Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
М.Әуезов атындағы театр музейіне 50 жыл...

28.05.2018 6365

М.Әуезов атындағы театр музейіне 50 жыл

М.Әуезов атындағы театр музейіне 50 жыл - adebiportal.kz

Биыл Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының музейіне 50 жыл толып отыр. Осыған орай М.Әуезов театрының ұжымы «Театр музейінің түні» шарасын ұйымдастырды.

Театр музейі жарты ғасыр уақыт ішінде өзінің жәдігерлерін толықтырудан бөлек, халықты театрдың өткенімен таныстыратын, аяулы да ардақты актерлердің өмірнамасының ел біле бермейтін беттерін жинақтап, көрерменге жеткізетін айрықша беделге ие бола білді.

Шара барысында театрымыздың әртістері қойылымнан үзінділер келтіріп, өнерлерін көрсетіп, театр музейі түнін тамашалауға келген көрермендерді тамсандырып, шараның көркін аша түсті. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, театрымыздың директоры Асхат Маемиров пен «Музей» бөлімінің жетекшісі Наргиз Тамабекқызының алғы сөзінен кейін көрмені таныстыру басталды. Музей көрмесінің екінші бөліміне алпысыншы жылдардан жоғары, тәуелсіздікке дейінгі кезеңді арқау еткен дүниелер қойылған. Бұл жәдігерлер мен тарихи суреттерді абыз актер КСРО Халық артисі Асанәлі Әшімов өзі бастап таныстырып, одан кейін Қазақстанның халық артистері Сәбит Оразбаев, Есмұхан Обаев және тағы басқа театрдың аға буын өкілдері жалғастырды.

Алғы сөзінде театр директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров: «Еуропа кеңістігінде көп боламын. Ол жақта музей түндерін өткізу жақсы ұйымдастырылады. Корольдік Шекспир театрында, Мәскеудегі М.Ермолова театрларында осындай мәдениет бар. Еуропа театрларында 200 жыл бұрынғы костюмдер сақталған. «Асауға – тұсау» қойылымында атақты Шәкен Айманов пен Хадиша Бөкееваның қатысуымен шетелдерге әйгілі болған еліміздің ұлттық сахнагерлері. Әйгілі адамдардың сахнадағы костюмдерінің әрқайсысында кие бар деген ұғым қалыптасқан. Сол киімдегі кие, өнерлері дарыса екен деп, біз жас әртістерімізге жұғысты болсын деп кигізіп жатамыз. Мысалы, театрымыздың актрисасы Гүлнұр Шыңғысованың киіп тұрған костюмі атақты КСРО халық артисі Фарида Шарипованың рольдерінің ішіндегі шоқтығы биік «Қара Қыпшақ Қобланды» драмасындағы «Қарлыға» ролін сомдағанда киген костюмі. Олардың тұтынған реквизит заттары, суреттері, тіпті дәптер, күнделіктеріне дейін барлығы сақтаулы тұр. Архивтік материалдарды сақтауға арналған арнайы бөлме бар. Сондықтан да біз мақтана аламыз. Қазақстанда бірден бір ерекше музей бар ол – М.Әуезов театрының музейі деп. Енді болашақта өзіміздің театр музейі болып құрылып жатса, нұр үстіне нұр болады, – деп театрдың тарихын атап өтті.

Бүгінде музей қоры Қазақстандағы өзге театрлардан көш ілгері тұрады. Мұндағы заттардың сан алуандығы, тарихи құны аса жоғары бағалы дүниелердің молдығын айта кеткен жөн. Қапан Бадыров, Нұрмұхан Жантөрин, Сәбира Майқанова, Шәкен Айманов, Хадиша Бөкеева, Шолпан Жандарбекова, Асанәлі Әшімов, Есмұқан Обаев, Әубәкір Рахимов бастаған аға-апаларымыз бар күшін салып, жәдігерлердің жинақталуына, көбеюіне, олардың хронологиялық тәртіппен реттелуіне зор үлес қосқан.

Шара барысында Театр директоры Асхат Маемиров театр музейіне жәдігерлерлерді жинақтап, көзінің қарашығындай сақтап, музей жұмысына үлесін қосқаны үшін Зейнеш Молдабайқызына театр ұжымының атынан құттықтап, алғыс хат табыс етті.

Кеш соңында театр музейінің 50 жылдығына арнайы шақырылған құрметті қонақтар өздерінің естелік қолтаңба жазбаларын қалдырып, суретке түсті.

Әділғазы Бақытұлы


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар