Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ШЕГІРТКЕ
Мартин Хайдеггер. Ойлануға мүмкіндік беретін әлемд...

14.08.2021 4506

Мартин Хайдеггер. Ойлануға мүмкіндік беретін әлемде ой әлі пайда болған жоқ 12+

Мартин Хайдеггер. Ойлануға мүмкіндік беретін әлемде ой әлі пайда болған жоқ - adebiportal.kz

(М. Хайдеггердің «L'Express » журналына берген сұхбаты)

Сұхбаттасқандар: Фредерик Товарницки, журнал тілшісі; Марк-Мишель Пальмье, «Хайдеггердің саяси шығармалары» кітабының авторы.

Тілші. Мүсие, сізді батыс дәстүрін аяқтаушы философ әрі сұрақ қоюдың жаңа тәсілін ашуға талпыныс жасаған ойшыл деп те атайды. Бүгінде университеттер тоқыраған заманда философияның мәніне деген сенімсіздік бар. Көпшілік философияның «өмір сүруіне» құқығы жоқ әрі ол пайдасыз деп есептейді.

Хайдеггер. Бұл туралы мен үнемі ойланамын. 1935 жылы «Метафизикаға кіріспе» атты курсымда мұны бұған дейін де айтқанмын, яғни философия әрқашан уақытылы емес. Бұл – жындылық.

Тілші. Жындылық?

Хайдеггер. Философия өз мәнінде уақытылы емес, оның тағдыры бірден жауап ала алмайтын сирек құбылысқа жатады.

Тілші. Сонда философия дегеніміз не?

Хайдеггер. Бұл автономды және шығармашылық өмірдің сирек кездесетін мүмкіндігі. Оның әуелгі міндеті – заттарды мейлінше қиындату, күрделі ету.

Тілші. Қалай ойлайсыз, Карл Маркс қалағандай философия әлемді өзгертуде маңызды рөл ойнай ала ма?

Хайдеггер. Философия ешқашан тарихи оқиға тудыратын іс-әрекет пен жағдайға әсер етіп, оны жасай алмайды.

Тілші. Онда оның мәні неде?

Хайдеггер. Ол қол жеткізуге және бірден қолдануға болатын «білім» емес. Философия әрдайым шектеулі адамдарға ғана қатысты және жалпы критерийлер арқылы бағалау мүмкін емес. Бұған ештеңе істей алмайсыз: біз философиямен айналысқан кезде ғана ол бізден бір нәрсе жасап шығарады. (C'est elle qui fait quelque chose de nous si l'on s'y engage)

Тілші. Мұнымен не айтқыңыз келгенін түсіндіре аласыз ба?

Хайдеггер. Өзінің тарихи дамуында халық(тар) өзіне өте көп сұрақ қояды. Бірақ бір ғана «Неге бар бар, ал ештеңе жоқ?» ("Pourquoi у a-t-il de 1'etant et non pas rien?") деген сұрақ – батыс әлемінің тағдырын күні бұрын шешті, әрі екі жарым мың жыл бұрын Сократқа дейінгі философтар берген жауаптардан басталды. Алайда қазір бұл сұрақтардың мәні ешкімді қызықтырмайды.

Тілші. Сіз бүгінгі әлемнің мәніне мұқият болу дегеніміз – Cократқа дейінгі: Парменид, Гераклиттердің сөздерін пайымдау дегенді растап тұрсыз ғой...

Хайдеггер. Иә, бірақ бүгін Германияда да, басқа елдерде де оларды ешкім оқымайды.

Тілші. Сіздің ойыңызша бізді осы ежелгі ойшылдармен не байланыстырады?

Хайдеггер. «Метафизикаға кіріспе» атты курсымда қазіргі технология антикалық дәуірге мүлдем бөтен болғанымен, онда технологияның маңызды қайнары бар екенін жаздым.

Тілші. Сіз 1907 жылдан бастап күніне кем дегенде бір сағат грек ойшылдары мен ақындарын, атап айтқанда Гомер, Пиндар, Эмпедокл, Софокл, Фукидидтерді оқитыныңыз рас па?

