Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ӨЗ СӨЗІМ
Марат Қабанбай. Миына ұлттың коды жазылған ақын...

09.02.2024 2176

Марат Қабанбай. Миына ұлттың коды жазылған ақын 12+

Марат Қабанбай. Миына ұлттың коды жазылған ақын - adebiportal.kz

Біз өз есімі «М» әрпінен басталатын мықтыларға жарыған халықпыз. Арысын қойғанда, бергісі Махамбет, Мағжан, үш Мұхтар, Мұқағали! Паң физика пәнінде мынандай зілмауыр заңдылық және бар; қандай да бір дене, зат дыбыс жылдамдығынан озып ұшса, күл болып жанып кетеді екен. Ал, заманынан озғандар ше? Сөзсіз мерт болады. Мұқағали Мақатаев та тұп-тұра қырық бес жасында солай қаза тауыпты...

...Мұқаң мені 11 класта қатты ренжітті. Өзім де өкпешіл неме едім – шала жетіммін. «Қайдасыңдар, достарым?!» атты өлеңім Жеңіс күні аудандық «Достық» газетіне жариялана қалсын. Оны көп ұзамай облыстық газет көшіріп басты. Мен болсам, кластастарымның қолында салақтадым да қалдым. Бұдан былай «бала ақынмын», «нағашы аталары Ержан Ахметов (бұ кісі «Батырлар жырының» ІІ томындағы «Арқалық батырды» хатқа түсіріп кеткен – авт.), бұл баланың аузына түкіріп кеткен Сүлеймен шал ғой » деген аңыз желдей еседі. Әлгі өлең, қателеспесем:

Сталинград түбінде,
бір шенелдің,
шалғайын жамылған,
Мамай қорғанында,
бір темекінің тұқылын,
бөліп тартқан,
Берлин түбінде,
Жеңіс шарабын,
бөліп татқан,
Қайдасыңдар, достарым?! –

деп қарт майдангер боп зар илейтін, шикілі-пісілі бұл өлең, қызық болғанда, соғысқа қатысқан талай шалдың сай-сүйегін сырқыратыпты. Көп ұзамай: «Қадірлі соғыс ардагері Марат Қабанбаев! Жазғаныңыз ып-рас. Берлин түбінде мен де бір көз, бір аяғымды қалдырып келіп ем. Ләм-миміңізге қарағанда, Сіз де сонда соғысқансыз. Бір окопта жатуымыз да… званиеңіз қандай? Хабарлассақ қайтеді?» деген ыздиған хат алдым. «Ойбай, ата, майдангер емеспін, оқушымын. Әкелердің басынан кешкені ғой» деп қайыра хат жаздым әлгі кісіге.

Көп ұзамай «Жұлдыз» жорналының 1966 жылғы жастарға арналған санында «Сену» атты әңгімем жарқ ете қалмасы бар ма. Бұл жолы талықсыңқырап кеткенмін бе, парта құшақтап едәуір жатып қаппын. Бірақ есімді тез жидім. «Мынау «Жұлдыз» жаман-жұтық әңгімемді жариялағанда, кіл асыл поэзиямды жерге тигізбей қағып алатын шығар?! деген қызық қорытындыға келдім. Таңды таңға ұрып жазған ашық-мұшық өлеңдерімді «Қайдасыңдар, достарым»-ға қосып, Алматыға қаттап-бүктеп салдым да жібердім…

...Арада ай өтті ме, өтпеді ме, шекесінде қанжоса «Жұлдыз» деген жазуы бар табақтай қызыл конверт қытыр-қытыр етіп қолыма тиді. Ондай қытырлақтарды не бұзау қораның түкпіріне, не шөп маяның түбіне ешкім көрмейтін жерге қашып барып оқимын. Есеп белгілі – жаман жауап болса, ешкімге тіс жармаймын, жақсы болса, ертеңінде-ақ жария етемін…

Бұл жолғы хаттың сұрқы жаман…

Бұрын «Лениншіл жастағы» (қазір – «Жас алаш») Әбіш Кекілбаев, Жұмекен Нәжімеденов секілді абзал ағалар әуелі «Құрметті Марат! Қадірлі Марат!» деп бипаздап бастап, екі-үш кемшілігімді атағасын, «Алайда талабыңнан үміткерміз» деп үзілте келіп, аяғында «Жариялай алмадық. Хабарласып тұр» деп қақитатын. Ет жемесем де сорпа ішетінмін ондайда. Бұл жолы «Құрметті» де, «Қадірлі» де жоқ, «М.Қабанбаев жолдас!» деп зірк ете қапты. «Сену» – жақсы әңгіме. Бірақ бұл сізден ақын шығады деген сөз емес. Қаламыңызды қадірлей біліңіз» деген үш сөйлем құлағымның түбінен үш рет атылды. Көзім бұлдырап тұрып, аяғына қарасам: «Сәлеммен – поэзия бөлімінің меңгерушісі М.Мақатаев»… М.Мақатаевты жақсы білемін. Әнеукүні ғана радиодан «Ассалаумағалейкүм, Алатау!» деп, күндей күркіреп өлең оқыған. Өзін пір тұтып қалып едім. Пірім осылай дегесін қайтейін, бүкіл поэзиямды жиыстырдым да, аулада зеңкиіп тұратын темір пеш болушы еді, шілденің шіліңгір күні соны жақтым да, бар өлеңдерімді соған аттым…

...Алматының табалдырығына аяқ артысымен-ақ «поэзия бөлімінің меңгерушісі М.Мақатаевты» тез-ақ тауып алдым. Бұ кезде қолы бос, «бөлім меңгерушісі» емес. О кісіге кездессең де кездесесің, кездеспесең де кездесесің – біз оқитын КазГУ-дың бас корпусының төңірегінде тұрады. Кездесу біз үшін үлкен «дәреже» – жағасы жайлауда, шашы будақ-будақ. Алатаудың жартасындай нән ақынды балағымен жер сыпыртып, балпаң-балпаң бастырып, ортаға алып жүру, шөлдегенде «стақанына су құйып беру» – тамаша ғой! Мінезі қандай ағаның! Тұп-тұра Алатаудың нақ өзі – кейде жап-жасыл боп, жайнаңдап шуақ төгеді, енді бірде сатыр-сұтыр етіп, селдетіп-селдетіп жібергенде небір қуысқа қалай кіріп кеткеніңді білмей қаласың. Осының бәрі өзіне бек жарасады – табиғи. Орысша айтқанда «ходящий мир быль!»

Менің таңқалғаным – о кісінің мүлдем кереғар екі мінезі-тін.

Біріншісі – Жазушылар одағының небір беделді жиналыстарында мырың хатшылардың бетін тіліп-тіліп ақыра айтып, залдан шыға беретіні… Екіншісі, тап сол Мұқаң көшеде, кең дүниеде мүлдем басқа адам-тын. Төңірегінде көбелектей қаптап жүретін өрім жастардың бетін жел болып желпіп көрмепті. Ал, біздің мінез қиғаш-қиғаш болатын. Қақырата қатты айтқандағысы – «Әй, қызталақ!» Кім қай облыс, ру, онда шаруа жоқ, шетімізден «қызталақпыз». О кісінің қай жерден екенін біз де білмейміз, әйтеуір осы төңіректегі бір таулы өлкеден деседі.

Бұ жерден психоанализ іздеудің қажеті жоқ-тын, алдыңғы мінезі – со кездегі жүйкеңе тиер жүйеге, оның өкілдеріне қарсы бұрқ еткен көтерілісі де, соңғысы, өзі жазғандай «соғыстан соң жоғалтып алған» жастығын біздің бейнемізден тауып алғаны екен де...

Ал, ақындығы... Өлеңдерін үзіп-жұлып оқимыз. Әр газеттен, әр жорналдан. Оның өзі үзіп-жұлынып басылады. Сол үзіктерінің өзі жалын боп бет шарпиды. О кезде «батыс, орыс әдебиетін табанды түрде игеріп жатқан» дәуір, біраз ақындарымыз соларға еліктеп- солықтай ма, тым жұмбақ жазатын. Мұқаңның оқушы алдында беті жарық – кіл от пен жалын. Және 100 пайыз қазақша. Кейде ағындағаннан ағындап, бала да болып, кекіліңді сипайды, ешқашан жекімейді. Ақыл айту, көсемсу жоқ, тікелей сырласады. Бір уақта өлең атты перімен құшақтасып, би билеп жүргеніңді бір-ақ білесің. Түрлі-түрлі құшақтарды қоса қабатынан қатты аңсап жүретін бізге басқаның керегі жоқ – Мұқаңның өлеңдері үшін өлуге бармыз. Біреулер... «Осының қай жерінен өлең шығады?» дейді. Қайдан шығатынында біздің шаруамыз қанша, бізге өлең – «давай!» Сол бір «давай» тұста қолтығына ілініп жүріп:

– Пәленше жылдары «Қайдасыңдар, достарым?» деген өлеңдерімді жіберіп ем. «Қаламыңды қадірлей біл» депсіз, – деп күмілжідім.

– Көңіліңе алма, қызталақ! Поэзия жолы қышқыл болады, – жеп жарқылдады.

Ешкімді мақтамайтын да, жамандамайтын да. Және де білімсінбейтін. «Е, тума талант түк оқымай жаза береді екен ғой» деген осы кезде қалыптасқан теріс түсінік көп ақынға кейін кесір боп тиді – оқымау қағидаға айналып, ақыры аяқтарына жем түсті.

Қатты қателесіппіз.

...Қазір өртеніп кеткен, бұрынғы «Есік» кафесінде Мұқаңды ортаға алып, қау-қауласып отырғамыз. Шашы қаракөл елтірісіндей жып-жылтыр бір шүкімәйттай семит шал кітаптарын құшақтап, қасымызға жайғасты. Бір көзі – саптаяқ сырада, екіншісі – кітапта.

– Бодлер ме? – деді Мұқаң гүр етіп.

– Оны қайдан білесіз?

Екеуінің аузы бір-біріне жабысты да қалды. Біз былай қалдық. Бодлер, Уйтменнің «тәртіптері» талқыланып, әңгіме аяғы Португалияның 400 жылдық тарихын өлеңмен баяндап беріп кеткен Комоэнс деген біреуге ауысты. «Коммунист» деп те ақынға ат қойылады екен-ау. 400 жыл бұрын Португалияда коммунизм болып па еді деп аузымыз аңқиып біз отырмыз. Кетерінде әлгі кішкене шал – филологияның профессоры, докторы екен. Мұқаңның шәугімдей басын көтере құшақтап тұрып:

– Көп рақмет, баянды да мазмұнды әңгімеңізге! Жаным жадырап, бір жасап қалдым. Мұндай телегей-теңіз білімді қазаққа алғаш кездесуім, – деп сыраның буы ма, сорасын сүрткендей болды.

Жылдар өте келе нарынқолдық ақын інісі Еркін Ібітановтың аузынан «Мұқаңның ауылдағы үйінде кітап тау болып үйіліп жатушы еді. Кітаптан ақшасын аямайтын» дегенді естігенде, телегей-теңіз білімнің көзі қайда жатқанын білдік.

...Кейін Мұқаңның басына бұлт үйірілді. Газеттерде сыналып, Мәскеуді жерсінбей, оқуын тастап келді. Мінезі басшыларға жақпай, Қазақстан Жазушылар одағынан шеттетілген кездері болды. Бір көргенімізде, Баспасөз үйінің бұрышында:

– Бұл қазаққа не жазып ем?! – деп қатты-қатты айқайлап, бурадай буырқанып тұр екен. Беттеуге бата алмай жылысып кеттік. Мұқағали Мақатаев көрінсе, қаша жөнелу о кезде «мода» еді.

…О кісінің өлер жылы наурыз айының басында соңғы рет көрдім. Лекцияға қарай салып ұрып келе жатсам, ауыр-ауыр басып «Алматы» қонақ үйін айналып жүр екен. «Алматының» ақындарға әбден белгілі болған алтыншы қабатына көтеріліп аз-мұз гәпірдік. Лекция жайына қалды. Көңіліміз көктеп, сыртқа шықсақ, көшелерде көктем көлкіп тұр. Мұқаң алдымен Алатаудың мұзарт шыңдарына, содан соң өзіне, ақырында қасында қақиып тұрған маған қарады.

– Әй, сенің бет мәшинеңде маған ұқсайтын бірдеңелер бар-ау осы, – деді.

Мынандай ұқсатуды естігенде есім шығып кетті. Тақала түсіп:

– Солай ма, аға, – дедім қылқына жұтынып. «Тағы сөйлей түссе» деп тұрмын.

Ақын Алатауға, өзіне, маған көз тастады да:

– Бірақ масштабың кішкене екен, – деп төбемнен тоқ еткізді.

Сол тойғанымызбен тарқадық. Арада ай өттіме, өтпеді ме, «Мұқаң қайтыс болыпты» деген суық сөз Алматы көшелерінде оқтай зулады. Біреуі менің кеудеме келіп қадалды.

…Кімді өлтіріп алғанын кеш білетін қазақ бұл жолы да аһ ұрып, жер тоқпақтады. Өтірік жылағандар – қырғын. Біз көрген көп жастар, ашығын айтсақ, Мұқаң поэзиясын білмейді де екенбіз, ақынды көргенімізге, соңынан шуап жүргенімізге мәз екенбіз…

Арада екі-үш жыл өтті ме, өтпеді ме шілденің шіліңгір аптабында «Мұқаңның екі томдығы дүкенге түсіпті, ал, жүгіріңдер!» деген хабар жетті. Соңғы данасына әупірімдеп іліктім. Бала-шаға ауылға кетіп, жақсы кітапқа сусап жүрген кезім, екі томдықты жастықтың астына алай бір, бұлай бір салып, ал, ары оқы, бері оқы. Оқыған сайын жылымдай тартып, судай сіңіріп барады. Кітаптағы кез келген кейіпкер бала кезімде Сауыр,Сайқан тауларының ықпыл-жықпылынан көрген адамдар, таныс-біліс кісілер… Мынау мұрты едірейген біргәдір де, су сұрасаң шай, шай сұрасаң қымыз берген қызыл жеңгелер де, соғыстан кейінгі саңсырап, түтіні сиреген шоғыр-шоғыр ауылдар, жалғызын күткен қара кемпір, жарын тосқан аналар, асу-асу белдер мен асқар-асқар таулар – бәрі менікі! Сол-сол, солардың жүріс-тұрысы, сөз саптасы, қабақ қаққаны, әзіл айтқаны...

Мен екі томды тауыса алмадым, ширегі қалғанда жылы жауып, сөренің алыс-алыс бұрышына көз көрместей ғып тығып қойдым, өйткені, қорқа бастадым Мұқағали Мақатаевтан… Түн ортасында тілсіз қабырғалар кенет Мұқағали болып сөйлей бастадыма-ау, бүкіл қазақ ауылы қабырғадағы кілем бетімен керуен болып көше бастадыма-ау, шекем ысып, ыстығым көтерілдіме-ау… «Қой! – деп ойладым, – бала-шаға келгесін оқиын, әйтпесе оңашада жынданып кетермін».

Жыл аралатып қайта-қайта оқитын он шақты авторым бар. Екі том соған қосылды. Орта ғасыр ақын-жазушылары, батырлар жыры, Махамбет, Абай, Бейімбет, Мұхтар, Асқар, Оралхандардың арасында тұр. Сол тұрғаны тұрған Мұқаңның…

Мұқағали Мақатаев кім сонда?

Мұқағали туралы көп айтылды. Айтылмағаны мыналар:

1. Ақын көп, нағызы – аз. Нағызы кім, сағызы кім, оны оп-оңай ажыратуға болады; өлеңдерінің астына авторын бермеңіз – бітті. «Е, мынау Абай ғой, анау – Мұқағали, атын неғып жазбаған?» – десе, нағызы. Өйткені, нағыз өлең – ұлттың кітап бетінде буы бұрқырап, дүк-дүк соғып жатқан ыстық жүрегі.

Ал, авторы таптырмайтын сағызы ұшарын жел, қонарын сай білетін – иесіз, «шпион» өлең кез келген ұлтқа паразит боп жабыса кетіп, соның себебін түгендеген боп сүлікше сорады. Ондай отансыз өлеңдер – мың миллион.

2. Ұлы ақындардың тағы бір белгісі – өзге тілге өліп кетсең де аударылмайтыны. Аударылады, бірақ аты ғана. Мәселен, Мұқағалиға сары шашты парик кигізіп, жирен сақал, мұрт жапсырған секілді каррикатура бірдеңе. Ондай «руский Мұқағали»-ды көп ұзамай жек көре бастайсыз. Себебі, ұлылар – өз ұлтының микроатом, микроклеткаларынан тұратындар. Кибернетика да, медицина да ол микролардың құрылымын әлі өзгерте алмай келеді. Олардың шығармалары ана елден мына елге апарып, орната салуға болатын өркениеттің тас үйі емес, өз топырағында миллиондаған жыл бойы өсіп тұрған жалғыз тал шыбық. Жусан, мәселен, Африкада бір-ақ күнде солады. Нағыз ақындардың поэзиясы да өзге тілде өмір сүре алмайды. Олардың трагедиясы да, бақыты да осында.

3. Ұлы поэзия деген қол-аяғы бұғауда жүріп, ұлы бостандықты сезіну, соның кәусар ауасын жұту. Мұқаң өз өлеңдерінде «мынау айтқаным анаған, анау айтқаным мынаған ұнамай қалды-ау» деп еш қысылған емес. Еліне, жеріне, тауына есепсіз еркелей берген.

Ығысыңдар,
Ей, таулар
Ығысыңдар!
Орын сайла ортаңнан, жұмысым бар.
Ата болып, не маған ұрысыңдар,
Адам болып немесе ұғысыңдар! –

деп әлемнің ең заңғары Хантәңірінің алдына көлденең жатып алып, сүңгі сақалын сипап еркелеуді бүкіл әлем поэзиясынан кездестірмеппіз.

Ол бостан болса, біз тұтқын ек. Оның есепсіз бостан болуын сол себептен де түсінбедік әрі қызғандық, іле жек көрдік, ақыры жерге көміп тындық…

Болашақта, жаман айтпай жақсы жоқ, қазақ ұлты жер бетінен құрып кеткен күннің өзінде Махамбет, Абай, Мұхтар, Мұқағалилар ұлт өкілі ретінде ары қарай да өмір сүре береді. Олардың шығармаларына ұлтымыздың өлмес коды жазылған. Әлем бізді он ғасыр өтсе де сол кодтар арқылы тауып, танып алады.

4. Оның жер жүзінің әдебиетінде теңдессіз, алабөтен бір шоқтықты шығармасы бар. Ол – «Жан азасы». Білетіндер ауруханада ажалын тосып отырып жазған деседі. «Жан азасы» – ақынның жарық дүниемен жылай-жылай қоштасуы, әрі бізге қалдырған өсиеті, оның үстіне бұдан былайғы мәңгілік мекені – қара жер қойны – көрпеге ізетпен сәлем беруі-тін.

Апафеозы:

Өмір дегенге,
Тірлікте, сірә, жетер ме ой,
Жарық сәуледен басқаның бәрі бекер ғой.
Бекер ғой бәрі,
Бекер ғой бәрі, бөтен ғой,
Өмір дегенің бір күндік сәуле екен ғой, –

деген осы бес-ақ беттік дүниеде «шуақ түссе, жер бетіне шөп болып шығайын» деп тұрған табыт та, «әрине, суық қайғы, суық қайғы», бірақ «ақынына көңілін суытпайтын» халық та, «жете алмай алғы таңдарға, кеттің-ау, боздақ, арманда» деп көз жасын бұлаған жесір, «жекірмеңіз, біздерге жекірмеңіз, жетімдерміз», «мәңгілік сені тербеуге, мәңгілік бесік сақтағам» деп қара жер де боласыз.

Ғарыштан құйған ғаламға ортақ шуағың,
Сезгенмін, білгем,
Мен үшін бір күн тынарын, –

деп көрге кіріп бара жатқан мұңлы Мұқағали өзін жоқтаған, есепсіз сүйген халқының жетімі мен жесірінің үнін естіген соң:

Өмірді қандай сыйласаң,

Өлімді сондай жат көрме! – деп жеңіл күрсінді де, бар дауысымен былай деп күркірейді:

Аспанда алапат күш дүр еткенде,
Көк пен жер тітіркеніп, дір еткенде.
Қақ бөліп, қара бұлтты қақыратып,
Ұшқының тұрар сенің түнектерде.

Өзі туралы ғой...

5. Ұлылардың бізден бір ерекшелігі – олар о дүниені де, бұ дүниені де өз үйіндей көреді; жердің асты, үсті, әуе жаз-жайлауы, қыс-қыстауы, күз-күздеуі секілді мекені. Бірінен біріне оңай өтіп, ерке баладай-ақ, Алланың да, шайтанның да қолын ала береді. Вергилий мен Данте бастаған осы жолды ХХ ғасырда Мұқағали Мақатаев жалғастырды. Ақын – Халық – Ажал деген не, осы үш категорияның мән-мағынасын барынша ашып берді. Мен айтар ем: қазір аспанда Алла мен періштелер құлағына, жер бетінде – адамдар тұрағында, жер асты – аруақтар мен сүлделер мекенінде қатар естіліп тұратын бұл «Жан азасы» Адам ата мен Хауа ананың бұ күндері 6 миллиардтық ұл-қыздарының бәрінің соңынан айтуға жарайтын оптимистік ортақ Жоқтау...

6. Енді Мұқаңның, Мұқағалидың Көксеректігіне келейік. Мұхтар Әуезовтің Көксерегі табиғаттың еш қоспасыз төл туындысы, еркесі мен серкесі-тін. Адамдар оны өз ортасынан – қасқырлардың төл мәдени ортасынан айырып, қасқырлар үшін өркениет болып табылатын ауыл тіршілігіне апарып қосты. Қасқырлар мәдениетінің коды миына жазылған Көксерек көтеріліс жасап еді, өркениеттің темірмаңдай түлегі – Аққасқа төбет оны жарып тастады.

Сол сияқты, қазақ ұлтының ғасырлар бойғы мәдениетінің коды миына жазылған Мұқағали Мақатаев та өкіреңдеп кіріп келе жатқан өркөкірек өркениетке поэзиясын қалқан ғып, қарсы шықты. Өйткені қала, даладағы өркениет қазақ мәдениетіне сол кезде-ақ тіс салған-ды. Сөйтіп, ол индустриалдық технологияның қазақ даласына топ етіп түсе қалған Терминаторы – Өркениетке қарсы тұрып, тең емес шайқаста қаза тапты. Мұқағали да, Көксерек те…

Сөйткен ер Мұқағали Мақатаевтың орны қай жерде?! Әрине, орта ғасыр ақын-жыраулары, Бұқар, Махамбет, Абай, Мұхтар, Қасым жатқан бауырластар бейітінде. Ал, оған қимаймыз, көз алдымызда күнде-күнде тұрсын десеңіз, Мұқаңа тақия, шапан кигізіңіз, ол сонда өз-өзінен-ақ аяңдап, Алматы төріндегі Абай атасының қасына барып, ізетпен тұра қалады. Айырмасы – анау дала қазағы, мынау – тау перзенті, бір қазақ.

Оларды оқымасақ, біз бақытсызбыз!..

Бүгінгі Мұқағалилар не күйде?!


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар