Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СҰХБАТ
Мәлік Бердалиев. Ей, бауырым, өлеңімнің сырын ұқ.....

29.03.2024 2070

Мәлік Бердалиев. Ей, бауырым, өлеңімнің сырын ұқ... 14+

Мәлік Бердалиев. Ей, бауырым, өлеңімнің сырын ұқ... - adebiportal.kz

Із 

Ақ ұлпасын жерге төгіп жанды аспан,

Көк пенен Жер ақ жіппенен жалғасқан.

Ала таңмен шығып едім далаға,

Айналаның бәрін тегіс қар басқан.

 

Кеудеңде егер көзің болса бағамдар,

Қаншама сыр ақтарады қадамдар.

Арттарына қалдырыпты іздерін,

Әрі-бері сапырылысқан адамдар.

 

Осынау сәт бір қансонар тәрізді,

Тауып алып қажет соқпақ «дәлізді».

Аңсоғардай барлап, байқап келемін,

Анық түскен аппақ қарға әр ізді:

 

Жағдайы жоқ жүрер, сірә, тасынып,

Тағдырына қалғандай ма бас ұрып,

Мына кісі тез басыпты аяғын

Шаруасына бара ма екен асығып?

 

Алда соққан жел-құзыңа ықпастан,

Мына адамдар қатар жүріп жұптасқан.

Бір-біріне сүйеу болып жүргендей,

Қос із жатыр қолтықтасып нық басқан.

 

Мына адамның байқап қалдым саяғын,

Мына бір жан шалыс басқан аяғын.

Мына кісі әрең-әрең ілбіген,

Сүйеу қылып қолындағы таяғын.

 

Мына бір із басылғандай ертерек,

Мына бір із тапап өткен төтелеп.

Аңдап жүрген әйел ізін байқадым,

Жанындағы жас сәбиін жетелеп.

 

Алда жолың жатқанменен Айдан ақ,

Аңдамасаң, шыға келер сай қабақ.

Мына пенде табанынын бүрі жоқ

Тегіс жолда жүре алмапты тайғанап.

 

Бірде түзу,бірде қисық көлбеген,

Сан бедерлі іздерді мен мөр дер ем.

Мына жерде солғын түскен ізіңді.

Мына бір із басып өткен көлденең.

 

Бұл тағдырды маған тартқан сый деші,

Алға тартсын өміріңнің күймесі.

Адамдардың әрбір басқан ізінен

Көрініп тұр ісі,жүзі,бейнесі.

 

Аллам мені самғатпаған қыран қып,

Енді амалсыз жерді басып тұрам нық.

Десе-дағы менің басқан ізімді

Ойланамын жүр екен деп кім аңдып.

 

Ей, бауырым, өлеңімнің сырын ұқ,

Төбемізде төніп тұр ғой бір ұлық.

Артыңдағы жүріп өткен жолыңа

Қарап қойған жөн екен бір бұрылып.

Керзі етік

Балалық шақ. Кететіндей жер тесіп,

Досым бір күн киіп шықты керзі етік.

Жиырылған қонышы бар тағалы

Сол етікке  қызықтым мен ес кетіп.

 

Қайран достың мақтан қылған сөзі өтіп,

«Алып бер, - деп, - маған сондай керзі етік»,

Бірнеше күн мен әкемді қинадым,

Әлсін-әлі мазасын ап, мезі етіп.

 

Сонда әкем қасыма кеп күлімдеп,

Жұбатты ұлын сәл болмаса, бүлінбек:

-Мынау әсем былғарыдан тігілген

Бәтеңкеңнен артық па ол, ұлым? - деп.

 

Көз жіберсем, жастық шаққа- өткенге,

Керзі етікті киген екем көп мен де.

Сол пәлеңнен кейін әрең құтылдым

Тұрмыс түзеп, жас біразға жеткенде.

 

Керзі етікті сәнге кию - далбаса,

Ыңғайлы да киім емес жанға аса.

Сыз өткенде табанымнан қиналғам,

Не киер ем сол көн етік болмаса?!

 

Өткен жоқпын киім сәндеп, бой бағып,

Қиын кездер жоққа байлап қойды анық.

Енді саған кигізбесін дәл соны, -

Деді де әкем қалды бір сәт ойланып...

 

Сағымдайсың кеткен жылдар, өткен ай,

Қадіріңді кештеу ұқтым, әттең-ай.

Табаныма сыз өткізбек түгілі,

Маңдайға жел тигізбеген әкем-ай!

 

Енді, міне, көңіл, шіркін шерменде,

Бос бүгінде сен отырар төр менде.

Шарпысады, күйініш пен сүйініш,

Әлдеқалай керзі етікті көргенде…

Мұғалім мен полиция

Жаздың жарқын күндерінің  бірінде,

Ұмыттым ба, үнем еткен  түрім бе?

Көлігімнің шамын жақпай айдағам,

Жол сақшысы қаталдық бар түрінде

 

Тоқтатты да, құжатымды сұрады,

Деп естігем осы жігіт қырағы,

Мүлт еткенді қалт жібермей тұрады

(Көңілімнің көк аспаны құлады)

 

«Ау, ағасы,  жауабыңды ұзын  ет,

Тапа түсте неге ереже бұзып  ек?!

Айыппұлды  төлетем-ау молынан,

Атқарасыз  қандай өзі қызмет?»

 

Жанды алардай дігірлейді неге інім?!

Ішкен ірің, желім болды жегенім.

Оған қатты әсер етті алайда,

«Мамандығым - мұғалім ед»,- дегенім.

 

Жазалаушым тез  арада  өзгерді,

(Маған, сірә, қуанатын кез келді).

Хаттамасын кері  салып  алды да,

Құжатымды  енді өзіме тез  берді.

 

«Бұл  ісіме аңырмаңыз  таң қалып,

Полиция көрген емес жан бағып.

Көлік сөз бе, ұстазсыз сіз жүретін

Ұрпақтардың жүрегіне шам жағып.

 

Шәкірт болып, біз де ұстазды көргенбіз,

Шүкір, содан мұндай халге келгенбіз.

Алты алаштың басы қазір қосылса,

Мұғалімсіз орын алар төрден Сіз! -

 

Деді сақшым ақ ниеті бар тұнық,

Парасатты нардай ұлдың  парқын  ұқ.

Шекесіне қолын  қойып  ізетпен,

Жол  нұсқады сымдай  тіке  тартылып.

 

Қадір қашып, жатқан кезде ар тайып,

Тасыды бір қалған көңіл ортайып.

«Құрып кеткір» жағып алып фарамды,

Жүріп кеттім толық, шалқып, марқайып.

 

Бұл жағдайды кімдер  қалай  бағамдар,

Менше  әлі беделің  мен бағаң бар.

Қысылғанда Ұстаздардың алдынан

Кездессе екен  дәл осындай  адамдар.

 

Бүлдіршіннің періштесі, нұры  үйдің,

Отбасында естілмесін  үрейлі үн.

Мұғалімнің мәртебесі әрқашан

Күндей биік болуын мен  тілеймін.

Әр бала – бір жұлдыз

Әрбір бала – бір жұлдыз жаға білсең,

Дарынына дем бергін дара жүрсе.

Бетін қақпа, белін бу, үмітін жақ,

Талабы мен талантын таба біл сен.

 

Әрбір бала – бір жұлдыз, жарқырасын,

Басындағы базарын сарқымасын.

Өнерін аш, алға апар, таныт көпке,

Осы ісіңмен бәрін де таң қыласың.

 

Әрбір бала – бір жұлдыз, жігерлендір,

Жанды көрсең тағдырдан түңілген бір.

Ішіне үңіл, жанын ұқ, сырын оқы,

Ашыла алмай өтпесін өмірден құр.

 

Әрбір бала – бір жұлдыз, көкке шығар,

Бәлкім оның өзгеге өкпесі бар.

Қырын ұшта, қыбын тап, қанат байла,

Биік өсер баптаған екпе шынар.

 

Әрбір бала – бір жұлдыз, жүрсін төрде,

Кеудесінен мұңын жой, күрсіндірме.

Көңіл аудар, көмек бер, көкке көтер,

Бақыттың бар екенін білсін жерде.

Мәлік Бердалиев, 

Ақжайық ауданы, Батыс Қазақстан облысы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар