(«Қалжың» романының ағылшын тіліндегі нұсқасына жазған алғысөз)
Милан Кундера (1928ж. туған) Чех жазушысы, драматург, сыншы. «Қалжың», «Басқа жерде өмір сүру», «Айрылысу үшін əзірленген қонағасы», «Болмыстағы төзіп болмайтын жеңілдіктер» қатарлы онға тарта романның авторы. Өткен ғасырдың 70 жылдарында Францияға қоныс аударған. Шығармаларындағы эстетикалық ерекше мəнерімен XX ғасырдың екінші жартысындағы əлем əдебиетінен ойып тұрып орын алған тұлға. Төменде М. Кундераның алғашқы кітабының аудармасына жазған алғы сөзін оқырман қауымының назарына ұсынып отырмыз.
Бұл романды («Қалжың») мен 1962 жылы бастап жаздым, онда 33 жаста едім, Чех ауылдарының бірінде болған оқиға мені өзіне тартты: бір қыз қабырыстаннан гүл ұрлап, оны сыйлық ретінде сүйген адамына ұсынған сəтінде қолға түседі. Бұл оқиға маған ой салды, көз алдымнан бір образ кетпей қойды. Бұл Люцияның бейнесі еді. Люция жөнінен алғанда жыныстық қатынас пен махаббатқа ұқсамайтын, бір-бірімен қатыссыз екі нəрсе еді. Кейін менің миымдағы Люцияның образына тағы бір образ қосылды. Бұл романдағы келесі кейіпкер - Людвик. Ол өміріндегі бар ашу-ызасын жиып келіп, бір реткі жыныстық қатынас кезінде сыртқа партылдатып шығарады. Міне бұл «Қалжың» романы: жан мен тəннің бір-бірінен айрылуынан сыр шерткен ашынышты элегия. «Қалжың» романының оқиға сюжеті де қалжыңнан тұрады. Ондағы оқиға ғана емес, ол оқиға туындатқан «философияның» өзі де қалжың: бір адам қалжыңның кесірінен сұмдық кеселге жолығады, ал, бұл сұмдық былайғы жұрт үшін адам нанғысыз күлкілі дүние болып шығады. Бұндағы нағыз сұмдық қалжың трагедияның трагедиялық сипатын жойып жіберетіні. Мұндайда трагедияның өзі тарагедия сияқты сезілмейді.
Содан да романдағы Хеленның тағдырындағы қасірет пен байырғы грек аңыздарындағы трагедияның мəндік жақта айырмашылығы бар. Егер, адам жеке тұрмысында ырықсыз күй кешсе, ол тарихтың қақпақылынан аман қала ала ма? Бұған мен «жоқ!» – деп жауап беремін. Мен тарихтың толқыны мен жеке адамның өмірінің арасында сырлы бір ұқсастықтың барына сенімдімін: Людвик Хеленді құрған қақпанына түсіреді; ал Людвик жəне сол қатарлы адамдарды тарих өз қақпанына бастайды: олар утопияның еліткіш əуеніне ілесіп, өлген-тірілгендеріне қарамастан жұмақтың есігіне қарай кимеледі, бірақ, есік шарт етіп жабылған сəтте, өздерінің тозақта тұрғанын бір-ақ білді. Мұндай сəттерімен тарих маған қалжыңдағыш біреудей көрініп кетеді. Адам келешектегі жұмағынан көз жазған тұста, онда өткен шақтағы — жоғалтқан жұмағы қалады. Бала кезімнен мені «патшаның атына міну» – деген ертек ойын қатты қызықтыратын. Есте жоқ ескі замандардан келе жатқан бұл ойынның нақты нені меңзейтіні əлдеқашан ұмыт болған, тек қызықты əрекеттері ғана қалған-ды. Осы ойынның үлгісі романның жүлгесін жасады.
Бұл ұмытуға қатысты роман. Кешегі ісіңді бүгінің бүркеп кеткенде, біздер ұмытудан ғана тұратын тұрмыстың илеуіне түсіп кетсек те, еске түсіруді есіркемей тұра алмаймыз. Содан да бұл романды өткенді қайта-қайта оралта беретін еске түсіру мен байсалды күмəншілдік теңшеп тұр. 1965 жылы желтоқсан айында, мен «Қалжың» романының қолжазбасын Прагадағы бір баспаға бердім. Редакторлар шығарамыз деп құлшынғанымен, мен олардың ниетіне жететініне сенгем жоқ. Роман сол кездегі биліктің көзқарасымен жуыспайтын еді. Алайда, екі жыл өткен соң, «Қалжың» шынымен жарық көрді — оны ешкім мазалаған жоқ! «Прага көктемінің» алдындағы бір жылда, Чехословакияда бұндай жағдай болады деп кім ойлаған. «Қалжың» аз уақыттың ішінде үш рет басылым көрді, таралымының молдығына таң қалдық, бостандықтың көп ұзамай тұншықтырылатынын сезген жандардай-ақ жұрт кітапты сөрелерден бірін қалдырмай талап əкетті. Бүкіл дүние көзі бақырайып қарап отырған: (АҚШ Үкіметі бір рет қана өз қарсылығын білдірген — онда орыс əскерлері АҚШ-тың Прагадағы елшілігінің ауласына кіріп, алма үзіп жатып ұсталып қалған еді) орыс əскерлері біздің елді басып-жаншығанына екі ай болған кезде, «Қалжың» Парижде жарық көрді. Луи Арагон оған жазған алғысөзінде кітапты: «XX ғасырдағы ең үздік романдардың бірі» – деп атады. Дүниені дүр сілкіндірген осы алғысөз кітаптың енді бір күлкілі тағдырының бейнесіндей елестейді. Луи Арагон сюрреализм қозғалысының серкесі жəне жазушы болып қалмастан, оның үстіне Франция коммунистік патриясы орталық комитетінің мүшесі, партияның белді кадры еді.
1968 жылы күзде аз уақытпен Парижға сапарлай барғанымда, мен онымен кездестім. Мен барғанда ол Мəскеуден келген екі қонақпен жүздесіп отыр екен, олар өздерін Сахаровтың достарымыз деп таныстырды. Қонақтар Луи Аргонды қалай болмасын Мəскеумен ара қатынасыңызды бұзбаңыз деп үгіттеп жатыпты. Луи Арагон Кеңес Одағының Чехословакияға басып кіргеніне от алып қопаға түсуде екен, əлгі екеуіне менің көзімше: мен енді қайтып орыс топырағына аяқ баспаймын, «мен барғым келсе де, мына екі аяғым ол жаққа баса қоймас» – деді. Ол осыларды айтып кең адамымен Париж театрының сахнасында жүргендей-ақ үйдің ішін ары-бері адымдап тынбады. Сол кезде мен оған қатты сүйінген едім. Бірақ, төрт жылдан кейін Луи Арагонның аяғы оның Мəскеуге барып Брежневтің қолынан медал алуына қарсы болған жоқ; он төрт жылдан кейін тағы сол аяқ Луи Арагонды Франция коммунистік партиясы мəжілісінің сахнасына алып шықты: осы бас қосуда Франция коммунистері Кеңес Одағының Ауғаныстанға баса көктеп кіргенін кешіріп, Польшаның құлдық қамытында қала беруін қалады. Бірақ та дəл осы Луи Арагон Кеңес Одағының Чехияға басып кіргені туралы ең өткір, ең ащы сөздерді тарихқа жазып қалдырды: ол «Қалжыңның» алғы сөзін жазды. «Күндердің бір күнінде тарихшылар мен мифтың авторлары Чехияның тарихын жазады... Мен соған сенемін: олар жеңгендердің көзімен жазады... Жұрт біздің көзімізбен көрген сұмдықтың нақты бейнесін елестете алмайды», тағы бірнеше бетті өткізіп барып: «Иə, достарым, осымен барлық үміттің оты өшкені ме?», іле тағы: «Мен рухани дүниеде де Орталық Африкадағыдай (1967 жылы өз тəуелсіздігін жариялаған Орталық Африкадағы мәлім ел 1969 жылы көрші елдері жағынан жасалған шапқыншылықтан соң тəуелсіздіктен айырған еді — ауд.) жағдай туады дегенге сенбеймін. Бірақ, мен зорекерлер басып жаншыған мына дүниеден бір мысқал үмітті де көріп тұрғаным жоқ».
Беріліп оқысаң, бұл сөздердің түңілушілдікті аздап арнасынан асырып жібергенін байқаймыз. Мен өзім бастан-аяқ демократияның жарқын жағына сенім артып келемін (АҚШ-тықтар бұндай қиялшылдыққа жақын екенін білемін): халықтың еркін ешқандай күш басып-жанши алмайды. Бірақ, Луи Арагон коммунистер мен орыстарды маған қарағанда əлдеқайда жақсы түсінетін болып шықты. Ол өзінің нені айтуы керек екенін де, диктаторлардың қолынан нелердің келетінін де жақсы білген. Ол дара билеушілердің мифке ұқсаған тəсілдермен адам санасын жуып, халықтың өткенін ұмытуына жағдай жасайтынын («Жұрт біздің көзімізбен көрген сұмдықтың нақты бейнесін елестете алмайды» – деп жазғанын есімізге алайықшы) білген. Егер басқыншылар шынымен жандүниеде қырғыншылық жасай алса, онда, расында «бір мысқал үміттің де қалмағаны ғой.
Луи Арагонның сондағы білгісі келгені — мейлі ол кейін бұл талабынан бас тартса да — дүниедегі өзге жұрт байқай алмаған дүние болатын. Айталық, Де Голдың үкіметі Чехияның басқыншылыққа ұшырауын «коммунизм отбасындағы» бір реткі ішкі жаңжал деп қарады. Жұрттың көбі осылай «отбасының ішкі» ісі деп білді. Шындығына келсек, əлгіндей саяси ұрандардың (төңкеріс, керітөңкеріс, социализм, империализм дегендей) ыс-түтегінен шығып барып қарасақ, бұл екі өркениеттің шекарасын жаңадан белгілеуі екенін аңғара аламыз: орыстар Батыстың — Еуропаның бір бөлегін жаулап жатыр екен, олар Батыс мəдениетіне мықтап ауыз салыпты (Орталық Еуропаны өз ішіне алған мəдениеттің Америка Құрама Штаттары пайда болудан 6, 7 ғасыр бұрынақ Батыс өркениетіне тиеселі болғаны бұл жерде жұрт санасынан елеусіз ғана өшіп-ұмтылып кетті). Луи Аргонның əлгі «рухани дүниеде туып жатқан Африкадағыдай жағдай» – деп отырғаны міне осы.
Күндердің бірінде, орыс мифін жазатындар бұл басқыншылықты өздерінің шұғылалы тарихы етіп жазатыны даусыз. Бірақ, мен оны (бұл ойым қате немесе дұрыс болсын бəрібір) Еуропаның күйреуге бет алуының басы деп қараймын. 1968-1969 жылдары «Қалжың» Француз тілінен тыс Еуропаның орыстарға жауланбаған өзге елдерінің барлық тілінде жарлық көрді. Жапон, еврей тілдеріне аударылды. Тіпті Поляк тілінде де басылып шықты. Польша сол кезде 1968 жылдан бұрынғы Чехия сияқты өзінше ерікті ел еді. Роман 1969 жылы Болгарияда да жарық көрді — коммунистер көп өтпей шектеп-өртегенімен, бəрібір жұрт арасында көптеп таралып, зиялы қауымның қолында жүрді. Кітап сол тұста ағылшын тілінде де жарық көрді. Бірақ бұл нұсқа мені таң қалдырады. Романның тараулары өзгертіліп, мазмұндары қысқарып кетіпті. Бұған қарата мен «Таймс» газетінің əдебиет бетіне мақала жазып өз қарсылығымды білдірдім, оқырмандарымды «Қалжыңның» ағылшын тіліндегі нұсқасын қабыл алмауды, оны роман деп те атамауға шақырдым. Кітапты басқан баспа менен кешірім сұрап, романның қысқартылған тарауларын қосып жұқа тыспен қайта басты. Сол аралықта «Қалжың» Нью-Йоркта басылып шықты, бұл басылымның жағдайы тіптен сорақы еді — кітап тұтастай өзгертілген деуге де болады! Мен бұған еш амал істей алмадым. Ол кезде орыстар басып жатқан Прагадағы өмірім қиындап кеткен еді: сыртқы дүниемен байланысым үзіліп қалған, отбасым тінтіліп, тұтқындалудың аз-ақ алдында тұрғанмын, одан да басқа бас қатырарлық мəселе жеткілікті еді. Содан да мен АҚШ-тық профессордың «Қалжыңның» ағылшын тіліндегі нұсқасының кемтарлығына ашына отырып сын жазып, аударылмай қалған тарауларды аударып бір журналда жариялағанын білгенім жоқ.
Гете кезінде бір романын хатшысына беріп, ондағы артық-ауыс сөздерді алып тастауды бұйырған дейді, бірақ оның өлеңдерін бұлай істемегенін білеміз. Гетенің дəуірінде прозаға бүгінгідей поэзияның талабы қойыла қоймаған. Тек Г.Флобер дəуірінен кейін ғана проза өзінің өнер эстетикасындағы бұл олқылығының орнын толтыра алды. «Бовари ханым» романынан кейін проза өнер эстетикасында поэзиямен иық тіресе алды. Бүгінде прозиктер де (егер ол нағыз мəніндегі прозик болса) өзінің əр бір сөзіне поэзиядағыдай ден қоятынына сенімдімін. Проза өзіне осындай талап қойғанда, аударма дегенің нағыз өнер болып шыға келеді. Шығармасы өз елінде қуғын-сүргінге ұшыраған авторлардың бəрі дерлік түрлі деңгейде аударма мəселесіне жолығып отырған. Үш жылдың алында, «Қалжыңның» Француз тілінегі аудармасын оқып отырып, оның менің стилімнен алшақ кеткен тұстарын байқадым. Содан романды француз тілінде қайта жазып шықтым. Бүгінгі нұсқаға сол негіз етілді. Бұл романның испан, италия тілдеріндегі нұсқасы қайта басылды. Он жылдың алында «Қалжыңның» аяқасты етілген нұсқасы туралы мақала жазған əлгі профессор бұл кітапты міне тыңнан аударып отыр.
Бүгінгі, ұмытудың (ұмыттырудың) құдіреті барған сайын артып келе жатқан дүние де, Прага өзіне ғана тəн дүниеден əлдеқашан айырылып болды. Мүмкін, ондағы АҚШ елшілігіндегілер де он төрт жылдың алдында орыс əскерлерінің өз қораларынан алма ұрлағанын да əлдеқашан ұмытып қалған шығар. Дегенмен, осы ұмытудан («Қалжың» романындағы бəрін басып түсетін түйін сөз) роман өзінің шынайы болмысын таба алды: ол өзінің проза өнерінің туындысы екенін шындап дəлелдеді.
1982 жыл, шілде.
Мақаланы аударып, дайындаған – Ардақ Нұрғазы.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.