Хайдеггер. Иә, соғыс жылдарынан басқа.

Тілші. Грек даналығының қайнарына қайта оралу керек деп есептейсіз бе?

Хайдеггер. Оралу? Ежелгі заманның қайта жаңғыруы? Бұл ақылға қонымсыз, тіпті мүмкін емес. Грек ойы тек бастапқы нүкте бола алады. Алайда грек ойшылдарының қазіргі әлеммен байланысы ешқашан мұндай айқын болған емес.

Тілші. Сұрақ қою дәстүрінен бұлтару (reticence) қазіргі заманның қажеттіліктеріне байланысты емес пе?

Хайдеггер. Қандай қажеттіліктер?

Тілші. Атап айтқанда, Маркстен бастап әлемнің теориялық көзқарасын осы әлемді өзгертуге бағытталған практикалық көзқарастан бөліп алған сол радикалды қарама-қайшылықтан бөліп алу деген сөз.

Хайдеггер. Маркстің Фейербах туралы 11 тезисі ме? Бүгінгі күні әлем туралы алғашқы түсіндірмесіз бір ғана әрекет әлемдегі жағдайды өзгерте алмайды.

Тілші. Алайда қазір Парменид пен Гераклиттен қарағанда Маркс, Фройд не Маркузаға сұрақ қою оңай.

Хайдеггер. Мен дәл осыны айттым.

Тілші. Парменидтің поэмасында белгілі бір деңгейде атом бомбасы жарылды дей отырып, сіз грек метафизикасы мен қазіргі заманғы технология арасындағы дәл осы байланысты атап өткіңіз келді ме?

Хайдеггер. Иә, бірақ контекстен алынған формулаларға сене беруге болмайды. Менің ойымша дәл Парменидтің поэмасында, әрі ол қойған сұрақта болашақ ғылымның мүмкіндігі туындайды. Бірақ формуланың қауіптілігі сол, гегелдік типтің аса қажеттігі туралы сөз болып жатқандай сенуге итермелейді.

Тілші. Тарих басқа бағыт ұстауы мүмкін бе еді?

Хайдеггер. Кім білсін? Мен үшін нақты ештеңе жоқ. Тарих маркстік типтегі детерминизмге бағынбайды. Философия мен саясаттан басқа. Ядролық ыдырау заңдарын іздеген физика атом бомбасын жасағысы келмеді. Бірақ, олар дәл соны жасады.

Тілші. «Бұл мүмкіндігінше тезірек әрі ұзақ барғым келетін кітап» ("C'est un livre dans lequel j'ai voulu trop vite aller trop loin") деген сөзіңізде «Болмыс және уақыт» атты кітабыңыз туралы айтқан ба едіңіз?

Хайдеггер. Иә, айттым. Бірақ мен бүгін солай ойлаймын деген сөз емес. Мен ол кезде техниканың мәні, оның қазіргі әлемдегі мағынасы туралы сұраққа бармаған да едім. Жалпы маған тағы да 30 жыл керек болды.

Тілші. Сізді кейде техника мен жаңа әлемді жоққа шығарушы деп таниды.

Хайдеггер. Бұл абсурд. Болашақ - маңызды.

Тілші. Сіз «планеталық техника дәуірі» туралы алғаш айтқан адамсыз. Нені меңзеген едіңіз?

Хайдеггер. «Планеталық дәуір», «атом дәуірі» - бұл болашақтың таңы атып келе жатқанын білдіреді. Олардың қалай болатынын ешкім болжап біле алмайды. Ойдың не болатынын ешкім білмейді.

Тілші. Планеталық техника дәуірі метафизиканың аяқталуын білдіре ме?

Хайдеггер. Жоқ. Бұл оның тек орындалуы деген сөз (1'accomplissement). Декартсыз қазіргі әлем мүмкін болмас еді.

Тілші. Ал техника мәселесін қайда қоясыз?

Хайдеггер. Техниканы қарғап я дәріптеуді қанағат тұтатындар техниканың не екенін ешқашан түсінбейді. Бұны техниканың өзінен сұрау керек.

Тілші. Техникадан «сұрау» деген нені білдіреді?

Хайдеггер. Сұрақ қою дегеніміз бұған дейін де атап өткенімдей - жол ашу, оны жасау деген сөз. Техниканың мәнін сұрау – онымен еркін қарым-қатынас жасау мүмкіндігін дайындау. Бірақ техника техниканың «мәнін» білдірмейді.

Тілші. «Мәні» дегенді қалай түсінесіз?

Хайдеггер. Ағаштың мәні басқа ағаштар арасында кездесетін ағаш емес.

Тілші. Ал біз технологияның мәні туралы ойламасақ ше?

Хайдеггер. Біз техниканы энтузиазммен растаймыз ба, әлде жоққа шығарамыз ба - ол маңызды емес, онда техникаға құлша байланып, еркіндіктен айрыламыз. Техника бейтарап дүние емес. Техникаға бейтарап дүние деп қарасақ, демек біз оған жаман жағдай үшін берілдік деген сөз (nous lui sommes livres pour le pire).

Тілші. Сіздің ойыңызша қазіргі әлем техниканы әлі «түсінген» жоқ па?

Хайдеггер. Мен өз баяндамамда: «Біз әлі күнге дейін техника алдында оның маңызды болмысын көре алмаймыз, сол сияқты эстетика алдында өнердің маңызды болмысын сақтамаймыз» деп жаздым.

Тілші. Адам үшін басты қауіп техника ма?

Хайдеггер. Сіз Хөлдерлиннің «Қауіп бар жерде құтылу да бар» деген сөзін білесіз.

Тілші. Сіз Хөлдерлинді «жұтаған уақыттың» ақыны (du temps de detresse) деп айтасыз. Сіздің ойыңызша Нитше осы уақытқа жата ма?

Хайдеггер. Сөз жоқ Нитше батыс метафизикасының соңғы ұлы ойшылы.

Тілші. Неге соңғы?

Хайдеггер. Нитше Асқақ Адам туралы сұрақ қоя отырып, қазіргі заманның басты сауалын қойды. Ол адам өзінің құдайлығын бар әлемге тарататын сәттің келе жатқанын көре алады және өзінен адам мұндай миссияға лайық па және оның мәні қайтадан түрленуі керек емес пе деп сұрады. Бұл сұраққа Нитше: Адам өзін жеңіп, Асқақ Адам болуы керек деп жауап берді.

Тілші. Нитшенің бұл ойы бүкіл философия тарихындағы ең бұрмаланған ой емес пе?

Хайдеггер. Өзімнің Нитше туралы курсымда кез келген маңызды ой оны қорлаушылардың арасынан еш зиян шекпей өтетіні туралы жаздым.

Тілші. Сізге біздің дәуір ерекше маңызды болып көріне ме?

Хайдеггер. Нитше 1886 жылы «Біз ақиқатпен эксперимент жасап жатырмыз... адамзат мүмкін бұдан жойылып кететін шығар. Жақсы, жойыла берсін!» деген еді.

Тілші. Философия мен ғылым арасындағы байланысты қалай түсінесіз?

Хайдеггер. Бұл өте күрделі сұрақ. Ғылым қазір әлемге үстемдік етуде. Бірақ ғылым ойланбайды. Оның бағыты мен әдісі – ойлана алмау.

Тілші. Бұл кемшілік пе?

Хайдеггер. Жоқ, керісінше артықшылық. Ғылым ойлана алмайтындығының арқасында өз зерттеулері аясында дамып, қалыптаса алады.

Тілші. Алайда бүгін ойдың өзін ғылыммен теңестіруге тырысады.

Хайдеггер. Ғылым мен ойды шыңырау бөліп тұрғандығын түсінгенде ғана, олардың қарым-қатынасы анық болады.

Тілші. Сіз «Ғылым ойланбайды» деп айттыңыз. Бұл таңқалдырарлық мәлімдеме емес пе?

Хайдеггер. Әрине, бірақ ойсыз ғылым дәрменсіз. Мен дәрістерімде осы уақыттың ең өзекті дүниесі біздің әлі де шын ойлана алмайтындығымыз деп айтқанмын.

Тілші. Мұнымен не айтқыңыз келеді?

Хайдеггер. Мүмкін адам ғасырлар бойы көп әрекет етіп, аз ойланған шығар. Бізге ойлануға мүмкіндік беретін әлемде ой әлі пайда болған жоқ (ой жоқ).

Тілші. «Теория» мен «практика» арасында қазіргі қарама-қайшылық анықталды деп ойламайсыз ба?

Хайдеггер. «Практиканың» не екенін кім біледі? Бүгін оны көбіне «кірістермен» (recettes) шатастырады. Гректер үшін теорияның өзі ең жоғары практика болған.

Тілші. Сіз өзіңізді қай уақытқа жатқызасыз? Алыс болашаққа ма?

Хайдеггер. Мүмкін, алыс өткенге шығар... «Ойдың ең көнесі – бізден артта қалды, бірақ қайта пайда болады». Біз Құдайларға тым кеш, Бар болуға тым ерте келеміз («Le plus ancien de la pensee est derriere nous et cependant survient». Nous venons trop tard pour les dieux et trop tot pour l 'Etre).

Тілші. «Болмыс пен уақыт» еңбегіңіздің шыққанына ширек ғасырдай уақыт өтті. Сізді жақсы түсінді деп есептейсіз бе?

Хайдеггер. Білмеймін. Маған арналған жұмыстарды қадағаламаппын. АҚШ-та еңбектерімнің толық жинағын баспаға дайындап жатыр. Бірақ кейде америкалық интерпретациялардан өз ойымды тану қиынға түседі.

Тілші. Германияда сіз туралы аз айтылады, бірақ айтарлықтай ықпалыңызды сақтадыңыз. Мұны көптеген зерттеуден кездестіруге болады, бірақ сізге мүлдем сілтеме келтірмейді.

Хайдеггер. Онда тіпті жақсы. Бұл маңызды емес. Менің ағам бұған күледі. Оны клептомания деп атайды.

Тілші. 1945 жылы шыққан библиографияда сізге арналған 820-дан астам шығармалар тізімі бар. Редактор сіздің шығармашылыңызға әлемде қызығушылықтың төмендеп бара жатқанын болжаған еді.

Хайдеггер. Иә, сондықтан маған арналған кітаптар санының үш есе артқаны өте күлкілі көрінді. Маған мұндай кітаптардың шамамен үш мыңнан асатынын айтқан еді.

Тілші. Бұрынғы шәкіртіңіз Херберт Маркузенің зерттеулерін оқисыз ба?

Хайдеггер. Маркузе 1932 жылы Фрайбургта менің жетекшілігіммен Хегел туралы диссертация дайындады. Бұл өте жақсы жұмыс болды. Кейін оның жазғандарының бәрін оқыған жоқпын. «Бір өлшемді адамын» оқыдым.

Тілші. Кейбіреулер Маркузе қоятын сұрақтар мен сіздің проблемаларыңыз арасында байланысты табу мүмкін деп санайды.

Хайдеггер. Мұнда мүмкін емес ешнәрсе жоқ.

Тілші. Маркузе, мысалы, қазіргі заманғы техника - машиналардың жай ғана жиыны емес, планеталық заң; адамның оны басқаратын күші болмаса да бағынышты деп жазады.

Хайдеггер. Мен мұндайды жиі жазатынмын.

Тілші. Маркузе құлға айналған адам тағдыры туралы сұрақ қояды. Ол үшін техника – өмірді еңбекке бағындыратын әлем болмысының түрі.

Хайдеггер. Иә, бұл Хайдеггерге ұқсайды. Мен тоталитаризм – бұл басқару формасы ғана емес, техниканың шексіз үстемдігінің салдары деген мағынада жазған едім. Адам бүгін өз шығармаларының (fabrication) ессіздігіне (vertige) бағынады.

Тілші. Маркузе сіз ойлағандай планеталық техниканың үстемдік етуі туралы жалпы, революциялық тұрғыда пайымдады ма?

Хайдеггер. Күмәнсіз. Бірақ онымен қоса техниканың мәні туралы сұрақ қоюға болмай ма?

Тілші. Маркс пен Хайдеггердің арасында байланыс болуы мүмкін бе?

Хайдеггер. Менің проблемаларым тұрғысынан, жоқ. Болмыс туралы сұрақ – Маркстің сұрағы емес. Бұл Маркстің еңбегі Хегелдің еңбегінен қарағанда маңызды емес немесе ол метафизикадан жат дегенді білдірмейді. Маркс үшін Болмыс игеріп, басқара алатын Табиғат сияқты. Маркс ең үлкен гегельдік болып қала береді.

Тілші. Марксті әлі де оқисыз ба?

Хайдеггер. Жақында оның ертеде жазған шығармаларын қайта шолып шықтым. Сондай-ақ Ландсхут есімді оқушымның 1932 жылы жариялаған еңбектерін де оқыдым. Өткен жылы өтініш айтқан соң, халық демократиялық елдерінің ұстаздарына арнап аталған тақырыптарға факультативті семинар өткізгім келді.

Тілші. Ал Фройд ше?

Хайдеггер. Психоанализ – бұл өте маңызды пән. Мен оны терапиялық деп санаймын. Бірақ оның философиялық ұстанымы қауқарсыз.

Тілші. Неге?

Хайдеггер. Өйткені ол адамның мәнін биологияландырады. Фройдтың «Ләззат алу қағидасын» қайта оқып шығыңыз.

Тілші. Қазіргі адамдарды адам мәні туралы ойланудан гөрі, осы практика көбірек қызықтырады.

Хайдеггер. Мұны жақсы білемін.

Тілші. Тағы бір рет сұрайын, болашақта сіздің ойыңыз бен марксизм арасында «түйісу нүктесі» туындауы мүмкін бе?

Хайдеггер. Әбден мүмкін, неге болмасын? Бірақ қайсысы екенін әлі айта алмаймын. Чех, поляк, югослав, орыс сынды социалистік елдерден хат алып, қонақ қабылдаймын.

Тілші. Сіз кезінде «Болашаққа келер болсақ, мен американизмге қарағанда социалимзге көбірек сенемін» деген едіңіз. Қазір де солай ойлайсыз ба?

Хайдеггер. Әрине.

Тілші. Сізден кезінде «Этика», әрекет доктринасы туралы жазасыз ба деп сұраған еді.

Хайдеггер. «Этика»? Бүгін этика туралы кім жаза алады және жазғанын қандай мәртебелі жанның атынан ұсына алады?

Тілші. «Адамның бар болуы – бұл оның өз мүмкіндігі» деп жаздыңыз. Бұл тақырып Жан Поль Сартрдың «Бар болу және ештеңе» деген еңбегінде дамыды.

Хайдеггер. Кейде Сартр менің ойымды марксистік рухта интерпретациялайтын. Адамның өз мүмкіндігі, бірақ ол өзін «жасай» алмайды.

Тілші. Сізді кейде дүние тарихындағы кей оқиғаларға қатысты арақашықтық сақтайды деп айыптайды.

Хайдеггер. Ой аз да болса – жалғыздық. Егер оны еліктірсе (engage), ол ауытқуы мүмкін (devier). Мен мұны білемін. Мұны 1933 жылы ректор болған кезімде неміс тарихында болған қайғылы кездерде-ақ ұғынғам. Мен қателестім. Тартымды (engage) философия философия бола ала ма? Философ философияның адамдарға және тарихқа әсер етуі туралы біле ме? Философия ұйымдарға берілмейді.

Жалғасы бар

Аударған: Friedrich Shegirtke

Friedrich Shegirtke – философия, кино, сурет өнері және әдебиет жөнінде аудармалар мен мақалалар ұсынатын интеллектуалдық бағыттағы жоба. Жобаның негізін қалаушы - жазушы Сафина Ақтай. Редакторы - Тілек Ырысбек. Осы орайда Әдебиет порталында Friedrich Shegirtke-нің бірқатар аудармаларын оқырман назарына ұсынамыз.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар