Мемлекетіміздің қазығы қағылған күн

29

Мемлекетіміздің қазығы қағылған күн - adebiportal.kz

1990 жылы ҚазМУ-дің филология факультетіне оқуға түстім. Сол кезде азаматтық ұйымдар өте белсенді еді. Жатақханаларды жиі аралап, жастармен жұмыс істейтін. Дәліздерде қызу әңгіме жүріп жатады. Өзгелер тәуелсіздік алып жатыр. Біз де қапы қалмауымыз керек. Ол үшін билікке талап қоюымыз қажет. Біздің әрекетіміз оларға көмек болуы мүмкін. Олар айта алмай отырған дүниені біз айтуымыз керек. Сол үшін де алаңға шыққан абзал. 
Жаспыз ғой, өре түрегелеміз. Алаңнан бір-ақ шығамыз. Курcтастарым Бекжан Әбдуәлиев, Батырболат Қабош  үшеуіміз бірде қызды-қыздымен алға шығып кетіппіз. Алдымда екі-үш метр жерде каска киген тәртіп сақшылары тұрды. Кейін бұрылу мүмкін емес-ті.  Сол кезде сақшыларға шабуыл жасауға шақырған арандатушылар да болды. Бірақ ұйымдастырушылар өте жинақы жұмыс істеді, әлгілерді тырп еткізген жоқ. 
Бір кезде Жоғарғы Кеңес орналасқан үйден екі депутат шығып, алаңға келді. Біреуі айқайлап келеді. Жақындағанда үні анық естілді: «Сүйінші, халқым! Жаңа ғана «Мемлекеттік егемендік туралы» декларация қабылданды».
Алаң дүр сілкінді. Жұртшылық құшақтасып, бір-бірін құттықтап жатыр. Шынымды айтайын, мен сол кезде декларацияның не екенін түсініп жарытқаным жоқ. Айналамдағылар да солай еді. Бірақ бір жақсылықтың, үлкен жаңалықтың  болғанын сезініп едік. 
Кейін бір отырыста осы туралы айтқанымда, сол кезде Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болған ақтөбелік дәрігер  Ізімғали Көбенов: «Сол кезде сүйінші сұраған мен едім ғой» дегені бар.  Қазір ойлап қарасам, ұлы тарихи оқиғаның дәл ортасында жүріппіз. Болашақ Қазақ мемлекетінің қазығы сол күні қағылыпты. Бір жылдан кейін еліміз Тәуелсіздік алды. 
...Бір кезде Республика күні қағажу көріп, мерекелер қатарынан сызылып қалғаны бар. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мұрындық болуымен кейін қайтадан еліміздің басты мерекесінің біріне  айналды. Бұл өте дұрыс деп ойлаймын. Өйткені «Қазақстан –  халықаралық қатынастардың дербес субьектісі болуға, сыртқы саясатты өз мүдделеріне сай белгілеуге, халықаралық ұйымдардың қызметіне қатысуға құқығы бар егемен мемлекет» деп тасқа басылған  тарихи және саяси маңызы бар құжат қабылданған күнді елеусіз қалдыру күнә болар еді. 
Мереке құтты болсын!

Бауыржан БАБАЖАНҰЛЫ, 

халықаралық «TÚRKISTAN» газетінің бас редакторы, 

Қазақстан Жазушылар одағы Астана қалалық филиалының директоры

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Қос қасиет

22.10.2026

1566

Той-қазына

19.10.2026

1368

Taza Qazaqstan