияланбағаны, екінші рет мазаламадым. Солардың кейбірі жиырма, отыз жылдан соң кітаптарыма алғаш рет енді, тіпті шықпай қалғандары да бар. Шамасы құндақтаулы күйінде тұншығады-ау деп күдіктеніп, көркем прозамды жариялау қиын болғанынан да шығармашылық қуатымды басқаша пайдалануға стихиялы түрде көшсем керек. Өткен ғасырдың жетпісінші, сексенінші жылдары «Лениншіл жаста» жарияланған материалдарымызды алда-жалда сәті түссе, көптомдық шығармалар жинағымызға қосуға әбден лайық деп түйдік жақында қазақтың белгілі қаламгері Жақау Дәуренбеков екеуміз.

-Қазір балаларға арналған журнал және көпшілікке арналған танымдық медициналық газет шығарасыз. Жалпы, ақпараттық технологияның заманында журнал, газет шығару – тәуекел ету ме әлде өзіңіздің жеке пайымыңыз бар ма?

-Тәуекелсіз әрекет жоқ. Жеке пайымың болмай және ештеңе істей алмайсың. Басым, миым ... тұрған бойым тұнған идея (басқалар да осындай шығар), солардың бірі күйреп, бірі жаңғырып, кейде жүзеге асып жатады. Мәселен, бұдан 15 жыл бұрын «Балбұлақтың» концепциясын жасап, жасөспірімдерді нақты іс-әрекетке баулу, ішкі мүмкіндіктерін оятып, талантын шыңдау, озық технология, ғылым жетістіктерін меңгеріп, нарықтық экономика жағдайында бәрін-бәрін «Өзің жаса, құрастыр, үйрен» бағыты негізінде жас ұрпақты тәрбиелеуді көздеп, ай сайын әупірімдеп шығарғаныммен басты мақсатым әлі де орындалған жоқ. Журналда жарияланған балалардың дүниелері мен қоржынымыздағы жаңа жобаларымызды, мәселен, дарынды суретші, ұстаз Айгүл Хакімжановамен бірігіп, қазақ ертегілерінің желісімен «Балаларға арналған текшелер (кубиктер)», «Қуыршақтарды киіндіру ойындарын» айналымға енгізе алар емеспін. «Апай, жазушысыз, атақ, абыройыңыз бар, қайтесіз мұндаймен басыңызды қатырып...» дегенді де естідім лауазымды мамандардан. «Дертке дауа» газетін 12 жылдан бері шығарамын. Руханият кеңістігінде ғаламат төңкеріс жасаған ақын, ғалым, зерттеуші Тыныштықбек Әбдікәкімұлының «Баба тіліміздің» құпиясы, «Жүректің көзі ашылса...» (Бестаным: Адамтану, Табиғаттану, Күнтану, Ғарыштану, Тәңіртануға қатысты) циклдары екі жылдан бері тұрақты түрде жариялануда. Әрбір адам өзінің саулығы үшін өзі жауапты болуға икемделіп, бұл үшін өзін-өзі тануын, ең бастысы - қандай тығырықтан да жол тауып, өзіне-өзі көмектесудің, түс көру, болжау, әріптердің, сөздің, ән-күйдің денсаулыққа әсері, басқа да тылсым, құпиялардың сан алуан амал әдістерін көпшілікке түсіндіреміз. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарынан бері жазып келе жатқан «Түс-саяхаттар», «Тылсым тұнған тіршілік» топтамасы да осы газеттен орнын табуда. Кезінде қалта – газет, қоржын – газет, сандық - газет сияқты сувенирлік нұсқаларын жасап, бірнеше экспериментті санын шығарғаным есімде...

- Қаламгер ретінде өз миссияңызды орындаған адамсыз. Ал әйел ретінде ше?..

-Кім білсін, қаламгер ретінде де орындалмаған талай нәрсе бар - ау... Балақайлардың шимай шатпағын түзеп, газет, журналдың қара жұмысына жегілген сәттері көмекке шақыратын 7 сынып оқитын Мәдиім бірде «Апа, мына жасап отырғаныңыздың пайдасы бар ма, жалпы адамның өзіне табыс әкелетін шаруамен айналысқаны дұрыс -ау» деді маған аянышпен әрі сынай қарап. Кейде «осы мен ауру боп қалған жоқпын ба, болымсыз ұсақ-түйекпен айналысып...» дегендей түрлі күдік ұялайды. Ешқашан еш жерде жұмыс істемей, кітаптарын жазып, соны насихаттаумен ғана айналысқан, ретін тауып, үлде мен бүлдеге оранған әріптестеріме қызыға қарай бастадым соңғы кезде.

Ал, әйел ретінде тағдырымды быт-шыт күйреткенімді мойындаймын. Үбірлі-шүбірлі ана болудың мүмкіндігін пайдаланбадым. Тым асқақ, аспанда ұшып жүрдім, төрт інім, бес сіңлім бар, анама «сенің тағдырыңды қайталамаймын жиі-жиі бала туып, бірақ мыналардың бәрін адам қыламын, шетінен оқытамын» дегенімде, «құдай біледі деп айт, құдай біледі деп айт» дейтін қорқып. Көп жәйтте күпірлік танытыппын. Ішкі дүние танымымның қазір де оңып тұрған түгі жоқ, ағымнан жарылсам, кейбір ойларымнан бәрің де шошып кетер едіңдер, қалыпқа, тәртіпке сай жүрмедім ешқашан. Жас кезімде өзім ұнатқан жігіттерге өзімді қалайда қадірлете білдім. Намысыма тиіп қорлағанына кеудемді таптатпадым, сүрінсем де иілмей, арам ниетін өзіне қайтарып, қалайда алдыма кеп жығылатындай халге жеткізетінмін. Еркектің қатігездігін одан әрмен қатігездікпен жойып жіберетіндей алапат құйынға айналып кеткен бір кезім болды. Екі жаққа бірдей ортақ сәтсіздік, бақытсыздық сол кездің еншісінде... Сезімімді жөн-жосықсыз тәккәпбарлығым тұншықтыра беретін. Сүйдім, күйдім, өлдім, талдым демегеніммен мұндай тіркестердің жастық шағымның күнделік беттерінде сақталуы әбден мүмкін. Серік болуға лайық, өзімді ұнатқан небір жақсы, жайсаңның бабын таба алмаспын деп ыңғайсыздандым кезінде. Икемсіздігімнен, үй шаруасын ешқашан реттей алмайтынымды білгендіктен атақты бір азаматқа обал жасамайын деп шешкен сәттерім де бар. Ең сұмдығы – еркектің демеу, сүйеніш болуына ешқашан ынта, ықылас танытпағаным. Әйтпесе әйел әлсіздігімен, қорғансыздығымен ұлы құбылыс емес пе! Міне, осындай қарама-қайшылық, қолтықтасып қосақтасып жүргенді жаратпаймын, өзімді жападан-жалғыз сондай еркін сезінемін. Әрі қарай жалғастырмайын, оқырмандарым мүлдем жек көріп кетер. «Әттең бағаламайсың, әйтпесе сені диуаналықтан ғұламалыққа жеткізген мен, анаң «алшаңдама енді, алшаңдап болдың, ендігі пірің деп, маған тапсырған сені» деп мақтанып қояды үйдегі кісі. Оның өзіне де әрең шыдаймын, менде ерлерге деген аяушылық басым, яғни жақсы көрмеймін, бірақ аяймын. Кей қылықтарым үшін жаны шырылдап кеткенде «астапралла, астапралла, алла мені осындай әйелге кезіктірсе, жасаған бір күнәм бар шығар...» деп сыбырлай құлшылық етіп отырады. Фариза апам кездескен сайын «Ойпырай, ә, әлі бірге тұрасың ба, сені мұншалық көнбіс деп ойламаппын, төзіміңе қайран қаламын» дейтін. Бүкіл құпия, сырымды, құлап-сүрінгенімді... мінез, құлқымды жақсы білетін, бір-біріміздің көз алдымызда өтті ғой мазасыз асау шағымыз. Есейе келе алыс, жақын, жағымды, жағымсыз дос, дұшпанның бәрімен бейбіт жолмен қарым қатынасқа көшуге дағдыландым. Бұған көндігіп үйренгенім сонша, жас кезімде елестете де алмаған, табиғатыма жат, өзіме жараспайтын мүлдем бөтен ахуал кешіп жүрмін қазір...

- Қалай ойлайсыз, адамда тағдырын таңдау мүмкіндігі бола ма?

-Мұндай мүмкіндік болса, мүлдем басқаша өмір сүрер едім ғой. Алайда нендей тағдыр кешсем де, соған лайықпын, нені қаладым, соған жетті қолым. Жазмыштан озмыш жоқ десе де мақсат, арманым, тілегім, талабым, кемшілігім, пиғылымнан өрбіді саналы ғұмырым. Сондықтан толып жатқан түйткілдерімнен трагедия жасамаймын, жаратқаннан артық мықты жоқ...

- Не дегенмен кеңестік кезеңдегі де, тәуелсіздік тұсындағы да әдебиетті көрдіңіз. Әдебиет өзгерді ме?

-Қандай кезеңде де әдебиет даму үстінде өзгеріп жалғаса береді. Кеңес дәуірінде әдебиет тәрбиенің, идеологияның айбынды құралына айналып, қадірі асқақтады, бағасы биіктеді, құны төленді. Ақын-жазушылар партияның сенімді серігі болумен қатар ұлтының мүддесін еш ұмытқан емес. Тәуелсіздікті негізінен қалың бұқараның көкірек көзін оятып, тегіне, тарихына ұдайы үңілтіп отырған зиялы қауымның осындай рухани жанкештілігі жақындатты. Әдебиет – тәуелсіздігіміздің бір атауы. Қаламгерлердің, біздің қуанғанымыз сонша, тәуелсіздік эйфориясына мәз бола тойып, 25 жылдан бері тегін жұмыс істеп келеміз. Не кітабымызға, не мақаламызға көк тиын алмадық, неткен итжанды, өлермен едік, мемлекет байлығын жекелеген байшыкештерге үлестіріп, тәуелсіздіктің рахатын шенеунік, әкімдер, қала берді әнші, продюсер, асаба, т.б. көріп, бостандықтың идеологиясын дайындаған ақын, жазушылар, журналистер ортақ дәулеттен, мүліктен, бәрінен сырт қалды. Қаламақы мәселесі енді ғана шешілген сияқты, тек әйтеуір лабиринтке айналып кетпесе жарар-ды. Жалпы жазатын адамның тіпті ең нашары еліне, жеріне әкім қарадан гөрі әлдеқайда жақын, әрі жанашыр, патриот, бұрын да, қазір де солай. Сірә, сондықтан шығар, ұдайы жаудың бетінде, желдің өтінде жүретін бұлардың ең алдымен құрбандыққа шалынып, еншісіне бұйырған уақыттың әміріне сай жазаланатыны. Әдебиет өкілдері қоғамның қандай фармациясында болсын, халқына сатқындық, опасыздық жасаған емес. Феодализм, социализм , одан арғы замандардың мазмұнын, сәнін, салтанатын, мұңын, өкініш, қуанышын жыраулар, ақындар қашап қалдырған ескерткіш қып. Кешегі совет кезеңінің де жаман, жақсысын қаламгерлердің қолтаңбасынан айқындау мүмкіндігі зор. Билікке, саясатқа, фармацияға қаншалықты тәуелді десек те, әдебиеттің бәрі-бәрінен тыс, азат қалыптаса алатын бір құдіреті бар. Жүздеген, мыңдаған жылдарды жалғастырып келе жатқан классикалық туындыларымыз осының айғағы. Кеңес кезеңі мен бүгінгі күн әдебиетіне осы тұрғыдан қараймын. Түрлі қиындыққа қарамастан қаламгерлер жазуын жалғастырып, алды дүние жүзіне танылуда. Орта буын мен жас толқынның бізден әлдеқайда мықтылығы, жасампаздығы қуантады. Жаһандану жалынына күйіп кетпей, қазақты әлемдік аренада сән, салтанатымен, озық салт-дәстүрімен сақтап қалу міндеті әдебиетті де айналып өте алмасы анық. Әдебиет өз міндетін абыроймен атқарғанмен, талғамы төмен, кітап оқымайтын елге айналдық, бұл өте қатерлі. Біз сол оқымайтын халықтың жазушыларымыз, бұдан асқан сорлылық болар ма?

-Ал қазақ ше?

-Өзгермеске амалымыз бар ма!? Көз ілеспес жылдамдықпен дамыған әлемдік деңгейдегі саяси, мемлекетаралық, ғылыми, мәдени, технологиялық жаңалықтар тіршілігіміздің ғана емес, психикамыздың да бағытын қайда апара жатқанын сараптауға мүмкіндік берер емес. Мұндайда қазақтың бойын жиып, ойын жинақтауы оңайға соқпайды. Бүкіл жағымды қасиеттеріміз өзімізге қиындық тудыруда. Кім-кімге де дастарқан жаятындай әдетімізбен әлемге құшағымызды ашып тастағанымыздың, ұғымтал, қабылдағыш, саққұлақ, кез-келген басқа тіл, арақ ішу, темекі шегу, т.б. тез арада сіңіріп алатын қабілетіміздің қауіптілігін енді ғана түсінгендейміз. Советтік республикалардың, әсіресе Орта Азияның ішінде бізден басқаларында ана тіліне қатысты проблема туындаған емес. 1978 жылы әйгілі Майя Плисецкаядан сұхбат алғанымда, төрткүл дүниені түгел аралап шыққанында, орыс тілін акцентсіз сөйлейтін қазақтан басқа бір де бір ұлтты кездестірмегенін таңғалып емес, түңіліп айтқан еді. Мұның астарындағы қасірет әлі де со күйінде және бұған үкімет емес, әр қазақтың өзі кінәлі. Аштықта, қудалауда, конфискацияда, соғыста көп қырылған да, тілінен, дінінен, әдет-ғұрпынан тоналған да қазақ. Өткеннің осындай өзекті өртер өкінішінен сабақ алып, пікір түюдің орнына ендігі тұста түсімізге де енбеген өгей сипатта жалаңдаған қатердің құшағына еніп барамыз өз ықтиярымызбен. Дене мүшелерін, түрін, түсін, жынысын өзгерту, лесбиянка, гей, бисексуал, транссексуал дей ме, діни фанатизм бе... қойны қоншымызға сумаңдап еніп үлгерді. Масқарашылықты еркін қызықтап, қайғылы нәтижелерін көріп отырмыз. Аспан астындағы барлық жексұрындық, сұмырайлық атаулыны қазақ та дереу қағып алуда бүгінгі ғажап технологияның арқасында. Жан-жағымыздан төпелеген жағымсыз, зиянды ақпарат ағыны апатынан ұрпағымызды қалай қорғаймыз? Міне, гәп қайда... Бұрын да талай айтқанмын: шетелдік дүниелерді бізге аударудың түк қажеті жоқ, басқа тілдегі кітап, кино, басқа ма, қажеттілік туса, қазақ сол тілде –ақ игеріп алады, қаржыны қазақтың тарихын, өнерін, әдебиетін, гуманистік болмысын әлемге жаппай танытуға жұмсау керек ендігі тұста. Мың құбылып, мың өзгерсе де қазақтың кең пейіліне, адамзатты түр, түсіне бөлмей қадірлеуіне, қонақжай, дарқандығына теңесер ұлт аз. Рухани азып тозудан әлемді қазақтың болмысы сақтап қалар деген оптимистік ой да қылаңдайды. Мен әрбір жасөспірімнің ана тіліміздің қуатымен, білімінің күшімен, қаламының ұшымен күн көруін қалағандықтан да журнал шығарамын. Балақайлар жазған тақпақ, ертегі, жаңылтпаш, жұмбақ, өлең, әңгімелерден жинақтаған хрестоматияны айналымға енгізсем деймін, өйткені оларға арналып жазылған дәстүрлі дүниелер шетінен зілбатпан, есте сақталмайды, санаға сіңбейді. Бұлардың салған суреттеріне шейін мультфильмге айналдырып сақтауға тырысамын. Бастауыш сынып оқушыларын (тіпті ағылшын тілін де) бала тілімен оқытудың тәсілін табуға болады.

-Қазіргі әдебиеттегі әдеби ағымдар жайлы не айтасыз?

-Ештеңе айта алмаймын, себебі не жазсам да, ешқандай ағым, измдердің қағидасына сүйенген емеспін. Не бар, не жоқ, түсінбеймін де бұлардың толықтай мағынасын. Танысып зерттеуім керек пе еді, бәлкім сонда шығармашылығым әлдеқайда терең де қызықты болар ма еді, кім білсін!? Түйсінгенімді, сезінгенімді түсірдім қағаз бетіне, алда-жалда сол жазғандарымның еміле ережесін айтып бер десе, өзім де түсіндіре алмас едім.

-Жалпы, қолына қалам ұстаған әр қазақ қызының ісі – қайраткерлік сияқты. Өзіңіздің соңыңыздан ерген қаламгерлерден кімдердің шығармашылығын бақылап жүресіз?

-Көзге түсе бермейтін, көңілден сырт қалатын жан-жақтағы қаламгер қыздармен жиірек хабарласамын. Ақтауда Үміт Жәлеке (Қашаубаева) деген талантты жазушы бар. Көптеген кітаптары жарық көрген, журналистігі өзалдына. Насихаты жоқ, есімі мүлдем аталмайды. «Егемен Қазақстан» газетінің Маңғыстаудадағы тілшісі Гүлайым Шынтемірқызының алапат ақындық қуатын неліктен танытпай жүргеніне қынжыламын. Орал қаласындағы Мира Шүйіншәлиеваның алғырлығы, прозадағы батылдығы қуантады. Ақтөбе өңірінің мерейін асырып, әр кезекті кітабымен қолтаңбасының кемелдене түскенін аңғартады Гүлсамал Аймаханова. Республикалық басылымдарда жарияланған әңгімелерімен қалың оқырманын бірден тауып үлгерген Жанар Әбдішева «Өмір сүргім келеді» деген кітабымен қазақ прозасына жаңалық әкелді. Әмина Құрманғалиева, Сақыпжамал Өтеғалиева, Гүлзира Серғазы, Гүлзейнеп Сәдір, Таңсұлу Алдаберген, Алтыншаш Жақиянова, Айгүл Асылбекова, Қалампыр Кенжеғалиева, Маркиза Базарбаева ізденістері ұдайы назарымда. Бұлардың бірі сыншы, бірі ақын, бірі жазушы. Қымбат Әбілдәқызы, Гүлмәрия Барманбекова, Бүбішхан Тікебаева, Жұлдыз Тойбектің шығармашылықтары жайлы жаздым. Қалам ұстағанынан бері білетін Нұрлан Қалқа жақында «Мағира апамыздың мақаласына дән разы болдық. Аға буынның өзінен кейінгі таланттар туралы дәл осылай зор толғаныспен қалам тербеуі өте сирек кездесетін жайт. Көпке үлгі етерлік үрдіс. Жұлдыз, биіктен көріне бер!» деп пікірін білдіріпті ФК-те Ж.Тойбекке қатысты. Міне, дәл қазір де ақын Гүлсара Ысмағұлдың «Аяулы аппақ дүние...», ұстаз, ғалым Рыскен Әбішеваның «Тасыған өмір, жасыған көңіл» атты жинақтарымен танысып отырмын. Олар да атақтарымен алыс, жақын елдерге танылып, лайықты бағаланған Ханбибі Есенқараева, Зайда Елғондинова, Жадыра Дәрібаева, Сәуле Досжанова, Жанат Әскербекқызы, Оңайгүл Тұржан, Жұмагүл Солтиева, Әлия Бөпежанова, Заря Жұманова, Роза Мұқанова, Айгүл Кемелбаева, Камал Әлпейісова, Мәдина Омарова, Ділдар Мамырбаева, Гүлзат Шойбекова, Гүлнәр Шәмшиева және басқаларының қатарынан көрінгісі келеді. Алаштануда, сын кеңістігінде төңкеріс жасаған Айгүл Смақова мен Гүлзия Пірәлиева, Қанипаш Мәдібаева, Гүлжаһан Орда, Меңдігүл Шыңдалиева... қай-қайсы да жүрегімде. Олар мұқтаж емес әрине бұған, бірақ табиғатым солай, жылт етіп көрінген қыздарға көрінбей-ақ жанашырмын, міне, бұдан былай сенің де жазғандарыңды іздейтін боламын. Бақылауымдағы 3-17 жастағы, аға, апа, өз қатарластарым, ФК арқылы танып білген таланттар өзалдына бір төбе. Мәселен, экономист Ардақ Әшім философиялық терең ойларымен қайран қалдырды. Тылсым тұңғиығын ғарыштық деңгейде қабылдайтын Ардақтың өзінен өзге ешкімнің өресі жетіп жаза алмайтын мақалаларын «Дертке дауа» оқырмандары асыға күтетінін айтады. Биліктің түрлі сатысындағы қыз-келіншектердің республикалық, әсіресе халықаралық белді, беделді жиындарда қағазға қарап, сенімсіз міңгірлеп тұрғанын, ақыл жұтаңдығын, рухани күш, қуаттан жұрдай екенін көргенде, сол бәз баяғы қуыршаққа ұқсаған фактураларымен он, жиырма жылдан бері биік, лауазымды мінбелерден түспей келе жатқанынан халықтың жалыққанын ескеріп, Ардақ сияқты сирек дарын иелерін кемшіліктеріне қарамастан ішке тарта тәрбиелеп, потенциалын пайдаланса ғой, шіркін деген ой келеді.

-Апай, өтіп бара жатқан өмірді ойлағанда нені еріксіз мойындағыңыз келеді?

-Алқынып жұлқынып осы айтқандарымның, жазып сызғанымның, өзімше әлдеқандай боп, саған ақылды көрініп данышпансып отырғанымның түкке тұрғысыздығын, мынау шексіз ғаламда кім, не екенімді де түсінбейтінімді, адамның құпиясын білсем деген сайын түк білмейтінімді, туған ошағымнан білім, арман қуып алысқа аттанған он үш жасымның қауқарсыз жағдайынан еш өзгермей сол бейшара қалпымда қалғанымды, тынысым тарылып, балдыр батпаққа белшемнен батқанымды, аяқ-қолдарым дірілдеп, күш, қайратымның соңынан әрең ілбіп келе жатқанымды мойындауға тура келіп тұр.

- Осыған дейінгі жүрген жолыңызды қолыңыз жетпеген қай арманыңызға айырбастар едіңіз?

-Жүрген жолымда еңбектің ізі сайрап жатыр. Ес жиғалы талпыну, іздену, алға ұмтылу. Демалыстың не екенін білмедім, партия органы басылымында қызмет еткен кезде қолдануға тиісті жеңілдіктерді пайдалануға да уақыт таппадым, қыдыруға, шетелді аралауға, әдемі киінуге ықыласым жоқ. Шыны ма, бриллиант па, айыра алмаймын, дүние, мүлік жинамадым. Жетпіс бірге толдым, жұмыстан көз ашпаймын, өзім қадірлейтін өнер иелерінің, пікір, кеңес сұраған жас авторларымның табысқа жетуі, жақындарымның қиындық кешпеуі... үшін жауаптымын, міндеттімін. Осы жол жалғасуда. Бізде тобырды тәрбиелейді, бірақ жеке топты емес. Негізінен тұлғаны тәрбиелеуге көшуіміз қажет. Сондықтан ендігі тұста жер бөлігін алып, балалардың (камерный) шығармашылық орталығын салып, астыңғы қабатында мини театр, кітапхана, түрлі үйірме залдары, т.б, екінші қабатында бала-шаға, туыстарым, ал ең жоғарғы қабатында өзім тұрсам деп армандаймын!

-Сіздің ұғымыңызда бақыттың формуласы қандай болу керек?

-Деніңнің саулығына, барға қанағат ету, жоқты іздеп жүгірмеу, ешкімге салмақ салмай, қарыз болмай жүру. Өзін өзі танып, өзіне баға беру. Өзінің бағасын білсе, өзгені де бағалай біледі. Қанағаты, рахымы жоқ, мейірімсіз, өзгеге жақсылық жасай алмайтын адам бақытты бола алмайды.

-Әңгімеміздің соңында бір өкінішіңізді, бір арманыңызды, бір үмітіңізді айта аласыз ба?

-Бауыржан Момышұлының «қазақтың балаларын сендей қыздар тууы керек» деген сөзі есіме жиі оралып, егер сөйткенімде, қалай болар еді, шіркін деймін.

Әке-шешемнің тірісінде шығармашылық бір кешімді өткізгенімде ғой...

Бұрынғыдай кітап, газет, журнал оқитын елге айналамыз-ау түбінде...

-Риясыз әңгімеңізге рахмет!


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар