1929-1933 жылдары амалсыз қолдан жасалған ашаршылық зұлматынан иран жеріне қоныс аударған аталарымыз ес жиып, ұрпағы көбейе бастаған соң Ата жұртқа, туған халқымыздың салт-дəстүріне, əншілер мен жыршылар творчествосына, болған қасақана аштыққа, жатжердегі қасірет пен тауқыметке байланысты сыр шертіп, кейінгі буынға əңгімелеп отыруды дəстүрге айналдырды. Солардың қатарында 1950 жылдардың тумалары қариялардың əңгімелеріне қанық болып ер жетті. Сондықтан біздер қазақтың ұлттық дəстүрімен бірге елде аты аңызға айналған батырлар, жыраулар мен күйшілердің аттары мен біршама туындыларын естіп өстік. Атап айтқанда күйші- Абыл Тілеуұлы (1777–1864), жыраулар – Сүгір Бегендікұлы (1894–1974), Мұрын Сеңгірбекұлы (1859-1954), Қашаған Күржіманұлы (1841–1929), Түмен Балта-басұлы (1884–1957) ...тағы талайлар. Қарияларымыз тарыққанды «Бекет ата» деп бастап, Алла Тағаладан тілек тілейтіндері де есімізде мəңгі сақталмақ. Кейін елге оралғанда туған елімізбен рухани байланыс жасауға соның бəрінің үлкен көмегі тиді. 1990 жылдың бесінші шілдесінде қазақ əдебиетіне еңбегі сіңген ағамыз Қабиболла Сыдиқұлымен танысып, қазақтың жалпы жыраулық тарихы мен еліміздің Батыс өңіріндегі жыраулық дəстүрінен хабардар болған жайым бар еді. Қазіргі заманғы қазақтың дəстүрлі өнерінде өзіндік орны бар Күріш Құбашұлы Тасболат ағамен еліміз тəуелсіздік алған бастапқы жылдары молынан əңгіме-дүкен құратынбыз, иранда дүние салып, сонда жерленген Ақбөбек жəне оны мəңгі сүйіп өткен Ғайыптың өлеңін де, Маңғыстаудың талай жыраулары мен жырлардың шығу тарихын да, «Адайдың жеті қайқысы» туралы аңыз туралы да əңгіме айтып отыратын. сол жылдары отырыстарымыз елдің тарихы мен мəдениеті төңірегінен əрі аспайтын тамаша кез еді. Қабиболла Сыдиқұлы зерттеулерінде былай жазған: «Адайдың жеті қайқысы»- 19 ғасырдың 2-жартысы мен 20 ғасырдың бас кезінде Маңғыстау түбегінде өмір сүрген халық өнерпаздары, сал-серілер. Олар: Өскенбай (күйші,-домбырашы, əнші əрі жыршы), Тұрсын (əнші əрі күйші-домбырашы), Əділ (əнші əрі жыршы), Досат, Жылгелді, Тастемір жəне Шолтаман (бəрі де əнші болған). Осы жеті өнерпаз жұбын жазбай бірге жүріп, Маңғыстау, Хиуа мен Харезм аймағын аралап, өнер көрсеткен. Ешкімге бас имей, өздерін тəкаппар (қайқайып) ұстағандықтан ел ішінде «адайдың жеті қайқысы» атанып кеткен».
Маңғыстау мұнайлы өлке болғандықтан ел экономикасына мол үлес қосып келе жатқан түбек. Сол үшін бұл өңірден көптеген мұнай саласының мамандары мұнай өндірісіне өлшеусіз үлес қосып, сансыз мұнайшы мамандардың еліміздің əр өңірінде өсіп, жетілуіне мұрындық болды. Сондай-ақ еліміздің өзге де өңірлерінен мұнай кенішін тауып, өндіріске қосылуына тікелей қатысып келеді. Бұл жекедара маңызы зор əңгіме.
Ислам Жеменей "Иран және иран қазақтары"
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.