Қала бүгін аңырап...
дала бүгін,
Қаралы күн...
бұл неткен жаралы ұғым?
Қалай айтсам болады,
саған ұлым –
Бұл әйтеуір іс емес саналының.
Лаңкесі не?
Заман-ай мың құбылар,
Сұмырайды қарғыстың сұмдығы ұрар!
Қазақ деген ғажаптан жаралған жұрт –
Тірлігі бар ел едік,
бірлігі бар.
Көңіліме мына жай іркеді мұң,
Сөнбесе екен шырағы білтелінің.
Азаматы оққа ұшып опат болған,
Аналардың көз жасын сүртеді кім?
Аһ ұрады қайғыдан Алаш – дана,
Жүрегінде әркімнің ары – Астана.
Бауыры бүтін,
басы аман мынау елде –
Адамға адам оқ атқан не масқара?
Сағыз, Жемнің суындай ақтарыла,
Бұлбұл қонсын қайтадан бақтарыңа.
Ел оралсын шадыман шақтарына,
Көңіл айтам,
Ақтөбе,
Ақ таңыңа!
Үмітімді үмітке жалғағанда,
Қалай барды,
кім барды сол қадамға?
Тынышын алған елімнің зауал жаусын -
Дінді перде ететін оңбағанға!
Ала қайғы,
аулақ кет,
тіміскі мұң!
Құт-береке керегі ырыс бүгін.
... Бұза көрме,
ұйқысын жалғызымның,
Бұза көрме,
жұртымның тыныштығын!..
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.