«Мен де бір тұлпарыңмын, тағдыры бар...»

66

«Мен де бір тұлпарыңмын, тағдыры бар...» - adebiportal.kz

Біз сирек еске алатын, тіпті мүлде ұмытылып кеткендей көрінетін, шығармалары шаң басқан сөрелерде булыққан жақсыларымыз бен жайсаңдарымыздың қатары қалың. Солардың арасына зейін сала қарасаңыз, сөз өнеріне алпыс екі тамырымен байланып, жаураған жанын жырының жалынына жылытып, бұйығы сыр-бұйымтайын ішінде сақтап, онысын өзімен бірге ала кеткен, 36 жыл ғана өмір сүрген Тұрсын Жұмаш көзіңізге бірден түседі...

Қарқаралы өңірінің бір пұшпағы (бұрынғы Қазыбек би ауданына қарасты «Қазақстанның 40 жылдығы» атындағы кеңшардың Шөптікөл бөлімшесі) Балқантауда туған Тұрсын Жұмаш (09.06.1959- 11.06.1995 ж.ж.) – 37 жасқа енді аяқ баса бергенде бұ дүниедегі күні батып, жаңа таңы бақида атқан ақын. Тәңірдің өлшеп-пішіп берген өмірі осы болса, мұны «мезгілсіз қаза» деп тануға болмас, сірә. Десек те, пенделік өлшеммен алғанда, бұл – келтеғұмыр... Осы келте ғұмырында ақын жұртына не қалдырды? Бұл сұраққа ақын жауапты емес. Ол берерін берді. Енді оның мұрасының қадіріне жетіп, түсіну, рухани кеңістігімізді, ортамызды, жандүниемізді сауықтыру, бүгінгі мен кейінгіні ізгілік әлеміне үндеу үшін қажетімізге жарату, поэзия әлеміндегі өзіндік айқын үнін, жаныңа сәулесін түсіріп, жүрегіңді жылытып, жүйке-жүйеңді босатар шынайы шумақтарын саралау, қабылдау – біздік міндет.

«Жүрегімді аялайды ерке өлең,

Қимайтынын білдіреді Ол ертеден,

Қайран Өлең,

аппақ қанат құс болып

Жылайсың ба,

Өліп қалсам, ерте мен?

Дарынсыздан мені бөліп алшы анық,

Өмір қызық болғанымен қаншалық.

Өліп кетсем,

ұшып келіп қайтадан –

Кетесің бе, кеудеме Сен жан салып». Бұл ақынның «Өлеңге» атты туындысы. Кеудесінде өлеңін еркелеткен ақын бұл шумақтары арқылы жан сырын жайып салғандай... бәрі ұғынықты сияқты, бірақ арғы жағында тереңдік «телміреді», бұйығы сыр кілтін жасырып, кісімсінеді. Қалай түсінсек екен? Бәлкім, бұл ақынның сөз құдіретіне деген риясыз сенімі болар. Осы сенім оны «өз өлеңім жоқтаушым әрі ғұмырымды мәңгілікке жалғастырушы» болады деп үміттендірген шығар, бәлкім.

Тұрсын Жұмаштың жазғандарынан таза жанының аш өзегіне өлең түсіп кетіп, соны кіршіксіз пейілмен қорытып, зерделеп аласұрған, қиналған ақынның мазасыз бейнесін көргендей боласың. Аш өзекке түскен ас адамды алып тынар болса, ал ақын жанының аш өзегіне түскен өлең жарыққа қасиет-киеге ие болып, түрленіп шығады...

Ақынның «Пенделер-ай!» деген туындысына тоқталайық.

«...Он төртімде өлең өріп өзімше,

Балалықтан даналыққа ауыстым,

Кешір, Алла, шайқап ішіп көзіңше,

Шарапты да іштім, болдым, тауыстым.

Мен сенбеймін, Алла сенен басқаға,

Саған аян менің адал екенім.

Ақмола емес, аспанда ғой астана –

Сонда менің мекенім.

Талай таңды кірпік ілмей атырдым,

Ойға толы ауыр тартып тұр басым.

Аспан жаққа ұшып бара жатырмын,

Түсінбейді замандасым, құрдасым...» Он төртінде өресі өлең өлкесіне өрістеген ақынның Аллаға деген сенімі нық. Бұл сенім оны адалдық атты темір қазыққа жіпсіз матаған. Ал жан тазалығы, адал болу ақынға басқа мекен іздетпей қойсын ба? Сондықтан ол «Ақмола емес, аспанда ғой астана – Сонда менің мекенім» немесе «Аспан жаққа ұшып бара жатырмын, Түсінбейді замандасым, құрдасым...» деп мұң шағуға мәжбүр.

«Бір күні еске түсіріп» деген өлеңінде: 

«Мына мені бір күні еске түсіріп,

Жылайсыңдар тағдырымды түсініп,

Бұл фәниден шындық іздеп жүргенде,

Алып кетті қанатына құс іліп!

Алып ұшып кетті мені Ол биікке – 

Ақ періштем, қалай қисын күйікке.

Құдайменен бірге жүрген жақсы ғой,

Жаным сені, үлгермедім сүйіп те», дейді ол. Бұл – жер бетіндегі тағдырының қалай аяқталарын күні бұрын білгендік. Бұл – өміріне, ортасына өкпе-назы бар ақынның өзін күйікке қалдырмас көктегі ақ періштесі құс болып келіп аспанға іліп алып кеткенін қиялында анық көргендік... 

Ақынның шығармаларына бір қарағанда, үмітсіздік, торығу мен күйіну, түңілу, уайымға берілу, өмірден жеріну сезімдері ғана тән секілді көрінеді. Дегенмен, әрбір өлеңіне тереңірек үңілсеңіз ақынның өршіл мінезі менмұндалайды. Дәлірегі, Тұрсын Жұмаштың туындыларында қол созған арманына жетсем деген іңкәрліктен өрістеген өршілдік, тағдырымен тайталасып бағу, күресу, намысшылдық, адалдықты ту ету сынды ұстанымдар басым.

Ақын шығармаларында адам болмысының ішкі иірімдері, адами қатынас, рухани кеңістік көріністері, өмір, махаббат, тіршілік түйткілдері, қоғам, туған жер, тағы басқа да тақырыптар ерекше мәнермен қозғалған. Осы арада Т.Жұмаштың қоғам өміріне қатысты өлеңдері де кісіні бей-жай қалдырмайтынын айтқымыз келеді. Мәселен,

«Қарсылық» деген өлеңінде ақын:

«ХХ ғасырды бұл дәріптеп,

Өлең жазар аусар емен мен енді,

Бүкіл әлем көрсін сені Кәріпбек,

Көрсет, қолсыз жаратылған денеңді!

Көрсет, көрсін сонау алыс Мәскеу де,

Бізді адам көретіңдер бар шығар.

Жанды мүсін сияқтанып жас кеуде

Көздерімнен үзіледі тамшылар...

Болашаққа көз жібере аламын,

Бабалардың ұлылығын дәріптеп.

Қасіретке толы осынау даланың

Қарсы тұру белгісі, ол – Кәріпбек!» дейді. Бұл жолдардан ақынның ғана емес, ядролық сынақтан ауыр зардап шеккен бүкіл қазақ баласының жанайқайын естисің, түйсігесің. Содан келіп, халық зарын өз жүрегінен өткізіп, «Көздерімнен үзіледі тамшылар...» деп жанарын жас шылаған ақынның арқалаған азабының салмаған сезінесің.

Осы арада «Қарсылық» өлеңі туралы ақынның: «Бұл өлең 1989 жылдың тамыз айында жазылған еді. Әттең сол кезде, ауданға америкалықтар келген кездесуде оқытпады... Радиация құрбаны Кәріпбек қылқаламды тісімен тістеп алып, қинала сурет салғанда ол маған зорлық-зомбылыққа, әділетсіздікке, көпе-көрнеу қорлыққа қарсы тұру белгісі болып елестейді», деген пікірін айта кетейік.

Тұрсын ақынның қазақтың айтулы сөз зергерлеріне арнаулары да жүрек шымырлатпай қоймайды. «Мағжан» атты өлеңінде:

«...Моншақтай тізіліп қапастан шықты маржан-жыр,

Көрінбей бізге, көгімде қалқып Мағжан жүр...

Өксік буып жыласам бар ғой, Сізді ойлап,

Көзімнің жасын өтеді шәйіп ақ жаңбыр», деп, Алаштың ардақты ұлының рухын жан-жүрегімен сезіне білгенін асқан тебіренісімен білдіреді. М.Мақатаевқа арнаған «Ақын рухымен сырласуында»: 

«Басымда мынау жатқандай бейне тас қайнап –

Мен бар ғой, Аға, өткердім өмір босқа ойнап...» немесе

«Рухыңыз Сіздің төсектен алды тұрғызып –

Оңаша қалып өлең жазудың өзі бір қызық...

Қай жаққа бастап барасыз мені, жан Аға,

Таулармен биік, аспанға қарай жүргізіп...», деп поэзия алыбын өзіне ақылшы-ұстаз тұтатынын аңғарта отырып, өлең өлкесіндегі өмірді өгейсінбесе де оның азабына көну оңай еместігін айтып мұңын шаққандай. Төлеужан Ысмайыловқа арнаған «Абыралы тауларындай айбынды» деген өлеңінде:

«...Ешкімде жоқ, өкініш бар менде бір,

Ешкімді де жылатпасын енді – Өмір,

Әулиенің бірі Сіз ғой, жан Аға,

Әулиені түсіне ме, пенде бұл...

Көрмейсіз-ау, аспандағы Ай-Күнді,

Жылағым кеп, жасырамын қайғымды.

Көктем жақта жыр жазып жүр Әр ақын,

Абыралы тауларындай айбынды», дейді. Ақынды әулие көру – бағалаудың сирек түрі. Төлеужан сынды ақиықтардың ақындық қуатын Абыралы тауларының айбынына теңеу – ішкі толғаныстан жүректі жарып шыққан, ізет пен құрметті арқау еткен шынайы ниет нышаны. 

Жұматай Жақыпбаевқа арнаған «Қайран аға...» деген өлеңінде: 

«Ғұмыр бойы шаршап күткен таңы атпай,

Өкініші алды-артына қаратпай...

Ғарыш жаққа кетіп қалды Жұматай,

Көпшіл еді, міншіл орта жаратпай.

Өлеңшінің қайғысы кем, басы аман,

Жұматайлар ұнамайды аса оған...

Бір әдемі Ақын ұшып барады,

Ақын да бір періште ғой, Жасаған...», дейді ол. Жыр жампозы Жұматайдың өмір-үлесін, тағдыр-талайын поэзия тілімен кестелеп, алдыңа әкеліп «төңкеріп» тастай салған. Шеберлік.

Серік Ақсұңқарұлына арнауында («Жалғыздығым  туралы айтам...»):

«...Өмір сүріп жүрмесем де елсізде,

Жалғыздығым туралы айтам мен Сізге.

Көктем жаққа жалғыз кетіп барамын,

Ақын-жүрек жазылады емсіз де.

Мен қайтемін мұңымды айтып басқаға,

Ақын да бір әлдиі кем жас бала,

Бұл жалғанда Сізді жақсы түсінем,

Мен сияқты түсінсе ғой басқа да...», дейді Тұрсын ақын. Жалғыздығы жанына батқанда замандас-жерлесі, сөз ұстап топта жүрген ақын ағасы С.Ақсұңқарұлына бұлайша мұңын білдіруінен оның ішкі әлемінің қандай күй-ахуалда болғаны сезіліп қана қоймайды, көзіңе жанды бейнедей анық көрінеді. 

Тұрсын Жұмаштың соңында 1997 жылы жарық көрген, жүзден астам өлеңі қамтылған «Періште» атты жалғыз кітабы қалды. Ақын өмірден қайтқан соң екі жылдан кейін шыққан бұл кітапта көрсетілген бірқатар деректерге тоқталсақ, кейіпкеріміздің кескін-келбеті біршама айқындала түспек.

Тұрсын Жұмаштың жары Айнагүл Қайырбекқызының құрастыруымен, қарымды қаламгер Айтбай Сәулебектегінің ұйымдастыруымен Қарағандыда 1997 жылы басылған «Періштедегі» айтулы ақын Серік Ақсұңқарұлының алғы сөзіне назар аудармасқа болмайды. Онда: «Қарқаралы өңірінде бір белдің асты, бір заманда ғұмыр кешсек те, мен оның дидарын көзі тірісінде көре алмай қалған едім. Өлеңдерін сүйсіне оқып жүріп, «Алла амандығын берсе, бір жүздесерміз» деп жүргенде, ол бақиға аттанып кетті... Аяулы ақын Тұрсын Жұмаш «аз жазса да, саз жазған» үлкен дарын иесі. Ол өмірді керемет сүйді. Қимады. Амал не, өзінің ерте кететіндігін ақын жүрегімен түсінді. Ақынның жаны-рухы мәңгі өлмейтіндігін терең сырлы, ойшыл жырлары арқылы дәлелдеп кетті... ...Қасымды туған  Қарқаралы, Мұқағалиды жаратқан Қарасаз сынды Тұрсынды дүниеге әкелген Балқантау да Алаш жұртының аяулы топырағына айналады әлі... ...Оны қазақтың арқалы ақыны Есенғали Раушанов таныды. Тамсанды. Есенғалилар екінің бірін, егіздің сыңарын ақын деп атай бермейді...», деп жазылған. Осы арада алғы сөз авторы Серік Ақсұңқарұлының Тұрсын Жұмашты қазақтың ірі суреткері Есенғали Руашановтың ақын ретінде тануына екпін түсіруі көңіл аудартады. Өйткені, кезінде Е.Раушановтың Т.Жұмаштың ақындығы туралы жазған пікірі санада қайта жаңғырады. Тарата айтқанда, «Жас қазақ» газетінің 1992 жылғы 11 қарашасындағы санында «Тұлпар-ақ екен» деген тақырыппен шыққан мақалада Е.Раушанов: «Бұл жігіттің екі «айыбы» бар. Бірі – астанадан шалғай ауданда тұратындығы. Екіншісі – мынадай заманда өлең жазып жүргендігі. Әйтпесе айдарынан жел есіп тұрған мына өлеңдердің әлдеқашан-ақ айы оңынан туатын жөні бар емес пе? Амал қанша, жырсүйер қауым Тұрсын Жұмашев деген ақынды әлі білмейді. Мен де білмейтін едім. Бірде Қарағанды облыстық «Орталық Қазақстан» газеті қолыма түсе қалды. Ол газет маған қалай келді, неге, жадымда жоқ, жадымда қалғаны - төртінші бетіндегі бір топ өлең. Бұл топтаманың авторы – Қарағандының Егіндібұлақ ауданында тұратын Тұрсын Жұмашев екен. 

Риза боп, хат жазып жібердім. Ойым – жас ақынның жырларын Алматының газет-журналдарына жариялату. Жұмашев мырзаның жауабын ұзақ күтуге тура келді. «Жұматайға ұқсай ма, қалай өзі?» дедім де қойдым. Жұматай демекші, баяғыда мен ауылда жүргенде Жұматай дәл осылай хат жазған. 

«Барлық ақын – баласы бір ананың» (Мұқағали). 

Тұрсын айтады: «Мен де бір тұлпарыңмын, тағдыры бар, Даланың кеңдігінен байқалмаған...». Мен сенгім келеді», деп жазған-ды. 

«Періште» кітабының шығуына ұйытқы болған белгілі журналист Айтбай Сәулебектегі кезінде Тұрсын ақын туралы «...Ол жағымпаздықты білмейтін. Тілі өткір-ді. ...Тұрсынның талантын жете бағалап, тым болмаса Қарағандыға қызметке шақыруға қазақтың бір де-бір басшысы тәуекел етпеді. ...Ол да Ұлы Абай атамыз сияқты айналасы 300-400 шақырым жерден әріге ұзап көрмепті. Бір жағы – Қарағанды, әрісі – ата-бабасының жұрты – Абыралы. Одан өзге өңірде оның ізі қалмады. «Амандық болса, – деді ол осы жолдардың авторына дүние салардан алты ай бұрын жолығып, сырласқанда, – келер күзде өлеңдерімді мәшіңкіге бастырып, Алматыға қарай сапар шегемін». Рас, ол астананы көруге жиналды. Болашақ жыр жинағының жартысын өз қолымен ұқыптап, тәртіпке келтірді. Бірақ... Оның адамдардан көңілі қалғандығы соншалықты, ұшып бара жатқан құстармен де, жымыңдаған түңгі аспандағы жұлдыздармен де, сыбдыр еткен көк терекпен де, уілдеген желмен де, үн-түнсіз бұйығып жатқан Балқантаумен де, табиғатқа көрік қосқан көк шөппен де, бәрі-бәрімен сырласты, өзінің мұңын соларға ақтарды. Тіпті Періштеге  айналдыра гөр деп Көктегі Тәңірмен де қазақтың қара өлеңі арқылы тілдесті. ...Ал бұл кезенде Тұрсынның тағдыры оңып тұрмаған-ды. Бір жағыңан тұрмыс ауыртпалығы, екінші жағынан небір құқайды көргендіктен нәзік жүрегіне сызат түскен еді. Ол кім болып жұмыс істемеді? Ол моншада от жағушы да болды. Ол күзетші де болды. Ол  аудандық газетке тілші болып қабылданды. Бірақ көре алмаушылардың "сасық қулығымен" қуылды. Ол жұмыссыздық КСРО-да атымен жоқ деп бөркімізді аспанға атқан тоқырау кезінде керексіз боп көшеде қалды», деп жазған еді. 

Қалай десек те, Тұрсын Жұмаштың қазақ поэзиясындағы дауысы анық әрі ашық. Көңіл терезесінен сәулесін төгер, нәзік те мұңлы әуезімен жүректі тербеп, ләззатын сыйлар ақын шығармалары өзіне еріксіз тарта береді. 

«...Жүректің қаны тамшылап ағады,

Тұлпарлар кетіп, қамшы қалады.

О дүниеге мен өзім бармаймын,

Көзімде жүрген тамшы барады», дейді тағдырлы талант. 

«...Қалып қоймай ауылда, от басында

Ол да бір күн жетеді, тоқтасын ба?

Бір-ақ шумақ өлеңі қалады оның

Балқантаудың ойылып көк тасыңда...». Бұл ақынның Балқантаудың көк тасына таңбаланған өлеңінің өшпейтініне, елімен бірге жасайтынына деген сенімі ғой. Одан басқа не? 

«Ойларымды кезінде айта алмаған,

Қатал уақыт, сен енді қайтар маған!

Мен де бір тұлпарыңмын тағдыры бар,

Даланың кеңдігінен байқалмаған...». Бұл ешкімге кінә артқысы жоқ кешірімшіл жүректің сөзі. «Даланың кеңдігінен байқалмадым» дейді.

«...Түңілдіріп алдыңдар ғой, алдыңдар,

Мені көріп, түк түсінбей қалдыңдар.

Өлім деген немене ОЛ, түк те емес,

Көз тірімде көрге апарып салдыңдар...», деп қапа көңілді қайран ақын осы өлең жолдары арқылы алдын ала өз жаназасын өзі шығарғандай. 

Ақын 1995 жылы 11 маусымда, 37 жас – мүшелге толғаннан кейін небәрі екі күн өткенде өмірден озды. Соңында жары Айнагүл, қос перзенті Ләйлә мен Медет қалды. 

Ол өзін жыр тұйғыны екенін білгендей. Бағаланбады. «Барсың-ау» демеді ортасы. Аңсары ауып, жетсем деген астанасы – Алматысы мұхиттың арғы жағындағы мекендей жету арман болды. Ақырында, аңсаған астанасы аспанға айналып, сол жаққа, биікке көтеріліп, ғайып болды. Дәтке қуат – артында қалған «Періште».

«Кеш келген хаттар,

Кеш келген хаттар –

...Көңілге мұң салдыңдар, маңдайға қатпар

...Жаумайды дейсің бе, жауады ақ қар –

аяулы шақтар, сыңсиды бақтар...

Сен жылама, жаным,

сағынышыңды айтып үзілме енді,

Толағай ойлар құшағында жүрер

күзім де келді.

Хаттарың сенің үзілген жапырақтардай –

барады ұшып, өкініш бар жүзімде менің...». Қайталап оқи бергің келеді, оқи бергің келеді. Өйткені, бұл Тұрсын ағаның кешігіп жеткен хаты ғой.

Жолдыбай БАЗАР

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan