Қаламында дәуірдің тынысы бар
«...Шіркін Нұра, жер шұрайы сенен өтер ме! Көмір, темір, электр, егін — бәрі сенен өрбіп тұр», - деп сонау 1945 жылы «Туған жерде» очеркінде жазғанындай, көрнекті жазушы Ғабиден Мұстафин 1902 жылы 26 қарашада Қарағанды облысындағы Нұра өзенінің бойында орналасқан Сартөбеде, қазіргі Қарағанды облысы, Бұқар жырау ауданы, Ғабиден Мұстафин кенті маңында өмірге келді.
Бүгін қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, Қазақстанның Халық жазушы Ғабиден Мұстафиннің туған күні.
«Өзі болған жігітке қайда барса орын бар. Бола алмаған жігітке ен далада орын тар. Болғанға да, бола алмағанға да кіндік кесіп туған жер, қаздай қалқып өскен ел сенен ыстық бар ма екен!
«Кері ала атты» сауырлай салған күрең жолмен қайқаңның қыр жотасына шыға келгенде көне жер көзге оттай басылды. Бәрі таныс. Бәрі жылы шыраймен қарайды. Ағаш ат, тал садақ, асық ойнаған тақыршақ, қыз ұзатқан, келіншек түскен, көкпар шауып, балуан күрескен жер — ана, сонау бала шақты еске түсіріп күлімдегендей болады...
...Шіркін Нұра, жер шұрайы сенен өтер ме! Көмір, темір, электр, егін — бәрі сенен өрбіп тұр», - деп сонау 1945 жылы «Туған жерде» очеркінде жазғанындай, көрнекті жазушы Ғабиден Мұстафин 1902 жылы 29 қарашада Қарағанды облысындағы Нұра өзенінің бойында орналасқан Сартөбеде, қазіргі Қарағанды облысы, Бұқар жырау ауданы, Ғабиден Мұстафин кенті маңында өмірге келді.
«Өмір белестері» атты автобиографиялық туындысында өзінің дүниеге келген өңірі туралы былай деп жазады. «Мен дүниеге келген кезде қазақ өлгенін, туғанын қағазға жазбайтын, метрика дегенді білмейтін. Әке-шешемнің жыл қайырып айтуынша 1902 жылы тусам керек. Қазіргі Теміртау заводы Тельман ауданында, Нұра өзенінің жағасында Жауыр, Қожыр тауларының етегінде тұр. Осы таулардың кішкене шашырандысы Сартөбе деген жерде (Жауырдан үш-төрт километр) бір боранды күнде туыппын.»
Қарағанды қаласы 1934 жылы құрылғанымен, бұл өңірдің индустрия орталығы болу үдерісі ертерек басталған. Асты-үстіндегі мол байлықтың иісін ерте сезінген ресейлік-шетелдік алпауыт капиталистер сонау ХІХ ғасырдан бастап-ақ әр тұсты үңгіп қазып, шамасынша игеруге кіріскен екен. Бұл жөніндегі дәуірлік оқиғалар Ғабиден Мұстафин мен Ғабит Мүсіреповтің көлемді туындыларына арқау болғанын білеміз. «Мен есімді білер-білмес кезімде, жерімізді переселенец алып, алпыс үй Елібай Жауырдан көшеді. Спасс заводының шығыс жағында он жеті километр – «Көктал жарық» деген жерге келіп орналасады (1907 жылдары). Ата мекенінен айрылған елдің зары, жермен қоштасқандары көңілімде өлмейтін суреттер қалдырып кетті. Қазір жазып жүрген «Көз көрген» атты көлемді еңбегіме сол оқиғалардың қайсы бірін пайдаландым», - деп жазады, өз туған елінің атақоныстан табан аударуы жайында.
Спасск зауытында жас Ғабиден орысша үйреніп, бес жылдық қазақ-орыс мектебіне түсіп, бір жыл оқиды. 1927 жылы алғаш «Сәрсен мен Боқаш» әңгімесімен әдебиет әлеміне қадам басқан жазушының тұңғыш жинағы «Ер Шойын» 1929 жылы жарық көреді. Проза жанрында өндіре жазған қаламгер әр жылдары өз оқырмандарына «Шығанақ», «Өмір не өлім», «Миллионер», «Қарғанды», «Дауылдан кейін», «Көз көрген», «Ой әуендері» туындыларын ұсынды.
Жазушылыққа дейін зауытта, сот саласында істеуі өзіне үлкен өмірлік сабақ болғанын өмірбаяндық еңбектерінде жазады. Ол өз шығармалары арқылы ХХ ғасырдағы қазақ қоғамының әлеуметтік өзгерістерін, халықтың тұрмыс-тіршілігін, еңбек адамдарының өмірін шынайы бейнелеген қаламгер. Оның туындыларында тарихи кезеңдердің күрделі болмысы, қоғамдағы қайшылықтар мен адам тағдыры кеңінен көрініс тапқан. Жазушы шығармашылығының басты ерекшелігі – дәуір шындығын қарапайым адамдардың өмірі арқылы көрсетуі.
Ғабиден Мұстафин шығармаларының негізгі арқауы – қазақ даласындағы қоғамдық өзгерістер мен сол өзгерістердің адам өміріне ықпалы. Жазушы кеңестік дәуірдегі ауыл өмірін, өндірістің дамуын, жаңа қоғамдық қатынастардың қалыптасуын суреттей отырып, заманның шынайы келбетін танытады. Оның кейіпкерлері – өз заманының тыныс-тіршілігін бойына сіңірген, өмірдің қиындықтарымен бетпе-бет келген еңбек адамдары.
Жасынан әрбір өлең-сөзге құмар қазақ баласы сияқты жыр жазуға қабілеті болса да, Ғабиден Мұстафин шығармашылық жолын тек қарасөзге арнапты. Жазушының қаламынан туған ән мәтіні – оның сан қырлы талантының бір көрінісі. Жауынгерлерге рухани-материалдық қолдау көрсету мақсатында 1943 жылы майдан шебіне мәдениет қайраткерлерін бастап барған Ғабиден Мұстафин атақты панфиловшылар дивизиясының қаһарманы, тұңғыш Кеңес Одағының батыры Төлеген Тоқтаровтың ерлігіне мәңгілік ескерткіш болған «Жас қазақ» әнінің мәтінін жазды. Кәсіби композитор, майдангер Рамазан Елебаев пен Ғабиден Мұстафиннің шығармашылық тандемінен туған, өкісікті шер мен ыстық қайратқа суарылған осы бір асқақ ән қан майданда қаза тапқан барша жас қазақтар рухына арналған туынды болып шықты және күні бүгінге дейін шырқалып келеді.
Қар жамылған кең дала қанға бөгіп,
Күркіреді сұр аспан өлім төгіп,
Жас қазақ,
Мұрттай ұшты уралап.
Жанын қиып жас өмірден,
Асқақтаған арманға өрмелеген.
Жас қазақ,
Жатты көзі от жайнап.
«Жазушы еңбегі – қиын, жауапты, ең ардақты еңбек. Ғылымда даңғыл жол болмаса, көркем әдебиетте де даңғыл жол жоқ. Мен біраз жасадым, біраз еңбек еттім, қаламым әбден төселгендей болды. Сонда да әрбір жаңа шығарма тұсында бастықпаған тайдай бұлтақтай беремін, шарқ ұрып іздене берем. Ойларымды, жазғанымды сан рет өшіріп, сан електен өткізіп барып, жарамды дегенімді қалдырамын. Сол жарамдымды жазып отырғанда күлемін, қуанамын, қайғырамын, жылаймын.
Жазғаның өзіңе солай әсер етпесе, басқаға мүлде әсер етпесе керек. Қиналсаң, қиналып тапқан бір сөзің не бір ойың «Мен бақыттымын!» дегізбесе, ондай жазушыға жазудың керегі не?» Бұл жазушы Ғабиден Мұстафиннің шығармашылық жауапкершілік туралы толғамы.
Жазушының шығармашылық мұрасы – өз дәуірінің тынысын танытатын, тарихи және көркемдік маңызы зор әдеби құндылық ретінде халқының рухани игілігіне қызмет ете бермек.
