Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Маржан ЕРШУ: МІНЕЗ ДЕГЕН РУХ ҚОЙ......

12.04.2022 3879

Маржан ЕРШУ: МІНЕЗ ДЕГЕН РУХ ҚОЙ... 12+

 Маржан ЕРШУ: МІНЕЗ ДЕГЕН РУХ ҚОЙ... - adebiportal.kz

- Қымбатты Маржан Аманқосқызы! Сәуірдің 15-і, туған күніңізде сұхбат құру дәстүрге айналып келе жатыр. Сізді жырсүйер қауымға таныстырып жатудың қажеті жоқ шығар. Сұрақты төтесінен бастағым кеп отыр. 15 сәуір күні ҚР Ұлттық академиялық кітапханада «Маржан-жыр» атты лирикалық сағат өткізгелі жатырсың? Неге лирикалық сағат деп аталады? Бұл кештің қандай жаңалығы болмақ?

- Иә. Дұрыс айтасыз. Бұл лирикалық сағат «Өлең деген не?» деген сұраққа жауап береді деп ойлаймын. Лирикалық сағат болғасын өлеңдер оқылады, поэзия, әдебиет, шығармашылық лаборатория туралы сөз болады. Лирикалық сағаттың уақыты бір сағаттан аспайды. Ешқандай жүргізуші, жарқыл-жұрқыл жарықтар, мақтау сөздер мен музыкалық нөмірлер болмайды.

- Бұл қызық әрі тосын жаңалық екен. Демек сахнада ақын сөйлейді деп тұрсыз ғой.

- Әрине. Мен қазіргі сценариймен өтетін шығармашылық кештерден шаршадым. Халықты екі-үш сағатқа залға байлап қоямыз. Өлең оқуға әртістер мен ән салуға әншілер жалдаймыз. Одан қалса, шапан жабатын, мақтауыңды асыратын белді тұлғалар сайлаймыз. Осындай сценарийлер ақындық тұлғаны аласартып барады. Бұрынғы Кеңес үкіметі тұсында ақындар жыр кешінде өлең оқитын, оқырманмен сырласатын, әдебиет туралы ой айтатын , бір сөзбен айтқанда ақын жанымен жүректерді әлдилейтін. Қазір ше? Әртістер жарысып ақынның жырларын оқиды, одан кейін жарқыл-жұрқыл музыка басталып не әншілер не бишілер сахнада дөңгелей жөнеледі. Одан соң алдыңғы толқын ағалардың кеш иесі ақынды аспандатқан шалқымасы төгіледі. Қолдарына микрофон тисе, жарты сағат айрылмай ұстап сөз сөйлейтіндер де бар. Кеш иесі ақын сияқты емес, бейнебір клоунның бейнесіне енгендей әсер қалдырады. Бұндай кештерден не есіңізде қалады? Әртіс пе ?Ақын ба ? Әлде концерт пе? Ойың жан-жаққа шашырап кетеді. Соңғы кезде театр әртістері өлеңді фонограммамен, оған музыка қосып оқитын болды, бұл әдіс көбіне әсерлі шыға бермейді ғой. Неге біз «баяғы сарын бір сарынмен» жүре береміз? Поэзия кеші «ақындық «мен», «ақындық тұлға» деген ұғымдарды танытатын дүние болуы керек қой.

- Сөзіңнің жаны бар. Бұл ойыңды мен жақсы қабылдаймын-ау, бірақ көпшілік қалай қабылдайды екен?

- Жақсы қабылдайды деп ойлаймын. Бұл ойды маған атыраулық оқырмандарым, соның ішінде өнердегі достарым қолөнерші Зинат пен қобызшы Ақнар айтты. Ойласам, жақсы идея екен. Сынақ ретінде бастағым келді. Бұл әдіс ақындарға да ұнары сөзсіз. Бәрінің де жыр оқығысы келеді, әдебиет туралы сөйлегісі келеді. Орта іздейді, сахна іздейді. Қазір кітап оқылмайды немесе өлеңді кім түсініп жатыр деп халыққа өкпелеуге болмайды. Өмір дегенің сұрғылт проза ғой, өмірді нұрландыратын, адам жанын ізгілендіретін поэзия ғана. Түрік халқында «Дұшпандар бір біріне жыр оқымайды» деген мақал бар. Поэзия – достық алаңы. Сезімді селт еткізетін де, мұңға батырып ойландыратын да, жаныңа нәр беретін де, қиялыңа қанат бітіретін де поэзия емес пе?! Поэзияның құдыретті күшін таныту ақындардың мойнындағы парыз әрі міндет.

- Парыз әрі міндет дегеніңізге, сынақ дегенді де қосқым кеп отыр.

- Рас. Сынақ. Аудиторияны жалықтырмай, әдебиет деген бағыттан ауытқымай бір сағат бағындырып, ұйытып ұстап отыру да ақындарға үлкен сынақ. Бұйырса, бұл сынақтан да өтерміз. Бұл лирикалық сағатты болашақта одан әрі жандандыруға болады сан түрлі әдіспен. Мысалы: ақылы түрде өткізу. Осы коуч-тренер, психолог дегендер халыққа билет сатып , ақыл-кеңес бермей ме?! Елдер соларды тыңдауға неге құмар боп жатыр? Себебі ақын-жазушылар ондай қадамға бара алмай жатыр. Әдебиеттің рөлін көтеру үшін шығармашылықты насихаттауда ақындар осындай қадамға қорықпай бару керек.

Мен жанбасам лапылдап,

Сен жанбасаң лапылдап,

Біз жанбасақ лапылдап,

Аспан қалаай ашылмақ? –

деп түріктің атақты ақыны Назым Хикмет жазғандай, ақындар оқырманға жақындау керек. Қазір бәрі тыңдағысы келеді. Оқығысы келмейді. Жақсы жыр мен жанды әңгіме ғана халықтың құлағына жағады. Халық жасандылықтан әбден мезі болған жоқ па ?!

- 15 сәуір – «Ғашықтар күні» мерекесі. Бұл күн атаулы датаға енгелі біраз болды. Лирикалық сағатыңыздағы басты тақырып: Махаббат лирикасы бола ма?

- Мен махаббат лирикасын көп жырламаппын. Менің тақырыбым – табиғат пен тарих. Нағыз сезім осы екі ғажайыпта жатқан жоқ па?! Табиғатты сүю адамды сүю емес пе? Жырларымды тақырыптық жағынан топтап жатырмын. Жақсы жырлар оқып, оқырмандарға рухани азық сыйлау керек қой.

- Ел сізді мінезді ақын дейді. Сіздің оқырмандарыңыз кімдер? Мінезділіктен қандай пайда көрдіңіз әлде зиян шектіңіз бе?

- Оқырманды мен таңдамаймын. Оқырман мені таңдайды ғой. Мен осы күніме кісі атына мінгеспей, өз кемемді өзім сүйретіп жеттім. Мінезім қаныма біткен мінез. Мінез деген рух қой. Бұрын осы мінезімнен көп зиян көрдім. Аталмадым, көп тізімнен қысқардым, жанашырларым да аз болатын. Қазір өзгерді. Менің мінезім емес, адамдардың көзқарасы өзгерді. Қазір мені осы мінезім үшін жақсы көретіндер көбейді. Қолдаушыларым көбейді. Бұл – Жаңа Қазақстанның белгісі ғой деп ойлаймын. Қазіргі қоғамның өзіндік пікірі бар, өзіндік көзқарасы бар адамға жаман көзбен қарамайтынын ішім сезеді.

- Ақыннан бір өлең сұрасақ.

ТАБИҒАТЫМ

Кеудемде – от,

Көзім – жалын.

Сезінбеймін жел ызғарын.

Өзегімді өртей өтіп

Тепкілеші теңіз-дарын.

Табиғатпен егіз жаным,

Әзір аман! Сезім! Халім!

Асқар таулар ұғыңдаршы

Айтылмаған сөзім барын.

Үмітіме үкі тағып,

Келем таңды күтіп алып.

Пейілімді ағартады

Ай бетінің сүті тамып.

Аямасын бағын Құдай,

Жоғалмаспын қағынғыдай.

Ақша бұлтқа оранамын

Анам берген жамылғыдай.

Түн. Мінезін құбылтады,

Түс көріппін бүгін тағы.

Қыдыр атам аян беріп

Құс жолымен қыдыртады.

Ұнатамын сұрапылды,

Табам содан мұратымды.

Көсегемді көгерте гөр

Жасаған-ай! Рахымды!

Қара жерде – қалы кілем,

Тозаңданса қағып ілем.

Өлеңімді көкке жазам

Жұлдыздардың жарығымен!..

- «Маржан-жыр» лирикалық сағатыңыз шынымен қызықты болайын деп тұрған сияқты. Небір сұлу сөздер айтып қызықтырып қойдыңыз. Қалған ойымызды осы кештен кейін жалғастырсақ қайтеді?

- Жақсы. Келістік.

- Сұхбатыңызға көп рахмет!

Сұхбаттасқан Анар Кабдуллина


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар