Майданнан оралған қаламгер
Бүгін қазақ әдебиетінде детектив жанрының негізін қалаған майдангер жазушы – Кемел Тоқаевтың туған күні. Кемел Тоқаев 1923 жылдың 2 қазанында Алматы облысы, Қаратал ауданы, Қалпе ауылында дүниеге келген. Жастық шағы сұрапыл соғыспен тұспа-тұс келген бозбала Кемел, ағасы Қасыммен соғысқа аттанады. Жазушының балалық шағы ауыр өтеді. Қапияда анасы мен қарындасынан айрылып, артынша әкесі Тоқайдан да көз жазып қалады. Солайша балалар үйіне түскен Қасым екеуі жетімдіктің тауқыметін ерте тартады. Алайда уақыт өте, соғыс оны жалғыз тірегі болған бауырынан да айырады. Бұл біртуар жазушы Кемел Тоқаевтың тауқыметті тағдыры еді.
Кемел Тоқаев – соғысқа қатысқан жауынгер жазушы. Ол Фрунзе жаяу әскер училещесін бітіріп, Сталинград майданы құрамына кіретін әскери бөлімге аттанады. Жалындап тұрған жас бірден көзге түсіп, 226 атқыштар дивизиясының бөлімше командирі болады. 3 айдан кейін майдан алаңында жараланып, әскери госпитальге түседі. Жас сарбаз көп ұзамай, соғыс даласына қайта сұранады. Сөйтіп ол бірінші Украина, кейіннен екінші Белорус майданы құрамына кірген, жау шебін бұзып өтетін 7 гвардиялық танк полкіне қосылады.
1942-1945 жылдар аралығында соғыс даласында болып, екі мәрте ауыр жараланған жауынгер елге оралғанда, оны тұрмыстың зіл батпаны күтіп тұрғанын білмеді. Майдан шебінен екінші топтағы мүгедек боп келген сарбаз үшін алғашқыда тіпті жұмысқа орналасу да қиынға соқты. Ауылдастарының мал бағып, ауылда қал деген сөзін елемей, тағдыр мен майдан қатар шынықтырған Кемел білім қуып, қалаға аттанады. Жоғары оқу орнына түсіп, білім алуға ұмтылады. 1945 жылы талапты жауынгердің үміті ақталып, Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетінің студенті атанады. Университет қабырғасында қазақ әдебиетінің алып классигі Мұхтар Әуезов бастаған ұлы тұлғалардан дәріс тыңдап, әдебиет әлеміне қадам басады. Жазушы 1948 жылы университетті тәмамдаған соң, алғашқы қызметтік жолын Жамбыл облыстық «Ақ жол» газетінен бастаған. Кейіннен 1949-1953 жылдары «Лениншіл жас», «Қазақстан пионері», «Социалистік Қазақстан» газеттерінде жауапты қызметтер атқарады. 1960-1977 жылдары Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Ведомостволарының бас редакторы, 1980-1984 жылдары Қазақстан Жазушылар одағының әдеби кеңесшісі де болады.
Саналы ғұмырында Ұлы Отан соғысының I және II дәрежелі орденімен, екі мәрте «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған. Шытырманға толы детектив жанрының ізашары Кемел Тоқаевтың қазақ руханиятында алар орны ерекше. Шығармаларында кейіпкерлерінің әр қимылы мен бет-бейнесіндегі эмоциясын, образы мен мінез-құлқындағы ерекшеліктерін шынайы көрсете білген қаламгер жұртшылыққа «Солдат соғысқа кетті», «Ұясынан безген құс», «Соңғы соққы», «Таңбалы алтын», «Тасқын», «Арнаулы тапсырма» сынды шығармаларымен етене таныс. Ал автордың алғашқы көркем шығармасы «Жұлдызды жорық» деп аталған.
Жазушы жайлы замандас қаламгерлердің естеліктерін тыңдап отырғанда, оның сабырлы, салмақты, артық сөзі жоқ, ешуақытта қарқылдап күлмейтін, жылы жүзді сондай мәдениеті жоғары жан болғаныдығын айтады. Көзі тіріде жақын дос болған жазушы Қасым Қайсеновтың: «Кемел өз атына болмысы сай тұлға еді», - деген бір ауыз сөзі айтылған пікірлерді түйіндей түскендей.
1986 жылы 63 жасында өмірден өткен Кемел Тоқаев аз ғұмырында, көп дүние жасаған жан. Қазақ әдебиетіндегі детектив жанрының көшін бастап, өзіндік дүниетанымы мен өзіне ғана тән стилдегі ерекше шығармалары арқылы құбылыс алып келген тұлға. Жазушының әр еңбегі тарихи деректілігімен құнды. Оның шығармалары психологиялық-драмалық оқиғаға толы. Сондықтан болар, оқырмандары сол замандағы кітап дүкендері алдында әр туныдысы үшін сағаттап кезекте тұрған деседі. Алайда шығармашылығындағы шындық жанкешті ізденіс пен тынымсыз еңбектің нәтижесі еді.
Бүгінде Кемел Тоқаевтан әдеби мұра болып, 15 шақты повест пен 3 романы қалды. Қарымды қаламгер – тағдыр сынағына қанша ұшыраса да, рухын жоғалтпай, елге адал еңбек ете білген өшпес өнеге иесі.
