Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СҰХБАТ
«Мен қазақпын» әні: Бүлінген бе, бүгілген бе?...

19.05.2018 34314

«Мен қазақпын» әні: Бүлінген бе, бүгілген бе?

«Мен қазақпын» әні: Бүлінген бе, бүгілген бе? - adebiportal.kz

«Мен қазақпын» әнінің авторы, айтыскер, ақын Нұржан Өмірбаймен сұхбат

– Жуырда Жамбыл облысындағы «Отар» әскери базасының аумағында өткен жауынгерлік парадта «Мен қазақпын» әнін бір мезетте 3 мың сарбаз орындағанын көрдік. Бұл ән күллі қазақтың рухын көтеріп, айбарын асқақтатты. Осы əннің шығу тарихына кеңінен тоқталсаңыз...

«Мен қазақпын» әнінің шыққанына бір жыл болды. 2017 жылдың мамыр айының аяғына қарай туған еді бұл өлең. «Мен қазақпын» әнінің мәтінінде көркемдік, пәлсапаға толы поэзия жоқ. Тек бұл ұранға сұранып тұрған сөз деп айтуға болады. Сөзі шыққасын, Қызылордалық жас композитор Жарасқан Төлеубай деген бауырыма жібердім. Ол да әнді аз уақыттың ішінде шығарып, қазақ эстрадасының жарқын жұлдызы, жас әнші Қуандық Рахымға ұсынған едік.

– «Сүйеу болсын тіреу болсын мың қазақ, Сүрінгенде бүлінгенде бір қазақ», - деп жырлапсыз. Бұған не себеп?

Негізінде, «Сүйеу болсын, тіреу болсын мың қазақ, Сүрінгенде, бүлінгенде бір қазақ» емес, әу баста бұл сөз қате айтылып кетті. Қуандық сәл қате айтып, әннің мәтіні өзгеріп кеткен еді. Ал шындығында: «Сүрінгенде, бүгілгенде бір қазақ», – болуы керек еді. Сүрініп кетсек, тіземіз бүгіліп кеткен жағдайда қолымыздан тартып, қолпаштайтын қазақ емес, керісінше, жарға итеретін жағымсыз жағдаяттар көп болып кетуіне байланысты шыққан туынды бұл. Әсіресе, әлеуметтік желілерде күндестік, жығылғанға жұдырық жасау, биіктеп бара жатқанды қолпаштап қолынан тартпай, артта қалсын деп аяқтан тартатын жағдайлар қатты белең алып бара жатқасын, соған қайшылық ретінде жазылған дүние деп қабылдарсыздар.

– Кейбір əлеуметтік желі қолданушылары «Мен қазақпын» əнінің əскери парадқа келмейтінін айтып жатыр. Меніңше, сарбаздарға еш қиындық тудырмайтын секілді. Сіздің ойыңыз.


Әлеуметтік желі деген қазіргі заманда қатты өркен жайып тұр. Қай жерде тұрса да, әркім өзінің жеке пікірін емін-еркін білдіре алады. Сондықтан мен әрбір адамның жеке ойына «жоқ сіздікі дұрыс емес» деп айта алмаймын. Әркімнің пікірі болғаны дұрыс. Сонысымен де адам ғой. Бәлкім, біреулер үшін құлаққа түрпідей тиіп, «парадта айтылатын сарбаздардың әніне келіңкіремейді» десе, оған да келісем. Өйткені бұл – олардың өзіндік пікірі. Ал менің ойымша, «Мен қазақпын» әні қай жағынан алып қарасаңыз да, парадқа келіп тұрған секілді. Лирикалық сарыннан гөрі ұран басым бұл әнде. Қазіргі таңда бізге «Мен қазақпын!» деп кеудені ұрып, мақтанып, марқайып айтатын, рухтандыратын сөз керек. Сондықтан «бұл ән келмейді екен, поэзиясы жоқ екен, ұйқастары жеңіл екен» деп жан-жағынан там-тұмдап жұлмалай бермегені жөн. Аталған әннен көркемдік, әдемілік емес, рух іздеуін сұраймын тыңдармандардан.

– «Мен қазақпын» əнін Қуандық Рахымның орындауында естіп жүрміз. Көңілге қонымды. Бірақ тағы ұсыныс түсіп жатса, əннің екінші нұсқасын жазар ма едіңіз?

Әнді әскерилер айтып жатқасын, біраз өзгертулер енгізетін жерлері көп-ақ. Тағы бір айтатын жайт, әскерилердің өзі екі-үш жерін қате айтып жүр. Сол жерін де жөндеу керек. Егерде композиторлар тарапынан тағы бір нұсқасын жазуға ұсыныс түсіп жатса, міндетті түрде өзгертіп, жазып беруге қашан да дайынмын.



– Жұбан Молдағалиевтың сөзіне жазылған «Мен қазақпын» әнін Ерболат Құдайбергенов шырқады. Одан кейін осы əн. Жалпы, «Мен қазақпын» деп айтудың өзі рухты оятатын секілді. Бірақ ел арасында жеңіл, ойсыз əндер кең таралады. Сіздің ойыңызша, қазаққа қандай əн керек?

Бұл «Мен қазақпын» әні де сол Жұбан атамыздың «Мен қазақпын» дейтін шедеврінің шекпенінен шықты десек те болады. Меніңше, бұл өлеңнен асырып жазу мүмкін емес. Сондықтан, әрине, «Мен қазақпын» деп ұлтыңның ұлы қазақ екенін білу, ескеру, оны ән қылып айту рухтандырады. Жеңіл әндердің көп екені, кең таралып жатқаны, етек алып хит болып жатқаны жасырын емес. Енді ол тыңдарманның эстетикалық таным-түсінігінің деңгейіне, талғамына байланысты. Әр туындыны таразылап, елеп-екшеп алатын көкірек көздері ояу тыңдармандар да бар. Солар өздері сұрыптап, дұрыс әндерді таңдап алады деп ойлаймын. Менің ойымша, қазіргі таңда қазаққа рухтандыратын, қайрайтын, жігерлендіретін, қазақи иісі бар, қазақи тамыры бар, қазақи құнары бар әндер керек.



– «Əдебиет порталы» интернет-жобасының оқырмандарына қандай әндерді тыңдауға кеңес бересіз?


Дәстүрлі ән, оның ішінде Ақан серінің «Маңмаңгерін», ал берісіне келетін болсақ, Қадырғали Көбентайдың «Елге сәлем» әнін, Несіпбек Айтұлының сөзіне жазылған Жарылқасын Дәулеттің кез келген әнін, өзімнің жазған шығармашылығымнан Қуандық Рахымның орындауындағы «Өлмейтіндер» деген әнімді тыңдауға кеңес беремін.

Мені іздеп, осы әннің авторы ретінде хабарласып, салихалы сауалдар жолдап, сұхбат өткізгендеріңіз үшін сіздерге алғыс білдіремін. «Әдебиет порталының» ойлы оқырмандары көп болсын деп тілеймін.

Сұхбаттасқан: Біржан АХМЕР


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар